Павлодар облысында Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Халық Кеңесі делегациясының қатысуымен кәсіподақтардың республикалық форумы өтті. Форумда еңбек құқықтарын қорғау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өндірістегі қауіпсіздік және әлеуметтік әріптестік мәселелері талқыланды.

Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың жұмыс сапары Достық үйінде өңір кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрмені аралаудан басталды. Көрмеде Павлодар өңірінің өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды.

Форумды ашқан облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының еңбек адамының рөлі мен маңыздылығына қатысты ұстанымын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбек адамы әрдайым құрметке лайық болуы керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Еліміздің болашағы білім мен ғылымға, инновацияларға және ең бастысы, еңбек адамына деген құрметке байланысты, – деді өңір басшысы.

Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі. Өңір экономикасында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның 90 мыңға жуығы өнеркәсіп саласында қызмет атқарады. Мұнда мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың еңбек тарихында жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын кеншілер, энергетиктер мен металлургтердің 200-ге жуық әулеті ерекше орын алады. Сондай-ақ облыс әкімі дәстүрлі түрде ер азаматтардың кәсібі саналатын салаларда табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесін де атап өтті.

Өңір басшысы басым бағыттардың қатарында кәсіптік білім беруді дамыту, кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, тәлімгерлік институтын дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және лайықты жалақы төлеу мәселелерін атады. Сонымен қатар облыста ғасырдан астам тарихы бар кәсіподақ қозғалысының маңыздылығына тоқталды. Бүгінде өңірдегі әрбір үшінші жұмыс істейтін тұрғын кәсіподақ мүшесі болып табылады.

Форумға қатысушылардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ерлері Ришат Амренов пен Мұрат Қайыргелдин де болды. Олардың кәсіби жетістіктері өңірдің еңбек тарихының бір бөлігіне айналған.

Пленарлық отырыстың маңызды оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыхалықтық бастамасы» атты құжатты Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына ұсынуы болды. Құжатқа еліміздің еңбек ұжымдары мен кәсіподақ ұйымдарының ұсыныстары енгізілген.

Форумға қатысушылар еңбекақы төлеудегі әділдік, ұжымдық шарттар, жұмыс істейтін әйелдерді қолдау, білікті кадрлар даярлау, дуальды білім беру, өндірісті цифрландыру және еңбекті қорғау мәселелерін кеңінен талқылады.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева еңбек саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. «Серіктес» жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Сабыржан Қали еңбекақы төлеудегі әділдік пен ұжымдық шарттар туралы сөз қозғады. Ал білім, ғылым және жоғары білім беру саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева жұмыс істейтін әйелдерді қолдау және бюджеттік саладағы кадрлық әлеует мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко дуальды білім беру мен мамандар даярлау мәселелері жөнінде баяндады. КПО б.в. және мердігер мекемелер қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіподағының төрағасы Медет Үмбітғалиев технологиялық жаңғырту мен жасанды интеллектіні дамыту жағдайында еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.

Индустриялық болашақтағы жұмысшы жастардың рөлі туралы «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жастар кеңесінің өкілі Юлия Вишенкова сөз сөйледі. Ал «Қорғау» көміршілер кәсіподағы» ҚБ төрағасы Евгений Буслаев еңбек жағдайлары зиянды кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау мәселелеріне баса назар аударды.

Пленарлық отырысты Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөзбен аяқтады.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген ол Мемлекет басшысының саясатында адал еңбектің қадірін арттыру мен еңбек адамына деген құрметті нығайтуға айрықша мән берілетінін атап өтті. «Жауапты адам – Адал еңбек – Лайықты жетістік» қағидаты мемлекет, бизнес және қоғам қызметінде мызғымас бағдарға айналып, олардың қабылдайтын нақты шешімдері мен жүзеге асыратын іс-әрекеттерінен көрініс табуы тиіс. Бұл ретте жұмыс берушілердің ұстанымымен қатар, еңбек адамдарының өз пікірлері мен ұсыныстарын да ескеру маңызды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – азаматтардың үнін естуге, оларды толғандырған мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беру. Еліміздің тарихында алғаш рет түрлі әлеуметтік топтардың, кәсіби қауымдастықтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері бір конституциялық органға біріктіріліп отыр, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Жұмыс сапарының бағдарламасы аясында қоғам өкілдерімен кездесулер де ұйымдастырылды. Делегация Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, азаматтық қоғам, жастар ұйымдары және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесулер өткізді.

Азаматтық қоғам және жастар өкілдерімен диалог С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті. Кездесу барысында қоғамдық даму және азаматтық сектормен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Форум өнеркәсіпті дамыту, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін бір арнаға тоғыстырды. Басты назарда еңбек адамы, оның қауіпсіздігі мен әл-ауқаты, кәсіби болашағы және лайықты еңбек жағдайларына құқығы болды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі 
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев, Есенжол Исабек

Добавить комментарий