
Баянауыл ауданында қазақтың ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мемориалдық кешенінің ашылғанына 20 жыл толуына орай «Мәшһүр Жүсіп кесенесі – рухани мұра» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері және Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтары қатысты.
Кездесу басында қатысушылар кесенеге барып, ұлы бабамыздың рухына тағзым етті. Одан кейін мемориалдық музейде дөңгелек үстел өтіп, кесене кешенінің салыну тарихы, оның тарихи-мәдени және рухани маңызы талқыланды. Кешеннің бой көтеруіне атсалысқан азаматтар мен ұлы жерлесіміздің ұрпақтары естеліктерімен бөлісті.
Мемориалдық кешен 2006 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мамандарының қатысуымен ашылды. Бүгінде ол өңірдегі маңызды рухани орталықтардың біріне айналып, зиярат етушілер мен туристер жиі келетін орынға айналды.


Мәшһүр Жүсіптің бай мұрасын сақтау мен кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2023 жылы оның шығармаларының 10 томдық жинағы жарық көрсе, былтыр музей жанынан конференц-зал салынды.
– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – халқымыздың рухани болмысын айшықтайтын ұлы тұлға. Оның бай әдеби және ғылыми мұрасы, терең философиялық еңбектері, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты танымдық дүниелері – баға жетпес қазына. Шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, өскелең ұрпаққа даналықтың қайнар көзі, адамгершілік бағдар және рухани тәрбие құралы болып отыр. Осындай қасиетті орындарды сақтау, туған өлкенің тарихын зерделеу және рухани құндылықтарды жас ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ жауапкершілік. Біз келер ұрпаққа тек сәулетті ескерткіштерді ғана емес, ұлттық сананы, рухани байлықты және мазмұнды тарихты да мұра етіп қалдыруымыз керек.
Алдағы уақытта мемориалдық кешеннің тарихи-мәдени маңызын арттыруға, туристік әлеуетін дамытуға және ұлы бабамыздың мұрасын кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлетін боламыз, – деді Асайын Байханов.
Іс-шара соңында қатысушылар мемориалдық музейдің экспозициясымен танысты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
