Кез келген қоғамның әл-ауқатын, жарқын болмысын айқын көрсететін маңызды өлшемнің бірі баланың күлкісі мен ананың алаңсыз өмірі екені сөзсіз. Тереңдей тарқатсақ, ел болашағы бүгінгі ұрпақтың қандай ортада өсіп, қандай мүмкіндікке ие болатынына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, негізгі құжат – Конституция – мемлекеттік құрылысты айқындаумен қатар әр отбасының тыныс-тіршілігіне, әр баланың тағдырына қатысы бар басты кепілдік.

Ата Заңның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде танылғаны мәлім. Бұл қағида балаларға да толық қатысты, яғни бала тек қамқорлықты қажет ететін тұлға емес, дербес құқық иесі.

Басты құжаттың 30-бабы ана мен бала мәселесінің конституциялық негізін нақтылайды. Онда «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деп бекітілген. Сондай-ақ неке ер мен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені көрсетілген. Демек, отбасының беріктігі тек жеке адамдардың шаруасы емес: оны қорғауға мемлекет те жауапты.

Конституциялық кепілдіктер күнделікті өмірде нақты заңдар мен мемлекеттік қызметтер арқылы жүзеге асатыны белгілі. Баланың өмір сүруге, отбасында тәрбиеленуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға және зорлық-зомбылықтан қорғалуға қатысты құқықтары салалық заңнамада нақтыланады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, құқық қорғау құрылымдары осы міндетті орындауға қатысады. Алайда құқықты қағаз жүзінде жариялау жеткіліксіз: әр өтініштің уақытылы қаралуы, қауіп төнген балаға жедел көмек көрсетілуі шешуші мәнге ие.

Ана құқығын қорғау да кең ауқымды ұғым. Ол жүктілік пен босану кезіндегі медициналық көмекті, еңбек қатынастарындағы кепілдіктерді, бала күтіміне байланысты демалыс пен заңда көзделген әлеуметтік төлемдерді қамтиды. Мемлекеттік қолдау тетіктері отбасылардың тұрмыс жағдайын жеңілдетуге бағытталғанымен, олардың қолжетімділігі мен сапасы өңірге, нақты отбасылық жағдайға қарай әркелкі болуы мүмкін. Сондықтан ана мен баланың мүддесін қорғауда қызметтің бар болуы ғана емес, оның шын мәнінде қолжетімді болуы маңызды.

Білім беру саласында да тең мүмкіндік қағидасы басты орында. Әр бала тұрғылықты жеріне, отбасының табысына немесе денсаулық ерекшелігіне қарамастан сапалы білім мен қолдауға ұмтылуға құқылы. Инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, мектептегі буллингтің алдын алу – осы құқықтың іс жүзіндегі көріністері. Мектеп баланы тек оқытатын емес, оның қадір-қасиетін қорғайтын қауіпсіз орта болуға тиіс.

2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балаларды қорғау ісін жүйелі дамытуға бағытталған. Құжатта баланың ең жақсы мүддесін басшылыққа алу, ерте профилактика, кемсітпеу, балалардың пікірін ескеру және отбасымен әріптестік қағидаттары белгіленген. Онда әлеуметтік қолдауды жетілдіру, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсету, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау сияқты бағыттар қарастырылған. Бұл шаралардың бір бөлігі алдағы жылдары кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспар екенін де ескерген жөн.

Дәл қазіргі кезеңдегі күрделі мәселенің бірі – баланың цифрлық қауіпсіздігі. Әлеуметтік желідегі қорлау, алаяқтық, жеке деректердің таралуы және зиянды ақпарат баланың психологиялық саулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-ананың цифрлық сауаттылығы, мектептегі түсіндіру жұмыстары және жауапты мемлекеттік бақылау өзара толықтыруы қажет. Баланың қауіпсіздігі оның үнін естуден басталады: ол өзіне жасалған қысым туралы қорықпай айтуға тиіс.

Сонымен бірге ана мен баланың құқығын қорғау тек мемлекеттік органдарға жүктелетін міндет емес. Әке жауапкершілігі, отбасы ішіндегі өзара құрмет, көршінің бейжай қарамауы, ұстаз бен дәрігердің кәсіби сергектігі – бәрі ортақ қорғаныс жүйесінің бөлшегі. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау және оларға жазалаудан бұрын тиімді әлеуметтік-психологиялық көмек ұсыну маңызды.

Жаңа Конституцияның құндылығы оның әрбір балаға қауіпсіз балалық шақ, әрбір анаға құрмет пен қолдау көрсетуге бағытталған құқықтық бағдар беруінде. Ендігі міндет – осы нормаларды нақты іспен дәлелдеу. Ана өзін қорғалған сезініп, бала еркін дамып, сапалы білім алып, болашағына сеніммен қараған қоғам ғана шын мәнінде әділетті әрі қуатты мемлекет бола алады.

 Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий