
Әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірінен саналады. Әлбетте, осы бағытты нығайтуда Ата Заң – Конституциямыздың маңызы ерекше. Өйткені Конституция мемлекеттің құқықтық негізін айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік кепілі болып табылады. Ал «Заң мен Тәртіп» қағидаты – осы конституциялық құндылықтарды күнделікті өмірде жүзеге асыруға бағытталған маңызды ұстаным.
Басты құжат – Ата Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені атап көрсетілген. Осы норма мемлекеттің басты міндеті адам мүддесін қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау екенін білдіреді.
Әділетті қоғамның басты ерекшелігі неде? Біпіншіден, заң алдындағы теңдік және адам құқықтарының сақталуы. Екіншіден, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және әрбір азаматтың өз құқығын заңды жолмен қорғай алу мүмкіндігі.
Конституцияның 14-бабына сәйкес, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ешкімді әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына немесе өзге де мән-жайларға байланысты кемсітуге болмайды. Демек, әділетті қоғам құрудың негізгі шартының өзі заңның барлық азаматтарға бірдей қолданылуы және ешкімнің заңнан жоғары тұрмауы юолып табылады.
Қазіргі кезеңде елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруға ерекше назар аударылуда. Бұл ұстаным тек құқық бұзушылықтардың алдын алу немесе құқық қорғау органдарының қызметін жетілдірумен ғана шектелмейді. Мұндағы негізгі мақсат – қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және әділеттілік қағидаттарын нығайту. Заң үстемдігі орныққан мемлекетте әрбір азамат өзінің құқықтары қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Сонымен қатар қоғам мүшелері өз құқықтарын пайдаланумен қатар, заңда белгіленген міндеттерін де жауапкершілікпен орындауы қажет.
«Заң мен Тәртіп» қағидатының түпкі мәні құқық пен жауапкершіліктің өзара үйлесімінде болса керек. Заң талаптарын сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін әрбір азамат тереңнен білуге тиіс.
Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау – осы қағидаттың күнделікті өмірдегі нақты көріністері.
Заңға құрмет қалыптасқан жерде қоғамдық сенім артып, тұрақтылық нығаяды. Ал құқықтық тәртіп сақталған қоғамда азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне, еңбек етуіне, білім алуына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кеңінен кепілдік берілген. Атап айтқанда, әркімнің өмір сүруге, жеке басының бостандығына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің, прокуратураның және өзге де мемлекеттік институттардың қызметі маңызды рөл атқарады.
Алайда құқықтық қауіпсіздіктің нақты қамтамасыз етілуі тек заңдардың қабылдануына байланысты емес. Ең басты ұстаным олардың іс жүзінде тиімді әрі әділ қолданылуында жатыр. Әрбір азамат құқықтарының бұзылуына тап болған жағдайда құзыретті мемлекеттік органдарға жүгініп, заңда белгіленген тәртіппен өз мүддесін қорғай алуы тиіс. Бұл ретте азаматтардың өтініштерін уақтылы әрі объективті қарау, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту айрықша маңызға ие.
Сонымен қатар қазіргі цифрлық қоғам жағдайында азаматтардың жеке деректерін қорғау, интернет алаяқтықтың алдын алу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де құқықтық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру үшін заңнамалық тетіктерді жетілдірумен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Құқықтық мәдениеті жоғары азамат өз құқықтарын біледі, заң талаптарын құрметтейді, өз міндеттерін орындайды және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық тәрбие отбасынан басталып, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ортада жүйелі түрде жалғасуы тиіс.
Әсіресе жас ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік және заңға құрмет құндылықтарын қалыптастыру – болашақ құқықтық мемлекеттің берік негізі.
Жастар заңды тек тыйым салатын немесе жазалайтын құрал ретінде емес, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз ететін маңызды құндылық ретінде қабылдауы қажет. Құқықтық сауаттылықтың артуы азаматтардың заңсыз әрекеттерге қарсы тұруына, өз мүдделерін өркениетті жолмен қорғауына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Сондықтан халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтарға қолжетімді құқықтық ақпарат ұсыну, заң көмегінің сапасын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру маңызды.
Әділетті Қазақстан құру идеясының өзегінде адам құқықтарын қорғау, заң алдындағы теңдік, ашықтық, адалдық және мемлекеттік институттардың жауапкершілігі жатыр. Әділетті мемлекетте азаматтардың құқықтары тек заң жүзінде жарияланып қана қоймай, нақты өмірде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл үшін мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылық пен ашықтық қағидаттары басшылыққа алынып, қабылданатын шешімдер қоғам мүддесіне сай болуы қажет.
Сонымен бірге азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – әділетті қоғамға бастайтын маңызды қадамдар. «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда жазаның бұлтартпастығы ғана емес, құқық бұзушылықтардың себептерін жою, олардың алдын алу, азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру және заңға ерікті түрде бағыну мәдениетін дамыту да басты назарда болуы тиіс. Өйткені шынайы құқықтық тәртіп қорқынышқа емес, заңға деген сенім мен құрметке негізделеді. Заңның әділ қолданылуы азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Ал қоғамдағы өзара сенім, жауапкершілік және құқықтық тәртіп елдің тұрақты дамуына негіз болады.
Конституция – еліміздің құқықтық іргетасы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Ал «Заң мен Тәртіп» қағидаты – осы конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмірде орнықтырудың маңызды тетігі. Заң үстемдік құрған жерде, әрине, әділеттілік салтанат құрады. Ал темірдей тәртіп орныққан жерде тұрақтылықтың тұғыры нығаяды.
Асыл ӘБІШЕВ
