Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ел өңірлерінде көлік, инженерлік, өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Өткен аптада елімізде жаңа өндірістік кәсіпорындар пайдалануға беріліп, республикалық маңызы бар автожолдардың учаскелерінде жөндеу жұмыстары аяқталды, ауылдық елді мекендерді газбен қамту жалғасты, сондай-ақ жаңа әлеуметтік, цифрлық және өрт қауіпсіздігі нысандары ашылды.

Құрылыс жұмыстары басталды

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бір ауысымда 300 науқасты қабылдауға арналған емхана құрылысы басталды. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге. Құрылысқа қажетті қаражат Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінді. Нысанды пайдалануға беру аудан тұрғындарын медициналық көмектің барлық түрімен толық қамтуға мүмкіндік береді.

Пайдалануға берілген нысандар

Ақтөбе қаласында алюминий конструкцияларын шығаратын өндірістік кешен іске қосылды. Кәсіпорын терезелер, есіктер мен витраж жүйелерін есептеу мен жобалаудан бастап, бояу, станоктарда өңдеу, құрастыру және дайын өнімді қаптауға дейінгі толық технологиялық циклді қамтиды. Жаңа өндіріс орынының іске қосылуы өңдеу өнеркәсібін дамытуға және өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған.

Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдары табиғи газбен қамтылды. Жыл соңына дейін өңірде тағы 10 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Нәтижесінде облысты газбен қамту деңгейі 85%-ға жетеді.

Ұлытау облысында республикалық маңызы бар «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 109 шақырымдық бөлігінде  орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жүргізілген жұмыстар аясында 17 су өткізу құбыры орнатылып, жаңартылды. Сондай-ақ Балға көпірінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Абай облысында маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолының 66 шақырымдық «Аягөз – Тарбағатай» учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты 2 сағаттан 40 минутқа дейін қысқарды. Жұмыс барысында жол негізі нығайтылып, жаңа асфальтбетон жабыны төселді, су өткізу құрылыстары жаңартылып, аялдама павильондары, жарықтандыру жүйесі және санитариялық нысан орнатылды.

Абай облысында республикалық маңызы бар «Семей – РФ шекарасы» автомобиль жолының 111 шақырымында жөндеу жұмысы толық аяқталды. Үш учаскеде жол жабыны жаңартылып, су өткізу құбырлары жөнделді, демалыс алаңы абаттандырылып, екі автопавильон және жол бойына малдың шығуына тосқауыл болатын 10 шақырым қоршау орнатылды. Тәулігіне 1,6 мыңнан астам көлік өткізетін тас жол өңірдегі ең ірі «Ауыл» шекаралық өткізу пунктіне апарады. Пунктті реконструкциялау аясында жүк көліктеріне арналған ауданы 2,8 мың шаршы метр күту алаңы да салынды.

Солтүстік Қазақстан облысының Ақжан ауылында 400 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы салынды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде кәсіпорын жеңілдетілген бағдарламалар аясында голштин тұқымды 400 бас ірі қара сатып алды. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа форматтағы цифрлық кеңсе (AI-кеңсе) ашылды. Ол төлқұжаттар мен жеке куәліктерді рәсімдеуге арналған жедел қызмет көрсету аймағына, өз бетінше онлайн қызмет алу аймағына және сарапшылық кеңес беру секторына бөлінген. Сондай-ақ орталықта электрондық қызметтерді пайдалану бойынша халықты ақысыз оқыту ұйымдастырылған.

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Көбек және Ақбұлақ елді мекендері табиғи газға қосылды. Жаңа желілердің іске қосылуы нәтижесінде аудандағы 105 ауылдың 95-і газбен қамтамасыз етілді. Газбен қамту деңгейі 90,4%-ға жетті.

Ақтөбе облысы Қаратоғай ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Ол 460 тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тоғыз адамнан тұратын бөлімшеге өрт сөндіру көлігі, жауынгерлік киім-кешек және байланыс құралдары берілді. Бір қабатты ғимаратта диспетчерлік бөлме, демалыс және тамақтану бөлмелері, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған.

https://primeminister.kz/

Добавить комментарий