Қазақстанның қоғамдық дамуының маңызды тіректерінің бірі бейбітшілік пен келісім болып саналады. Түрлі этнос пен конфессия өкілдері өмір сүретін елімізде өзара сыйластықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау айрықша мәнге ие. Осы құндылықтардың құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған.
Ата Заң ар-ождан бостандығын және азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Әр адам діни сенімін еркін таңдауға, өз көзқарасын ұстануға немесе ешбір дінді ұстанбауға құқылы. Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымы дінге қарсы бағытталған саясат емес. Ол мемлекеттік институттар мен діни бірлестіктердің қызметін заң аясында реттеп, әртүрлі дүниетаным өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасайды.
Қазақ халқының дүниетанымында төзімділік, кеңпейілділік, ынтымақ пен үлкенге құрмет ерекше орын алған. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамдық келісім мәдениетімен сабақтасады. Діни сенім адамдарды бір-бірінен алшақтатудың емес, ізгілікке, жауапкершілікке және өзара түсіністікке үндейтін рухани құндылықтардың қайнар көзі болуға тиіс.
Қазақстанның дінаралық үнқатысуды дамытудағы елеулі бастамасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі болды. Алғашқы съезд 2003 жылы Астанада өтті. Содан бері бұл алаң түрлі діни дәстүрлер өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің пікір алмасуына мүмкіндік беріп келеді. Оның негізгі мақсаты діни және мәдени айырмашылықтарға қарамастан, адамзатқа ортақ мәселелерді талқылап, бейбітшілік пен қауіпсіздікке үлес қосу.
Съездің құндылығы тек жоғары деңгейдегі кездесулермен шектелмейді. Ол әртүрлі сенім өкілдерінің бірін-бірі тыңдауына, ортақ жауапкершілікті сезінуіне және төзімсіздікке қарсы бірлескен ұстаным қалыптастыруына жол ашады. Қарулы қақтығыстар, радикализм, өшпенділік тілі және қоғамдағы сенім дағдарысы күшейген кезеңде мұндай диалогтың қажеттілігі арта түседі.
Форум аясында бейбітшілік мәселелерімен қатар жастар тәрбиесі, адам құқықтары, әлеуметтік әділеттілік, экологиялық жауапкершілік және технологиялық өзгерістердің этикалық қырлары да талқыланады. Бұл діни көшбасшылардың қазіргі заман сын-қатерлеріне бейжай қарамай, қоғам игілігі үшін ортақ шешімдер іздеуге ұмтылатынын көрсетеді.
2025 жылы Астанада өткен VIII съезд халықаралық дінаралық ынтымақтастықты жалғастырудың маңызды кезеңі болды. Оның қорытындысында көтерілген бейбітшілік, өзара сенім және жауапкершілік идеялары форумнан кейінгі нақты жұмыстармен жалғасуы қажет. Себебі кез келген халықаралық бастаманың нәтижелілігі қабылданған құжаттардың іс жүзінде орындалуымен өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда, жуырда Вице-Президент Ерлан Қариннің алдағы мерейтойлық Хатшылық отырысы мен кезекті съезге дайындық жөніндегі кеңесте көтерген мәселелері ерекше назар аудартады. Дайындық жұмыстарының мәні халықаралық форумның ұйымдастырушылық деңгейін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, съезд шеңберіндегі келісімдер мен бастамалардың сабақтастығын сақтап, халықаралық серіктестермен тұрақты байланыс орнату және қабылданған шешімдерді мазмұнды жобаларға айналдыру.
Дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен съезд Хатшылығының жүйелі қызметі осы міндеттерді орындауға ықпал етеді. Форумдар арасындағы кезеңде де сарапшылық кездесулер, мәдени-ағартушылық бастамалар және қоғамдық түсіндіру жұмыстары жалғасуы маңызды. Сонда ғана халықаралық деңгейде айтылған ізгі идеялар азаматтардың күнделікті өміріне жақындай түседі.
Қазіргі кезеңде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық мәселелері, климаттың өзгеруі, балалардың құқықтарын қорғау сияқты тақырыптардың дінаралық күн тәртібіне енуі заңды құбылыс. Технология дамыған сайын адамның қадір-қасиетін сақтау, табиғат алдындағы жауапкершілік және әлсіз топтарға қамқорлық көрсету мәселелері де өткірлене түседі. Мұндай түйткілдерге жауап іздеуде мемлекеттердің, ғылым өкілдерінің және діни қауымдастықтардың ынтымақтастығы пайдалы.
Қазақстанның халықаралық рухани және мәдени байланыстарды дамытуы тарихи мұраны құрметтеу ұстанымымен де үйлеседі. Түркістанның мәдени-рухани әлеуетін таныту, ұлы ойшылдар мен тарихи тұлғалардың мұрасын зерттеу, ортақ өркениеттік құндылықтарды дәріптеу халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетеді.
Алдағы съездің табысы оның қатысушыларының санына ғана емес, көтерілген мәселелердің өзектілігі мен нақты нәтижесіне байланысты. Сондықтан дайындық барысында мазмұндық сабақтастықты, халықаралық әріптестікті және қабылданған ұсыныстардың орындалуын назарда ұстау қажет. Бұл Қазақстанның бейбітшілікке бағытталған бастамаларының беделін нығайтады.
Діни келісім тек мемлекеттік органдардың немесе дін өкілдерінің міндеті емес. Ол әрбір азаматтың мәдениетінен, өзгенің сеніміне құрметпен қарауынан және заң талаптарын сақтауынан басталады. Әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлауын дамыту және оларды радикалды идеялардың ықпалынан қорғау маңызды.
Зайырлы Қазақстанның Ата Заңындағы ар-ождан бостандығы, зайырлылық және теңдік қағидаттары Қазақстандағы қоғамдық татулықтың берік негізін құрайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі осы құндылықтарды халықаралық деңгейде насихаттайтын маңызды алаңға айналды. Бейбітшілік пен келісім өздігінен орнықпайды. Ол әділ заңға, ашық диалогқа, өзара сенімге және ортақ жауапкершілікке сүйенеді.
Асыл ӘБІШЕВ
