
Қазақстанда алдағы жексенбі күні, яғни 2026 жылғы 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанды еліміздегі конституциялық өзгерістерден бастау алған институционалдық жаңғырудың жергілікті басқару саласындағы жалғасы ретінде қарастыруға болады. Өйткені мемлекеттік құрылымдағы өзгерістердің нақты нәтижесі өңірлердің дамуынан, қоғамдық мәселелердің шешілуінен және билік органдарының азаматтармен қарым-қатынасынан көрінеді.
Жаңа Конституцияның 1 шілдеде күшіне енуі еліміздің өкілді билік жүйесін жаңарту үдерісіне негіз қалады. 23 тамызда өткен сайлаудың нәтижесінде 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай қалыптасты. Ендігі кезекте жергілікті өкілді органдардың құрамы жаңартылмақ. Осы арқылы республикалық және жергілікті деңгейлердегі өкілді билік институттарының жаңару кезеңі өзара сабақтастық табады.
Мәслихаттардың қызметін мемлекеттік басқарудың күнделікті өмірмен тікелей ұштасатын саласы деуге болады. Жергілікті бюджеттің бекітілуі, өңірдің даму басымдықтарының айқындалуы және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау осы өкілді органдардың құзыретіне жатады. Ауылдағы ауызсу мәселесі, қаладағы қоғамдық көлік, жолдардың жағдайы, әлеуметтік инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтердің сапасы секілді тұрғындарды толғандыратын тақырыптар жергілікті басқарудың тиімділігімен тығыз байланысты.
Мемлекет басшысы жергілікті өкілді органдардың бақылау қызметін жетілдіру мен әкімдіктермен өзара іс-қимылын күшейту қажеттігіне назар аударған болатын. Бұл ретте депутаттардың кәсіби даярлығы, өңір экономикасын түсінуі, бюджеттік жоспарлауды меңгеруі және тұрғындардың ұсыныстарын нақты шешімдерге айналдыра білуі ерекше мәнге ие. Мәслихат жұмысының нәтижелілігін өткізілген отырыстардың санымен ғана емес, көтерілген мәселелердің шешілу барысымен де бағалау орынды.
Өкілді органдарды қалыптастырудың ерекшеліктері
12 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығы қабылданып, Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру күнін 29 қарашаға белгіледі. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, республика бойынша 228 мәслихаттың құрамына 3 447 депутат сайлануға тиіс. Оның 668-і облыстық деңгейдегі 20 мәслихатқа, 626-сы 38 қалалық мәслихатқа, ал 2 153-і 170 аудандық мәслихатқа тиесілі.
Сайлау жүйесінің ерекшелігі жергілікті өкілді органдардың деңгейіне байланысты. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары аралас жүйе негізінде қалыптасады. Депутаттық орындардың тең жартысы партиялық тізімдер арқылы, қалған бөлігі бірмандаттық округтер бойынша бөлінеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда бірмандаттық жүйе қолданылады.
Мұндай тәртіп саяси партиялардың бағдарламаларымен қатар жекелеген кандидаттардың кәсіби тәжірибесі мен жергілікті мәселелерге қатысты ұстанымдарын бағалауға мүмкіндік береді. Бірмандаттық округтерде партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған азаматтармен бірге өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатыса алады. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесіне кемінде 30 пайыздық талап қойылған. Бұл талап қоғамдық өкілдіктің құрамын әртараптандыруға бағытталған.
Сайлауға жеті саяси партия жіберіліп, 11 мыңға жуық кандидат тіркелгені көрсетілген. Кандидаттардың көп болуы өздігінен сапалы бәсекенің кепілі бола алмайды. Сондықтан олардың бағдарламаларының нақтылығы, ұсыныстарының қаржылық және құқықтық тұрғыдан орындалу мүмкіндігі, сондай-ақ сайлаушылармен байланыс орнату тәсілдері маңызды өлшемдер саналады.
Сайлауды ұйымдастыру және қоғамдық сенім
Сайлау рәсімдерінің заңнамаға сәйкес жүргізілуі өкілді органдардың легитимдігі үшін маңызды. Осы тұрғыдан алғанда сайлау комиссиялары мүшелерінің даярлығы, дауыс беру тәртібінің сақталуы, байқаушылардың құқықтарының қамтамасыз етілуі және қорытындылардың ашық жариялануы айрықша назар аударуды қажет етеді.
Дайындық барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің 20 өңірін қамтып, жүзден астам сайлау учаскесінің жұмысымен танысқан. Өткізілген 21 оқыту семинарына комиссиялардың 3 382 мүшесі қатысқан. Жалпы сайлау комиссиялары жүйесінде 86 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оларды даярлау кезінде дауыс беруді ұйымдастырумен қатар кандидаттармен, байқаушылармен, сенім білдірілген адамдармен және журналистермен жұмыс істеу тәртібі де қарастырылған.
Ақпараттың қолжетімділігі де сайлау сапасына ықпал ететін факторлардың бірі. Азаматтар GOV.KZ порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы өз учаскесін анықтай алады. Өңірлерде байланыс орталықтары жұмыс істейді, ал Орталық сайлау комиссиясының сайтында Sailau AI көмекшісі қарастырылған. Телевизиялық ақпараттың ымдау тілімен сүйемелденуі әртүрлі қажеттілігі бар азаматтардың сайлау туралы мәлімет алуына жағдай жасайды.
Сайлау күнтізбесіне сәйкес 28 қараша тыныштық күні болып белгіленген. 29 қарашада дауыс беру негізінен сағат 07:00 мен 20:00 аралығында жүргізіледі. Заңда қарастырылған жағдайларда бұл уақыт өзгертілуі мүмкін. Сайлау қорытындыларын шығару үшін бес күндік мерзім көзделген.
Депутаттық мандат және қоғамдық жауапкершілік
Мәслихаттың жаңаруы оның құрамының ауысуымен ғана шектелмейді. Бес жылға сайланатын депутаттардың алдында жергілікті қоғамның әртүрлі мүдделерін ескеру, бюджеттік қаражаттың жұмсалуына қатысты мәселелерді зерделеу және атқарушы органдардың жұмысын өз құзыреті шегінде бақылау міндеттері тұрады.
Өкілді демократияның сапасы сайлау аяқталғаннан кейінгі кезеңде де байқалады. Депутаттардың тұрғындармен кездесуі, өтініштерге жауап беруі, қабылданған шешімдерді түсіндіруі және атқарылған жұмыс туралы есеп беруі қоғамдық сенімнің қалыптасуына әсер етеді. Өз кезегінде тұрғындардың жергілікті бюджет пен даму бағдарламаларына қатысты ақпаратқа қол жеткізуі билік пен қоғам арасындағы байланысты мазмұнды ете түседі.
Конституциялық жаңғырудың жергілікті деңгейдегі нәтижесін бағалауда мәслихаттардың дербес пікір білдіру қабілеті, шешімдердің негізділігі және депутаттық бақылаудың тиімділігі маңызды болмақ. Алдағы сайлау осы институттардың жаңа құрамын қалыптастырады. Одан кейінгі кезеңде реформалардың практикалық мәні қабылданатын шешімдердің сапасы мен олардың өңір тұрғындарының өміріне тигізетін ықпалы арқылы айқындалатын болады.
Асыл ӘБІШЕВ
