
Қазақстанда жергілікті өкілді билік жүйесін жаңғыртудың маңызды саяси кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 2026 жылғы 29 қарашаға белгіледі.
Бұл шешімнің саяси-құқықтық маңызы қандай? Мәслихаттардың ел басқару жүйесіндегі орны мен міндеті қалай айқындалған? Жаңа Конституция жергілікті өкілді органдарға қандай өкілеттіктер береді? Осы мәселелерге тоқталайық.
2026 жылғы 12 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев №1521 Жарлыққа қол қойып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Жарлық Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 101-бабының 3-тармағына және жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңның 23-бабына негізделген.
Мемлекет басшысы бұл шешімді Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультациялардан кейін қабылдады.
Бұл шешімнің астарында елдің саяси жүйесіндегі өзгерістерге жергілікті өкілді билікті сәйкестендіру қажеттілігі жатыр. Ең алдымен, мәселенің конституциялық сипатына назар аударған жөн. Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттік билік институттарының құрылымына ғана емес, олардың қалыптасу тәртібіне, өзара жауапкершілігіне және халық алдындағы есептілігіне де қатысты.
2026 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін елдің жоғары өкілді билік жүйесінде Құрылтай институты қалыптасты. Ендігі маңызды міндеттердің бірі – осы жаңарған саяси-құқықтық жүйе жағдайында жергілікті өкілді органдардың да демократиялық негізін нығайту.
Бұған қоса, мәслихаттарды мерзімінен бұрын сайлауға нақты саяси себеп те бар. Президент 24 қыркүйекте Халық кеңесінің бірінші сессиясында қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы «Amanat» партиясынан сайланғанын, ал оның «Әділет» партиясымен бірігуіне байланысты депутаттық корпустың едәуір бөлігінің саяси легитимділігі жөнінде мәселе туындайтынын айтқан болатын. Мұнда маңызды құқықтық айырмашылық бар. Партиялық жүйедегі өзгерістер бұрын сайланған депутаттардың мандатын өздігінен заңсыз етті деген сөз емес. Алайда, саяси партиялардың қайта құрылуы сайлаушылардың бұрын берген мандаты мен жаңарған партиялық өкілдік арасындағы сәйкестік туралы сұрақ туғызады.
Осы тұрғыдан алғанда, кезектен тыс сайлау жергілікті өкілді биліктің саяси мандатын жаңарту тетігі ретінде қарастырылып отыр. Демек, бұл шешімнің маңызын үш қырынан бағалауға болады: конституциялық өзгерістерге бейімделу, партиялық-саяси өкілдікті жаңарту және халықтың жергілікті билікке ықпал ету мүмкіндігін қайта іске қосу.
Бірақ сайлаудың өткізілуі өздігінен саяси жаңарудың толық жүзеге асқанын білдірмейді. Оның шынайы нәтижесі бәсекелестіктің сапасына, кандидаттардың әлеуетіне және жаңадан сайланатын депутаттардың кейінгі қызметіне байланысты болмақ.
Айта кетелік, Орталық сайлау комиссиясының 13 қазандағы қаулысымен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалды. Алдағы сайлау барысында еліміздегі 228 мәслихаттың құрамы жаңарып, 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынады. Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Осылайша, 29 қарашадағы дауыс беру жергілікті өкілді биліктің алдағы бес жылдағы құрамын айқындайды.
Сайлау науқанының күнтізбелік жоспары да бекітілді. Кандидаттарды ұсыну 14 қазанда басталды. Бұл жұмыс 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталады. Тіркеу 1 қарашаға дейін жүргізіледі. Одан кейін сайлауалды үгіт кезеңі басталып, 28 қарашада тыныштық күні сақталады. Дауыс беру 29 қарашада өтеді, ал қорытындылар 3 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталуға тиіс.
Сайлауда аралас жүйе қолданылуының да мәні ерекше. Партиялық тізімдермен қатар бірмандаттық округтер бойынша кандидаттар, соның ішінде өзін-өзі ұсынған азаматтар да сайлауға қатыса алады.
Бұл жергілікті өкілді билікке тек саяси партиялардың өкілдері ғана емес, өз өңірінде қоғамдық сенімге ие, нақты мәселелерді білетін азаматтардың да келуіне мүмкіндік береді. Әрине, мұндай мүмкіндіктің нәтижелі болуы сайлау рәсімдерінің ашықтығына, кандидаттардың тең бәсекесіне және сайлаушылардың белсенділігіне тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мәслихаттардың құқықтық мәртебесі нақты айқындалған. Ата Заңның VIII бөліміндегі 88-бап жергілікті өкілді органдардың қалыптасу тәртібін, өкілеттіктерін және олардың қызметін тоқтату негіздерін белгілейді.
Атап айтқанда, 88-баптың 1-тармағында жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының ерік-мүддесін білдіретіні, жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайтыны және олардың жүзеге асырылуын бақылайтыны көрсетілген.
Бұл норманың саяси мәні терең. Мәслихат – әкімдіктің жанындағы кеңесші құрылым ғана емес, сондай-ақ халық тікелей сайлайтын, конституциялық мәртебесі бар жергілікті өкілді орган.
Осы тұрғыдан қарағанда, мәслихаттардың басты міндеті – тұрғындардың мүддесін білдіру, аймақтың даму басымдықтарын айқындауға қатысу және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау.
Конституцияның 88-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес, мәслихат депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Жиырма жасқа толған Қазақстан азаматы мәслихат депутаты бола алады. Бір азамат бір ғана мәслихаттың депутаты болуға құқылы.
Ал 88-баптың 5-тармағы Президентке Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату құқығын береді. Мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда да оның өкілеттігі мерзімінен бұрын аяқталады. Демек, 12 қазандағы президенттік шешім Ата Заңда тікелей қарастырылған конституциялық өкілеттік негізінде қабылданды.
Конституцияның 88-бабының 4-тармағында мәслихаттардың негізгі өкілеттіктері көрсетілген. Олардың қатарында аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау, тұрақты комиссиялар құру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты өзге де міндеттер бар.
Мәселен, облыстық мәслихат өңір бюджетінің қабылдануына қатысады. Жергілікті бюджеттің әр жолының артында нақты қоғамдық қажеттілік тұр.
Мектеп құрылысына қанша қаржы бөлінеді? Ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігі қалай қамтамасыз етіледі? Жергілікті жолдардың жөнделуіне қанша қаражат қарастырылады? Тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға арналған бағдарламалар қаншалықты тиімді орындалып жатыр?
Міне, осының барлығы да мәслихат депутаттарының назарында болуға тиіс. Өйткені жергілікті бюджетке бақылау жасау – халықтың қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылау деген сөз. Бұдан шығатын қорытынды: мәслихаттың беделі қабылдаған шешімдерінің санымен емес, сол шешімдердің халық өміріне тигізген нақты әсерімен өлшенуі қажет.
Жергілікті басқару жүйесінде мәслихат пен әкімдіктің қызметін ажырата білудің маңызды зор. Әкімдік – жергілікті атқарушы билік органы. Ол мемлекеттік саясатты жүзеге асырады, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды ұйымдастырады. Ал мәслихат – жергілікті өкілді орган. Оның міндеті – халықтың мүддесін білдіру, тиісті бағдарламалар мен бюджетті бекіту, олардың орындалуын бақылау.
Екі институт бірін-бірі алмастырмайды. Керісінше, заңда белгіленген құзыреттері шегінде өзара іс-қимыл жасайды. Дегенмен, жергілікті басқарудағы маңызды мәселелердің бірі – мәслихаттардың атқарушы билікке қатысты дербес ұстаным таныту қабілеті. Егер депутаттар әкімдік ұсынған барлық шешімді талқылаусыз қабылдай берсе, жергілікті өкілді биліктің қоғамдық маңызы әлсірейді.
Ал егер депутаттар бюджеттің тиімді жұмсалуын талап етіп, проблемалық мәселелерді ашық көтеріп, атқарушы органдардың есептерін кәсіби тұрғыдан талдаса, мәслихат шын мәнінде халық мүддесін қорғайтын институтқа айналады.
Бұл ретте сындарлы қарым-қатынасты әкімдікке қарсы тұрумен шатастыруға болмайды. Мәслихат пен әкімдіктің түпкі мақсаты ортақ – өңірді дамыту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту. Бірақ ортақ мақсат олардың міндеттері мен жауапкершілігін бірдей етпейді.
Мәслихаттардың қызметін тек 88-баптың аясында қарастыру жеткіліксіз. Жаңа Конституцияның 4-бабында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі екені бекітілген. Халық билікті референдум және еркін сайлау арқылы тікелей, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
Осы қағидат жергілікті өкілді биліктің демократиялық негізін де айқындайды. Өйткені мәслихат депутаты өзінің өкілеттігін жоғары тұрған лауазымды тұлғадан емес, сайлаушылардан алады.
Сондықтан депутаттың ең басты саяси жауапкершілігі – оны сайлаған халықтың алдында. Бұл жерде өкілді биліктің мазмұны туралы маңызды мәселе туындайды. Халық депутатты бес жылда бір рет дауыс беріп сайлаумен ғана шектелмеуі керек. Ал депутат сайланғаннан кейін сайлаушылармен байланысын үзбеуге тиіс.
Тұрғындардың өтініштерін қарау, қоғамдық қабылдаулар өткізу, өз қызметі туралы есеп беру, бюджет жобаларын талқылауға азаматтарды тарту – жергілікті демократияның нақты көріністері. Жаңа Конституцияда бекітілген қоғамдық диалог қағидаты да осы бағыттағы жұмыстың маңызын арттыра түседі.
Кезектен тыс сайлаудың нәтижесі еліміздің барлық өңірлері үшін маңызды. Соның ішінде өнеркәсібі дамыған, ауылдық аумақтары ауқымды біздің өңір – Павлодар облысы үшін жергілікті өкілді органдардың жаңаруының өзіндік ерекшеліктері бар. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыстың ауылдық аудандарында шешімін күткен мәселелер бірдей емес.
Өнеркәсіптік қалаларда экология, өндірістік инфрақұрылым, жылумен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және еңбек қатынастары өзекті болса, ауылдық елді мекендерде жол, ауызсу, медициналық қызмет, білім беру нысандары мен ауыл шаруашылығы мәселелері басым болуы мүмкін.
Сондықтан жаңа депутаттық корпустың құрамына өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін білетін, тұрғындардың проблемаларын түсінетін, кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы қалыптасқан адамдардың келуі маңызды.
Мысалы, облыстық мәслихат депутаттары ірі инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігіне, өңірлік даму бағдарламаларының орындалуына назар аударса, қалалық және аудандық мәслихаттар тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық бере алады.
Әсіресе, ауылдық округтердегі халықтың мұң-мұқтажын жоғары деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне жеткізу маңызды. Ауылдағы мектептің жағдайын, аудандық аурухананың мүмкіндігін, шалғай елді мекеннің жолын немесе ауызсу мәселесін білмейтін депутаттың жергілікті тұрғындардың мүддесін толыққанды қорғауы қиын.
Сондықтан сайлау науқанында кандидаттардың саяси ұрандарынан гөрі нақты бағдарламаларына, кәсіби дайындығына, қоғамдық беделіне және өздері ұсынған міндеттерді орындау мүмкіндігіне назар аударылғаны жөн.
Кезектен тыс сайлау мәслихаттардың құрамын жаңартуға мүмкіндік береді. Бірақ оның өзі жергілікті басқару сапасының автоматты түрде жақсаруына кепілдік деп айта алмаймыз. Мәслихат жұмысының нәтижелілігі бірнеше маңызды талаптың орындалуына байланысты.
Біріншіден, депутаттар сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақты сезінуі керек. Сайлауалды бағдарлама дауыс жинауға арналған уәделер жиынтығы болып қалмай, депутаттық қызметтің өлшенетін міндеттеріне айналғаны дұрыс.
Екіншіден, жергілікті бюджетті талқылау мен бақылаудың кәсіби деңгейі артуға тиіс. Қаржылық құжаттарды талдай алатын, экономикалық көрсеткіштерді түсінетін, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін бағалай білетін депутаттардың маңызы жоғары.
Үшіншіден, мәслихат жұмысының ашықтығын күшейту қажет. Қоғам қандай мәселе қаралғанын, депутаттардың қандай ұстаным білдіргенін және қабылданған шешімдердің қалай орындалып жатқанын білуге мүдделі.
Төртіншіден, депутаттық корпуста қоғамдық тәжірибесі мол азаматтармен бірге жастардың, түрлі кәсіби салалардың және жергілікті қоғамдастықтардың өкілдігіне мүмкіндік берілуі маңызды.
Бесіншіден, депутаттардың атқарушы билікпен қарым-қатынасы сындарлы, бірақ принципті болуы керек. Өңірдің мүддесіне сай келмейтін немесе жеткілікті негізделмеген шешімдерге қатысты ашық пікір білдіру – өкілді органның жауапты қызметінің бір бөлігі.
Міне, осы талаптар орындалғанда ғана мәслихат жергілікті билік жүйесінің беделді әрі ықпалды институтына айнала алады.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың түпкі мәні мемлекеттік институттардың атауын немесе құрамын өзгертумен ғана шектелмеуге тиіс. Негізгі мақсат – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік басқарудың жауапкершілігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне ықпал ету мүмкіндігін кеңейту. Мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы осы міндеттер тұрғысынан маңызды саяси сынақ болмақ.
Бір жағынан, сайлау партиялық жүйедегі өзгерістерден кейін жергілікті өкілді биліктің жаңа құрамын қалыптастырады. Екінші жағынан, азаматтарға өз өңірінің болашағына қатысты таңдау жасауға мүмкіндік береді. Үшінші жағынан, жаңадан сайланған депутаттарға халық сенімін нақты іспен ақтау міндетін жүктейді.
Алайда жергілікті өкілді органдардың шынайы ықпалы тек сайлау қорытындыларына ғана тәуелді емес. Олардың дербестігіне, кәсіби әлеуетіне, заңда белгіленген бақылау өкілеттіктерін қаншалықты пайдалана алатынына да байланысты. Сондықтан алдағы сайлауды тек саяси партиялардың бәсекесі немесе депутаттық мандаттар үшін күрес ретінде қабылдау жеткіліксіз. Бұл – жергілікті демократияның сапасын бағалайтын маңызды кезең.
Мәслихат – халыққа ең жақын өкілді билік институттарының бірі. Оның шешімдері тұрғындардың күнделікті өміріне, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет қаражатының жұмсалуына, қоғамдық инфрақұрылымның жағдайына тікелей ықпал етеді. Сондықтан мәслихаттардың жаңаруының басты өлшемі депутаттық орындарға кімдердің келетінімен ғана шектелмеуі керек.
Ең маңыздысы сол – жаңадан сайланатын депутаттар халықтың сенімін қаншалықты ақтай алады, жергілікті мәселелерді шешуге қаншалықты ықпал етеді және атқарушы биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға қандай үлес қосады деген сауалдар.
Әр мәслихаттың шынайы беделі депутаттық мандаттың мәртебесінде емес, сол мандат арқылы халықтың мүддесін қорғай білуінде.
Асыл ӘБІШЕВ
