– Багчасарай, Багчасарай… – деп шал үй алдындағы гүлзардағы гүлдерін күтіп-баптап жүріп әндететін.

Жасы алпыстан асқан. Өмірінің жиырма жылын кемпірімен бірге туған жерден жырақта, Қазақстанның солтүстігінде өткізген. Тілімен орақ оратын көрші Айшаның әңгімелерінен біздің жақтың көп тұрғыны олардың Қырымнан әуелі Ташкентке жер аударылғанын, ал елуінші жылдардың ортасынан бастап тың өлкесіндегі осы жерге қоныстануға рұқсат алғанын білетін. Айшаның айтуынша, қарт Кемалды өкпе демікпесі жиі қинайтын көрінеді. Соның кесірінен көктемде қаланы қалың терек үлпегі басып кететін шақта Ташкентте тұруы қиын болған екен.

Олар өздерімен-өздері тыныш ғұмыр кешіп, көршілермен көп араласа бермейтін. Көшіп бара жатқан шешен отбасынан бөліп төлеуге сатып алған шағын үйлері екі-үш жылдың ішінде мүлде өзгеріп, бірте-бірте бағы құлпырған үйге айналды. Біздің көршілеріміз үшін таңсық саналатын жеміс ағаштары шалдың қолына тиген соң, тез жерсініп кетті. Ал гүлдер ше? Үй маңындағы бос жатқан әрбір сүйем жерге гүл егіп, иісін аңқытып қоятын.

– Багчасарай, Багчасарай! – деп шал жеміс ағаштарына теліп көшет жалғап немесе гүлзардың топырағын қопсытып жүріп әндететін. Аққұба кемпірі Ани де оған қосылып, кейде маңайда ойнап жүрген балаларға, яғни бізге кептірілген өрік, мейіз және алма әкеліп беретін. Мұндай тәттілерді оларға Ташкенттен жиі жіберіп тұратын.

– Багчасарай, Багчасарай! – деп шал үсік шалған бұтақтарды қырқып жүріп те ән салатын. Бірақ оның көзіндегі әлдебір жат дүниенің мұңын көктемде гүлдеген алма ағаштары да, гүлзардағы алғашқы бүршіктер де, Қырымдағы соғысқа дейінгі өмір туралы естеліктер де сейілте алмайтын.

Неге екенін білмеймін, шал кейде бақшадағы жұмыстарға бесінші сынып оқушысы – мені де араластыратын. Бәлкім, мұғалімдердің баласы болғандықтан шығар. Әкем мектеп директоры болып қызмет ететін. Ол кешкісін жұмыстан қайтып келе жатып, өз ауласында әлдебір сиқырлы іс тындырып жүргендей көрінетін шалдың қасына жиі аялдайтын.

Маған олардың не туралы әңгіме өрбітетінін түсіну қиын еді. Шал әкемді жымиып отырып «Муаллим» деп атайтын. Әкем оған татарша ма, арабша ма, әйтеуір қазақша мен татаршаны араластырып жауап беретін. Әңгіме арасында «Каир», «Алушта», «Ақ мешіт» деген сөздер естілетін. Сөз соңында шал міндетті түрде әніне басатын:

– Багчасарай, Багчасарай!

«Бақшасарай деген не?» деген сұрағыма әкем оның Қырымдағы бұрынғы қырым хандары мен әмірлерінің сарайы орналасқан қала екенін, ал «Бақшасарай» атауының сөзбе-сөз аудармасы «Сарай-бақ» деген мағына беретінін түсіндіріп жауап берді. Әкем жақында жолдамамен Алуштаға барып демалып қайтқан-ды. Содан бері Қырым атты ертегідей өлкеде көрген-білгенін айтып тауыса алмайтын.

Бірде ол маған Бақшасарайдың қалай пайда болғаны туралы аңызды «Қырым аңыздары» деп аталатын мұқабасы тозған ескі кітаптан оқып берді. Әкемнің жұмсақ үнін ұйып тыңдадым:

Ертеде Меңлі-Герей ханның ұлы аңға шығады. Қамалдан төмен түсіп, алқапқа бет алады. Қамал қабырғасының арғы жағынан-ақ аң-құсы мол ну орман басталатын. Аңшылық олжалы өтеді. Жүйрік тазылар талай түлкі мен қоянды, тіпті үш тау ешкіні де қуып жетіп, жайратып салады.

Ханзада оңаша қалғысы келіп, нөкерлерін олжамен бірге қамалға қайтарады да, өзі қалың тоғайға қарай бет алады. Атынан түсіп, Чүрүк-Су өзенінің жағасындағы ағаш дөңбегіне отырады. Күн еңкейіп барады. Соңғы сәулелерге алтын түстес реңк берген ағаштардың ұшар басы өзен суына шағылысып тұр. Тыныштықты тек тастарды қуалай аққан өзеннің сылдыры ғана бұзады.

Кенет қарсы жағалаудан сыбдыр естіледі. Жағадағы бұталардың арасынан бір жылан жалмаңдап шыға келеді. Оның соңынан екінші жылан қуып келе жатыр екен. Екеуі бірден жан алысып-беріскен айқасқа түседі. Бір-біріне оратылып, өткір тістерімен қарсыласының денесін жұлқып, етін жұлма-жұлма етеді. Айқас ұзаққа созылады. Ақыры әбден жараланып, әлсіреген шала жансар жылан қарсылық көрсетуге шамасы келмей, басын көтере де алмай қалады.

Сол кезде тоғай ішінен қалың шөпті жапыра жарып, үшінші жылан айқас алаңына асыға жетеді де жеңімпазға тап береді. Сөйтіп тағы бір қанды шайқас басталады.

Күн сәулесіне шағылысқан жылан денелері шөп арасында жылт-жылт етеді. Әрбірін ажыратып алу мүмкін емес. Айқас қызған сайын жыландар жағадан ұзап, бұталардың арасына қарай жылжиды. Артынша сол жақтан ашулы ысыл мен бұтақтардың сытырлағаны естіледі.

Ханзада жеңіліс тапқан жыланнан көз алмайды. Ол өз әкесі, өз руы, өз халқы туралы ойлайды. Қазір олардың да жағдайы осы өлім ауызындағы жыланға ұқсайды. Жау қолынан жараланып, қамалға қамалған. Енді сол жерде жан сауғалап, қыл үстіндегі өмірлері үшін уайымнан арыла алмай жүрген жайы бар. Ал сыртта кімнің кіммен соғысып жатқаны белгісіз. Алтын Ордалықтар түріктерді жеңе ме, әлде түріктер Алтын Ордалықтарды жеңе ме? Енді оның да, әкесі Меңлі-Герейдің де ахуалы жағалаудағы жаралы жыланнан аумайды.

Уақыт өте жыланның қайта қозғала бастағанын жас ханзада байқайды. Ол басын көтеруге тырысады. Әзер дегенде орнынан қозғалып, баяу жылжып суға қарай беттейді. Соңғы күшін жинап, өзенге жетеді де, суға сүңгіп кетеді.

Ханзада өз көзіне өзі сенбейді. Бірер сәт бұрын жанын жаһаннамға жіберуге дайын болған жылан қайта тіріле бастайды. Денесін бұрынғыдан да ширақ қимылдатып, су бетінде ирелеңдейді. Жағаға шыққанда денесінде жарақаттың бірде-бір ізі қалмапты. Содан соң жылан қайтадан суға сүңгіп, өзенді лезде жүзіп өтеді де, таңырқап отырған ханзададан таяқ тастам жердегі бұталардың арасына сіңіп кетеді.

Меңлі-Герейдің ұлы қуаныштан жүрегі жарылардай күйге түседі. Бұл – жақсылықтың нышаны! Демек, олардың қайтадан бас көтеретін күні бар! Олар әлі тірі. Ана жылан секілді қайта тіріліп, қайта күш жинай алады!

Ол атына қарғып мініп, қамалға қарай желмен жарыса жүйткіді. Жеткен бойда өзен жағасында көрген-білгенін әкесіне айтып береді.

Қамалдағылар шайқас алаңынан ақпар күтті. Ақыры көптен күткен хабар да жетеді: Түріктердің айбатты билігі (Осман портасы1) Алтын Орда ханы Ахмедті тізе бүктіріпті. Кезінде Ахмед Герей әулетінің бүкіл әскерін қырып, қалғанын жартастың басындағы қамалда жансауғалауға мәжбүрлеген еді.

Екі жыланның қиянкескі айқасы өткен жерге хан сарай салуды бұйырады. Сарайдың айналасына оның жақын адамдары қоныстанады. Міне, Бақшасарай осылай пайда болыпты. Хан сарайдың елтаңбасына айқас үстінде бір-біріне оратылып жатқан екі жыланды қашап бедерлеуді бұйырыпты. Негізінде үшеу болуы керек еді: айқасып жатқан екеуі және шалажансар үшіншісі. Бірақ үшінші жыланды елтаңбаға түсірмейді. Меңлі-Герейдің даналығы да осында болса керек…

– Багчасарай, Багчасарай! – деп шал шағын бақшасын қопсытып жүріп, әндетуін жалғастыра берді.

– Ал мен Бақшасарай туралы аңызды білемін! – дедім, оның үйінің тұсынан өтіп бара жатып. Қария менің дауысыма самарқау қарап бұрылды. Оның көкшіл көздерінде жария етпеуге тырысқан құпиясының сыртқа шығып кеткеніне деген үрей де, осы сырдың куәсі болған жанға деген өшпенділік те, өткеннің кетпес мұңы да бірдей сыйып кеткендей. Бәрі де бәз баяғыдай болмаған да шығар, бірақ бала кездің ой-қиялы батыл келеді ғой – мына бір қорланса да, иіле қоймайтын асқақ мінезінен қайтпаған қарияның бейнесі көңілімде мәңгілікке сақталып қалды.

– Ә-ә, сен екенсің ғой, киши малай, муаллим баласы! – деді ол есін жиып.

– Көзіндегі әлгі от әп-сәтте сөніп, келе жатқан кештің күңгірт көлеңкесінде жанары солғын тартып, жүзіне немқұрайлылық пен меңіреу бос кеңістік ұялады.

– Қане, айтшы, Багчасарай туралы не білесің?

Мен әкемнен естігендерімнің бәрін шала-шарпы баяндап бердім. Кенет шалдың жанары қайтадан оттай жанды. Ол енді өкпесі мен ашуын жасыра алмай, есі ауысқан адамдай айқайлап жіберді:

– Менмін! Өлім ауызындағы үшінші жыланың – мына мен! Терек мамығына тұншығып жүрген де – мына мен. Мені қызыл әскерлер Ташкентке айдап бара жатқанда да ажал құшпадым. Ол жерде мені өлімнен бетер қинайтын терек мамығы бар. Маған енді туған өзен де, Багчасарайдың тастары да бұйырмайды. А-а-а? – деп шал еңкілдеп жылап қоя берді. Сол сәтте есік алдына жүгіріп шыққан Ани кемпірі есінен танып қала жаздаған шалын жетектеп үйге алып кетті.

Содан кейін мен оны ұзақ уақыт бойы көрмедім. Көршіміз анам Айшаға қарттың жүйкесі сыр беруіне байланысты ауруханаға жатқанын, жуырда шығатыны жайлы айтыпты.

Қарттың үй жанындағы шағын бағы күтімсіз қалып, қурай бастады. Гүлдерін арамшөп басып кетті. Оның үстіне жаз да аптапты болды, аспаннан тамшы да үзіліп түспей қойды.

Қарт көшеге сирек шығатынды шығарды. Ауыл ішінде үйінде тігіншілікпен айналысып жүр деген сөз тарады. Вельвет матасының қиындыларынан ерлердің пиджагы мен күртешесін асқан шеберлікпен тігеді екен. Бірде шешем маған да арнап осындай бір күртешеге тапсырыс берді. Киімді өлшеп көруге барғанымда, қарт үлкен көзілдірігінің ар жағынан маған үнсіз қарады. Бірақ әдеттегі «Багчасарай, Багчасарай!» деген сөзін айтпады. Ал мен болсам оның көзіне қарауға батпадым, бұрынғы есі ауған сәттеріндегі кенеттен лап ете түсетін отты қайтадан көріп қалудан қаймықтым.

Бәрі өз арнасымен ағып жатқандай көрінген. Бірақ бірде олардың үйіне екі милиционер жетіп келді. Дереу көрші-қолаң мен қызық іздеген жұрт жиналып қалды. Әуесқой қауымға Кемал шалдың жеке меншік кәсіппен айналысқанын, сондықтан жаңа заңнамаға сәйкес оның өндірістік құралдары – «Зингер» тігін машинасы мен үстел үстіндегі тоқыма станогын тәркілеу керектігін түсіндірді.

Милиция бұдан бұрын да көршіміз майдангер Есентайдың базар маңында нәпақа тауып жүрген жалғыз атын тәркілемек болып біздің жаққа ат басын бұрған.

Өз ауласына шақырусыз келген меймандарды көрген Есентай оларға қолдан жасалған ағаш протезін алып ұрды да, жалғыз аяғымен сатыдан секіріп барып, атына қарғып мініп, қала маңындағы ауылда тұратын майдангер досына қарай бірден тартқан. Бір аптадан кейін бір бума анықтама мен шешімдерді арқалап оралды. Құжаттарында оның соғыс ардагері, соғыс мүгедегі әрі зейнеткер екені көрсетіліпті. Бос уақыты болғандықтан, тұрғындарға базардан тауарларды жеткізіп беруге жәрдемдесетінін, еңбегі үшін, әрине, ешқандай ақы алмайтынын да дәлелдепті.

Көрші Есентайдың ісі осылай аяқталды. Ал мына жерде, Кемал шалдың үйіне кірген милиционерлер ұзақ уақыт бойы сыртқа шықпай қойды. Кенет үйдің ішінен у-шу мен сатыр-сұтыр еткен дыбыстар естілді. Есі шығып кеткен шал шалбарының ышқырынан делеңдеген сөгілме көйлегімен сыртқа атып шығып, ырылдағандай үн шығарып, азғантай тігін тапсырыстарын бөлшектеп жыртып жатты.

«Багчасарай, Багчасарай!» деген үн жұрттың үстінен жаңғырып тұрды. Ол көктен естілді ме, әлде Кемалдың үйі жақтан шықты ма – ажырату қиынға соқты. Үнсіз ғана жылаған Ани кемпір есінен адасқан қартты бірде жас милиционерден, бірде топырлаған жұрттың қадала қараған көзінен қалқалап, араша түсуге тырысты.

Кенет қарт қолына қытай кестелеу үлгісімен жасалып, бір-біріне оратылған екі жыланға ұқсас қос айдаһардың бейнесі асқан шеберлікпен өрнектелген үлкен атлас жастықты ұстап, көшеге жүгірді.

– Багчасарай, Багчасарай! Мен – үшінші жыланмын! Мені Багчасарайдың тастары ғана құтқара алады! – деп айқайлады қояншығы (эпилепсия) ұстаған шал аузы көпіріп татарша тіл қатып. Жастықты тісімен тістеп жыртып жіберді. Жан-жаққа шашыраған құс мамығы жұрттың төбесінде қалқып, милиционерлердің, байғұс Ани кемпірдің, тыжырайып құлап жатқан Кемал шалдың үстіне баяу қалықтап құлай бастады.

Көп ұзамай үстіне қара халат киген бөтен адамдар келді. Олар қартты байлап-матап, милицияның қара фургонына ұқсас көлікке салып алып кетті.

Екі күннен кейін Кемал қарт психиатриялық ауруханада қайтыс болды. Демікпе ұстамасынан көз жұмыпты деседі.

Оны шығыс салтымен жерледі. Жергілікті татарлар мен төңіректегі көршілер жиналды. Есентай Ани кемпірдің үйіндегі жалғыз кілемді арбасына төсеп, марқұмды базар жанындағы мешітке, ал одан кейін татар зиратына апарып жерледі. Ол кілемді мен кейін Есентайдың үйінен жиі көретінмін. Марқұмның қырқына Ташкенттен көптеген ағайын-туысы келді. Ани кемпір солармен бірге көшіп кетпек болды. Симферопольдің өзінен біреу-міреу келіп қалар деп күткен, ешкім келмеді. Әкем де ауылдастармен бірге қонақасына барды, мен де соңынан ердім. Молда арабша дұға оқи бастағанда, неге екенін білмеймін, мен де оның әуеніне ілесіп, еріксіз күбірлей бастадым:

– Бақшасарай, Бақшасарай!

 1Осман портасы – Осман империясы үкіметінің (министрлер кеңесі мен уәзірлігінің) халықаралық дипломатиядағы ресми атауы.

     

 

 

Аударған: Жақсыбек ШАНЫШҚЫЛЫ

 

 

Добавить комментарий