Павлодарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан таңдаулы ойлары мен тұжырымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағының таныстырылымы өтті. Тағылымды басылым Президенттің мемлекетшілдік ұстанымын, қоғамдық-саяси көзқарасын, ел дамуына қатысты пайымдарын бір арнаға тоғыстырады.

Бүгін Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жинағының таныстырылымы өтті. Рухани-танымдық маңызы бар шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, қаламгерлер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылары қатысты.
Сарабдал саясаткер сөзі – мемлекет дамуының бағдары
Жаңа жинаққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары саяси қызметі барысында қазақ және орыс тілдерінде айтқан таңдаулы сөздері енгізілген.
Кітапты құрастыру кезінде Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары, түрлі жиындар мен кездесулердегі сөздері, маңызды іс-шараларда жасаған баяндамалары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Свет и тень», «Преодоление», «Как это было… Хроника волнений в Пекине (апрель-июнь 1989)» секілді авторлық еңбектеріндегі ой-тұжырымдары да жинаққа арқау болған.
Бұл ерекшелік кітаптың мазмұндық ауқымын кеңейте түседі. Өйткені мұнда белгілі бір кезеңнің саяси мәлімдемелері ғана емес, мемлекет қайраткерінің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дүниетанымы, дипломатиялық тәжірибесі, ел мен әлемдегі үдерістерге қатысты пайымы көрініс табады.
Әділетті қоғам идеясының мәні
Жинақтың атауындағы «Әділетті қоғам» және «шыншыл сөз» ұғымдарының өзінде үлкен мән жатыр. Әділет – мемлекеттің орнықты дамуы мен қоғам сенімінің негізгі тіректерінің бірі болса, шыншылдық – билік пен халық арасындағы ашық байланыстың маңызды шарты.
Кітаптың басты мақсаты да Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұтымды сөздері мен ұтқыр тұжырымдары арқылы оның қайраткерлік болмысын, парасатты пайымын, саясаткер әрі зияткер ретіндегі өзіндік қолтаңбасын кеңінен танытуға бағытталған.
Сонымен бірге жинақ қазіргі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Президенттің әр кезеңдегі ойларын бір желіде қарастыру арқылы оқырман ел дамуының мақсат-міндеттері мен мемлекетті басқарудағы басты қағидалардың сабақтастығын аңғара алады.
Айгүл Маликова: жинақ – елдік мұраттарға жетудің бағдары
Таныстырылымға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Қайыртасқызы Маликова қатысып, жаңа еңбектің қоғамдық маңызына тоқталды.
Ол Мемлекет басшысының жинағында көтерілген ойлар мен тұжырымдардың елдік және ұлттық мұраттармен сабақтасып жатқанын атап өтіп, бұл еңбекті қоғамның алдағы мақсаттарға жетуіне бағыт-бағдар беретін мазмұнды дүние ретінде бағалады.
Шын мәнінде, мемлекет қайраткерінің әр кезеңде айтқан сөздерін жинақтап, жүйелі түрде ұсынудың өзіндік маңызы бар. Уақыт өте келе саяси сөздер мен баяндамалар белгілі бір тарихи кезеңнің дерегіне айналады. Ал олардың арасынан қоғамның дамуына қатысты өзекті ойларды іріктеп ұсыну бүгінгі оқырман үшін ғана емес, келешек зерттеушілер үшін де құнды.
Зиялы қауым ой бөлісті
Таныстырылым барысында өңірдің зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жазушылар мен ғалым-профессорлар жаңа жинақтың мазмұны мен қоғам үшін қажеттілігі жөнінде пікірлерін ортаға салды.
Жиында кітапты тек саяси мазмұндағы еңбек ретінде емес, мемлекет, қоғам, елдік сана, жауапкершілік, әділет, білім мен парасат секілді құндылықтарды зерделеуге мүмкіндік беретін танымдық басылым ретінде қарастыру қажеттігі айтылды.
Әсіресе, мұндай жинақтың жастар үшін маңызы айрықша. Себебі мемлекеттің даму бағытын түсіну үшін бүгінгі шешімдерді ғана емес, сол шешімдердің негізінде жатқан идеялар мен қағидаларды да білу қажет. Президенттің әр жылдары айтқан ойларын салыстыра оқу жас ұрпақтың саяси және азаматтық дүниетанымын кеңейтуге септігін тигізеді.
Сөздің салмағы уақытпен өлшенеді
Қоғамдық-саяси өмірде айтылған әрбір сөздің салмағы бар. Ал мемлекет басшысының сөзі елдің стратегиялық бағытын, қоғамдық құндылықтарды, уақыт талабын айқындайтын ойлармен астасқанда оның маңызы арта түседі.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағының құндылығы да осында. Бір кітаптың аясына топтастырылған ойлар арқылы оқырман Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаткерлік көзқарасының қалыптасу жолын, мемлекетшілдік ұстанымдарын және қазіргі Қазақстанның даму басымдықтарына қатысты пайымдарын жүйелі түрде зерделеуге мүмкіндік алады.
Сондықтан Павлодардағы таныстырылымды жаңа кітапты көпшілікке ұсынған мәдени шара ретінде ғана емес, мемлекет, қоғам және азамат жауапкершілігі туралы мазмұнды пікір алмасуға жол ашқан тағылымды басқосу деп бағалауға болады.
Жинақ саясаттанушылар мен зерттеушілерге, ғалымдар мен журналистерге ғана емес, елдің қоғамдық-саяси өміріне қызығатын қалың оқырманға, әсіресе жас буынға арналған.
Өйткені әділетті қоғам құру – тек мемлекеттік институттардың міндеті емес. Ол азаматтың санасынан, жауапкершілігінен, әділетке деген талабынан басталады. Ал сол мақсатқа бастайтын құндылықтарды түсіндіруде шыншыл әрі салмақты сөздің орны әрдайым бөлек.
Асыл ӘБІШЕВ.
