
Павлодарлық жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «LEP» әдеби бірлестігінің төрағасы Бейбіт Бөжен Қостанай қаласында өткен Ыбырай Алтынсарин атындағы VI республикалық әдеби байқауда топ жарып, екі мәртебелі марапатқа ие болды.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармаларды анықтауды мақсат еткен республикалық байқауда жерлесіміздің «Арлан блогер» атты туындысы «Қазақ тіліндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығарма» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар, шығарма балалар қазылар алқасының арнайы жүлдесіне де лайық деп бағаланды.
Бұл – қаламгер үшін айрықша жетістік. Өйткені әдеби шығарманың көркемдік деңгейін кәсіби қазылардың жоғары бағалауы бір бөлек, ал туындының тікелей арналған аудиториясы – жас оқырмандардың ықыласына бөленуі өз алдына үлкен шығармашылық табыс.
Алты жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқау еліміздегі балалар әдебиетін дамытуға, жаңа шығармаларды насихаттауға және талантты қаламгерлерді қолдауға бағытталған. Осы уақыт аралығында байқау қазыларының қарауына ертегілер, әңгімелер, повестер мен фантастикалық туындыларды қамтитын 137 қолжазба ұсынылған.

Биылғы әдеби додада қазақ және орыс тілдеріндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалар анықталды. Қазақ тіліндегі үздік туынды аталымында Бейбіт Бөжен жеңімпаз атанса, орыс тіліндегі үздік шығарма номинациясында көкшетаулық Наталья Яковлеваның «Подводная лодка Макса» повесі жоғары бағаланды.
Байқаудың тағы бір маңызды нәтижесі – ұсынылған әдеби шығармалар негізінде «Таза бұлақ» атты жинақтың жарық көруі. Жинақтың Қостанай облысындағы балалар кітапханаларына таратылуы жоспарланған. Бұл бастама жаңа шығармалардың оқырманға жетуіне, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бейбіт Бөженнің бұл жетістігі – оның соңғы уақыттағы шығармашылық табыстарының заңды жалғасы.
Еске сала кетейік, биыл қазан айында Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында майдангер жазушы Баубек Бұлқышев пен қаламгер Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Заман біздікі» республикалық проза байқауында да Бейбіт Бөжен бас бәйгені иеленген болатын. Еліміздің әр өңірінен 57 қаламгер қатысқан әдеби додада оның «Қан жылаған қарағай» атты әңгімесі үздік деп танылып, автор бір миллион теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды.
Осылайша, араға көп уақыт салмай, жерлесіміз республикалық деңгейдегі екі бірдей әдеби байқауда жеңіс тұғырынан көрінді. Оның бірі – ересек оқырманға арналған көркем проза саласында болса, екіншісі – балалар мен жасөспірімдер әдебиеті бағытында.
Бұл табыстар қаламгердің әртүрлі оқырман аудиториясына арналған шығармашылық ізденісінің нәтижесін көрсетеді.

Қостанайдағы марапаттау аясында Бейбіт Бөжен жас оқырмандармен де жүздесті. Кездесу еркін сұхбат түрінде өтіп, балалар жазушының шығармашылығына қызығушылық танытып, кітап жазудың қыр-сыры жөнінде сұрақтар қойды. Мұндай жүздесулер қаламгер мен оқырман арасындағы рухани байланысты нығайта түсетіні сөзсіз.
Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин есімімен аталатын байқауда жеңімпаз болудың өзіндік символдық мәні бар. Ұрпақ тәрбиесін, білім мен ізгілікті көркем сөз арқылы насихаттаған ағартушының әдеби мұрасы бүгінгі қаламгерлер үшін де маңызды өнеге болып қала береді.
Бүгінде балалар әдебиеті заман талабына сай жаңарып, жас ұрпақтың дүниетанымы мен қызығушылығына жақындай түсуі қажет. Әсіресе цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер кең таралған кезеңде баланың назарын кітапқа аудару, көркем әдебиет арқылы ой-өрісін кеңейту – өзекті міндеттердің бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, «Арлан блогер» атты туындының республикалық деңгейде танылуы, әсіресе балалар қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болуы – назар аударарлық шығармашылық жетістік.

Бейбіт Бөженнің кезекті жеңісі – бір қаламгердің ғана емес, тұтас өңір әдебиетінің қуанышы.
Қаламыңыз қарымды, шығармашылық шабытыңыз шалқар болсын! Әдебиет әлеміндегі жеңісті жолыңыз жалғаса берсін!
Асыл ӘБІШЕВ
