Людмила Бевз – 1996 жылдан бері Павел Васильев атындағы Павлодар әдеби бірлестігінің мүшесі. Лирик ақын, прозашы, мысалшы, публицист. Балаларға арналған шығармалар да жазады. Оннан астам авторлық кітабы мен жинағы жарық көрген. Шығармалары Каирде, Делиде, Мюнхенде, Варшавада, Астанада, Өскеменде, Павлодарда, Алматыда және Мәскеуде жарияланған. 2026 жылы оның алғашқы «Үш детективтік хикая» атты кітабы жарық көрді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Журналистердің республикалық байқауының, көптеген әдеби байқаулардың лауреаты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік мерейтойлық медалінің иегері.

Күн сәулесі
(ғылыми-әдеби ертегі)
1-тарау
Бірде Ғалам кеңістіктегі кең иелігіне көз тастап, терең ойға шомды. Бәрі өз орнында сияқты еді. Жұлдыздар бір-біріне көз қысып, қуаныса жымыңдасады. Ойын добы немесе баланың зырылдауық ойыншығына ұқсайтын ғаламшарлар алдын ала белгіленген жолымен қозғалып барады. Күн артынан Ай ауысып жатыр.
– Мені уайымдатқан не нәрсе? Құс жолы орнында, құйрықты жұлдыздар да… Бәрі уақыт бедерімен жылжып жатыр… Тіпті Періштелер де мәре-сәре. Бейне бір жарық шашқан мамыр қоңыздарындай жарқ-жұрқ етеді.
Кенет Ғаламның жанары Жерге шарына түсті. Онда бір сұмдық болып жатыр екен. Жердің қарны кенет қампайып, шардай үрленді де, беткі қабаты жоғары көтерілді. Тегіс жерде тыныш ұйықтап жатқан Теңіз шалғай-шалғай шептерге шегінуге мәжбүр болды. Осы кезде алып мұзды табаны судан босаған орынға қарай баяу жылжыды. Бұл – Жерді басып алып, тіршілік атаулыны құртқысы келген Мұздық еді.
Мына көрініс Ғаламға мүлдем ұнамады. Ол күн сәулесінің бүкіл шуағын жинап алып, Мұздыққа қарай шашты. Мұндайды күтпеген Мұздық ери бастады. Ол жаралы қасқырдай қашып, алыс аймақтарға безіп, орасан зор аумақты босатты.
Ұлы Қазақ даласы жанданып, жырлай түсті. Ол алып шаңырағының астына жабайы жылқылар, киіктер мен арқарларды үйір-үйірімен шақырды. Көптеген кішігірім өзендер, бұлақтар мен көлдер балық пен құсқа толды.
– Міне, енді дұрыс болды! – деді Ғалам.
– Ибраһим! – деп дауыстады ол қасынан ұшып өткен Періштенің атын атап. – Бос жүргенің жетер. Сені Жерде, Ұлы Қазақ даласында атқарылуы тиіс өте маңызды жұмысқа жұмсаймын. Ұш! Қорықпа! Өз миссияңды абыроймен орында.
– Ол не қылған жұмыс? – деп қобалжыды Періште. – Сонда қай есікке енуім керек? Есіктер өте көп қой… – деді.
– Уайымдама, досым. Мына есікке кір де, қорықпай ұш. Сенің Жер бетінде жүретін уақытың ұзақ емес, бар болғаны қырық жеті жыл. Алайда, сен ұлы іс тындырып үлгересің: тұтас бір халықты ағартып, білім нәрімен сусындатасың! Әне, сенің есігің, Ибраһим. Сол есік арқылы кейін қайтып ораласың. Әрине, межелі мақсаттан таймасаң болғаны.
Періште нұсқалған есікке баяу беттеді. Бұл – Ғаламның бар білімін бойына жинаған орасан зор кітап еді.
– Мұнда Жер тұрғындарының өркениет пен жарыққа қарай ілгерілеуіне көмектесетін дүниенің бәрі жинақталған. Көптеген ұлы тұлғалар Жерге осы кітап арқылы түскен.
Кітап мұқабасы іспетті қос жақтаулы есікке жақындап, Періште оның бір жағын ақырын ашты. Алдындағы қараңғылыққа секемдене қарады.
– Ұш! – деді де Ғалам оны арқасынан қағып, мейіріммен алға бастырды. Періште қанаттарын жинап алып, төменге тастай құлап, құлдилай жөнелді.
2-тарау
Ұлы Дала кең кеудесін баяу көтеріп, жайбарақат тыныс алып жатыр. Күндізгі қарбалас тіршілік саябырсыған. Ол ұйқыға кеткен еді.
Жоғарыда алыстағы жұлдыздар жұмбақ кейіппен бір-біріне көз қысады. Құйрықты жұлдыздар өзара қуаласпақ ойнап жүр.
Ал мұнда, Дала төсінде, қалжыраған киіз үйлер бір-біріне иық тіресіп, жым-жырт қалыпқа енген. Олар алдағы жаңа күннің алдында күш жинап жатқандай.
Таң атуға жақындап келеді.
Кенет аспаннан құлдилай құлаған жарық сәуле үлкен ақ боз үйдің түндігін тесіп кірді. Ол қалың қалың киізге еш зақым келтірместен, соңында саңылау қалдырмай өте шықты. Сол сәтте киіз үй ішінен жылаған нәрестенің жеңімпаз да асқақ үні естілді.
– Жарық дүниеге жаңа адам келді! Ұл туды! Мұрагер туды! Нұр жүзді Ибраһим келді! – деген қуаныш хабары жан-жаққа тарай жөнелді.
Ұлы Дала ұйқылы-ояу күйінде жымиып қойды. Ол осы сәбидің өмірге келуін қанша уақыт күтіп еді…
Ал Ғалам беті сәл ашылған кітаптың мұқабасын жауып тастап, кейінге қалдыруға болмайтын маңызды істеріне қайта кірісті.
3-тарау
Осылайша, Ұлы Далада ерекше ұл бала пайда болды. Ол күн санап емес, сағат санап өсті.
Айналасына шуақты күн сәулесіндей жылу шашқан Ибраһим өзінің инабаттылығымен және еңбекқорлығымен ауылдастарының жүрегін жаулап алды. Оның көкейіне түйгені көп еді, құмның бетіне беймәлім таңбалар сызуды ұнататын.
– Бұл не, балам? – деп жиі-жиі сұрайтын еді, белгілі болыс Балғожа би.
– Ата, бұл дүниеде таңбалар да, тілдер де өте көп. Мен олардың қасиетін танып-білгім келеді. Бірақ маған бір нәрсе жетпей тұр…
Бала сөзін аяқтап үлгергенше, алақанында Сиқырлы таяқша пайда болды. Таяқша күннің нұрындай жарқырап тұрды.
– Енді өз жолымды таптым! Рақмет саған, Ғалам! – деп қуана айғайлаған Ибраһим аспанды құшақтағысы келгендей қолдарын көкке жайды.
Ал Ғалам болса, бәрін көруші қырағы көзімен оған мейірлене күлімдеді.
4-тарау
Айлар өтіп, жылдар жылжып, Ұлы Дала төсіне ғажайып жан туралы дақпырт тарады. Ол өзінің сиқырлы таяқшасымен Дала бетіне өзгеше таңбалар сала бастады. Дала халқы алыс елдер мен өзге халықтар туралы, тіпті өздері жайлы көбірек білсін деп, бұл таңбаларды «әліпби» деп атады.
«Ағартушы Ыбырай» деп атады оны жұрт және соңынан сеніммен ерді.
Ғалам сыйға тартқан Сиқырлы таяқша еш шаршауды білмеді. Ыбырай оны бір сілтеп қалғанда бес бірдей мектеп балаларды оқуға шақырып, білім нұрымен жарқырады. Екінші рет сілтеп қалғанда түрлі-түрлі училищелер бірінен соң бірі пайда болды. Ал таяқша тоқтар емес. Енді ол мұғалімдер даярлайтын мектепті «сиқырлап» шығарды. Оқулықтардың суретін салып, мысалдар мен әңгімелер жазды, аудармалар жасады.
Ұлы Даланың аспанында Ыбырайдың жарқыраған күні туды.
5-тарау
Ыбырай ат жалын тартып мініп, азамат болды. Оның жаны жақсылықтың жыршысына айналды. Ол түнде Дала төсіне жиі шығып, аспанға ұзақ қарайтын еді. Баяғыдан бері ойын мазалаған бір сұрақты өзіне үнемі қоятын:
– Мен Жердегі өз миссиямды орындадым ба? Мұнда не үшін келіп едім?
Бірақ ғарыш көгіндегі жұлдыздар баяғыша жұмбақ кейіппен жымыңдап, құйрықты жұлдыздар қуаласпақ ойнап жүр еді.
– Біз бүкіл өмірімізді халыққа арнап, еңбек еттік, – деді Ибраһим Сиқырлы таяқшасына ойлана қарап. – Енді менің ең соңғы тілегімді орындашы: мені әкемнің зиратына жақынырақ жерге апар.
Осылайша Тобыл өзенінің иініндегі бір аралда, кішкене көлдің жағасында Ыбырайға арналған там пайда болды. Ұлы Дала ағартушысының ең соңғы аманаты – осы еді.
Ал, Ғалам сол кезде Періште кейін қайтқанда адасып кетпесін деп, баяғы сиқырлы есікті ақырын ашып қойды…
6-тарау
– Ибраһим, қайтып оралдың ба! – Ғалам Періштені мейірлене арқасынан қақты. – Жердегі миссияң оңай болған жоқ, бірақ сен оны абыроймен атқардың. Қырық жеті жыл – жердегі өлшеммен есептегенде қысқа ғана ғұмыр. Кей адамдар жүз жыл жасаса да, артына мұндай пайдалы із қалдыра алмайды.
– Тынымсыз еңбектеніп, қатты шаршадым! Бәрін істеп үлгердім бе екен? Атқарған қызметімнің жемісі қандай? – деді Періште мұңайып, басын төмен түсіріп.
– Мына есіктің сәл ашық тұрған саңылауы тарс жабылмай тұрып ішіне тағы бір рет қарашы, – деді Ғалам жымиып.
Кітап мұқабасы іспеттес қос жақтаулы есікке жақындаған Періште секемдене үңілді. Бұрын көрген тас қараңғылықтың орнына ол нұрға бөленген Ұлы Қазақ даласын тамашалады.
…Алатаудың мұздығы, Алматының даңғылы, Қостанай, Ақтөбе, Рудный мен Көкшетаудың көшелері, Шымкент пен Қостанайдың балалар кітапханалары, Қонаев, Обаған, Тасқала мен Шелектегі мектептер, Алматы гимназиясы мен Рудный колледжі оған ізетпен сәлем жолдап жатыр екен. Олардың бәріне Ыбырайдың есімі беріліпті.
Оның есімін иеленген Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық академиясы мен Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты да көзілдіріктерін түзеп қойып, ойлы жүзбен жымияды.
– Халқың сені ұмытқан жоқ, Ибраһим! Сенің құрметіңе тұтас бір аудан Алтынсарин аталды, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі тағайындалды. Кентау мен Алматыда ескерткіштерің бой көтерді. Ал енді ұш, деміңді ал! – деп Ғалам көз қысты.
Қос жақтаулы есік тарс жабылды.
Періште қанаттарын қуана жазып жіберіп, көкке қарай еркін самғай жөнелді.
Аударған – Айбек ОРАЛХАН
