
Павлодар өңірі еліміздің танымал қылқалам шеберлерінің шығармашылық алаңына айналды. Ертіс-Баян жерінде «Қимақ-арт» пленэрі өтіп, «Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» көрмесі ашылмақ. Апта бойына жалғасатын ауқымды өнер жобасының басты мұраты – тарихи жадыны жаңғыртып, көне дәуір мұрасын заманауи бейнелеу өнері арқылы насихаттау.
Шығармашылық жобаға қатысу үшін Павлодар облысына қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан белгілі суретшілер арнайы келді.
Олардың қатарында мәдениет қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мәжит Садықұлы Байтенов, белгілі қазақстандық кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Хамза Қалиұлы Кикимов, суретші-график, кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Айнабек Мыңжасарұлы Оспанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Өмірәлі Дәуренбекұлы Исмаилов бар.
Бүгін облыстық көркемсурет музейінде «Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрме арқылы павлодарлықтар мен қала қонақтары еліміздің белгілі суретшілерінің шығармашылық әлемімен жақынырақ танысып, қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік ізденістерін тамашалай алады.
ҚИМАҚ ТАРИХЫ – ҚЫЛҚАЛАМ ТІЛІНДЕ
«Қимақ-арт» атауының өзінде терең тарихи астар жатыр. Ертіс өңірінің көне тарихы Қимақ мемлекетімен тығыз сабақтас. Сондықтан пленэрдің дәл Павлодар жерінде ұйымдастырылуы да айрықша мәнге ие. Бұл – суретшілердің табиғат аясында шығармашылықпен айналысуы ғана емес, тарихи кеңістікті зерделеп, өткен дәуірдің рухын бүгінгі өнер тілімен сөйлетуге бағытталған ізденіс.
Павлодарға келген қылқалам шеберлері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер сауалдарына жауап беріп, пленэрдің шығармашылық және тарихи маңызына тоқталды.
– «Қимақ-арт» пленэріне еліміздің әр өңірінен келдік. Бұл – шығармашылық ақпарат алуға, оны таратуға, ізденуге мүмкіндік беретін үлкен тақырып. Шараның мағынасы аса зор. Мұнда терең тарихи ақпарат бар. Сол тарихи ақпаратты заманауи қалыпта насихаттау – біздің басты мақсатымыз. Мұндай үлкен шараның дәл Павлодарда өтуі маңызды. Суретшілер одағына алғысымызды білдіреміз. Қуаныштымыз. Бұл – тарих пен болашақты байланыстырған басқосу, – деп атап өтті өнер шеберлері.
Осы бір пікірдің өзінде пленэрдің негізгі идеясы жатыр: тарихты тек мұрағат пен оқулықта қалдырмай, оны өнер арқылы бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу.
ТАРИХ ПЕН БҮГІННІҢ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР
Пленэр – суретші үшін ерекше шығармашылық кеңістік. Шебер табиғатпен бетпе-бет қалып, жердің бояуын, жарығын, тынысын, сол мекеннің өзіндік мінезін кенепке түсіреді. Ал тарихи тақырып қосылғанда бұл ізденістің аясы одан әрі кеңейеді.
«Қимақ-артқа» қатысушы суретшілер үшін Ертіс-Баян өлкесі осындай мол материал ұсынады. Өңірдің табиғаты, тарихи орындары, Ертіс өзені мен байырғы дала кеңістігі суретшінің қиялында көне дәуірмен астасып, жаңа көркем бейнелердің тууына негіз болады.
Суретші тарихи оқиғаны фотографиялық дәлдікпен қайталауға міндетті емес. Оның міндеті – дәуірдің рухын сезіну. Көне тарихты өзінің дүниетанымы мен көркемдік қолтаңбасы арқылы қайта пайымдап, бүгінгі көрерменмен тілдестіру.
Осы жағынан келгенде «Қимақ-арт» – өткен мен бүгіннің ғана емес, тарих пен болашақтың арасындағы шығармашылық көпір.
ШЕБЕРЛЕРДІҢ БАСҚОСУЫ – ҮЛКЕН МЕКТЕП
Павлодарға келген қылқалам шеберлерінің әрқайсысы – отандық бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар тұлғалар. Олардың бір шығармашылық кеңістікте бас қосуы өңірдегі суретшілер мен өнерге қызығатын жастар үшін де маңызды.
Пленэр барысында болатын шығармашылық пікір алмасу, шеберлердің табиғат аясындағы жұмыс үрдісін көру, олардың тарихи тақырыпты қалай зерделейтінін бақылау – жас суретшіге теориялық дәрістен кем түспейтін тәжірибе.
Мұндай жобалардың тағы бір маңызды қыры бар. Бүгін дүниеге келген туындылар ертең осы уақыттың көркем шежіресіне айналады. Қылқаламға іліккен Ертіс жағасы, Баянауылдың көрінісі немесе суретшінің қиялында жаңғырған Қимақ дәуірінің бейнесі келешек ұрпақ үшін бүгінгі шығармашылық ізденістің куәсі болып қалмақ.
ЕРТІС БОЙЫНДАҒЫ ӨНЕР АПТАСЫ
Апта бойына жоспарланған «Қимақ-арт» пленэрі Павлодардың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болмақ. Ал «Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» көрмесі осы шығармашылық аптаның мазмұнын одан әрі байыта түседі.
Қазақ даласының әр қиырынан келген суретшілерді Ертіс жағасында тоғыстырған жобаның түпкі мәні де айқын: тарихты тану, ұлттық көркемдік дәстүрді жалғастыру және оны жаңа заманның өнер тілімен кейінгі буынға жеткізу.
Қимақ дәуірінен қалған тарихи жады мен бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінің ізденістері Павлодарда осылайша бір арнада тоғысып отыр.
Ғасырлар үнсіз қалған тарихты кейде бір картина сөйлетеді. Ал қылқаламға айналған тарихи жады – ұрпақтан ұрпаққа жететін рухани мұра. «Қимақ-арттың» құндылығы да осында.
Асыл ӘБІШЕВ.
