Ерлік Мәукенұлы Жарболовқа арналады!
І
Оның бойында жекпе-жек өткізудің тәнті етер, таңғаларлық мәнері болатын. Тұтастай бір раунд бойы, тіпті екінші раундтың жартысында қарсыласына бірде-бір соққы жасамай, ринг ішінде ұзын аяқтарымен оңды-солды билеп жүріп, бәсекелесінің тура және қапталдан жасайтын соққыларынан жалтарып, ринг арқанына тықсырлған кезде бұрыштан ширақ қимылдап шығып кететін. Қарсыласының соққылары да діттеген жеріне дарымайтын. Бұл бір секундқа да дамыл таппайтын ұшқыр адымы, аяқ қимылының ғажап ойыны арқасында жүзеге асатын. Осылайша ол бойындағы қуатын сарқымай, жекпе-жектің қорытынды, екінші жартысына деген сергектікті сақтап қалатын.
Қарымта шабуылдың да теңдессіз шебері. Шаршы алаңда бақталастары оны үмітсіз қуалап жүріп айтарлықтай болдыратын, жекпе-жек уақытында шегіну мен қорғануды ұмытып, сол үшін хук, кросс, тіпті оң және сол қапталынан жұмсалған серпінді бүйір соққыларын немесе оның денеге екі және сол қапталына бір соққы, денесіне екі және басына бүйірлей жұмсалған серпінді бір соққы тәрізді машықтанған үштік соққысына тап болатын.
Өзін еркін ұстап, абыройына селкеу түсірмейтін шеберлігіне қарап оны боксшылардың ортасында «рингтің интеллигенті» атайтын.
Ол туған қаласы мен облысының чемпионы, республикалық, ведомствалық біріншіліктің жүлдегері атанған және «спорт шеберлігіне үміткер» нормотивін орындаған. Ал КСРО спорт шебері атануы үшін оған екі мәрте аймақтық біріншілік немесе бір рет ел чемпионатының жүлдегері болу керек. Бұған қажыр-қайраты жеткенімен жеке мақсат деп қабылдамады. Жиырма бір жасында индустриалық институттың механика-технологиялық факультетінде оқыды. Өзін спортқа толықтай және тұтастай арнауды ойламады.
Көпшілік жекпе-жек өткізу мәнерін ұнататын әрі бағалайтын, алайда көбіне «ринг интеллигентінің» жекпе-жектің бірінші жартысында шабуылдамайтыны түсініксіз еді. Түрлі деңгейдегі жарыстарға әділ төрелік жасайтын қапталдағы қазылар да әрдайым қашуына мүмкіндік бермейтін қарсыласының соққыларынан жалтарып кететін шеберлігін лайықты деңгейде бағаламайтын немесе жекпе-жектің осы бөлігінде бәрін өз орнына қоятын қарсы шабуыл болмайтын. Жекпе-жекті бұлай өткізу мәнері әрдайым біздің қаһарман мен оның бапкерінің оң жамбасына келе бермеуші еді. Сайыс алдында кездейсоқ бір-екі әсерлі соққы алса болды, аяқ биінің сиқы кетіп, бұрыштан бұрышқа тапырақтап жүріп қалатын. Мұндай жекпе-жектерде таза жеңіліс табатын. Ондай жағдай сирек болсын орын алды. Өзі мен бапкері бұл әлсіздіктерді жақсы білетін және республика біріншіліктерінің алдындағы соңғы дайындықтармен қажетсіз тұзақ пен тәуекелді түпкілікті азайтуға тырысатын.
«Ринг интеллигентін» – Сәкен, ал оның бапкерін – Макс Абдулұлы деп атайтын.
ІІ
Мақсұт Абдулұлы Болатов өз шәкірттерін тұтастай командамен емес, әрбірін жеке дайындауды ұнататын. Жаңадан алынғандардың ішінен ол айтарлықтай дарындыларды және физикалық қуаты, өз клубтастарымен спаринг өткізу мәнеріне қарап таңдайтын. Одан кейін жеке дайындықтар белгілейтін, ал қалған балғын боксшылар спорттық шеберлік үшін емес, өз жан қалауы бойынша дайындықтарын жалғастыратын.
Мақсұт Абдулұлының осындай бапкерлік ұстаны жергілікті спорт басшлығына ұнамайтын. Өйткені олар дарынды спортшыларды даралап емес, бұқаралық сипат пен сандық көрсеткіштерді жоғары қоятын. Сондықтан да облыс құрамасының сапына Мақсұт Абдулұлының шәкірттерінен бір-екеуі ғана ілігетін еді.
Құраманың бапкері етіп әрдайым басшылықпен ым-жымы бір, бірнеше боксшыны қатар дайындайтын Мұса Кәрімұлын тағайындайтын. Оның әрбір салмақ дәрежесінде табанды да еңбекқор өз үміткерлері болатын. Ал құрамаға Мақсұт Абдулұлының шәкірттері өздерінің жауынгерлік қасиеттері және спорттық дарындылығының арқасында ғана қосылатын. Олар еш күмәнсіз басқа боксшылар ортасында дараланып тұратын. Басым екендіктерін іріктеу жарыстарында тек рингтегі ойындарымен емес, зияткерлік тұрғысынан да қарсыластарынан бір бас жоғары көрінетін. Бапкерінің де басты мақсаты мен тапсырмасы – сен басқалардан мықты ғана емессің, сонымен қатар ақылды, ширақ әрі қу екенініңді көрсету. Мұнымен, әрине, спорт басшылары да жақындары мен достары «Дядя Макс», ал шәкірттері «Макс Абдулович» атап кеткен Мақсұт Абдулұлы Болатовтың бір-екі шәкіртін құрамаға қосқанда келісетін. Егер оның шәкірттері құрама сапына қосылса, сөзсіз өз салмақ дәрежесінде көшбасшы деп танылатын, республикалық деңгейдегі жарыстардың жүлдегерлері атанатын.
Жеке жаттығулардың бірінде Сәкен спортзалда әсем қимылдап, бокс қабына соққылар сериясын жасап шынығып жатқан уақытта Мақсұт Абдулұлы өз шәкіртін шақырып алды.
– Бүгін құрама команда жасақталды. Он күннен кейін Қарағандыда республика біріншілігі өтеді. Менің секциямнан сен жалғыз құрамаға қосылдың. Целиноград арқылы пойызбен барасыңдар. Осы күндері дайындық күшейтілген тәртіпте, күніне екі рет болады. Сессияңды тапсырдың ғой?
– Бір пән қалды, Мақсұт Абдулұлы.
– Онда тапсырды деп есептейік. Режим, диета, дайындық, тағы да дайындық. Соққының жылдамдығын арттыру үшін күн сайын суға пісірілген және қуырылған бауырмен тамақтанасың. Таңертең міндетті түрде бір стакан қаймақ, түскі асқа міндетті түрде бір кесек майсыз ет жейсің. Джек Лонданды оқыған шығарсың?
– Иә, «Бір кесек ет» пен «Мексикалық».
– Оған жеңіске жету үшн осы бір кесек ет жетпегенін білесің ғой. Сондықтан анаңа айт, ет және бауырмен тамақтандырсын. Түнге айран немесе шырын ішесің. Тамақты шамадан тыс асырып жіберме. Салмағыңды ұста. Бір күннен кейін моншаға барасың.
Сәкен көп балалы отбасындағы тұңғышы болатын, әкесі қайтыс болған соң тұрмыстары нашарлау еді, үйде әр күн сайын ет бола бермейтін. Анасы мұғалім болып жұмыс істейтін және оның жалақасы да мардымсыз еді. Ол тұңғыш ұлы тезірек институтты бітіріп инженер болып жұмыс істейтін күнге үміттеніп сенім артатын.
Макс Абдулұлы Сәкеннің еріксіз күрсінісін байқап жымиды:
– Анаңды қинама, ережелер туралы қалжыңдағанмын. Ертеңнен бастап оқу-жаттығуларда боласың, «Молодежное» дәмханасында тамақтануға талон аласың. Ал, ертең таңертең жаттығуға келесің, одан кейін соңғы емтиханыңды тапсыр, тамақтануға талон аласың және тағы да жаттығасың, кешке моншаға барасың.
– Макс Абдулұлы, бізді кім апарады?
– Кім болушы еді, әрине, Мұса Кәрімұлы, – деп жауап берді бапкер ашуын жасырып. – Сен жасыма, онымен бірге саған көже қайнатудың қажеті болмайды. Айрықша бол, бірақ командада тым ерекшеленбе. Мақсат пен тапсырма белгілі – тек бірінші орын, басқа орын керек емес. Бұл саған бір жылдан кейін КСРО спорт шебері атануыңа берілген мүмкіндік. Сол уақытта саған да, анаңа да жақсы болады, инженер дипломын да қорғайсың.
– Инженер дипломын мен бокссыз да аламын ғой.
– Құдай жазса аласың. Ал сенен спорт шеберін шығарамын, аузыма май, – деді өзінің сүйікті сөзін айтқан Сәкеннің бапкері Мақсұт Абдулұлы. Одан кейін бір нәрсені ойлап, өз шәкіртінен үмітпен сұрады.
– Сакеша, мүмкін әдісіңді өзгертіп, өз айла-тәсіліңді ауыстырасың?
– Макс Абдулұлы, не үшін? Маған қайта қарсыласың шабуылдаған кезде оның соққылары бос кетіп, ол күшін жоғалтып, мен соңғы, үшінші раундқа күшімді сақтап қалатыным маңызды.
– Аузың күйіп жүрмесін Сәкен, ішім бірдеңені сезеді. Егер үш раундқа, тіпті одан да ұзақ уақытқа күші жететін қарсыласқа тап болсаң ше? Егер қарсыласың сені өз шабуылымен ұстап алса ше?
– Білмеймін.
– Міне, мен де білмеймін. Қазылар да сенің болашағыңнан әсерленіп үміттенуі үшін бірінші раундтың соңынан бастап белсенділік таныт. Сенің өкпең жақсы, тек үш емес бес раундқа да жетеді. Сондықтан бірінші раундтан шабуылда. Мұндайды саған Мұса айтпайды, ал мен сенен өз бапкеріңнің ақылын орындағаныңды талап етемін, ол жерде қасыңда болмаймын. Ұқтың ба?
– Макс Абдулұлы, ұқтым. Егер шынымды айтсам маған үш раунд аздық етеді. Денем енді қызған уақытта кездесу аяқталып қалады.
– Міне, сондықтан бірден шабуылды баста, егер қарсы шабуылдағың келсе қарсы шабуылда, тек бірінші раундта, қарсыласыңның болдырғанын күтпе.
– Макс Абдулұлы, кәсібилерде неше раунд?
– Білмеймін, он екі-он бес қой деймін, кәсібилердікі әртүрлі болады.
– Ұқтым, Макс Абдулұлы.
– Нені ұқтың, «профессионал»?
– Бірінші раундтан бастап қарсы шабуылға шығамын.
– Дұрыс, жарайсың!
ІІІ
– Сәкен Ертіс жағалауы және жағажайға кешкі жүгіруге шықты. Ұясына батып бара жатқан күн құмға жағажай күнқағарларының ұзын және кешкі суға түсуді жаны қалайтындардың көлеңкелерін түсірді. Билей жүгірген Сәкеннің аяқтарының көлеңкесі де жағалаудағы құмға түсті.
Сәкен басқа көптеген боксшылар секілді Макс Абдулұлы мен Мұса Кәрімұлының бұрынғы және ашық бәсекелестіктері туралы білетін, бірақ оның тереңіне бойлауға тырыспаған. Ол Мұса Кәрімұлымен кездескенде әрдайым дұрыс амандасып, ол да оқудағы жетістіктері туралы сұрайтын. Тіпті, бірнеше рет әзілдеп өз секциясына да шақырған. Бірақ Сәкен Макс Абдулұлы жаттықтыратын спортзалдан алыс тұрмайтынын және қалада бәрі «Казачий край» атап кеткен мөлтек аудандағы өзі құралпы балалардың барлығы бірнеше жыл бұрын оған жаттығуға барғандарын көлденең тартып келіспеген.
Сәкен шешініп, Ертістің кешкі жылы суына шомылды. Оқу-жаттығулар жағажайдан алыс емес, көп жылдардан бері балалар спорт мектебіне айналған бұрынғы татар мешітінің аумағында өтетін, қазір жаз болғандықтан, қалалық көптеген оқушылар пионерлер лагерлеріне кетіп, ол бос тұрған. Облыстық құрама командасының мүшелері осында, төбесін бұрынғы татар мешітінің күмбезі безендіріп тұрған кең спортзалда жаттығатын.
Сәкен бір аптаға жалғасатын спорттық оқу-жаттығуларда тамақтануға талон алды. Және тек Макс Абдулұлы кеңес еткен азықтармен тамақтанды, күн сайын кездесіп, оның секциясында қайта-қайта алдағы кездесулердің әдіс-тәсілдерін шыңдады. Макс Абдулұлы шәкіртін де, өзін де аямады, қолына лапа киіп оны спортзалда сағаттап қуалады, қолғаптың қырымен ашық қалған жерлерінен ұрды, қорғануға және қарсы шабуылдауға көшуге мәжбүр етті.
– Үштік, бір-екі-үш, қорған және шабуылға көш! Сол жақ қапталдан ұру, астынан соққы, тағы да шегін де қайта шабуылда. Жақсы!
Сәкен ұзын аяқтарымен билей жүріп соққылар сериясын жасады, тағы да өз бапкерінің тосын соққыларынан жабылды.
– Бұл саған құрама емес, мұны, ақыл-айланы тек осы жерде үйретеді, – деп орындыққа отырды терге малшынған Макс Абдулұлы шаршап. Бірақ көңілі тоқ, оның шәкірті, оның Сакешасы терге бөгіп бәрін түсінеді және айтқанын орындауға тырысады. Бірінің үстіне екіншісі киілген екі жібек спорттық костюміне тер сіңді, ал тоқылған бас киімін сықса да болады.
– Жақсы, – деген Макс Абдулұлы жаттығуларға риза болып Сәкенді иығынан қағып қойды. – Сакеша сен түсін, бапкер өз шәкірттеріне араласып кетеді ғой. Егер шәкірті жеңсе, ол бапкердің де жеңісі. Менің шәкіртім құрмет тұғырының жоғары сатысында тұрған кезде, ол чемпион болғанда, мұнда менің өмірім мен жанымның де бір бөлігі бар. Мен саған сенім артамын, ешқандай екінші немесе үшінші орын деген жоқ. Тек бірінші орын, тек чемпион болуың керек.
– Ұқтың ба?
– Иә.
– Ал салмақ өлшейік, одан кейін ертеңге дейін…
Сәкен кеудесіне дейін суда тұрып бірнеше шабуылдар сериясын жасады. Су тығыздығы соққылар жылдамдығын арттыруда игі көмегін тигізеді. Одан кейін терең тыныс алып судан шықты да асықпай киініп, өзінің туған «Казачий крайына» қарай үйіне кетті.

«Казачий крайдағы» құрдастары, жас жігіттер спорттық жекпе-жек түрлерінің екеуін ғана мойындайтын, олар – күрес пен бокс. Сондықтан да он төрт-он бес жаста өздерінен ересектерді үлгі тұтып, осы спорттық спкцияларға жазылатын, ал индустриалық институттың спорттық базасына айналған бұрынғы әскери қалашық спортзалы «Казачий крайға» жақын жерде орналасқан. Ол әрдайым қала бойынша, кейде кешке қарай би ұйымдастырылатын тұтастай қалалық бақтың үрейін ұшыратын. Қалалық бақтың қараңғы бұрыштарында төбелестер болып тұратын және көбінесе «Казачий крайдың» жігіттерінің мерейі үстем болатын. Шындығында пышақ ала жүгіру оқиғалары аз болатын, кикілжіңге ұластыратын қақтығыстар орын алып тұратын. Қалалық бақтың аумағы «Казачий край» жігіттерінің аумағы, ал өсіп, дамып келе жатқан қаланың басқа аумағынан немесе шеттен, жаңа үйлер ауданынан биге келушілер Павлодардағы өз намысы мен абыройын қорғайтын.
«Казачий крайдан» шыққан көптеген жігіттер атақты боксшылар мен балуандар болды. Олар: Теміртас Құдайбергенов, Тас Садырбаев, Әнкеш пен Серік Оспановтар, Болат Әбдірахманов, Қасымтай Нұржанов, Абай Татиев, Мақсұт Аяғанов, Абай Садуов, Бірлан Төлемісов, Серік Абикешев, Амангелді Құсайынов, Теміржан Әмірбеков, Владимир Байкенов, Қайыргелді Қабылдин, Бораш Ахметжанов, Төлеген Суханқұлов, тек бір Даниял Ахметов велоспортпен айналысты. Қаланың басқа аудандарының да өз атақтылары бар. Мысалы: Валерий Никитин мен Иван Довгань – орталықтікі, Владимир Садыков пен Владимир Вейсман – Екінші Оңтүстік ауданнан, Александр Зорин – Затоннан, Иван Шатковский – Усолкадан, Юрий Рожко, Георгий Калышбаев, Ризван Авазбакиев, Серік Аминов – бес қабатты үйлер ауданынан…
Павлодардағы жаңа үйлер ауданынан келушілердің ішінде де атақты боксшылар бар еді. Мысалы бурят Василий Коновалов жекпе-жек өткізу мәнерімен атақты Великтон Баранниковты еске түсіретін.
Көбісі Рафаэль Вахитовта немесе Александр Носоновта, кейбірі Мұса Кәрімұлында, қалғаны Макс Абдуловта жаттығатын. Балуандар Василий Карпец, Лугат Утешев пен Батырбек Сейсенбаевта шынығатын.
Рингте немесе күрес кілемінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мекемелер, кинотеатрлар, би кештерінде өзара кездескен кезде өз абырой биігінде амандасатын. Барлық көше немесе өңірге ортақ жазылмаған ар-намыс заңы бар. Тек бірге бір төбелеседі, екеу біреуді ұрмайды, жатқан адамды таяқтамайды, би кештерінен немесе қыста сырғанақта егер басқа ауданның жігіті туған көшесінің қызын шығарып салса оған тиіспейді, тым болмады қыздың көзінше. Бұл жазылмаған ар-намыс заңын ешкім бұзбайтын, бұзған жағдайда ол қатаң жазадан да қорынышты жалпы жиіркеніш тұзағына тап болатын.
Ұлдар Джек Лондонның, сонымен қатар «Джаксон Ресейде қалады» кітабын оқитын. Сәкен екі жыл бұрын Алматыда ведомствалық біріншілікте өнер көрсеткен уақытта Сидней Джаксонның ұлын тірідей көргендегі сезімін айтып жеткізу қиын. Тек көріп қана қойған жоқ, Сидней Львович Джаксон Сәкен сөзсіз жеңіске жетіп, спорт шеберлігіне үміткер атағын дәлелдеген жартылай финалдық жекпе-жекке төрелік етті.
Сол кезде Алматыда бір уақытта КСРО-ның аймақтық біріншілігі өтіп жатқан. Шындығында ол нәтижесі бойынша Мехикода өтетін Олимпиадаға бару үшін ел құрамасының негізгі жасақталатын іріктеу турнирі еді.
Макс Абдулұлы Алматыға өз ақшасымен барды, Сәкенді өз таныстарының үйіне орналастырды да екеуі апта бойы сол турнирде болды. Шіркін, онда қандай есімдер болды десеңші. Виктор Агеев, Великтон Баранников, Станислав Степашкин, Владимир Мусалимов, Абдрашид Абдрахманов, Байман Сәкенов, Борис Кошевин, Олег Гуров, ал қазылар ішінде қазақ боксының ақтаңгерлері Абдусалан Нұрмаханов, Мәжит Омарғалиев, Асқар Үсенов… Ал бапкерлер ше? Мәскеуден Евгений Огуренков, Қарағандыдан Николай Ли, бокстан алғашқы қазақтан шыққан спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы, Анатолий Кадетов, Ескендір Хасанов, Серік Әбденәлиев, Бекет Махмутов, Меңгерей Хайрутдинов…
Сәкен Виктор Агеевтің жекпе-жек өткізу мәнеріне тәнті болып, жан-жүрегімен құмарлана қабылдады. Содан кейін шеберлікке жетелейтін сымбатты аяқтар биі мен ринг квадратында өзін ұстауды меңгерді. Сол жақ қолын шамамен төмен түсіріп ұстап, қарсыласын шектеусіз шабуылға шақырып, рингте бос кеңістікті қолғабымен сермеуге мәжбүр етті. Егер халықаралық шебер, Сәкеннің кумирі Виктор Агеев қарсыласын айналып жүріп бірден қарсы шабуылдаса, жас әрі тәжірибесі аз Сәкен осы ғажайып күйді ұзартып, қарсыластың соққыларынан шеберлікпен қашып, қарсы соққыларын екінші, жекпе-жектің соңғы жартысына қалдыра білді. Әрине бұл да жеңіске жеткізер үлкен мүмкіндік үлесі болса да, Сәкен үшін жекпе-жектің осы деңгейдегі осал тұстары деп те саналды.
Табиғи ақылдылығының арқасында мұның бәрін оның бапкері Макс Абдулұлы жақсы түсінді және өзінің үздік шәкірті Сәкен де сезінуіне қол жеткізуге тырысты.
Сәкен сол жазда бұрынғысынша өзінің кумирі Виктор Агеевтің тағдыры үшін «Советский спорт» газетінен мәскеулік «Лира» дәмханасындағы төбелеске байланысты оны құрамадан мәңгілікке шеттетілгенін біліп қатты алаңдаған, ал оның құрамадағы орнын отандық бокстың классигі, кейін Олимпиада чемпионы атанған Борис Лагутин алған.
Сәкен үйге келе жатып азық-түлік дүкеніне бас сұқты, қаймақ, айран, одан кейін Макс Абдулұлы кеңес еткен суға пісірілген бір келі сиырдың бауырын сатып алды. Талондардың бір бөлігін кассирге ақшаға ауыстырды, ол үшін оған шоколад сыйға тартты. Спортшылардың көбісі талондар жарамды осы дәмханаға ғана тамақтануға жүгірмеу үшін осылай жасайтын. Ал қолыңда ақша болғанда басқа тамақтану орнынан да ауқаттануға, тіпті киноға билетке де үнемдеп қалуға болады. Сонымен қатар Сәкен бүгін төртінші курс үшін соңғы емтиханын тапсырып бесіншіге көшті, шәкіртақы да алды. Сондықтан да ол үйге көтеріңікі көңіл-күймен келе жатты.
Анасы оны үнсіз қарсы алды.
– Төрт, – деді Сәкен сынақ кітапшасын көрсетіп.
– Айналайын сол, – деп еркелеткен анасы өзінің тұңғыш ұлының бетінен сүйді.
Ортаншы Бақыт пен кенжесі Еркен жас айырмашылықтарына қарамай дойбыны тең ойнайтын, әрбірі өзінікін дәлелдеп дауласатын.
Еркен олардың ойынын ағасы көріп тұрғанын байқап көзін сығырайтып айғайлап жіберді.
– Сәкен қара, бір-екі-үш, – деген ол тақтаны ұрғылап Бақыттың үш пешкасын жеп қойды.
– Болды, жеңілдім, – деп өкінішпен күрсініп тақтадағы дойбы тастарының бәрін сыпырып тастады. – Бұрыштар немесе «поддавка»* ойнайық.
Осымен жетеді, кешкі ас ішеміз, – деп шешімді сөйлеген анасы дастархан жая бастады.
– Бауырды неменеге алғансың? – деп сұрады ол таңырқап.
– Бесінші курсқа көшкендерге тамақты бауырмен арнайы береді екен, – деп әзілдеді Сәкен.
– Бауыр не үшін керек екенін мен білемін. Соққылардың жылдамдығын арттыру үшін қажет, – деп әңгімеге араласты Сәкенге еліктеп Макс Абдулұлының секциясына баруды бастаған Бақыт.
– Шын ба? – деп таңғалды анасы. Дауысында үрей бар секілді.
– Нақты білмеймін, бірақ пайдасы болмаса зияны жоқ дейді.
– Институтты аяқтаған соң диплом алып, мені тастап кетесің. Басқа жерге жолдамамен жібереді.
– Иә кетемін, бірақ диплом алғанша, – деп салмақты түрде әзілдеуін жалғастырды Сәкен.
Анасының жанарына жас үйірілді.
– Оны тыңдамаңыз, ол Қарағандыға жарысқа барады, – деді тағы әңгімеге араласқан білгіш Бақыт.
Анасы бойы жеңілдегендей таныс алды да, ұлдарына қолын сілтеп былай деді.
– Е, қойыңдаршы, ал тамақ жеңдер.
Сәкеннің інілері Бақыт пен Еркен әрдайым қасынан табылып, жақын жүретін және сабақтан немесе жаттығудан оралған кезде қуанышпен қарсы алатын. Бақыт та «Казачий крайдағы» басқа кіші бауырлары секілді ағасына еріп бокспен айналыса бастаған. Макс Абдулұлы оның бойынан көз тартар шеберлік байқамай екі мәрте секциядан қуып та жіберген, бірақ табиғатынан бірбеткей Бақыт спортзалға келуін тоқтатпай, бәрімен бірге жаттығуын жалғастыра берген. Макс Абдулұлы Сәкенге деген сыйластығы үшін қолын бір-ақ сілтеген, бірақ оған титтей де көңіл бөлмеген. Тек спаррингтердің бірінде үйде ағасы жаттықтырған Бақыт жас шамасы жағынан өзінен үлкен қарсыласымен жекпе-жек өткізгенде сол Макс Абдулұлының өзі келіп қолын қысқан.
– Жаттыға бер, әрі қарай көреміз, – деген ол.
– Осылайша ағайындар өткен қыс бойы бірге дайындалып, қысқы кештерде үйге бірге оралатын, жолда бір стаканнан тамат шырынын ішу үшін гастрономға бұрылып, одан кейін үйдегі ас бөлмелерінде спорттық тер сіңген дәке мен триколарын жаятын.
Кенжесі Еркен болса осы қыста дойбыдан мектеп турнирінде бәрін таңқалдырды. Екінші сыныпта оқитын ол барлық жоғарғы сынып оқушыларын шаң қаптырып, тек қана оныншы сынып оқушысы Алдаш Ибадуллиннен жеңіліп, екінші орын алды. Алдаш кейін осы спорт түрінен қала чемпионы атанды.
Еркен екінші, ал ағалары бірінші ауысымда оқыды. Чемпиондар мен жүлдегерлерді марапаттауға шақырған кезде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Вера Петровна Переверзева екінші сыныпта оқитын Еркенді де шақырды. Әлі пионер қатарына өтпеген ол үлкен ағасы Сәкенмен бірге пимасын киіп барып, аяз қарыған бет-жүзі қып-қызыл болып, мақтаныш сезіммен өзінің алғашқы Құрмет грамотасын алды…
– Қашан кетесің? – деп сұрады анасы Сәкеннен бауырлары ұйқыға жатқан уақытта.
– Үш күннен кейін.
– Көпке ме?
– Бір аптаға.
– Бокста байқа, қатты ұрма. Олар да сен секілді біреулердің балалары.
– Жақсы қатты ұрмаймын, – деп күлді Сәкен.
– Бауырларыңның алдында ұятты болмау үшін өзің де соққы алма.
– Жақсы, соққы алмаймын, – деп тағы да жымиды Сәкен.
– Ұйықта. Ерте оянсаң үстелге бір стакан қаймақ қойдым, ал бауырды картоппен қуырып беремін.
– Рахмет мама!
– Байқа балам, мұрының орнында болсын. Әйтпесе теледидардан талай мұрыны жалпиған боксшыларды көрдім. Ал сенің мұрыныңды әкең мақтаныш тұтатын.
Сәкен айнадан өзіне қарады. Арқар тұмсығы мен шығыңқы жұтқыншағына қарап достары оны «кавказец» деп атап кеткен. Ал марқұм әкесі болса танауынан сүйгенді жақсы көретін, мақтанышпен «Төретұмсықтағы біздің бабаларымыз чингизидтерге тартқан» дейтін.
IV
– Сәкен сен қашан келесің? – деп сұрады Меруерт. Ол Сәкен оқитын топтағы староста еді, студенттердің құрылыс жасағы штабына олар қандай совхозға баратындарын білмекке барғанда ұшырастырды.
– Бір аптадан кейін, жай ма?
– Жай сұрағаным ғой. Мен сенімен бір құрылыс жасағында боламын, қарсы емессің бе? – деді Меруерт көзін төмен салып.
– Егер жасақ командирі сені алатын болса мен неге қарсы болуым керек?
– Ешкім мені алып жатқан жоқ, өз еркіммен барамын, – деп ренжіп бұртиды Меруерт.
– Жақсы, ренжіме, жай айта салғаным ғой.
Олар индустриялық институттың қалашығының саяжолымен аяңдап келеді. Меруерт қасында атақты спортшы Сәкеннің келе жатқанын мақтаныш тұтқан. Шындығында оның атақты спортшының, олардың тобы мен факультеттерінің мақтанышымен қатар келе жатқанына қуанышты еді.
– Егер сен оралған кезде біз болмасақ, онда сол нысандамыз деген сөз. Өзің келесің. Тоқыма кеудешең мен күртешеңді алуды ұмытпа. Ал арнайы жұмыс киіміңді өзім ала барамын, – деді достық пейіл және шаруақорлығын білдірген Меруерт Сәкеннің есіне салып.
– Рахмет Меруерт. Қанша уақытқа барамыз?
– Білмеймін, екі айға шығар.
Сәкен ақша табу үшін екі рет құрылыс жасағымен барған. Ол жақтан тек қомақты қаржы емес, сонымен қатар Высоцкий мен Окуджаваның жақсы әндерін, сол секілді ақсұр Ертіс жағасындағы кешкі алау туралы естеліктер әкелген.
– Жақсы, мен барайын, – деді Сәкеннің тоқтағанын байқаған Меруерт оған қолын бұлғап.
– Онда сау бол, – деді әдеттегідей Сәкен, одан кейін айғайлады. – Тоқта, Меруерт, саған құрылыс жасағының не қажеті бар?
– Неге қажет емес? Қосымша ақша да артық етпейді. Оның үстіне бұрын көрмеген жер дегендей…
– Тағы да не үшін?
– Айтпаймын.
– Өзің білесің.
– Сау бол. Байқа, чемпион болып оралатын бол. Әйтпесе…
– Онда не болады?
– Құрылыс жасағын да көрмейсің. Оның үстіне бір адамды…
Меруерт тақасын тықылдатып бес қабатты үйлер ауданы жаққа кетті, ал Сәкен алдағы сапарға жиналып дайындалу үшін үйіне асықты.
«Меруерт, жақсы қыз, – деп ойлады Сәкен. – Оны көрген кезде неге екенін білмеймін жаным жадырап қалады. Қыңырлығы жоқ, ашық-жарқын».
Сәкен Меруертті қуып жеткенде ол таңырқай қарады.
– Меруерт, – деді Сәкен ілтипат білдіріп, жымиған қалпы ойнақы үнмен. – Құрылыс жасағына бірге аттанар алдында сені жолаяққа дәміне шақырамын.
– Сонда мені қайда шақырасың? – деп күлімдеді Меруерт. – Ал айта бер, батырым.
– Біздің қаладағы ең атақты «Молодежное» дәмханасына.
Меруерт сағатына қарады да:
– Жақсы, келісемін.
– Олар Сәкеннің туған көшесі, Бірінші Мамыр көшесіне* барды да трамвайға отырды. Трамвай жас жұпты Куйбышев көшесіндегі* «Молодежное» дәмханасына алып барды.
Трамвай жолы бір-екі жыл бұрын төселген. Таңғы сағат алтыдан бастап маршруттары екі алып зауыт, алюминий мен трактор жасау зауыттарын жалғайтын «темір арбалар» Сәкеннің үйінің терезесін қаққандай болады. Ал бір кездері қазіргі жол өтетін жерде тереңдігі бір метрдей болатын диаметрі метрден сәл ғана кем құбырларды төсеу үшін шұңқыр қазылып жататын. Сәкен кішкентай болған кезде ауладағы балалармен осы құбырлар арқылы бір орамнан екінші орамға баратын. Одан кейін шұңқырларды көміп, шпалдар мен рельстер төселіп, «Казачий край» ауданы жанданып шыға келді. Осы ауданнан шыққандардың көбісі зауыттарда жұмыс істей бастады. Трамвайлармен қаланың бір шетінен екінші шетіне жетуге болатын.
Сәкен Меруертке терезе жанына отыруды ұсынды. Түс мезгілі еді, дәмхана студенттерге, қарапайым кездейсоқ адамдарға тола бастады.
– Сәкен, маған тек балмұздақ қана тапсырыс бер, – деп қиылды Меруерт. – Ал өзің жаның қалағанын ала бер.
Дәмхана жайлы және қоңыр салқын болатын. Келушілерге әңгімелесуге кедергі келтірмейтін жеңіл музыка ойнап тұрды.
– Музыка бізді түлік естеліктерге елітетініне өзіндік жағдай жасайтынын білесің бе? Түсінесің бе?
– Толық емес, түсіндіріп жіберші.
– Түсіндірейін. Мәселен белгілі бір мелодияны тыңдағанда кенет ол музыка сен бұрын болған жеріңде ойнап тұрғанын еске аласың.
– Бір сөзбен айтқанда сол жерде, сол жерде, – деп әзілдеді Сәкен. – Ырғағы да Африканікі, ал мен Африкада болған жоқпын.
– Ол жақта да боласың. Әлі жаспыз ғой. Басқа жақтарға жарысқа барасың, мысалы Кубаға.
– Фидельге ме, оған баруға болады болады. Оның үстіне Кубада мықты боксшылар бар. Біздің бапкер Червоненко да кубалық жігіттерден тұтастай боксшылар тобын шығарды.
– Ал, мұнда, Павлодарда боксшы жұлдыздар бар ма?
– Жұлдыздар емес, спортшылар. Бар! Барлығы үміттендіреді. Әзірге тек өзіміздің чемпиондар жоқ, ел біріншілігін былай қойғанда республиканың да.
– Сен чемпион боласың. Менің үмітім – сенсің, – деп күлімдеген Меруерт сөзін ақырын айтты.
Сәкен жүзім шырынына шашалып қала жаздады. Ұялса да, өзінің курстасынан мұндай сөздерді есту жанына жақты. Осы сезімдерін жасырған ол белгілі боксшылардың жаттанды сөзін айтты.
– Ринг көрсетеді!
Даяшыны шақырып Меруертті таңғалдырып, тамақтануға арналған талондармен есеп айырысты.
– Бұл спорттық жаңа ақшалар, – деп әзілдеді Сәкен.
Олар жайлы, жан тебірентерлік нәзік музыка ойнап тұрған дәмханадан шығып жүріп кетті.
V
Макс Абдулұлы өз секциясындағы боксшыларды балалардың жазғы бағына жинап, жазғы каникул алдындағы соңғы жаттығу өткізгендей болды. Шындығында бұл Сәкенді жауапты жарысқа өзінше шығарып салу салты еді.
Балалар бағындағы үйеңкілер мен қарағандар арасында бой қыздырып, жүгіріп жігіттер спарингтер үшін қатарға тұрды және Макс Абдулұлы Сәкенді қайық әткеншектері аймағында алақанына лапа киіп қуып, бойын қыздырып болуын күтті.
– Сол жақ қапталдан бүйірлей соқ, кетіп қал, тағы да үштік – бір, екі, үш. Жай билеме, өз аяқ биіңді қарсы шабуыл соққыларымен жүкте.
Сәкен Макс Абдулұлының лапа қырлары шынтақтарына тигенде жабылуға итермелеп, тағы да кенеттен созылған лапаға соққылар жасап, жылдам ұмтылуларынан жалтарды.
– Жақсы, жақсы, – деп айғайлаған Макс Абдулұлы лапаны оң мен сол қолымен көтеріп Сәкенге шабуылдауын жалғастырды.
– Ал Мухачтар*, дайынсыңдар ма?
Аса жеңіл салмақ тобындағы екі жас боксшы күлімдеп өз бапкеріне бастарын изеді.
– Бокс! – деп бұйырды секундамерді қосқан Макс Абдулұлы.
Мухачтар соққыларын боратып Сәкенге жабыла кетті, маска* киген жеңілтек жігіт секциядағы өз жолдастарының жеңіл соқыларынан жалтарып кететін шебер еді.
Екі минуттан соң Макс Абдулұлы мухачтарды жеңіл салмақтыға ауыстырды, одан соң дәл осындай интервалдан кейін жеңіл, одан әрі жартылай орта, соңында Сәкенге демалуға мүмкіндік беріп оған қарсы орта, жартылай ауыр және ауыр салмақтыны қойды. Яғни жартылай және ауыр салмақты топтағы боксшыларға кезектесіп бір минуттан спарингтер өткізді.
– Сендерге Сәкенмен тек сол қолмен жұмыс істеу керек, – деп күлімдеген тынымсыз Макс Абдулұлы жөн сілтеді.
– Ал Сәкенге? – деп қалжыңдады жартылай ауыр салмақтағы.
– Оған қос қолымен барын салу керек.
Сәкен өзін республика біріншілігіне шығарып салудың өзіндік салтын түсінетін және бапкері мен секциядағы жолдастарына алғысы зор еді. Ол аяғында әбжіл тұрып, жеңіл дәл соққыларымен күштерін толықтай сарқып бокстаспай, соққылар сериясын жасап және олардан қорғанған өз клубтастарының осал тұстарын тапты. Бір сөзбен айтқанда бұл Сәкеннің кетер алдындағы соңғы спаринг-кездесуі болды.
Жаттығу аяқталғаннан кейін бәрі қаз-қаз басып жағажай жаққа жүгіріп кетті, сол жақта жағажай футболын ойнап жандарын сала көңіл көтерді, одан кейін Ертістің жылы суына шомылды. Бұдан соң Макс Абдулұлымен бурге «Колос»* кинотеатрына барып, «Гений дзюдо» атты жапондық киноны тамашалады.
Макс Абдулұлы да өз шәкірттерінің Тосиро Мифунэнің рөл сомадаған актерлік шеберлігіне жүректері елжірегінін көріп бақытты еді.
Фильмнен кейін барлығы Сәкенмен қоштасып, ақ жол және рингте сәттілік тіледі.
– Мен вокзалға бармаймын, – деді Макс Абдулұлы қоштасып тұрып. – Мен саған сенемін, Сәкен.
Фильмнің әсерінен арыла алмай тұрған Сәкен үнсіз басын изеді.
VI
Құрама капитаны, жеңіл салмақтағы Алексей Купцовпен бір купеде келе жатқан Мұса Кәрімұлы ұйқысы қашып газеттерге көз жүгіртіп өтті. Құраманың барлық мүшелері бір вагонда әр купеге төрт адамнан орналасқан, тек оларда, Алексей екеуінде ғана екі адамдық бір купе. Жоғарыдағы екі орын бос еді. Ол жолсеріктің қалтасына бес мыңдықты сүңгітіп жіберіп, қалжыңдаған.
– Жаз маусымы, барлығы Қарағандыдан оңтүстікке барады, ал біз спортшылармыз, Қарағандыға жартылай вагонмен бара жатырмыз. Сондықтан сыйластық танытып, капитан екеуімізге жеке купе бер.
Мұса Кәрімұлы облыс құрамасын мұндай жарыстарға бірінші рет апара жатқан жоқ. Алматы, Целиноград, Семей, Қарағандыға ол бірнеше рет жасөспірімдерді де, ересектерді де түрлі турнирлерге бастап барған.
Бұл жолы өте жауапты турнир болмақ. Орталық Азияның атақтылары қатысуымен өтетін республика біріншілігі. Елдің аймақтық жарысы деуге болады. Чемпионға алтын медальмен қатар КСРО спорт шебері атағы беріледі. Ал облыстың әлі өз шеберлері жоқ, бірыңғай үміткерлер мен бірінші разрядтағылар. Мұса Кәрімұлы қай бапкердің қанша үміткері мен разрядтағы шәкірті бар екенін салыстырып талдау жасағанды ұнататын. Өзінде де ең жеңіл салмақтағы бір ғана спорт шеберлігіне үміткері бар болатын. Оны да Алматыдағы дене шынықтыру институты арбап шақырып алды. Турнирдің жауапты екені белгілі, сонымен қатар миынан кетер алдында облыс спортына жетекшілік ететін облыстық атқару комитеті төрағасының сөзі шықпай қойды.
– Егер чемпион әкелсең сені еңбек сіңірген жаттықтырушы атағына ұсынамыз және Алматыдағы Мемспорткомитетінен тезірек бекітуін талап етеміз. Ол шындығында біздің облыстан…
«Чемпион әкел»… Айтуға ғана жеңіл деп күбірледі өз төсегінде Мұса Кәрімұлы, үшінші жүлделі орын алсақ та жақсы, ал чемпион… Білмеймін, білмеймін. Өзіміздікілерге үміт жоқ, ашығын айту керек, ал бөтендерден… Олай болса олардың бапкерлерімен даңқ тәжін бөлісуге тура келеді. Әрине, мен – облыстың бас жаттықтырушысымын, бірақ басқа бапкердің шәкірті жеңімпаз болуы мүмкін. Онда оған бірінші кезекте еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын, ал маған ең жақсы дегенде облкеңестің мақтау қағазын береді, – деп күрсіне ойланды Мұса Кәрімұлы.
Ол төменгі сөреден тұрып ұйықтап бара жатқан Алексейге:
– Барып вагонда жүріп келейін, жігіттер не істеп жатыр екен байқайын.
Құраманың барлық мүшелері ұйықтап жатқан, тек Сәкеннің купесіндегі төменгі жарық жанып тұрды.
– Сен неге ұйықтамай жатырсың?
– Оқып отырмын, Мұса Кәрімұлы.
– Не оқып жатырсың?
Мұса Кәрімұлы кітаптың мұқабасына көз жүгіртті.
– Шыңғыс Айтматовты оқып жатсың ба?
– Иә.
– Қалай ұнай ма, жақсы жаза ма екен?
– Өте жақсы жазады.
– Ол туралы естігенмін, бірақ оқымаппын.
– Мен сізге Павлодарға оралған соң кітапты оқуға берейін.
– Жақсы, саған рахмет, бірақ жарығыңды өшір. Ұйықтау керек. Тәртіп.
– Қайырлы түн, Мұса Кәрімұлы…
VII
Жеребе бойынша Сәкенге сегізден бір финалда өнер көрсетуге тура келеді, бұл бірінші жартылай, одан кейін финалға шығу үшін оған сегізден бір финалда да, ширек финалда да қарсыластарын жеңіп барып жартылай финал мен ақтық сында бокстасу керек.
Бірақ мұндай тек қана Сәкеннің емес, барлық қарсыластарында, сонымен қатар құраманың мүшелерінің алдында тұр еді. Кейбір жолы болғыштарға жеребеге байланысты сегізден бір финалға қатыспай, бірден ширек финалға қатысу бақыты бұйырды. Ал кейбіріне, әсіресе, жеңіл салмақтылар тобындағыларға фииналдың он алтыдан бір бөлігінен бастауға тура келді.
Бірінші жекпе-жекте ол Көкшетаудан келген аса танымал емес боксшыны оңай жеңді. Макс Абдулұлының кеңесімен Сәкен қарсы шабуылдарды алғашқы раундта қолданып, нақты әрі сенімді ұпай жинады. Оған Мұса Кәрімұлы секундант болды. Кезекті раундтарда шаршап қалмас үшін қателіктерін белгілеп кеңестерін айтты.

Рингтегі рефери жазбаларын жинап алып жарыстың бас төрешісі отырған үстелге алып барғанда, Сәкен өз жеңісіне сенімді еді және рефери жекпе-жектің қорытындысын жариялап, оның қолын көтергеннен кейін үнсіз көпшілікке тәжім етті.
– Жарайсың, демал, – деген Мұса Кәрімұлы оны киім ауыстыратын бөлмеге дейін шығарып салды.
Суға түсіп, киім ауыстырып алған Сәкен өзінің болашақ және мүмкін қарсыластарының жекпе-жектерін көруге қалды. Әсіресе оған Өзбекстаннан келген ұзын бойлы боксшы ұнады. Физикалық тұрғыдан өте дайындалған, тыныс алуы да жақсы екен. Ол үш раунд бойы қарсыласына шабуыл жасады, дегенмен келесі жекпе-жектерге күшін сақтауға болушы еді. Алайда шабуыл үстіне шабуылдады, кейде тіпті төбелеске де бой алдырды, қарсыласы екінші раундта есеңгіреп, үшінші раундқа қауқарсыз болса да, еңкеюсіз және жалтарусыз төпелей түсті. Өзбек боксшысы өз қарсыласынан бір бас биік екені бәріне түсінікті болды. Сәкен өзінің салмақ дәрежесінде қарсыластар жұбы үшбұрышталып сызылған кестеде көрсетіліп ілінген қатты қағазға қарады. Бәрі сәтімен болса оған өзбекстандық боксшымен ақтық сында кездесуге тура келеді. «Мұқият боламыз және асығыс қорытындылар шығармаймыз», – деп ойлады Сәкен алдағы жекпе-жектер парағына телміріп тұрып.
Ал облыс құрамасының сапы көктемгі қардай ери берді. Бірінші кездесуде оның командасындағы бес боксшы жеңіліс тапты, үшеуі Мұса Кәрімұлының секциясының боксшылары. Ол жазғы кезеңде орын алған бір студенттердің мәжіліс залында жеңілгендердің және әлі аталмыш турнирде өнер көрсететіндердің бәрін жинап қатты ұрысты.
Жеңіліс тапқандардың бірінің жарыс аяқталғанша Қарағандыда қалып, үйреніп, басқалардың жекпе-жектерін көру жайлы имене айтқан өтінішіне Мұса Кәрімұлы бірден рұқсат бермеді және сол түні жолы болмағандарды үйге қайтарды.
Кешке таман Сәкен жеңіл жаттығудан соң жақсылап буланып және артық салмақты тастау үшін орыс моншасына барды.
Кеңістікте сіңіп кеткен будақтаған су буының арасында орыс моншасына түсетіндер сирек келді. Сенбі емес, еңбек күні еді, сондықтан апталық еңбектен кейін жақсылап буға түсуді сүйетіндердің ұзын-сонар кезегі жиналатындай емес, адам аз. Сәкен бухананың жоғары сөресіне шықты да өзін аямай қайың сыпырғышпен сабалады, алдағы жекпе-жектері туралы ойламай рахатқа кенелді. Ол Ертіс жағасындағы қалалық жағажай жанында орналасқан моншаға апаратын әкесін еске алды. Егер мұнда тазалық күні болса, онда Алюминстрой* мөлтек ауданындағы басқа моншаға тоғызыншы маршрутты автобуспен баратын. Ұзақ кезекке тұрып Сәкен әкесімен бірге киім ілетін шкафтар жанында шешініп, одан кейін жайлы жуынатын бөлмеге кіретін. Онда кейбір еркектердің кеуделерінде су перілерінің суреті немесе әйелдердің есімдерінен бастап өрнектеліп салынған Сталиннің профиліне дейінгі татулары болатын.
Сабын араласқан су құйылған шылапшынның қасында отырғанда Сәкен қызынып, беттері мен сыпырғыш жапырақтары жабысып қалған арқалары қызарған еркектер буханадан атып шығып, демдері жетпей, тас хауізге құлап, одан кейін демалып, деміккендерін басып қайта буханаға кіріп, шөмішпен ыстық тасқа суық су шашып, одан қалың бу шығып, сүйекке жететіндей болатынын көрген. Моншадан кейін әкесі екеуі бір стаканнан газдалған минералды су ішіп, әтірленіп автобус аялдамасына баратын. Үйге келген соң анасы қаймақ қатып, аңқыған қою шаймен шөлдерін қандыратын. Әкесі бірде атақты Қажымұқан Мұңайтпасовпен кездескенін айтқан. Ол Омбы облысының жерлері Солтүстік Қазақстанмен шектесетін Черлак пен Шарбақкөлде болған. Сәкеннің әкесі отызыншы жылдары қазақ мектебінде жұмыс істеген. Атақты балуан, әлем чемпионы, Иван Поддубныйдың серігі Қажымұқан өзінің ұзын бойлы қызы Софьяны мектепке алып келіп, жас мұғалім, Сәкеннің әкесіне былай деген.
– Басқа балаларыма үміт жоқ, осы қызым маған тартқан, оны саған тапсырамын. Білімді адам болып шығуы үшін оқыт.
Сәкеннің әкесі Қоянды жәрмеңкесінен уақытында өзінің туған жері Төретұмсыққа әнші Әміре Қашаубаев пен атышулы балуан Қажымұқанды ертіп келген, қазақтың суырып салма ақыны Иса Байзақовты да таныған.
Буханаға үшінші рет кіргеннен кейін Сәкен киім ауыстыратын бөлмеде демалып, асықпай киіне бастады.
Монша оның құрамасы тоқтаған жерден алыс жерде емес еді. Сәкен гүлзарлары мен саяжолдарында шамдары жанған қаланың кешкі даңғылымен серуендеп қайтуды шешті.
Сәкен жолшыбай тағы да өткен балалық шағындағы шақтарға кетті. Ол елуінші жылдардың ортасында әкесі оны бірінші рет өзімен бірге Мәскеуге ала барғанын есіне алды. Пойызбен үлкен қалалар және шағын станциялардан өткендері, тораптық және сұрыптау станцияларында аздаған уақыт аялдағандары, Ұлы Жайық өзенінен өткендері – бәрі есінде. Он төрт күндік жолдан кейін Қазан вокзалында әкесінің ағасы, авиация полковнигі, ұшқыш-байланысшы Мәжит Бураханов қарсы алды. Измайлов бағының қасындағы шағын пәтеріне орналасқандары, Мәжит ағасының баласы Бориспен Қызыл алаңға барғандары, әкесі Мәскеуден Қырымға демалуға кетіп, қайтар жолда Сәкенді ала кету керек болғаны есінде жақсы сақталған. Сәкен әкесі кетер түні ақырын оның кереуетінің қасына жақындады. Әкесі алдағы қоштасу сәтінің көңілсіздігін сезіп, оны қатты құшақтап төбесінен иіскеді. Ал ол келген кезде Мәжит ағасы Қазан вокзалына шығарып салуға апарып, қоштасар сәтте Сәкенге картон қорапқа салынған фильмоскоп пен «Архимед Вовки Гришина», «Зайка-зазнайка», «Сын артеллериста» секілді диафильмдерді сыйға тартты. Сәкен айтқысыз қуаныштан жеті қат аспанға көтерілгендей болды. Олар әкесімен үйге оралған кезде ауладағы барлық балаларды жинап алып қараңғы бөлмедегі ақ қабырғада, бірін-бірі ауыстырып диафильмдердің кадрлары түсе бастады. Астындағы жазуларды ересек балалар тыныстарын терең алып барлығына әрекеттердің сюжеті түсінікті болуы үшін дыбыстап оқып берді.
Осының бәрінің өткеніне қанша уақыт болды деп мұңайды Сәкен. Әкесінің жанында жоқ екеніне де бес жыл сырғыған. Балалығы таусылды, енді ол кішкентай бауырлары бар отбасының үлкені. Мұның бәрі өткеніне қанша уақыт…
Сәкен біраз серпілді де секіріп барып қапталдан жасалатын соққысымен ағаштың жоғары жағында ілініп тұрған үйеңкі жапырағын жұлып түсірді. Қасынан өтіп бара жатқан жастар жұбы оған таңғала қарады. Ұяла жымиған Сәкен адымын жиі басып кешкі қаланың саяжолымен жүріп кетті.
Түнгі көшенің терезе сыртындағы жарығы жарықтандырып тұрған бөлемесінде Сәкен тағы да мезгілсіз қайтыс болған әкесін, қарапайым тарих пәнінің мұғалімін, елуінші жылдардың соңында бірде олардың үйіне қарт адамның келгенін еске алды. Оны көрген әкесі бір ауыз сөз айтпай құшақтады. Екеуі тіс жармай табалдырықта ұзақ тұрды. Сәкен сол уақытта оның аяғында бұл жақтағыларға жабайы көрінетін унты бар екенін ағарды. Кешкісін туыстары мен көршілер келген уақытта бұл көп жылдар бойы адамдар ит жегіп жүретін шалғайда тұрған әкесінің жақын туысы екенін білді. Оның оң қолының төрт саусағы жоқ еді. Бірақ бір ғана саусағымен домбырада қалай шебер ойнайтын. Домбыраның дыбысы да үйдегі кеңістікті толтырып, қиырдағы жер аударылған жылдарынан қайғылы сыр төкті. Ас үйде жұқа нанға қамыр жайып жүрген әйелдер де орамалдарының ұшымен көз жастарын сүртті. Туысқандары ол Сәкеннің атасын көргенін, Иса Байзақовты жақсы танығандарын және оның өлеңдерін жатқа айтатынын сөз қылды.
Сәкен әкесінен өз атасы туралы жиі сұрайтын. Себебі әкесінің туыстары, туғандары мен немере аға-бауырлары Исахан, Қабыш, Нығман, Досжан, Имаш, Төлебай, София, Нәсипа, Зүбәйке, Макеш тұрған Төретұмсық ауылына барғанда қажы атасын еске алып бетінен сүйетін. Олардың барлығы – Сәкеннің ағалары мен апалары. Сәкен Қарасу өзенінде балық аулағанды жақсы көретін, тіпті сол үшін ауылдағылар оны Балықбай деп атайтын.
Сәкен табандап сұраса да әкесі құлықсыз жауап беретін. Ғасыр басында атасы мұсылмандар үшін қасиетті мекендер – Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барғанын айтатын. Оралғаннан кейін ауыл балаларын мектеп-медреседе оқытқан. Сол үшін отызыншы жылдардың басында қамауға алынған. Одан кейіні оның тағдыры белгісіз. Бірақ бірде қала орталығында кешегі патша заманынан бері болған ақ түрменің қасынан өтіп бара жатып әкесі еріксіз көзін қолымен жауып, өзінің тұңғышы Сәкенге мынаны айтты.
– Сенің атаң осы жерде қайтыс болған…
VIII
Ширек финалдық кездесулер таңертеңнен түске дейін және екі сағаттық үзілістен кейін кеш батқанша өтті. Сәкен Қырғызстаннан келген боксшымен кездесіп, өз мәнерімен бокстасып сәтті өнер көрсетті. Ол қарсыласынан қашып жүріп әбден зықын шығарып шаршатты, бірақ бірінші раундта қарсы шабуылға шыққан жоқ, өз аяқтарының биіне сенім артты. Сәкеннің жекпе-жек өткізу мәнері көпшіліктің көңілінен шықты, олар қарсыластың соққыларынан шебер жалтаруына қол соқты. Сәкеннің бәсекелесінің соққылары діттеген жеріне тимей ауа қармап қалып жатқанда шын көңілмен риясыз күлді. Ал екінші раундтың соңында өз мәнеріне адал Сәкен белсенді шабуылдай түскенде залдағылар таңғалыстан гуілдеп кетті. Оның сенімді жеңісінен соң ұзақ қол шапалақтаумен шығарып салды.
Кешкісін бәрі жиналған уақытта Мұса Кәрімұлының көзіне қарау да қорқынышты болған. Ол түнеріп ерсілі-қарсылы бұрыштан бұрышқа жүріп алды. Күрсініп, өз шәкірттерімен тіпті сөйлескен де жоқ. Оның да себебі бар еді. Қалған алты боксшының төртеуі жарыстан шығып қалған. Және барлығы Мұса Кәрімұлының шәкірттері. Тек екеуі ғана армандаған мақсатына жету үшін жарыс жолында қалған. Ертіс ауданынан келген, үлкен үміт күттіретін боксшы Рамазан Досжанов – атақты ауылдық бапкер Евгений Ужгиннің шәкірті. Оның шәкіртінің тәжірибесі аз болса да, қызығушылығы күшті, бірбеткей және физикалық тұрғыдан мығым. Облыстағы іріктеу турнирінде жеңіске жеткен. Сондықтан да әділдік жолымен құрамаға қосқан, бірақ оның жетістігіне көп үміттенбеген. Ал ол бірінші кезекте өзіне қалада емес, ауылда тұрса да жақсы жетістіктерге қол жеткізе алатынын дәлелдеді. Бастысы қасыңда білікті бапкер болса жеткілікті.
Евгений Ужгин – нағыз бесаспап білікті бапкер. Мұса Кәрімұлының күйін көрген Сәкен оған жақындады.
– Мұса аға, қам жемеңіз, біз Рамазан екеуіміз өзіміз үшін де, құрамадағы жігіттер үшін де барымызды саламыз…
– Иә, иә, – деп селқос жауап берді Мұса Кәрімұлы әдетінше, одан кейін шәкірттеріне бұрылды да кенеттен ашуға булықты.
– Оңбағандар, сендерге бокстасу керек емес, тек талондарыңмен тамақ ішіп, менің атыма кір келтірсеңдер жеткілікті.
Одан кейін құраманың капитаны Алексейді шақырды.
– Міне саған Павлодарға дейін билетке ақша. Бүгін мыналармен кетесің, – деген ол басқа шәкірттерін нұсқады. – Көзімнің алдынан құрыңдар. Үйге барған соң сөйлесеміз…
Сәкен көршілес ғимараттағы Рамазанды спортзалға жаттығу, бокс қабын ұруға, оның үстіне салмақтарын тексеру үшін шақырып алды.
Спортзалға бара жатқан жолда Сәкен оны жетістігімен, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындауымен құттықтады. Өзі болса жартылай финалға шығып тағы да атағын дәлелдеді.
– Ал Мұса Кәрімұлы неге екені белгісіз мені құттықтаған жоқ, – деп әзілдеді Рамазан мұң артып.
– Шындығын айтқанда оның бұған мұршасы жоқ. Есесіне басқалар құттықтайды. Бірінші кезекте сенің бапкерің Ужгин.
Сәкен лапамен Рамазанды сүмектей қылды, қапты жанын сала соғып, өзінің сүйікті жаттығуы секіртпеге көшті. Қандай қимылдар жасамады десеңші, спорт залдың кешкі ауасында шамамен көрінбей қалғанша секіртпені жылдамдығын үдете түсіп, белін оң мен солға айналдырып аяқтың ұшымен секірді. Тек секіртпенің ысқырған дыбысы ғана естіліп тұрды.
– Керемет! – деп қуана айқайлады Рамазан.
– Жекпе-жекте тек қана қолдар емес, аяқ та маңызды. Тіпті қолдармен соққылар сериясын жасау үшін аяқтың маңызы көбірек секілді.
Сәкен таразыға тұрып, салмағы шамаға сәйкес екеніне көз жеткізді. Екі жүз – үш жүз грамм салмақ түн ішінде жоғалып кетеді.
Сәкен 67 келіге дейінгі екінші жартылай самақ дәрежесінде өнер көрсетті. Виктор Агаев боксты осы салмақ дәрежесінде бастаған. Сәкен бұдан белгілі бір нышан көрді және дайындық кезінде өз кумирінің аяқ биін еске түсіріп оған ұқсағысы келді.
Душ қабылдағаннан кейін жатақхананың екінші қабатындағы бөлмесіне барды. Ол жерде тек Мұса Кәрімұлы, Сәкен мен Рамазан ғана қалған.
ІХ
Боксшылардың тегі жазылған үшбұрыш кесте астына фамилияларды қалдырып, жоғары бөлігі финалға қарай жылжи берді.
Әр салмақ дәрежесі бойынша жартылай финалда екі жұп боксшы өнер көрсетті. Жеңілгендер қола медаль иегерлері атанып, жеңімпаздар ақтық сынға шықты. Ол жерде жеңгендері чемпион атанып, жеңілгендер екінші орынды місе тұтты.
Сәкен жартылай финалда бір-екі жыл бұрын екі мәрте бокстасқан алматылық Василий Хруновпен кездесті. Біріншіде ұпай саны бойынша жеңіліс тапқан, келесі жолы жеңген. Бұл олардың үшінші кездесуі.
Рамазан 57 келіге дейінгі жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетті. Сәкен Рамазанның жекпе-жегінен кейін екі сағаттан соң өзін де жауапты сын күтіп тұрғанына қарамастан, Мұса Кәрімұлынан үлкен ағасы секілді көріп бой үйреткен Рамазанға секундант болуды сұрады. Себебі Рамазан Мұса Кәрімұлы оған ештеңе үйретпейтінін, кездесуге дайындамайтынын, жалпы өзін біртүрлі ұстайды деп бірнеше рет ренжіп айтқан.
– Айтқаның болсын, – енжарлықпен жауап берді Сәкеннің өтінішіне облыс құрамасының бас бапкері.
Сәкен Рамазанды рингке алып шығып, аузындағы капасын бекітуге көмектескен уақытта оның қобалжып тұрғаны айқын байқалды.
– Бірінші раундта байқа, басыңды бәйгеге тікпе. Бәрін жасау қолыңнан келеді және үйде бапкерің Ужгин жеңіспен күтіп отырғанын ұмытпа.
Рамазанның қарсыласы Семейден келген атақты және тәжірибелі спорт шебері болып шықты. Ол бірінші раундта бірнеше дәл соққылар сериясын жұмсап, жас әрі тәжірибесі аз Рамазаннан басым екенін танытты. Рамазанның айқасқа түспес бұрын кіммен бокстасатынын көргенде психикалық тұрғыдан күйіп кеткені көрініп тұрды. Сәкен Рамазан жалтарып, қарсы шабуылдауға көшудің орнына қапсыра құшақтап клинчке кіріп кететінін, ал тәжірибелі қарсыласы денесі мен басына әсерлі соққылар жасап ұпайын еселегенін көріп қапаланды.
Рамазан жеңілсе де мұндай деңгейдегі турнирде лайықты жауынгер дәрежесінде көрінді. Сәкен қолғабының бауын тарқатып жатқанда ол көз жасына ерік берді.
– Ештеңе етпейді, бауырым, сенің жасыңда орын алу – үлкен жетістік, – деп сабасына түсірді Сәкен оны киім ауыстыратын бөлмеге алып барды. Сол жерде өзі де жартылай финалдық кездесуге дайындала бастады.
Хрунов пен Сәкен бірін-бірі танитын, рингте бірнеше рет кездескен. Сондықтан да реферидің «Бокс!» деген сөзінен кейін өз шеберліктерін байқата бастады. Бірінші раунд тең аяқталды. Хруновтың барлық ұмтылыстарынан Сәкен айласын асырып, қапталдан жасаған соққыларынан еңкейіп шығып кетіп, қарсы шабуылға көшті. Көрермендер Сәкеннің кездесу өткізу мәнеріне тәнті бола бастады және оны айғайлап, шулап қолдады. Ал рингтің бұрышындағы арқанның арғы жағындағы секунданттың орнында түкке қатысы жоқтай көрінген Мұса Кәрімұлы мен өз жеңілісіне түнерген Рамазан отырды. Осының барлығы Сәкеннің тепе-теңдігінен айырылуына әсер етті де ол қарсы шабуылға шықты.
«Өзің шабуылда, өзің қарсы шабуылда, аяғыңа сенім артпа», – деген Макс Абдулұлның сөздерін еске алды да, бір-екі классикалық соққыларын жасап екінші раундта жеңіске жетті.
Үшінші раундта өзіне сенімді еді, шаршап қалған Хруновты көріп бірде оңға, бірде солға жалтарып, қарымта шабуылдап, аяқтарының биін жалғастыра түсті.
Ол жеңіске жетті. Хруновқа тек қана республиканың емес, жалпы ел құрамасының тұрақты мүшесі болғандықтан, бұл турнирге қатыспаған Абдрашид Абдрахманов секундант болғанын көріп екі есе қуанды.
Хруновпен құшақтасты, одан кейін бокстың дәтүрлі кодексі бойынша Абдрахмановқа жақындап қос қолын созды, ол болса жеңісімен құттықтап арқасынан қақты.
– Жарайсың!
Мұса Кәрімұлы да оны финалға шығуымен құттықтады, бірақ жүрек жылуы байқалмады. Ал Рамазан өзінің жеңілісін ұмытып, үлкен ағасындай болған жолдасының табысына шын жүректен қуанды, Сәкенді құшақтап, сүйіп, киім ауыстыратын бөлмеге дейін шығарып салды.
Сәкен киім ауыстырмады, спорттық жеңсіз жейдесі және қысқа балақты шалбарын шешпей, тек саусақтарына оралған дәкені тарқатып рингке қарай екінші жартылай финалда кездескен өзбекстандық Анвар Саидмамедов пен қарағандылық Нұрлан Оспановтың кездесулерін көруге асықты.
Өз әріптестерін қолдаған көрермендер. Залды айғай мен шу кернеп тұрды. Таңғажайып гуіл. Оспановтың әрбір соққысын қошемет дүркіреуімен көтермеледі, ал оның қарсыласының соққыларына ысқырып, аяқтарымен тебінді. Спорттық жарыстардың өзіндік мәнері бар, үйде қабырғалар да қолғабыс қылады дейді.
Қарағанды қашанда Қазбек Ашляев, Эдуард пен Ренат Матросовтар, Юрий Селиверстов, Виктор және Владимир Каримовтармен атақты еді.
Алғашқы раундта сәл басымдықпен Оспановтың бағы жанды. Екінші раундта өзбек боксшысы кездесу барысын уысынан шығарып алғанын сезініп қарсыласына қарсы ашық айқасқа шықты. Оның жерлестерінің қуатты қолдауына қарамастан, кездесу барысын иемденді, қарағандылықты тұйық қорғанысқа көшуге мәжбүр етті, осылайша көрермендердің наразы күбірін тудырды. Ал үшінші раундта қарағандылық жанкешті қарсылық пен жіберіп алған есесін қайтару үшін ашық соққы алмасуға көшті. Боксшылар айқас ажарын айғыздап клинчте қолтықтаса берді. Рефери бірнеше рет «Брэк!», «Стоп!» деп айғайлап, оларды айырумен жүрді. Алайда залдағы шудан дауысын естімеген боксшылар клинчте тұрып бір-біріне соққы жұмсай берді.
Осындай эпизодтардың бірінде Нұрлан Оспановтың қабағы жарылды да, көзі мен бетіне қан ақты, рингте бағдар алуға кедергі жасады. Рефери рингке екі мәрте дәрігер шақырып үзіліс жасады. Егер біріншіде дәрігер мақта тампонмен қан ағуын тоқтатып, жарақатқа лейкопластырь жабыстырса, екіншіде ол түпкілікті басын шайқап, кездесуді жалғастыруы мүмкін емес деген шешім шығарды.
Зал төрешілер шешімін күтіп сілтідей тына қалды және хабарлаушы төреші тұйықталған тыныштықта жария жасады.
– Кездесуді әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі жоқтығына байланысты жеңіс Саидмамедовке беріледі, Өзбекстан, – деген уақытта зал ішін келіспеушілік, көңіл толмаушылық және реніш гуілі шарлап кетті.
Осылайша Сәкеннің қарсыласы белгілі болды. Ол – Ташкенттен келген спорт шебері Анвар Саидмамедов.
Кешкіде Сәкен Рамазанмен жергілікті кинотеатрлардың біріне фильм көруге барды, кинодан кейін жатақханаға оралды. Ертең финал алдындағы демалыс күні. Сәкен алдын ала ертеңгі күнді бөлді. Спортзалдағы таңғы жаттығу, таңғы ас, анасы мен бауырларына кәдесыйлар сатып алу үшін дүкен аралау, Макс Абдулұлын да ұмытпады. Түскі ас. Тағы да жаттығу. Ұйқы алдында біраз жүгіру. Болды. Ұйқы, одан кейін финал.
Есік қағылды да Рамазан кірді.
– Сәкен, ертең мен күні бойы сенің қасыңда боламын. Жақсы ма?
– Спортзалда шағын спарринг өткізейік, одан кейін дүкен аралаймыз. Өз туғандарыңа бір нәрселер сатып аласың. Келістік пе?
– Келістік.
– Сен финал күні өтетін марапаттауға костюм киіп, галстук тақ. Теледидардан көрсетеді, мүмкін жақындарың көріп қалар.
– Бізде әзірге телевизия жоқ, бірақ жақында болады дейді.
– Ештеңе етпейді, газеттерге жазады. Бәрібір сен құрметті үшінші орын алғаныңды біледі.
– Үшінші – бірінші емес қой.
– Иә, үшінші – бірінші емес, – деп күрсінді Сәкен алдағы айқас туралы ойлап. Ол Саидмамедов пен Оспанов арасындағы кездесуді қайта ойша талдап, өзбек боксшысы бұл кездесуде қатты шаршады, жекпе-жек титықтататындай өте ауыр өтті деген қорытынды жасады. Дегенмен оның өкпесі мен физикалық тұрғыдан дайындығы жақсы еді. Бірақ Сәкен болашақ қарсыласы аяқ алысына көп көңіл бөлмегенін байқаған. Ринг тұғырында ол табанын тұтастай салып билемей және өкшесін көтермей нық тұрған, сенімді қозғалысы да баяу. Кез келген уақытта рингке нық етіп қойған аяғына үміттеніп, есеңгірететіндей бірді-екілі соққылар жасап және қажет болса еңкейіп, жалтармай қарсыласының соққысын қабылдауға даяр болған.
Мұндай боксшыны құлата алмайсың, қарсы шабуылдау керек болады. Макс Абдулұлы үйреткендей, бірінші раундтан бастап шабуылдау керек.
Бөлмеге есік қақпай Мұса Кәрімұлы кірді. Оның қуанышты және аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрғаны бірден байқалды.
– Менің жүлдегерлерім мен чемпиондарым, – деп ашулы айтты ол. – Көңіл-күйлерің қалай? Бәрі жақсы екенін көріп тұрмын…
– Мұса Кәрімұлы сіз Рамазанды құттықтасаңыз да болар еді. Қайткенмен бірінші жетістігі ғой.
– Неге құттықтамасқа, құттықтаймын. Спорт шберлігіне үміткер атағын алдың, құттықтаймын. Ужгин сенің құрметіңе қой сояды, сендерде Ертіс ауданында қойлар, қозылар көп қой.
Сәкеннің қасында қабағын түйіп отырған Рамазан үндемеді.
– Ал сен Сәкен чемпион атақ-даңқына масаттанып отырсың ба? Біздің облыстан бірінші чемпион боласың. Солай ма? Сені пресса, телевизия, журналистер іздеуде. Ал сенің психологың Макс Павлодарда қаңғырып жүр, бұл туралы ештеңе білмейді. Барлық атақ-абырой соған тиесілі. Сендерді мұнда кім әкелді? Мен, құраманың бас бапкері – Мұса Кәрімұлы…
Ол жігіттердің аузын ашуға мүмкіндік бермеді. Бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп аузына келгенін айтып шатты.
– Мен сізді шығарып салайын, ұйықтаңыз, демалыңыз Мұса Кәрімұлы.
– Сен мені қайда шығарып саласың? Құрметті демалысқа ма? – деп түсініксіз былдырлады мас Мұса Кәрімұлы. – Мені шығарып салудың қажеті жоқ, керек емес…
Сәкеннің бөлмесінен шайқалып шыққан ол қаракөлеңке жапқан ұзын дәлізбен кете барды.
Сәкен көзбен шығарып салды, өз бөлмесінің есігін ашқанын күтіп Рамазанға қарады.
– Оған көңіл аударма. Шәкірттерінің бірі де жартылай финалға шықпағанына күйініп ішкен ғой.
Келесі таңда Сәкеннің бөлмесінің есігін ұзақ тоқылдатты. Журналистер келген екен. Жылдам киінген Сәкен дәлізге шықты.
– Сізді іздеп жүргенімізге екі күн болды, – деді журналист жігіт. Оның қасында әдеміше келген көмекші қыз бар. – Біз телевизиядан келдік, осы жарыс туралы арнайы бағдарлама дайындаудамыз. Сіз осы бағдарламаға қатыса аласыз ба немесе бізге сұхбат бересіз бе?
Сәкен финалдан кейін бірден кететінін, ал сұхбатты қазір бере алатынын айтты.
– Жақсы, біз жылжымалы телевизиялық станциямыз тұрған спорт кешенінде күтеміз.
Сәкен сұхбатында қысқа қайырды, сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап бермеді. Одан алдағы финалдан не күтетіні туралы сұрағанда екіұшты жауап айтты.
– Ринг көрсетеді.
Интервьюден кейін Сәкен мүмкін оны теледидар экранынан анасы мен бауырлары көрер деп ойлады. Егер көрмесе, барлығын білетін Бақыт інісі бұл жайлы бәрібір естиді және үйдегілерге барлық анық-қанығын қалдырмай айтып береді. Өз туғандары мен жақындарын еске алған Сәкен жымиып қойды.
Өзі көп дайындалған Сәкен мен орта толтырған Рамазан таңғы жаттығудан кейін қаланың орталық даңғылына туғандары мен жақындарына кәдесыйлар мен сыйлықтар алу үшін шыққан. Сәкен үлкен дүкендердің бірінің галантерея бөлімінде Макс Абдулұлы түрлі түсті галстуктерді жақсы көретінін ойға алды. Сәкен ақ қиғаш жолақтары бар қою көк галстук сатып алды. Рамазан үлкен жолдасынан қалыспай өзінің бапкері Евгений Ужгинге де ұзақ уақыт бойы галстук таңдады.
– Осындай, тек қызыл жолақтысын ал, – деп кеңес берді Сәкен. – Біздің бапкерлер бір-бірінен ерекшеленіп тұрсын.
Рамазан Сәкеннің кеңесімен галстукті алды да олар әрі қарай сауда қатарына кетті.
Шәй бөлімінде Рамазанның көзі қызарып шыға келді.
– Сәкен, мынаны қара, Цейлон шайын сатуда, – пілдің суреті салынған сары қораптарды көрсеткен Рамазан дауысын көтерді. – Мұндайды біздің ауылда «цейлон» дегенге тілдері келмей «сәулем шай» деп атайды.
Сәкен ұзын-сонар шулаған кезектің соңына қарады да басын шайқады.
– Иә, бізге бұл шайды сатып алуға жарты күн де жетпейді, ал менде кешке жаттығу.
– Сәкен, мен кезекте тұра берейін, сен сосын келерсің, – деді Рамазан оны көндірмек болып.
Бір уақытта кезектің ішінен бір адам, жанкүйер немесе боксты ұнататын болуы керек Сәкеннің қолынан ұстады.
– Кеше жартылай финалда жеңіске жеткен сіз бе?
– Сол, сол, – деді басын изеп қуанышты Рамазан.
Белгісіз бір ер адам оларды табанды түре тартып өзінің алдына шығуды сұрады.
– Неге кезексіз? – деп шиқ ете қалды бөгде әйел.
– Бұлар – боксшылар, – деп қатты әрі сенімді түрде айғайлап жіберді ер адам. – Олардың кезекте тұратын уақыттары жоқ, оларға жаттығып, өнер көрсету керек.
Шулаған кезектегілер разы болмай, Сәкен мен Рамазан алға жылжыды.
– Сізге қанша керек? – деп сұрады ақ халат киген сүйкімді сатушы.
– Маған ба? Маған… – абдырап қалды Рамазан күтпеген сәттіліктен. – Он, жоқ он екі қорап.
– Мұның бәрін қайда апарсыз? Алыпсатар емессіз бе? – деп килікті тынымсыз әйел.
– Қайдағы алыпсатар? – деп бөлді Сәкен. – Ол жылдар бойы бұл шай болмайтын тұтастай ауылға сатып алып жатыр.
Сәкен де бес қорап Цейлон шайы мен екі үстіңгі қақпағы бар жезден жасалған шай қорабын алды. Анасы шайды осындай қораптарда сақтағанды жақсы көретін.
Саудаға көңілдері толған олар далаға шықты. Рамазан жеке-жеке осы «сәулем шайды» сыйға тартатын ауылдағы барлық туысқандарының атын еске түсіріп жүзі бал-бұл жайнады.
Сәкен жатақханаға барар жолда спорттық тауарлар сататын дүкенге кірді де бауырларына спорттық сөмке мен дойбы сатып алды.
– Ал мынау саған менен естелікке, – деді Сәкен Рамазанға үш түсті шарикті қаламсапты ұсынып. – Маған өзіңнің спорттық жетістіктерің туралы хат жазып тұрасың.
– Рахмет, Сәкен! – деген Рамазанның мейрімді көздерінен туыстық алғыс шуағы төгіліп тұрды.
Х
Финалдық кездесулер таңертеңгі сағат онда басталды. Жексенбі болғандықтан спорт кешенінде ине шаншар жер жоқ еді. Жанкүйерлердің көбісі Сәкенді таныды және оған тек жеңіс тіледі, оның үстіне Анвар Саидмамедовтің жерлестері Нұрлан Оспановпен өткізген кездесуінің қорытындысына разы емес еді және жерлестікке салынып Сәкенге тек жеңіс тіледі.
Салмақ дәрежесіне қарай он бір финалдық жұп өнер көрсетті. Әрбір ақтық кездесуден кейін тұғырға чемпион мен алтын медаль иегері көтерілді, одан жеңілген спортшы күміс, ал олардан жартылай финалда жеңіліс тапқандар болса қола жүлде иегері атанды.
Сәкен киім ауыстыратын бөлмеге ұяң тартып кірген Рамазанды мойнына ілген қола медалімен және үшінші орын үшін берілген құрметті дипломымен құттықтады. Оның кеудесін өміріндегі алғашқы жоғары наградасы үшін мақтаныш кернеп тұрғаны байқалды.
– Құттықтаймын, бауырым! Осы қарқыныңнан танба! Ал енді залға бар, маған кедергі келтірме!
– Сәкен, мен Мұса Кәрімұлының қасында боламын.
– Жақсы, жақсы, бара бер.
Спорттық киімін киіп алған Мұса Кәрімұлы да қолына секундант орамалын ұстап тұрған.
Зал Сәкенді жігерлендіретін шу және қол шапалақтаулармен қарсы алды. Сәлемдескен уақытта Сәкен өз қарсыласының көзіне қарады және қандай да бір ішкі белгісіз сезіммен қарсыласы жартылай финалға көп күш пен қуат жұмсағанын, бірақ сенімді, ашулы және өжет екенін байқады. Алайда жанарынан шаршаңқы екені көрініп тұрды. Кешегі демалыс күні күш жинап үлгермеген секілді.
– Бокс!
Реферидің саңқ ете қалған дауысы бірінші раундтың секундтары мен минуттарына бастау берді.

Өзбек боксшысы барлау жасамай бірден Сәкенге шабуылдай бастады. Жалпы барлаудың да қажеті шамалы еді, апталық спорттық турнир барысында олар бір-бірі туралы көп мәлімет алған. Кездесу өткізу мәнері, өз қарсыластарының мықты және осал жақтарын оқып алғандай. Олар үшін жалғыз ғана белгісіз жай бар – ол ақтық сынның қорытындысы.
Сәкен қарсыласының жекелеген соққыларынан шебер сытылып кетті және өзі де жекелеген соққыларын жұмсады. Оған екі рет кросс, яғни қарсыластың сол жақ қолымен жасаған соққысына қарама-қарсы оң қолымен оның сол иығының жоғарғы жағына соққы жасау мүмкін болды.
Шындығында, әрдайым рефери мен қапталдағы төрешілер бұл соққыны ашық қолғаппен ұру деп қабылдап есепке алмайды. Ал жанкүйерлерге қарсылас сол қол соққысымен шабуыл жасаған кезде кенеттен өз қарсыласының оң жақ қолымен жасаған соққысына ұрынатыны, шындығына осыған өзі сұранатыны ұнайды.
Тынышталған зал Сәкенді бақылап, ол үшін қамықты, шуылдап сәтті қарсы шабуылына қолдау көрсетті.
Бірінші раунд тең аяқталды, мүмкін екі тараптың біреуінде бір ұпай басымдық болған шығар, бірақ нақты бағалау қапталдағы қазылар құзырында еді. Олар барлығын бүге-шігесіне дейін қарап, өздерінің төрешілер хаттамасына енгізді. Ал көрермендердің көңіл-күйі қазылардың және бейтарап төрешілер алқасының пікірімен үндесе бермеді.
Рамазан Сәкеннің тыныс алу ырғағына қарай орамалын кеңінен желпіді. Мұса Кәрімұлы жалғыз ғана сөз айтты.
– Жақсы, тек төбелеске бой алдырма.
Орындықта отырған Сәкен басын шұлғып тыңдай берді, ал өзі ішінен жиі шабуылдау керек, әйтпесе уақыт өтіп барады деп ойлады.
Екінші раунд екі жақты шабуылдармен басталды, ал Сәкен тізгінді өз қолына ала бастағанын сезді. Қарсыласы жекпе-жектің толық барысын аңдамайтынын аңғарды, тек физикалық дайындығы мен нық басқан аяқ алысына сенім артады. Сәкен бір сәтте бәсекелесінің бөгеліп қалғанын ұғынып қарымта шабуыл жасады. Сол уақытта, турасын айтқанда Анвар Саидмамедовтің көптеген кездейсоқ және бейберекет соққыларына тап болды. Кішкене шайқалып кетті, шындығында шайқалған жоқ, ринг тұғырына шалынып қалды.
Рефери есеп ашты. «Алты» дегенде Сәкен толықтай өзіне келіп, бойын жинап ыңғайланып тұра қалды, шабуылға шыққысы келді. Өз түйсігімен үшінші раунд тұтастай пайдасына шешілетінін түсінді. Ал шалынуы, реферидің оны нокдаун деп қабылдауы кімнің басында болмайды. Бастысы ол өз жеңісінің кілтін тапты…
…Ал, бұл енді не?
Зал аһ ұрды.
Рефери қолдарын ербеңдетіп бұрыштарды көрсетті.

Сәкеннің көз алдында қандай да бір қара перде тұрып алды. Тұманға тап болғандай ештеңе түсінбестен өз бұрышына жақындады, Мұса Кәрімұлы қолын созып орамал ұстап тұрды.
Сәкеннің тағдырының ақ орамалы.
Ол көзін жұмды, мәңгілікке жабық көзімен қатып қалғандай болды. Реферидің оларды ринг ортасына шақырғаны және хабарлаушы төрешінің саңқылдаған дауысы еміс-еміс есінде.
– Секунданттың бас тартуына байланысты жеңіс беріледі…
Ол өз бұрышына қарай барды, кенет Рамазанның болып жатқан жайтқа түсінбестік танытқан мейірімді де аңғал жанарын көрді.
Көрермендер ысқырып, айғайлап, аяқтарымен тарсылдатты.
Сәкен Мұса Кәрімұлының көзіне тік қарады, бірақ ол Сәкен рингтен кету үшін астыңғы арқанды аяғымен басты да жанарын тайдырып әкетті.
Рингтен шыға берген Сәкен бойын тіктеді де өзінің оңтайлы хук соққысын Мұса Кәрімұлының иегінің астынан сарт еткізді. Жаттықтырушының спорттық костюммен тартылған толық денесі қапталдағы қазылар үстеліне сылқ ете қалды.
Көрермендер орындарынан атып-атып тұрып, гуілдеп спорт кешені аренасынан кетіп бара жатқан Сәкеннің әрекетін мақұлдап шығарып салды.
***
Ол күзгі бақта өзінің біркелкі тынысын тоқыма кеудешесінің жағасына сіңіріп жүгірді. Бақтың асфальт жолымен бес айналым жасады, жадындағы шексіз естелік тізбегін айналдырғандай.
Өмір бойы бокстан шеттету – қазылар алқасының шешімі.
Сәкен Рамазанмен бірге сол күні кешке Павлодарға пойызбен кетті. Рамазан жол бойы жұмған аузын ашпады, оның көздерінде болған іске қорқыныш пен таңғалыс байқалып тұрды. Купеде ыстық шай ішкен Сәкен де үндемеді. Келгеннен кейін Сәкен болған жайдың барығын Евгений Ужгинге айтып берді де, ол бәрін қаз қалпында Макс Абдулұлына жеткізді. Бірақ қауесет әдеттегідей болған іс туралы мән-жайды оларсыз-ақ, түймедейді түйедей етіп, тіпті Сәкенді милиция ұстады дегенге дейін үдетіп жеткізіп үлгерген.
Макс Абдулұлы өз шәкіртінен ештеңе сұраған жоқ, тіпті қара күзге дейін оны көрген де емес. Ал Сәкен құрылыс жасағынан оралған уақытта бапкері шыдай алмай шәкіртінің үйіне өзі бас сұқты.
– Иә, бәрін бүлдірдің ғой. Енді бұл тек диплом қорғауыңа әсер етпесе болғаны.
– Әсер етпейді. Комсомолдық тәрбие тұрғысынан жеке парағыма енгізумен сөгіс қана берді.
– Жаратқан Иеге шүкір. Ал ол сөгістің тұжырымдамасы қандай?
– Советтік спортшының этика мен принциптерін қасақана бұзу.
– Иә, шынымен де қасақана бұзушылық па? Спортшының этикалары? Ал оны неге бұзғаныңды сұрамады ма?
– Сұраған жоқ.
– Бақытқа айт, жаттығуларды босатпасын. Әйтпесе ол да ауызбіршілік танытып жүр…
Макс Абдулұлы мен Евгений Ужгин оның енді рингке өмір бойы шықпайтынын түсініп, мұның барлығы диплом қорғауына кері әсер етпес үшін әрекет еткенін кейін білді. Бұған оларға тобындағы староста Меруерт көмектескен екен. Облыстық спорт кеңесінің тәртіптік кеңесінде Макс Абдулұлына нашар тәрбие жұмысы үшін сын-айып жасалды. Бәрінен бұрын Мұса Кәрімұлы жаншып төпелейді деп ойлаған. Бірақ ол астыңғы ернін жымқырып үнсіз ренжіп отырды.
Отырыстан кейін Евгений Ужгин дәлізде Мұса Кәрімұлын тоқтатты.
– Бұл жақтан кеткенің жөн болады, Мұса.
– Мұны қалай түсінуге болады?
– Қалай түсінсең, олай түсін. Сенің секцияңа жігіттер бармайды, ұқтың ба, бармайды. Осымен бітті.
– Ал Макс екеуіңе бара ма? Кімдерді тәрбиелеп жүрсіңдер, шетінен бұзақылар.
– Сенің сөйлемей-ақ қойғаның жөн, Мұса. Қараңды батыр. Жер үлкен, күн астынан орын табылар, тек біздің өңірден емес.
Сәкен өткен күндердегі оқиғаларды еске алуын жалғастырып алтыншы айналымға жүгіріп кетті.
Түнгі алау басында бірге отырған кезде ол ештеңені жасырмай барлығын айтқанда иығына басын қойған Меруерт жылап отырды. Бұл бір-біріне көңіл білдірген түн болатын. Ал әр таң сайын Сәкен құрылыс жасағындағы ең ауыр жұмыстарға кірісті – бетон езді, кірпіштер тиеді және совхоздық жаңа құрылыстарды жүргізді.
Бақыт болса қыс бойы жаттығуларға барды және бәрін таңғалдырып көктемде жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігін жеңіп алып, Павлодардан шыққан алғашқы бокстан республика чемпионы атанды. Бауырларынан басқа ешкім қыс бойы Сәкен Бақытты шынықтырғанын, қорада лапамен қуалағанын, өзі Макс Абдулұлынан үйренгенінің барлығын оның бойына дарытқанын ешкім білмеді. Одан кейін Бақыт боксты тастады да поэзия мен әдебиетке ауысты. Ал Еркен болса музыкамен әуестеніп атақты композитор атанды, оның әндері мен музыкалық шығармалары әлемнің көптеген елдерінде орындалады.
Мұса Кәрімұлы қалада көп тұрақтаған жоқ, көрші облысқа қоныс аударды, зейнеткерлікке шығар алдында еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алыпты дейді.
Макс Абдулұлы жас боксшылардың арасынан нағыз дарындарды табуға тырысып, өз әдістемесі бойынша жаттықтыруды жалғастыруда.
Ал Рамазан дене шынықтыру техникумын тәмамдады, қазір Екібастұзда еңбек етеді.
Сәкен өз бауырларын жақсы көреді және олармен мақтанатын. Дипломын қорғағаннан кейін ол ауыр машина жасау зауытына жолдама бойынша жіберілген Алматыға анасы мен інілерін көшіріп алды.
Көп уақыт өтпей пәтер алды, Меруертке үйленді, қызметі бойынша өсті. Бірақ әрдайым жолында арамдық пен әділетсіздікті кездестірген уақытта ол боксшының жазылмаған намыс пен этика кодексі бойынша осыны жасаған адамдарға өзінің оңтайлы қысқа хук соққысын дарытып қоярмын деп жүрексініп, жұдырығын қалтасында түйіп ұстайтын.
Міне, бокс туралы, тек ол туралы ғана емес әңгіме осындай.
2003 жыл.
Түсініктемелер:
*Целиноград – қазіргі Ақмола облысы.
*Лапа – бокстағы жаттығу қолғабы.
*«Поддавка» – дойбы ойынының орыс тіліндегі атауы.
*Бірінші мамыр көшесі – Павлодар қаласындағы қазіргі Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы көше.
*Куйбышев көшесі – Павлодар қаласындағы қазіргі С. Торайғыров атындағы көше.
*Мухач – бокстағы ең жеңіл салмақтағы боксшы.
*Маска (шлем) – бокстағы жарақат алмау үшін қорғануға арналған бас киім
*Алюминстрой – қазіргі Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» мөлтек ауданы
*Колос – Павлодар қаласындағы қазіргі Естай атындағы мәдениет сарайының балалармен жұмыс жөніндегі бөлімшесі.
«Удар вне ринга» кітабынан аударған: Бейбіт БӨЖЕН
