Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» хикаятын оқыған күннің ертеңінде белгісіз біреу менің жұмыс үстеліме хат қалдырып кетіпті.

Бұл не хат? Кім жазды? Үстелімнің үстіне қайданк елді? Осындай сұрақтарс анамда сайран сала бастады. Қызығушылығым да бас көтерді. Күмәндене, күдіктене барып, оқыдым…

«Бейтаныс құрбым!, – деп бастапты. – Төлен ақсақалдың хикаятын оқып, өз ішіңе үңіліп, өзіңе сырттан – сын көзбен қарай бастағаныңды аңғардым.

Бұл шығармадан санаңды селт еткізген көп ойды дәптеріңе түртіп алыпсың. Ол ойлар арқылы «Мен қандаймын?» деген сауалға жауап іздедің…

          «…Қиындыққа, тауқыметке төзу, қалыптасу, бәлкiм, тiршiлiк үшiн қажет те шығар, бiрақ адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әдiлетсiздiкке етi үйренуi – ең зиянды, ең қатерлi дағды…», – деген  «күнделік иесінің» сөзін ерекшеледің.

Білесің бе: қандай адам қиындыққа тап болса да, өзінің адамгершілік қасиеттерін жоғалтпайды. Ол – «Жігер, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам». Иә, Абай атаң айтқан.

Ізгілік, мейірімділік, адалдық пен әділеттілік –  адамды биік дәрежеге көтереді.

Ал, ашкөздік, өзімшілдік пен өлермендік адамның бойындағы парасатты тұмшалайды. Санасы тұманданған адам теріс жолға түседі. Біреудің қайғысына немқұрайлы қарайды, өз пайдасы үшін әділетсіздікке барады. Бұл – азғындық. Жамандыққа көз жұма қараған сайын, қоғамда арсыздық пен әділетсіздік белең алады.

Сондықтан әр адам өз ар-ұятының алдында жауап беріп, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата білуі қажет. Нағыз адамдықтың өлшемі – байлықта немесе билікте емес, мейірімді жүрек пен парасатты санада.

          «…бiздiң санамызға бостандық керек. Ақыл-ойдың азаттығы керек. Оны тоқтатар ешқандай кедергi болуға тиiстi емес. Тек рухани шексiз бостандық қана адамзатты бақытты ете алады…».  Бұл үзінді де саған ерекше әсер етті.

Алдымен, «Рухани шексіз бостандық деген не?». Осыған жауап іздеп көр. Сенің ұғымыңда, бұл – адамның өз ойын еркін жеткізіп, дүниені өзіндік көзқарасымен тануы, ақиқатқа еш кедергісіз ұмтылуы.

          Адамның санасы қорқыныштан, жалған сенімдерден және біреудің ықпалынан азат болуы керек. Осыны айтқанда: «Әйтпесе бізде «менің ғана айтқаныммен жүр» деген позициядағы «көшбасшылар» жетіп артылады» дегенді қоса ойға аласың.

Еркін ойлайтын адам әр нәрсеге сын көзбен, шын көзбен  қарай алады. Сұм көзбен емес.

Алайда рухани бостандықты ойына келгеннің бәрін жасау деп түсінуге, тағы, болмайды. Нағыз еркіндік адамгершілікпен, ар-ұятпен және өзгенің құқығын құрметтеумен ұштасуы керек. Қоғамда әр адамның ойы мен көзқарасына құрмет көрсетілсе, адамдар арасында түсіністік пен сыйластық берік орнайды.

Сен Рухани шексіз бостандықты адамның ақыл-ойы мен ар-ожданының тәуелсіздігі деп түсінесің. Өйткені шынайы бақыт – өзіңді еркін сезініп, өз болмысыңды жоғалтпай өмір сүру екенін мойындайсың.

          «…Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секiлдi. Төзуге қиын жалғыз нәрсе – жалғыздық…». Осы үзіндіні оқығанда бір кезде жазған мына бір өлеңің санаңда сайрады:

«Жігер керек, көп керек,

Жүрегіме от керек,

Қалған кезде оңаша,

Жалғыздығыммен бетпе-бет.

 

Шешен болам Сол кезде,

Көсем болам Сол кезде,

Кеткен даңғазаға көп,

Есемді алам Сол кезде.

 

Несіне сыр бүгемін,

Мен шынында, Кім едім?

Тергегенде Жалғыздық,

Жетсе болды жігерім».

Жігерің жете ме, жетпей ме мен айта алмаймын.

Жақында бір ақын бауырың екінші бір ақын бауырың туралы өлең жазып, жариялады. Сол өлеңде: «…Үйіңе барғанымда, мені көріп,
Жалғыздығың жылады өксіп-өксіп…» деген жолдар бар. Бұны оқып, сен өзімді кінәлі санадың. «Адам жалғызсыраса, айыпты мен секілдімін!» дейсің. Осының жөн бе?

Адамға көп нәрсенің қажеті жоқ, тек бір жанның шынайы түсіністігі мен жылы сөзі жеткілікті. Жалғыздықты жеңетін күш – адамдар арасындағы мейірім, сүйіспеншілік және рухани жақындық…

Осыны біл!

«Парасат майданы» өзіңнің күмәнді, дүдәмал ойларыңа «жан бітірді». Бұл шығарма «Қандай адам екеніңді» ұмыта бастағаныңда сілкіп-сілкіп ес жиғызады.

          «Бейтаныс құрбым, байқаймын, бұл әлі әңгіменің басы ғана. Екеуіміздің ортаға салар ойларымыз аз болмайды»!

Хат осылай аяқталады.

Бейтанысатың бұл хатына жауап жазйын ба? Жазбайын ба?!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Добавить комментарий