Павлодар облысы негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап отыр. Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,3%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен 4,5%-ға жоғары болды (104,8%). Жыл басынан бері инфляция деңгейі 5,4%-ға жетті. Бұл ретте республика бойынша орташа көрсеткіш 7,5%-ды құрады.

Өнеркәсіп өндірісі 8,2%-ға өсті. Өсімнің негізгі үлесін 11,4%-ға артқан өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз етті. Электрмен жабдықтау саласындағы көрсеткіш 105,3%-ды құрады. Ал тау-кен өндіру секторында оң динамика тіркеліп, көрсеткіш 100,4%-ға жетті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі 8,5%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 12,7%, мал шаруашылығында 1,3% өсім тіркелді.

Өңір экономикасына 1,26 трлн теңге инвестиция тартылды. Нақты көлем индексі 113,4%-ды құрады. Құрылыс саласындағы өсім 23,8%-ға жетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 492,5 млрд теңгені құрады.

Он айда 311 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға артық. Ішкі сауда айналымы 15,6%-ға өсті. Көлік қызметтерінің көлемі 3,5%-ға артып, 340,8 млрд теңгеге жетті.

– Басқарма басшылары мен аудан әкімдері өсімнің қандай жобалар, кәсіпорындар мен іс-шаралар есебінен қамтамасыз етіліп жатқанын, сондай-ақ жоспарлардың орындалмау қаупі қай бағыттарда қалыптасып отырғанын нақты білуі тиіс. Көрсеткіштердің ауытқу себептерімен күнделікті жұмыс жүргізіп, уақтылы түзету шараларын қабылдау қажет, – деп атап өтті Асайын Байханов.

1 қарашадағы жағдай бойынша бюджет кірістерінің жоспары 528 млрд теңгені құраса, нақты түсім 413,2 млрд теңгеге жетті. Жоспардың орындалуы 78,3%-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кірістер 61,6 млрд теңгеге немесе 17,5%-ға артты.

Облыстық бюджеттің 514,6 млрд теңге көлеміндегі шығыстар жоспары бойынша 502,5 млрд теңге игерілді. Орындалу деңгейі 97,6%-ды құрады.

Қаржы жылының аяқталуына байланысты Асайын Байханов бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржыландырудың басым бағыттарын айқындап, басымдыққа ие емес жобаларды іске асыруды 2027 жылға ауыстыруды тапсырды. Атқарылған жұмыс туралы ақпаратты 21 қарашаға дейін экономика және қаржы басқармасына ұсыну қажет.

– Ең алдымен жалақыны, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қамтамасыз етілуі тиіс. Адамдар алдындағы міндеттемелердің кешіктірілуіне жол беруге болмайды, – деді облыс әкімі.

Жиналыстың жеке бөлімі жолаушылар тасымалын дамыту мәселесіне арналды. Бүгінде облыстың маршруттық желісіне 142 тұрақты бағыт кіреді. 345 елді мекеннің 299-ы немесе 87%-ы көлік қатынасымен қамтылған.

Бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Осы мақсатта 7 жаңа автобус бағытын ашу жоспарланған. Оның біреуі – облысаралық, үшеуі – облысішілік және үшеуі – ауданішілік бағыттар. Олардың қатарында: Павлодар – Курчатов, Галицкое – Павлодар, Галкино – Павлодар, Константиновка – Павлодар, сондай-ақ Ж. Шанин – Баянауыл, Лесное – Железинка және Қараағаш – Ертіс бағыттары бар.

Сонымен қатар жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы үш жылда оның тозу деңгейі 50%-дан 22%-ға дейін төмендеді. 2022 жылдан бастап өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингтік несиелендіру бағдарламасы аясында қалалық автобус паркі толық жаңартылды. Нәтижесінде 319 жаңа автобус сатып алынды.

2026 жылы Павлодар қаласы тағы 47 автобуспен толықты. Келесі кезеңде экологиялық таза көлік түрлерін дамытуға басымдық беріледі. Биыл 20 электробус сатып алынды. Ал 2027 жылы қосымша 30 электробус сатып алу жоспарланып отыр.

Биыл әлеуметтік маңызы бар 117 бағытты субсидиялауға 16,1 млрд теңге қарастырылған.

Павлодар және Ақсу қалаларында субсидиялаудың ашық тетігін қамтамасыз ететін әрі қозғалыс кестесінің сақталуын бақылауға мүмкіндік беретін «Бас-километр» жүйесі енгізілді.

Қоғамдық көліктің қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Оқушылар күнтізбелік жыл бойы қалалық қоғамдық көлікте тегін жүреді. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында азаматтардың жекелеген санаттары үшін де жол жүру жеңілдіктері қарастырылған. Осы мақсаттарға 2026 жылы 1 млрд теңге бөлінді.

Көлік саласындағы ірі жобалардың бірі – трамвай жүйесін жаңғырту. Қазіргі уақытта желіде 112 трамвай қатынайды, оның ішінде 40 жаңа вагон.

Биыл бірінші жартыжылдықта жергілікті бюджет есебінен энергия үнемдейтін 10 трамвай сатып алынды. Жыл қорытындысы бойынша трамвай паркінің тозу деңгейін 72%-дан 55%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. 2027 жылы қалған 55 трамвай вагонын қаржылық лизинг арқылы сатып алу көзделген. Жеткізілім толық аяқталғаннан кейін жылжымалы құрамды толығымен жаңартып, оның тозу деңгейін нөлге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Достық» шағын ауданына дейін ұзындығы 4,8 км болатын трамвай желісін салу. Жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жолаушылар көлігі басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, тұрақты бағыттарды ашу жұмыстарын жандандыруды және көлік қатынасымен қамту деңгейін 90%-ға жеткізуді тапсырды.

– Ауылдық бағыттар бойынша тасымалдауды нақты ұйымдастыруға көшу қажет. Тасымалдаушыларды анықтап, субсидиялау мәселелерін шешіп, көліктің тұрақты қатынауын қамтамасыз ету керек. Қабылданған шешімдердің нәтижесін тұрғындар көлік қызметтерінің қолжетімділігінен сезінуі тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі 

Добавить комментарий