Баянауыл топырағынан түлеген дарынды перзенттердің қатарында саналы ғұмырын ұстаздыққа, әдебиетке, туған өлкенің тарихын түгендеуге арнаған Зекебай Солтанбайұлының орны ерек. Ол – ұрпақ тәрбиесін өмірлік мұратына айналдырған ұстаз, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, әуезді әндер шығарған сазгер, ел тарихы мен руханиятын зерттеуге айрықша үлес қосқан қаламгер.
Биыл осындай сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаның туғанына 95 жыл толып отыр. Мерейтой аясында Қ.Исабаев атындағы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында аудандық шығармашылық байқау өтті. Байқауға Зекебай Солтанбайұлының ұрпақтары қаржылай демеушілік көрсетіп, игілікті бастамаға қолдау білдірді.
Зекебай Солтанбайұлы бар ғұмырын халық ағарту саласына арнады. Егіндібұлақ орта мектебінде ұстаз, директор болып жарты ғасырға жуық еңбек етті. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытумен қатар, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие, адамгершілік, елжандылық қасиеттерін сіңіруге күш салды.
Осы орайда Зекебай Солтанбайұлының шығармашылық жолы ерте басталғанын атап өткен жөн. Оның тұңғыш өлеңі 1948 жылы аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде жарияланған. Содан бастап ақынның өлеңдері мен танымдық мақалалары аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда жарық көріп отырды.
Ақынның 2001 жылы Павлодар қаласында жарық көрген «Жыр жиһазы» атты өлеңдер жинағы – тырнақалды туындысы. Алғашқы жинаққа ақынның әр жылдары жазылған лирикалық, азаматтық тақырыптағы жырлары, қоғам қайраткерлеріне, ақын-жазушылар мен ғұламаларға арналған арнаулары, балаларға арналған өлеңдері, бірқақпайлары мен жаңылтпаштары енген.
«Ауылдың иісі бұрқырап» тұрған өлеңдер енген кітаптың алғыс сөзін жазған өңірімізге белгілі қаламгер Мұхаметжан Дәуренбеков: «…Зекеңнің …ақындық жыр күмбезіне ойша еніп, бүкіл айтқандарына зейін қоя қарасақ, оның сыршыл лирик ақын екеніне шүбә келтірмейміз. Бұл әсіресе туған жері – жер жаннаты Баян таулары, Баян көлдеріне, әсем табиғатына сай талантты, еңбекшіл халқына арнаған жырларынан айқын сезіледі», – деп баға берген екен.
Бұдан кейін «Жыр жақұт» кітабы оқырманға жол тартты. Ондағы өлеңдерде туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, елдік сана, тарих пен тағылым, ұрпақ тәрбиесі секілді тақырыптар кеңінен көрініс тапқан. Ақын өлеңдерінен Баянауылдың табиғатына деген перзенттік махаббатты, ел мен жер тағдырына деген алаңдаушылықты, өмірлік тәжірибеден туған философиялық пайымдарды аңғаруға болады.
Зекебай Солтанбайұлының сазгерлігі – әуезді де кең тынысты әндер жазуымен ерекшеленеді. Ол отызға жуық ән шығарып, оларды нотаға түсірген. Абай Құнанбайұлының «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», Сәбит Дөнентаевтың «Балалық» өлеңдеріне жазған әндері оның музыкалық шығармашылығының ерекше үлгілері саналады. Бұл туындылар ақынның сөз өнерімен бірге әуен әлемін де терең сезінгенін көрсетеді. Бұдан бөлек «Баян гүлдері», «Егіндібұлақ вальсі», «Бауырым», «Әке» әндері орындаушысын да, тыңдарманын да тапқан туындылар.
Ақынның қаламынан туған шығармалар оның ішкі жан дүниесінің байлығын, ұлттық өнерге деген құрметін, туған халқының рухани мұрасына деген жанашырлығын танытады.
Зекебай Солтанбайұлы шығармашылығының айрықша бір арнасы – тұлғатану. Ол Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен мұрасын зерттеді. Ол ұлы ойшылдың шығармашылық әлемін, тарихи тұлғасын, философиялық көзқарасын, елдік және адамгершілік ұстанымдарын терең зерделеп, осы бағытта бірқатар көлемді еңбектер жазды. Мәшһүр Жүсіпке арналған «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам» атты кітаптары мен дастандық туындылары – автордың көп жылғы ізденісінің нәтижесі. Бұл еңбектерінде ол Мәшһүр Жүсіптің қазақ әдебиеті мен тарихындағы орнын, рухани мұрасын, ойшылдық және танымдық ерекшеліктерін оқырманға танытуға ұмтылды.
Сонымен қатар «Жалынды демократ» атты зерттеу еңбегінде Абай, Мәшһүр Жүсіп және Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларындағы үндестік пен ерекшеліктерді салыстыра қарастырады. Әсіресе Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын, азаматтық ұстанымын, демократиялық көзқарасын талдап, жас ұрпақты ақын шығармашылығынан үлгі алуға үндейді.
Қаламгердің көптеген арихи-танымдық мақалалары туған өлкенің шежіресін түгендеуге қосылған үлес болып саналады. Сондай-ақ, ол Баянауыл ауданының тарихын баяндайтын «Баянаула» кітабының жарық көруіне (2001 жыл) де атсалысты.
Зекебай Солтанбайұлының әдеби мұрасы мен зерттеушілік еңбектерінің басты ерекшелігі – тарихты тұлғалар арқылы танытуы, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуі. Сондықтан оның шығармалары тек әдеби туынды ғана емес, өлкетану, тарих, әдебиеттану және ұлттық тәрбие тұрғысынан да құнды дүниелер.
Осындай бай шығармашылық мұраны кейінгі буынға таныту, оның өмірлік ұстанымынан, азаматтық болмысынан және ұстаздық өнегесінен тәлім алуға жол ашу мақсатында ұйымдастырылған аудандық байқауға Баянауыл ауданы мектептерінің 7–10-сынып оқушылары қатысты. Олар үш бағыт бойынша өзара бақ сынады.
Байқауға публицист, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбішев, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан, ақын, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Таңат Ахатов, ақын, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеш Сембеков қазылық етіп, қатысушылардың жұмыстарына баға берді. Оқушылардың ізденісі, тақырыпты ашу деңгейі, шығармашылық қабілеті мен өзіндік тұжырымдары ескерілді.
Бірінші бағыт – «Зекебай Солтанбайұлы өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері» деп аталды. Бұл бағытта оқушылар ақын жырларының мазмұндық, тақырыптық және көркемдік сипатын саралап, өлеңдеріндегі туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық ұстанымдарды зерделеді. Бұл бағытта Егіндібұлақ ЖОББМ-нің оқушысы Елдана Қуан жеңімпаз атанды. Ол «Зекебай Солтанбайұлы жырларындағы адам және қоғам үндестігі» тақырыбында мақала ұсынған. ІІ орынды М.Әуезов атындағы ЖОББМ-нің оқушысы Эльмира Мейірбекқызы иеленді. ІІІ орынды Лекер ЖНББМ-нің оқушысы Айғаным Саябек алды.
Екінші бағыт – «Зекебай Солтанбайұлының тұлғатану саласындағы еңбегі». Жас зерттеушілер ақынның тарихи тұлғалар туралы жазған еңбектеріне тоқталып, оның Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқа да тарихи тұлғалардың мұрасын танытудағы ізденістерін қарастырды. Бұл бағытта «Тұлғаны тану – Ұлтты тану» тақырыбында жұмыс жазған Ш.Шөкин атындағы ЖОББМ-нің оқушысы Арайлым Сейсенбек жеңімпаз атанды. ІІ орынды Шұғыла Сәулет (Егіндібұлақ ЖОББМ), ІІІ орынды Наржана Бекетова (З.Ақышев атындағы ЖОББМ) еншіледі.
«Зекебай Солтанбайұлы және халықтық педагогика» атты үшінші бағытта ақын шығармаларындағы ұлттық тәрбие, адамгершілік, ізгілік, үлкенді құрметтеу, елін сүю секілді құндылықтардың көрінісі талданды. Бұл бағытта Ақтоты Қуан (Егіндібұлақ ЖОББМ) І орынды жеңіп алды. Аружан Мұхтарова (Ш.Айманов атындағы ЖОББМИ) ІІ орын, Аяулым Төлеутай (З.Ақышев атындағы ЖББОМ) ІІІ орын алды.
Бұдан бөлек арнайы жүлделер иесінің тапты. Бұл марапаттарға Өмірбек Рамазан, Ботажан Мұрат (Ш.Айманов атындағы ЖОББМИ), Еркежан Тілеубек (Шөптікөл мектебі), Санира Сейілханова (Лекер мектебі), Жанерке Жантелиева (Ш.Шөкин атындағы мектеп) ие болды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер, Зекебай ата ұрпақтары тағайындаған қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал жас таланттарға бағыт-бағдар беріп, жұмыстарын дайындауға жетекшілік еткен ұстаздарға Алғыс хаттар табысталды.
Сонымен бірге Қ.Исабаев атындағы аудандық орталық кітапхананың арнайы жүлдесі де табысталды. Оны Майқайың кентіндегі М.Әуезов атындағы ЖОББМ-нің оқушысы Мұрат Марғұлан иеленді.
Байқаудың қорытынды жиынына Баянауыл ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов, мерейтой иесінің ұрпақтары – Әсемғали Зекебайұлы мен Ақертіс Зекебайұлы қатысты.
Асқар Мұратұлы демеушілерге Алғыс хат табыстап, шынайы ризашылығын жеткізді. «Өскелең ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, туған жерден түлеп ұшқан қаламгердің рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған ізгі бастаманы қолдауыңыз – ұлт руханиятына деген жанашырлығыңыздың жарқын көрінісі», – деп атап өтті ол.
Ұстаздың ұлылығы – шәкіртінің жетістігімен, ақынның қадірі – жырының ғұмырлығымен, азаматтың абыройы – ел жадында қалған өнегелі ісімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Зекебай Солтанбайұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы – кейінгі ұрпаққа қалдырған мол рухани қазына.
Іс-шара барысында Ақертіс Зекебайұлы, Асыл Әбішев, Таңат Ахатов Зекебай Солтанбайұлы туралы естелік айтты.
Аудандық шығармашылық байқау қаламгер-ұстаз мұрасын жаңғыртып, тұлға есімін жас ұрпақ санасында жаңаша жаңғыртуға бағытталды. Ең бастысы, оқушылар дайын деректерді қайталаумен шектелмей, ақын шығармашылығына үңіліп, оның еңбектерін зерттеуге, өз пайымдарын қалыптастыруға мүмкіндік алды.
Жүсіпбек ӘБІЛЕШ,
Кітапхана қызметкері.
