
Өңір басшысы Асайын Байханов Solidcore Resources plc компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесті. Кездесу барысында Ертіс гидрометаллургиялық комбинатымен (ЕГМК) алдағы ынтымақтастық перспективалары және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша ЕГМК мен Павлодар облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат аясында 2027 жылы Павлодар қаласы мен Мойылды кентінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр. Тиісті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға облыс әкімі Асайын Байханов пен «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС (ЕГМК) бас директоры Владимир Дудин қол қойды.
Өңір басшысы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға ірі бизнестің қатысуы маңызды екенін атап өтіп, мұндай жобаларды қолдау кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі болып табылатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кәсіпорындардың қолдауымен жүзеге асырылатын әлеуметтік инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөледі. Біз көптеген жылдар бойы бизнес өкілдерімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу арқылы осы бағытты жүйелі түрде дамытып келеміз, – деді өңір басшысы.
Solidcore Resources plc компаниясы үшін өзі жұмыс істейтін өңірмен әлеуметтік әріптестік орнату – корпоративтік жауапкершіліктің маңызды бағыттарының бірі.
«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС (ЕГМК) – компанияның флагмандық жобасы. Павлодар облысының әкімдігі мен кәсіпорын арасындағы алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумға биылғы жылдың наурыз айында қол қойылған болатын. Осы уақыт аралығында компанияның қолдауымен әлеуметтік салада бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы №39, №8 және №38 мектептерде, сондай-ақ №47 және №102 балабақшаларда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар компания өңірдің мәдени өмірін дамытуға және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға да елеулі үлес қосты.
– Біз үшін өнеркәсіптің дамуы өңір тұрғындарының өмірінде нақты оң өзгерістермен қатар жүруі маңызды. Әлеуметтік инвестицияларды кәсіпорындарымыз жұмыс істейтін аумақтардың тұрақты дамуына қосылған ұзақ мерзімді үлес ретінде қарастырамыз, – деп атап өтті Виталий Несис.
Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты – құрамында алтыны бар кендерді өңдеуде автоклавтық тотықтыру технологиясын қолданатын, Қазақстандағы алғашқы толық циклді ірі ауқымды жоғары технологиялық зауыт.
Жобаны іске асыруға жұмсалатын шығын көлемі 978 млн АҚШ долларына бағаланып отыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентрат өңдеуге мүмкіндік береді. Комбинат жыл сайын 500 мың унцияға дейін доре қорытпасы түрінде алтын өндіреді деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру өңірде 500-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының іске қосылуы Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, Павлодар облысының экономикасын нығайтуға және өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға елеулі үлес қосады.
Павлодар облысында әлеуметтік бастамаларды қолдау ірі өнеркәсіптік және энергетикалық компаниялардың күш-жігерін біріктіру арқылы жүзеге асырылуда. ERG, KAZ Minerals, «Самұрық-Энерго» АҚ және «АК Алтыналмас» АҚ қатысуымен өңірде мектептер, балабақшалар, оңалту орталықтары мен спорт кешендерін салу, сондай-ақ аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жобалары іске асырылуда.
Мемлекет пен бизнестің мұндай өзара іс-қимылы әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
