Григорий Петровтың «Ұлттың оянуы. Финляндия қалай дамыған елге айналды?» кітабы (Аударған Әлия Ибрагимова) адамды білімді, мәдениетті, жауапты, табанды болуға баулиды. Дамуға ұмтылған бір елдің дін, мемлекеттік қызмет, мәдениет, әскер, білім, медицина салаларындағы жетістіктердің бастауында – есті ұрпақ тәрбиелеу миссиясы тұр. Көп бол, күшті бол, бай бол – есті болмасаң, бәрі де бекер! Кітапты оқып отырып; фин халқын жарыққа жетелеген көшбасшы Снелманның ересен еңбегін қазақ халқының келешегі үшін басын бәйгеге тіккен арыстарымыздың жанкештілігімен салыстыра отырып, көңілге түйгенім – осы.

Кітапта автор ұлыстар мен ұлттардың өмірін дуалы жарылып, сыр бере бастаған Мәскеудің Мемлекеттік театрының ғимаратына ұқсатады. Уақытында ең берік, ең мықты материалдармен салынған іргетас жылдар өткен сайын тоза бастайды. «Мемлекет құрылымының ескі жүйесі мен ел басқарудың бұрынғы әдістері өз заманында қаншалықты жеткілікті көрінгенімен, уақыт өте келе заман талабына сай жауап бере алмауы әбден мүмкін» дейді. Сол секілді жеке тұлға да ізденісін күшейтіп, білімін жетілдіріп, көзқарасын мықтап, ұстанымын нығыздап отырмаса, бәсекеге қабілетсіз болып қалмақ. Ал уақыт сынына, заман талабына сай озық біліммен, алғыр өнермен қаруланбаған адам мемлекеттің дамуына иненің жасуындай да үлес қоса алмайды.

          Кітапта жазылғандай, «…Жұлдызқұрт тәрізді жеке бастың қажеттілігінен аспайтын күнделікті күйбең тірліктің құрдымына батып, саз балшыққа сүрінбейік…». Осы ойды алға тартқан автор Снелман үлгісін мысал ете отырып «елдің ертеңіне елеңдейтін есті ұрпақ тәрбиелеу жолында не істеу керек?» деген сауал тастайды.

          Бұл сауал күн тәртібінен түспек емес және өзектілігі мен маңыздылығын еш жоғалтпайды. Осы сұрақ айналасында автор Л.Толстойдың және Томас Карлейльдердің сөздерін мысал ете отырып, «…Қаһарман рухты адам халықты оятып, жалындатады…» деген ойды алға тартады. Автордың сөзінше, ондай адам жалынды туғызатын ұшқынды халықтың өзінен алады. Демек қаһарман да, көшбасшы да, зиялы да, ғалым да, бәрі-бәрі – халыққа табан тірейді, халыққа арқа сүйейді. Қазақ бұндайда: «Халық сүймес, Халық сүйген – Суға батпас, отқа күймес», – дейді.

Автор: «…Біз өз елімізде не бітіріп жүрміз? Ұлтымыздың тағдырындағы елеулі өзгерістерде рөліміз қаншалықты?» деген де сауал қояды. Бұл сауал төңірегінде ол Оңтүстік аймақта мекен ететін тіршілік иелерін мысал етеді.

«…Оңтүстік аймақта теңізді мекен еткен ерекше микроорганизмдер бар көрінеді. Олар өз денелерінен әрдайым сұйықтық бөліп шығарып, өздері көзге көрінбейді. Бұл сұйықтық бір жерде жиналып, уақыт өте келе, маржанға айналады. Осылайша бірнеше кіші маржан аралдары пайда болады екен. Бұл маржан аралдары адамдардың игілігіне де пайдалы.

Керісінше, дәл осы оңтүстік өлкелерде адам өміріне қауіп туғызатын ұсақ құмырсқалар да бар. Олар өздері мекен еткен жердегі үйлердің қабырғалары мен үй жиһаздарын кеміріп тастайды. Адамдар бұл құмырсқалардан құтылу үшін басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болады…» дейді де, оқырман алдына – Ел болашағына, Ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайтын кез келген азаматтың алдына таңдау қояды: Мемлекет болашағы үшін денесінен бөлінген сұйықтықтан маржан пайда болатын микроорганизмбіз бе? Әлде үйлердің қабырғалары мен үй жиһаздарын кеміріп тастайтын құмырсқамыз ба?

Маған кітаптағы осы салыстыру аса қатты ұнады.

Снелман бүкіл саналы ғұмырында: «Елімізді Финляндияны Ресей мен шведтер кез келген сәтте жаулап алуы мүмкін» екенін айтып, отандастарын барынша рухани сілкініске үндейді. Ол мұндай қуатты көршілерге қарсы мықты болу үшін, ең алдымен мәдениет саласында олардан оқ бойы озық тұру қажет деп үндеді. Бұл үндеуге әркім де құлақ асуы қажет! Мәдениет саласында озық болу шақ таңдамайды. Өткен шақта да, бүгін де, келер уақытта да озат екенімізді озып тұрып дәлелдеуіміз міндет!

Снелман дін қызметкерлеріне: «…Өзгеге кінә артқанша, өзіңізді кінәлап, рухани ем іздеңіз. Тәңірді өзіңіз іздеп, табыңыз. Содан кейін халыққа жақсы өмір сүрудің жолын көрсетіңіз!», – дейді. Бұл тек шіркеу поптарына арналған сөз емес. Бұндайды Сұлтанмахмұт: «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен. Біреу қылды дегенді, шығарамын сөзімнен», – деп айтып кеткен.

Кітапта жазылған Халық университетінің пайда болу тарихы кімге болса да ой салады. Мәселені көтеру бір бөлек те, оны шешу; іске асыру үшін табанды еңбек ету бөлек дүние. Снелман бастаған топ Финляндияның барлық аймағында халыққа қызмет етті. Бұны олар еш пайда көздеместен, пендешіліктен ада, таза ниетпен, ынта-ықыласпен жасағаны жүректі елжіретеді. Олар күн-түн демей еңбектеніп, туған ұлтының мәдениетін дамыту жолында күш-жігерлерін сарп етті. Бұл еңбектері үшін атақ, мансап та күтпегені елжіреген жүректің дүрсіліне дүрсіл қосады. Бастамашы топ нақты не істеді? Олар халықтың қолындағы ескі кітаптарды жинап, олардың арасынан сапалыларын іріктеп, шалғай жердегі ауылдарға таратып, ұлттың сауатын ашты. Алғашқы кездері екі-үш аптада бір рет, кейіннен жексенбі сайын қарапайым халықты жинап, оларға түсінікті тілде әдебиет, медицина, экономика және мәдениет тақырыптарында семинарлар ұйымдастырды. Бұл бастамаға өз еріктерімен қосылған мұғалімдер, жер-жерден келген зиялылар мұрындық болды. Осылайша бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған Халық университеті пайда болды…

Бүгінгі күн тұрғысынан айтар болсақ, қоғамда заң шығару, бұйрық беру, тапсырма жүктеу қандай маңызды болса; ол бұйрықтың орындалуын қадағалау қандай маңызды болса – түкпір-түкпірдегі, қиыр-қиырдағы ауыл-ауылды, елді мекенді аралап жүзеге асырылуына тікелей араласу, басы-қасында бас-көз болып жүру соншалықты маңызды. Әйтпесе, ел-жер жағдайынан бейхабар бола отырып, көзбен көрмей, қолмен ұстамай, қағаз бетіндегі статистика-мәліметке «сеніп» жұмыс істеу – опа емес.

          Халық университетінің құрылғанына 25 жыл толған кезде Снелман тұратын Куопио қаласында мемлекеттік деңгейде үлкен шара ұйымдастырылады. Салтанатты жиын соңында сөз сөйлеген Ярвинен бала күнінде ойда-жоқта қатысып, тыңдаушысы болған семинар-конференция оның ойына әсер етіп, тұлға болып қалыптасуына жол ашқанын айтады. Сол семинарда мінбеге шыққан от ауызды, орақ тілді адам Робинзон Крузоны мысал етіп сөйлеген екен. «…Көбінесе Робинзон хикаясын балаларға арналған шығарма деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Менің ойымша, бұл кітап – болашақта өзін мойындатқысы келетін, дамудың даңғыл жолын таңдап алған әрбір жас мемлекет үшін жол көрсететін пәлсапа кітабы. Робинзон – әлемдегі қаһармандардың ішіндегі ең үлкені, ең мықтысы. Керек десеңіз, оның қаһармандығы Цезарь мен Наполеоннан да асып түспесе, кем емес. Себебі ол – мәдениет қаһарманы. Ерекше төзім мен сабырдың шынайы да жанды символы…», – деген сөзі бала Ярвиненге әсер еткен екен. Бұл мысал да бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде өте пайдалы деп білемін.

Жас ата-ана ретінде «Отбасындағы бала тәрбиесі» туралы бөлімге ерекше мән бердім. Онда айтылған: «…отбасылық өміріміз бен ұлтымыздың өмірін айырылмас бір бүтін деп санап, сол жолда күресе білуіміз керек» деген сөз көкейіме қонды. Қазақ бұны да бұрын айтып кеткен: «Отан – отбасынан басталады». Ыбырай атамыз да «Бақша ағаштарында» күтім мен бап ағашқа қандай пайдалы болса, тәрбие мен тәлім де ұрпақ үшін сондай маңызды екенін жазған.

Өмірінің соңғы жылдарында Снелман достарымен әңгіме-дүкен құрып отырып, қазіргі Финляндия мен балалық шағының Финляндиясын салыстырады. Өткен Финляндия – Барлық терезелерін қымтап, жауып тастаған иесіз қалған үй деген мысал айтылады.

«…Мұндай үйді көрген адамның көңілі құлазып, айдалада қалған жандай жетімсіреген күй кешеді. Іші тастай қараңғы, ауасы тар, қабырғалары көгеріп, дымқылдана бастаған бұл үй баспанадан гөрі мазарды еске түсіреді.

Енді бір сәтке осы үйдің жанынан бір топ батыл, қайратты жастар келе жатқанын елестетіңіз. Олардың барлығы көңілді. Жастар әлгі үйге кірісімен, перделердің бәрін алып тастап, терезелерді айқара ашады. Сол-ақ екен, үйдің іші күн сәулесімен нұрланып, таза ауа кіріп, аңқыған гүлдің иісі бөлмелерге тарайды. Үйдің ішіндегі зат атаулыға жан біткендей. Ғимараттың қабырғалары кеңейіп, әсемденіп, жайнап, жасарып сала береді…

Міне, мысалдағы үй сияқты, рухани қамауда қалған қоғамның аудан орталықтары мен ауыл-аймақтарында да ұмыт қалған қалтарыстарға оң өзгерістер енгізуге болады. Тек ол үшін рухтары ояу және төл мәдениетінің дамуы үшін қажыр-қайратын, аямай, еңбектенетін, төзімді, шын мәнінде қаһарман адамдар қажет!…».

Снелманның халық пен билікті (зиялы қауымды) салыстыратын мысалы да көңілге қонымды. Зиялы қауым – Бақша; Халық – Орман дейді ол.

«…Бақшаның ішінде жолдар салынып, екі шетіне топырақ төселіп, гүлдер мен жеміс ағаштары отырғызылған… Ашық алаңқайда күнделікті суарып, уақытылы қырқылып, әдемі қалыпқа келтіріліп отыратын жап-жасыл шөп өсіп тұр… Шегіргүлдер гүлдеп, бақшаның ішін одан сайын көріктендіріп, құлпырта түскен… Жан-жақта орнатылған субұрқақ та көрген жанды сүйсінткендей… Әр-әр жерге ескерткіштер орнатылған… Жолдың шетіне адамдар дамылдап, тынығулары үшін, арнайы жұмсақ дивандар қойылған… Бұл жердегі гүлдің әр талы мен тұқым түйірінің өніп, көктеуі үшін бірнеше адамның еңбегі сіңгені көзге көрініп тұр.

Енді ойша орманды тамашалап көрейік: Бұл жердегі көрініс мүлде басқаша. Ағаштар мен өсімдіктер күтімсіз, қараусыз қалған, жабайы. Ағаш тұқымдары желмен қай жерге түссе, сол жерде өсіп шыға берген. Осының салдарынан орманның ішінде адам жүретін жалғызаяқ жол жабылып қалған. Қатты дауылдан сынған ағаштың бұтақтары жолды жауып тастаған. Алда-жалда алдыңыздан жалғызаяқ жол шыға қалса, ол да жай ғана сәйкестік болуы мүмкін. Мұндай жолдарды ашып, адам жүретіндей дәрежеде болуын қадағалап жатқан жан жоқ.

Халықтың зиялы қауым өкілдері жоғарыда мысалдағы бақша тәрізді. Білім алып, жанға жайлы өмір сүреді, денсаулықтарын күтеді, әдемілікті паш ететін өнер атаулының бәрі осы жоғарғы топ өкілдеріне арналған.

Халық болса, орманға ұқсайды, егер қадірін білетін адам табылып жатса ғана, орманды қорғауға атсалысады…»

Сөз соңында Снелман мен достарының фин халқын рухани ояту үшін – есті азамат тәрбиелеу үшін айтқан әрі орындаған сөздерді жеке топтадым:

«…Өңделмеген егіс алқабының құнарсыз болатыны сияқты толыққанды тәрбие мен мейірімге бөленбеген баланың да өсе келе рухани сана-сезімі кемелдікке жете алмай, адамзатқа да пайдасы шамалы болады»;

«…мейірімге бөленбей өскен балалар болашақта қоғамнан өз орнын таба алмай, қиналады»;

«…тәрбиелері қадағалаусыз қалған бала рухани жетімдікке ұшырайды»;

«…ұлт мәдениетінің өркендеуі жолында қызмет ететін адам барынша шынайы және рухы таза болу қажет»;

«…Егер туған халқың надан, мәдениетсіз болса, оны сынап-мінеудің орнына мәдениет пен өркениетке баулып, халқыңа адал қызмет қылу керек».

Снелман мен жақтастары мәселені көріп, қателікті түзеу үшін билікке де, халыққа да өткір сын айтты. Ал, Фин халқының батбақты даладан ақ лалагүлдер өлкесіне айналудағы басты жеңісі – айтылған сын-пікірге, ақылға, сөзге құлақ асып, нәтиже шығара білуі, қорытынды шығаруы. Ең бастысы, көшбасшыны тани алуы, оған сенуі және бірлікті бекем ұстауы!

Халыққа қызмет етуші, жол бастап жүруші, бағыт беруші надан, жалқау, жауапсыз болса – халық қайда барып оңбақ?! Халық бой түзейтін қызметші – Есті болуы керек, Естілікпен өнеге танытуы, үлгі көрсетуі қажет!

Еламан ҚАБДЫЛӘШІМ

Добавить комментарий