
Елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Ел көлеміндегі ауқымды бастаманы кезекті әдеби байқау немесе белгілі бір мерзімде 15 кітап оқып шығуға үндейтін науқан ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. Оның ар жағында әлдеқайда үлкен мақсат – кітап оқуды ұлттық дағдыға айналдыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейту, ойлайтын, ізденетін, алған білімін өмірде қолдана білетін зерделі ұлт қалыптастыру идеясы тұр.
Бұл бағытқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріп отыр. Президент 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойды. Құжатта кітап оқу мәдениетін насихаттау адами капиталды дамытудың, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың, білім беру мен тәрбиенің негізгі элементтерінің бірі ретінде айқындалған.
Жарлықтың өзінде көзделген түпкі мақсаттың бірі – шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау. Осы тұрғыдан қарағанда, «Кітап оқитын ұлт» марафоны – жеке бір жобадан гөрі елдің интеллектуалдық дамуына бағытталған ауқымды саясаттың бір тетігі.
КІТАПҚА ҚАЙТА ОРАЛУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?
Бүгінгі адам ақпарат тапшылығын сезініп отырған жоқ. Керісінше, біз ақпарат тасқынының ішінде өмір сүріп жатырмыз. Телефонды қолға алған сәттен әлеуметтік желілердегі қысқа бейнелер, жаңалықтар, жарнамалар, мессенджерлердегі хабарламалар назарымызға таласады. Бір ақпаратты толық қорытып үлгерместен екіншісіне көшеміз. Ақпарат көбейді. Бірақ оны байыппен қабылдау, салыстыру, саралау және ой елегінен өткізуге бөлінетін уақыт азайып барады. Мәселенің күрделі тұсы осында.
Кітап дәл осы асығыстыққа қарсы интеллектуалдық дағды қалыптастырады. Ол адамды бір ойдың соңына дейін баруға, себеп пен салдарды байланыстыруға, автор пікіріне күмән келтіруге, келісуге немесе қарсы дәлел іздеуге үйретеді. Сондықтан кітап оқу – тек әдеби шығарма оқып, рухани ләззат алу ғана емес. Кітап оқу – ойлау жаттығуы. Ал ойлайтын азаматтардың көп болуы – мемлекеттің стратегиялық капиталы. Президент Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесінің адами капиталмен тікелей байланыстырылуы да сондықтан маңызды.
«ЗЕРДЕЛІ ҰЛТ» – МӘНІ ЗОР ТҰЖЫРЫМДАМА
Мемлекет басшысының Жарлығында бір ғана кітап оқу жобасын өткізу көзделмеген. Құжатта тұтас инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған бірнеше нақты міндет қойылған. Соның бірі – жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайда 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу.
Сонымен қатар «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын жүзеге асыру, кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындау, «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеттері белгіленген. Бұл шараларды бір-бірінен бөліп қарау қиын. Мұнда кітап – мәдениеттің ғана емес, білімнің, технологияның, тәрбиенің және елдің бәсекеге қабілеттілігінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Әсіресе, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының жасанды интеллектіні дамыту жағдайымен сабақтастырылуы назар аудартады. Жасанды интеллект адамға ақпаратты бірнеше секундта тауып бере алады. Мәтін құрастырады. Талдау жасайды. Аударады. Есеп шығарады. Бірақ сол ақпараттың ақиқатын ажырататын, оған сыни көзбен қарайтын, алынған мәліметті өз білімімен салыстыратын адам қажет. Демек, технология дамыған сайын адамның оқу және ойлау қабілетінің құны төмендемейді, керісінше артады.
АЛТЫ АЙДА – 15 КІТАП
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйекте басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Одан кейін наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі. Марафон қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада ұйымдастырылған. Қатысушыларға ұсынылған жалпы кітап қоры – 330 кітап. Оның 165-і қазақ, 165-і орыс тілінде. Тізімге отандық қаламгерлердің туындылары, әлем классикасы, заманауи шығармалар, әлемдік бестселлерлер және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері енгізілген.
Әр қатысушы алты айда 15 кітап оқуы тиіс. Бір қарағанда, бұл жай ғана сан болып көрінуі мүмкін. Алайда алты айда 15 кітап оқу дегеніміз – орта есеппен әр он екі күн сайын бір кітапты аяқтау. Ең бастысы – адамның бірнеше күн кітап оқып, кейін тастап кетуіне емес, жарты жыл бойы тұрақты оқуына жағдай жасалады. Міне, нақты осы жерде марафонның басты идеясы көрінеді. Түпкілікті мақсат – кітап санын көбейту ғана емес, оқу әдетін қалыптастыру. Егер адам алты ай бойы күн сайын кітапқа уақыт бөлуге дағдыланса, марафон аяқталғаннан кейін де сол әдеттің сақталу мүмкіндігі жоғары.
ЖЕТІ БАҒЫТ – БҮКІЛ ҚОҒАМДЫ ҚАМТИТЫН ЖҮЙЕ
Жобаның тағы бір ерекшелігі – кітап оқуды тек мектеп оқушысы мен студентке жүктемеуі. Марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – «Кітап оқитын мектеп»; «Кітап оқитын колледж»; «Кітап оқитын университет»; «Кітап оқитын педагог»; «Кітап оқитын әулет»; зияткерлер; мемлекеттік қызметшілер.
Барлық бағыт маңызды. Десек те, мен осының ішінде «Кітап оқитын әулет» бағытына ерекше назар аударған жөн деп түсінемін. Біз балаларға: «Кітап оқы» деген талапты жиі айтамыз. Бірақ бала үйінде кітап оқып отырған әкесін немесе анасын қаншалықты жиі көреді? Бұл мәселе қоғамды ерекше ойландыруы тиіс деп есептеймін. Баланың кітапқа қызығушылығы мектептен ғана басталмайды. Оның алғашқы кітапханасы – үйі, алғашқы оқу ортасы – отбасы. Әкесі мен анасы кітап оқыса, бала оқыған шығармасын ата-анасымен талқыласа, кітап оқу дағдысы дегеніңіз талап-міндеттен дағды-мәдениетке айналады ғой. Қысқасы, оқитын баланы қалыптастыру үшін алдымен оқитын орта қалыптастыру керек. Сондықтан да мен үшін «Кітап оқитын әулет» бағыты жобаның ең маңызды бағыттарының бірінен саналады.
ОҚУДАН ОЙЛАНУҒА ДЕЙІН…
Әлбетте, бұл марафонда қатысушының міндеті кітаптың соңғы бетін жабумен аяқталмайды. Әр адам оқыған шығармасы туралы жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырады. Кейін қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздерден өтеді. Бұл талаптың да өзіндік маңызы зор. Өйткені кітапты оқып шығу мен кітапты түсініп оқу – екі бөлек ұғым. Оқырман шығармадан не түйді? Автор қандай мәселе көтерді? Кейіпкердің әрекетімен келісе ме? Шығармадағы идея бүгінгі өмірмен қалай сабақтасады? Авторға қарсы уәж айта ала ма?
Міне, осындай сұрақтарға жауап іздеген кезде оқу интеллектуалдық еңбекке айналады. Осы себепті пікір жазуды формалды есепке айналдырмау да аса маңызды. Қатысушы интернеттен дайын аннотацияны көшіргеннен гөрі, үш-төрт сөйлем болса да, өз ойын жазуы керек. Біле білсек, зерделі ұлт дайын пікірді қайталайтын адамдардан емес, өз көзқарасын қалыптастыра алатын азаматтардан құралады.
МИЛЛИОН ОҚЫРМАН – АУҚЫМДЫ МАҚСАТ
Жобаның биылғы ауқымы да ерекше. Ұйымдастырушылар «Кітап оқитын ұлт» марафоны арқылы бір миллионнан астам азаматты қамтуды көздеп отыр. Жалпы, бұл көрсеткішке тек статистика ретінде қарамаған жөн. Егер миллион адам бірнеше ай бойы кітап туралы әңгімелесе, әлеуметтік желілерде оқыған шығармаларын талқыласа, кітапханаларға барып, кітап сатып алып, баласына кітап ұсынса – қоғамдағы ақпараттық күн тәртібінің өзінде өзгеріс болуы әбден мүмкін. Алагортим бойынша біз әлеуметтік желілерде қандай тақырыпты көп талқыласақ, қоғамдық қызығушылық та сол бағытқа ауады. Спортпен айналысу сәнге айналғаны сияқты, кітап оқу да заманға сай интеллектуалдық мәдениеттің белгісіне айналуы тиіс.
ЖҮЛДЕ КІТАП ОҚУҒА ЫНТАЛАНДЫРА МА?
Республикалық марафонда қатысушыларды материалдық ынталандыру мәселесі де қарастырылған. Ресми мәлімет бойынша өңірлік кезеңде бірінші орынға – 600 мың, екінші орынға – 450 мың, үшінші орынға – 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақылар беріледі. Жеңімпаздар дипломдар мен электронды сертификаттарға ие болады.
Әрине, қоғам арасында «кітапты сыйлық үшін оқу дұрыс па?» деген сауал тууы заңды. Бірақ интеллектуалдық еңбекті марапаттаудың еш сөкеттігін көрмедік. Мәселен, спортшы жарыста жеңсе – сыйлық алады. Оқушы олимпиадада үздік шықса – марапатталады. Өнерпаз байқауда топ жарса – жүлде иеленеді. Ендеше алты ай бойы кітап оқып, білімін сынаған адамның еңбегі неге бағаланбауы керек? Мәселенің бір мәнісі сол – сыйлық һәм ынталандыру адамды басыбүтін кітапқа алып келуі мүмкін. Ал кітап сол адамды өзіне мәңгілік оқырман етіп қалдыруы керек. Міне, марафонның нағыз жеңісі де осы болмақ.
ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ ҮШІН ДЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК
«Кітап оқитын ұлт» жобасының ықпалы жеке оқырманмен шектелмейді. Әрине, оқырман саны артса – кітапқа, жалпы әдебиетке деген сұраныс та өседі. Ал кітапқа сұраныс еселенсе – баспа ісі де дамиды. Баспа қызметі дамыса – жазушыға, аудармашыға, редакторға, иллюстраторға, дизайнерге сұраныс артады. Кітап дүкендері мен кітапханалардың жұмысы жанданады. Жаңа авторлардың танылуына мүмкіндік туады. Бірімін бірі сабақтасып жатқан осындай бағыттар жан-жақты қамтылып, шешімін табады. Сондықтан кітап оқу мәдениеті – тек руханият мәселесі емес. Оның айналасында тұтас креативті индустрия қалыптасады. Мұның өзі қазақ тіліндегі сапалы кітап нарығын кеңейту үшін маңызды. Өйткені көзделіп отырған бір миллион адамның белгілі бір бөлігі қазақ тіліндегі кітаптарды жүйелі түрде оқуға көшсе, бұл дегеніңіз отандық баспа нарығына елеулі серпін бере алады.
КІТАПХАНА – ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КЕҢІСТІК
Президенттің мамыр айындағы Жарлығында атап көрсетілген Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жөніндегі тапсырманың да стратегиялық маңызы аса зор. Бұрын кітапхана ақпаратқа қол жеткізудің негізгі орталығы еді. Қазір бұл қызметтің едәуір бөлігін интернет атқарады. Бірақ кітапхана ісі ешуақытта жоғалмауы керек. Ол тек заманауи қажеттіліктер мен технологиялар тұрғысынан өзгеруі керек. Осы күні кітапхана әдебиет сақтайтын ғимарат қана емес, адам кітап оқитын, пікірталасатын, авторлармен кездесетін, білім алатын, цифрлық ресурстарды пайдаланатын интеллектуалдық кеңістікке айналуға тиіс. Ал бірыңғай цифрлық платформа ауылдағы бала мен үлкен қаладағы студенттің сапалы әдебиетке қолжетімділігін жақындата алады. Бұл жаңашылдық кітапқа қолжетімділік бағытындағы әлеуметтік теңдік мәселесін үйлестіретін болады.
МАРАФОН АЯҚТАЛҒАН СОҢ…
Кез келген үлкен бастаманың өз тәуекелі мен қауіпі де алдан шығатыны аян. Ол – науқаншылдық. Миллион адамды тіркеуге, 15 кітап оқытуға болады. Тіпті, жеңімпаздарды анықтап, марапаттауға болады. Ал содан кейін ше?
Меніңше, біз «Кітап оқитын ұлт» жобасының шынайы нәтижесін марафон аяқталған күні емес, одан кейінгі уақытта бағалайтын боламыз. Республикалық марафоннан соң қанша адам кітап оқуды жалғастырып кетті? Қанша отбасыда бірге кітап оқу дәстүрі пайда болды? Мектеп кітапханаларына келуші шәкірттер қатары көбейді ме? Қазақ тіліндегі әдебиеттерге сұраныс артты ма? Жастар оқыған кітаптарын әлеуметтік желілерде талқылай бастады ма? Жаңа автор іздейтін оқырман көбейді ме?
Анығы сол, егер біз осынау маңызды сұрақтарға бірнеше жылдан кейін оң тұрғыда жауап бере алсақ, «Кітап оқитын ұлт» жобасы өз миссиясын орындады деуге толық негіз болады.
ОҚИТЫН ҰЛТ – ОЙЛАЙТЫН ҰЛТ
Сөз жоқ, бүгінгі Қазақстан жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басып келеді. Ал технологиялық қоғамға тек техниканы тереңнен меңгерген адам жеткіліксіз. Оған ақпаратты талдайтын, ақиқат пен жалғанды ажырататын, ойын жүйелі жеткізетін, тарихи жадысы бар, мәдениетін білетін және үнемі білімін толықтыратын азамат қажет. Мұндай адамды қалыптастырудың ең сенімді құралдарының бірі әлі де – кітап. Солай болып қала да береді.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесін адами капитал, бәсекеге қабілетті тұлға және зерделі ұлт ұғымдарымен сабақтастыруында терең мән-маңыз бар. «Кітап оқитын ұлт» марафоны осы үлкен мақсатқа апаратын алғашқы қадамдардың бірі деп қабылдауымыз керек. Дегенмен, кітап оқу мәдениетін бір ғана мемлекеттік бағдарлама қалыптастыра алмайды. Бір ғана жоба аспандатып кете алмайтыны да мәлім. Оқу мәдениеті ең әуелі отбасынан басталады. Кейін мектепте жалғасады. Одан ары кітапханада тереңдейді. Нәтижесінде бұл үрдіс қоғамда құндылыққа айналады. Ал мемлекет өз тарапынан осының барлығына да мүмкіндік пен орта қалыптастырады.
Кітап оқитын адам – өзгенің айтқанын қабылдай беретін адам емес. Ол сұрақ қояды. Салыстырады. Күмәнданады. Ізденеді. Өз қорытындысын жасайды. Сондықтан кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Ал ойлайтын ұлт – зерделі ұлт. Тек зерделі ұлт қана бүгінгідей аумалы-төкпелі, өзгермелі жаһанда жұтылып кетпей, өз жолын, өз бағыты мен бағдарын өзі таңдай алады.
Оқырманға сәттілік!
Асыл ӘБІШЕВ.
