Парламентаралық байланысты нығайту, елдегі саяси реформаларды серіктестерге айқын түсіндіру және ортақ мүдделерді ілгерілету — Қазақстанның еуропалық бағыттағы ынтымақтастығының басты тірегі.
Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы байланысы тек мемлекет басшылары мен үкімет деңгейіндегі ресми келіссөздермен ғана шектелмейді. Мұндағы парламенттік дипломатияның орны бөлек: ол елдер арасындағы сенімді нығайтуға, саяси диалогтың үздіксіздігін қамтамасыз етуге және өзара тиімді әріптестіктің соны бағыттарын айқындауға жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, қазан айының ортасында Парламент депутаттарының Еуропалық Одақ пен Словакия өкілдерімен өткізген кездесулері Қазақстанның еуропалық бағыттағы дипломатиялық өзара іс-қимылын зерделеуге толық негіз болады.
15–16 қазанда Астанада өткен келіссөздердің басты өзегі — парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстандағы саяси әрі конституциялық өзгерістер туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ экономикалық және өңірлік мәселелер бойынша бірлескен әрекеттерді кеңейту болды. Бұл дипломатиялық қадамдарды тек кезекті шаралар ретінде емес, Қазақстанның сыртқы саясатындағы парламенттік арнаның айрықша маңызын айғақтайтын нақты мысал ретінде қарастырған жөн.
15 қазанда Парламент депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Медеуова Қазақстандағы Еуропалық Одақтың Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестікті, Парламент пен Еуропалық Парламент арасындағы байланысты тереңдету мүмкіндіктерін және парламентаралық өзара іс-қимылдың өзекті түйткілдерін талқылады.
Диалог барысында салалық комитеттер, достық топтары мен парламенттік делегациялар арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға ерекше назар аударылды. Сонымен бірге 27–28 қазанда Астанада өтеді деп жоспарланған «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 23-отырысына да дайындық барысы сөз болды.
Мұндай жүздесулердің маңызын дипломатиялық хаттаманың тар шеңберімен ғана шектеуге болмайды. Парламентаралық байланыс мемлекеттер арасындағы саяси диалогты жүйелі арнаға түсіріп, заң шығару тәжірибесімен бөлісуге және салалық мәселелерді кәсіби деңгейде сараптауға мүмкіндік береді. Ал комитеттер мен депутаттық топтардың тікелей қатысуы келіссөздердің тұрақтылық сипатын арттырады.
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық ауқымды салаларды қамтиды. Сондықтан парламенттік дипломатияның әлеуеті тек саяси ықпалдастықпен шектелмей, экономикалық әріптестік, энергетика, көлік-логистика, экология және су ресурстарын басқару сияқты стратегиялық бағыттарда да айқын көрініс табады.
16 қазанда Парламент Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен келіссөз жүргізді. Кездесуде парламентаралық диалогты дамыту, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ықпалдастықты кеңейту және Орталық Азиядағы бірлескен бастамаларды ілгерілету мәселелері қаралды.
Нұрлан Бекназаров Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен институционалдық өзгерістер туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Бұл тақырыптың халықаралық деңгейде көтерілуі еліміздегі саяси үдерістердің ашықтығын көрсетеді. Мұндай диалог өзара түсіністікті нығайтып, парламентаралық байланысқа соны мазмұн дарытады.
Сондай-ақ кездесуде Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен қарым-қатынасы және ұйымның өңірге қатысты стратегиясын жаңарту мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек, көлік инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, жаңартылатын қуат көздері және трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару тақырыптары да назардан тыс қалған жоқ.
Аталған мәселелердің барлығы — Қазақстан мен Еуропа елдерінің ортақ мүдделері тоғысатын стратегиялық бағыттар. Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәліздерін өркендету, энергетикалық әріптестікті кеңейту және су ресурстарын ұтымды пайдалану ұзақ мерзімді жоспарлауды әрі мемлекеттер арасындағы жүйелі үйлесімділікті талап етеді. Осы орайда парламентаралық диалог — ортақ мәселелерді талқылауға және тиісті бастамаларды институционалдық деңгейде қолдауға мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Десе де, мұндай кездесулердің нақты нәтижесі талқыланған сөздің ауқымымен ғана есептелмейді. Олардың тиімділігі — келісілген бастамалардың кейінгі іске асуына, комитеттер арасындағы байланыстың тұрақтылығына және уағдаластықтардың нақты іске ұласуына тікелей байланысты.
15 қазанда Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаев Словакияның Қазақстандағы Елшісі Любомир Регакпен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, екіжақты байланысты нығайту және сауда-экономикалық әріптестіктің өрісін кеңейту мәселелерін сарапқа салды.
Кездесу барысында екі елдің тиісті комитеттері арасындағы байланысты тереңдету, заң шығару тәжірибесімен алмасу және халықаралық парламенттік алаңдарда ортақ позицияны ілгерілету қажеттігі айтылды. Бұл бағыттар парламентаралық дипломатияның нақты мазмұнын айқындайды: ол куртуазды рефициалдықпен шектелмей, тұрақты жұмыс байланыстарын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Экономикалық ықпалдастық та назардан тыс қалмады. Кездесуде Қазақстанда словак капиталының қатысуымен 50-ден астам компания жұмыс істейтіні тілге тиек етілді. Бұл — екі ел арасындағы іскерлік байланыстардың берік іргетасы бар екенін көрсететін айғақ. Сонымен бірге тауар айналымын арттыру, ынтымақтастықтың жаңа нүктелерін табу және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты нығайту қажеттігі баса айтылды.
Осы тұста парламенттік дипломатияның экономикалық әлеуеті айқын көрінеді. Депутаттар мен тиісті комитеттер арасындағы байланыс кәсіпкерлік орта үшін маңызды мәселелерді талқылауға, заңнамалық тәжірибемен бөлісуге және екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық-институционалдық негіздерін жетілдіруге игі ықпал етеді. Алайда экономикалық қайтарымға қол жеткізу үшін саяси диалогпен қатар бизнес өкілдерінің белсенділігі мен нақты жобалардың іске асуы қажет.
Осы үш кездесудің мазмұнын сараптағанда, бірнеше негізгі бағыт айқындалады. Біріншіден, парламентаралық байланысты жүйелі дамытуға басымдық беріліп отыр. Екіншіден, Қазақстандағы саяси және конституциялық өзгерістер туралы шетелдік серіктестерге ақпарат беру басты орында тұр. Үшіншіден, саяси диалогты экономикалық және өңірлік ынтымақтастық мәселелерімен астастыруға ұмтылыс байқалады.
Бұл бағыттар Парламенттің халықаралық аренадағы рөлін кеңірек түсінуге негіз болады. Заң шығару органы болумен қатар, ол — мемлекеттер арасындағы диалогқа қатысатын дербес институт. Оның халықаралық қызметі ұлттық мүдделерді түсіндіруге, серіктестердің ұстанымын зерделеуге және ортақ мәселелер бойынша байланыстарды нығайтуға жағдай жасайды.
Сонымен бірге парламенттік дипломатияның тиімділігі кездесулердің санымен ғана өлшенбейді. Негізгі таразы — олардың нәтижесінде қандай жұмыс тетіктері қалыптасатыны, қандай бастамалар өміршең болып шығатыны және келісілген мәселелердің орындалуы қалай бақыланатынында. Тұрақты комитетаралық байланыс, парламенттік делегациялар алмасуы, бірлескен талқылаулар мен нақты тақырыптарға арналған жұмыс кездесулері осы үдерістің сапасын арттыра алады.
Қазақстанның Еуропалық Одақпен және Словакиямен байланыстары әртүрлі деңгей мен бағытты қамтиды. Еуропалық Одақпен қарым-қатынаста өңірлік стратегия, көлік-инфрақұрылымдық байланыстар мен су ресурстары сияқты ауқымды мәселелер маңызды болса, Словакиямен ынтымақтастықта екіжақты парламентаралық және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды. Осы айырмашылықтарға қарамастан, екі бағытты да біріктіретін ортақ фактор — тұрақты саяси диалог пен институционалдық әріптестікке деген мұқтаждық.
Қазан айының ортасында Астанада өткен кездесулер Парламенттің халықаралық байланыстарды дамытудағы парламенттік арнаға ерекше мән беретінін байқатады. Еуропалық Одақ өкілдерімен талқыланған саяси және өңірлік мәселелер, сондай-ақ Словакиямен арадағы парламентаралық және экономикалық күн тәртібі Қазақстанның еуропалық серіктестерімен диалогының көпқырлы сипатын айғақтайды.
Алдағы басты міндет — қалыптасқан байланыстарды тұрақты жұмыс тетіктерімен толықтырып, пікір алмасуды нақты жобалармен сабақтастыру. Сонда ғана парламенттік дипломатия Қазақстанның халықаралық серіктестерімен өзара түсіністігін арттырып қана қоймай, ұлттық мүддені практикалық деңгейде ілгерілетуге де толыққанды қызмет ете алады.
Айбек Оралхан
