Павлодар өңірінде соңғы жылдары қазақтың құмай тазысына деген қызығушылық артып келеді. Бірі оны ата-бабадан қалған аңшылық дәстүрдің жалғасы деп бағаласа, енді бірі ұлттық тұқымның табиғи болмысын сақтауды азаматтық парыз санайды. Қалай болғанда да, тазыға деген ықыластың күшеюі – халқымыздың төл мәдениетіне деген жаңарған құрметтің бір белгісі.
Тазы өсіру – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Далада еркін шауып, ұзақ қашықтыққа төзе алатын бұл иттерге кеңістік, дұрыс тамақтану, тұрақты жаттығу және ерекше күтім қажет. Ал тұқым өсірушілер үшін бұған қоса ең маңызды міндеттердің бірі – тазының табиғи қасиеттері мен тұқым тазалығын сақтау.
Қазір тазыға деген қызығушылық Қазақстанмен ғана шектелмейді. Ресей мен Еуропадағы ит өсірушілер де қазақы тазының ерекшелігіне назар аударып отыр. Павлодар облысының өзінде бұл ұлттық тұқымды 200-ден астам адам өсіреді. Демек, дала жүйрігінің келешегі үшін алаңдайтын ғана емес, оны сақтауға нақты үлес қосып жүрген жандар да бар.

2023 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазы мен төбеттің тұқымын сақтау және қалпына келтіру туралы» заңға қол қойған болатын. Осыдан кейін қазақы тазы мен төбеттің тұқымын сақтау, қалпына келтіру, дамыту ісіне жаңа серпін беріліп, бұл саламен айналысып жүрген итбегілердің еңбегін бір жүйеге келтіруге жол ашылды.
Осы орайда қазақы Тазы күні қарсаңында Павлодар облысындағы тазы жанашырлары – Дәурен Талғатбекұлы Көптілеуов пен Самат Әнуарұлы Башыровты облыстық радио студиясына шақырып сұқбаттасқан едік.
– Павлодар облысында тазы тұқымын өсіру, дамыту, баптау және түрлі сайыстарға қатыстыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз. Кейбір деректер бойынша, өңірде тазы ұстайтын 200-ден астам жанашыр бар екен. Осы ортада өздеріңіз де белсенді жұмыс істеп келесіздер.
Алғашқы сауалымды Дәурен Талғатұлы, өзіңізге қойғым келеді. Қазақ үшін тазы – жай ғана ит емес, ата-бабадан жеткен саятшылық өнерінің ажырамас бөлігі. Қыран құс пен құмай тазыны халқымыз ежелден ерекше қастерлеген. Өзіңіз тазы баптауға қай жастан келдіңіз? Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай басталды?
Дәурен Көптілеуов:
– Сұрағыңызға рахмет. Тазыға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Әкемнің досы, Төлегелі деген ақсақал маған бір күшік сыйлаған еді. Сол тазыны көріп, бағып, баптап жүргеннен кейін қызығушылығым арта түсті. Содан бері бұл іспен айналысып келе жатқаныма 15 жылдан астам уақыт болды.
– Қателеспесем, Төлегелі ақсақалдың «Көкдауыл» деген атақты тазысы болған ғой?
Дәурен Көптілеуов:
– Иә, дұрыс айтасыз. Бүкіл қазақ еліне аты белгілі «Көкдауыл» деген тазы болған. Ол қасқыр алатын, өте мықты ит еді. Біз де сол тұқымнан тараған тазыларды ұстауға, сақтауға тырысамыз.
– Самат Әнуарұлы, «Көкдауылды» мысалға алып отырмыз. Бұл – қасқыр алатын, аңға жарамды тазы. Жалпы қазақ тазыларының қандай ерекшеліктері бар? Қазақ даласында қалыптасқан тазының қандай түрлері кездеседі? Ал өздеріңіз өсіріп отырған тазылар қандай тұқымға жатады?
Самат Башыров:
– Жалпы халық арасында құмай тазы деп айтылады ғой. Қазақы тазылардың ішінде көбіне шашақ құлақ және жазық құлақ деп бөлінеді. Біз негізінен шашақ құлақ тазыларды сақтауға басымдық беріп отырмыз. Өйткені бұл біздің табиғатымызға бейімделген. Павлодар сияқты солтүстік өңірлердің қысы суық, желі мен аязы қатты болады. Шашақ құлақ тазылардың жүні қалыңдау, сондықтан суыққа төзімді келеді. Аңшылық кезінде де өзінің табиғи қасиетін жақсы көрсетеді.
– Демек, Павлодардың қатаң табиғатына бейімделген, жел мен аязға төзімді тазыларды сақтауға мән беріп отырсыздар. Тазыны сән үшін немесе ермек үшін асырамайтындарыңыз белгілі. Бұл – ең алдымен атадан балаға жалғасқан дәстүр. Ендеше, тазы өсірудегі басты мақсаттарыңыз қандай? Аңшылық па, спорттық жарыстар ма, әлде ұлттық тұқымды сақтап қалу ма?
Самат Башыров:
– Меніңше, ең бірінші мақсатымыз – тазы тұқымын сақтап қалу. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Екіншіден, аңшылық дәстүрін жалғастыру. Үшіншіден, жастарға үлгі көрсету. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді ұмытпауымыз керек. Бұрын «бір тазы бір ауылды асырайды» деген сөз болған. Сондықтан осы тарихи мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз.
– Қазақта «баланың санын айтпайды, өсірген малының санын жоғалтпайды» деген ырым бар. Дегенмен, қолдарыңызда қанша тазы бар?
Самат Башыров:
– Қазір күшіктерімен қосқанда он шақты тазы бар.
Дәурен Талғатұлы, өзіңізде қанша тазы өсіріп отырсыз?
Дәурен Көптілеуов:
Менде де күшіктерін қосқанда жеті-сегіз, кейде он шақты тазы бар.
– Тазыларды Қазақстанның әр өңірінен алып, тұқымын толықтырып отырасыздар ғой. Күшік кезінен аласыздар ма? Өйткені тазыны өсіріп, баптау оңай шаруа емес. Қолдарыңыздағы иттерді қай өңірлерден жинақтадыңыздар? Барлығы Павлодардың өзінде туған тазылар ма?
Дәурен Көптілеуов:
Павлодар облысының өзінде тазы саны жеткілікті. Қан алмастыруға, тұқым жаңартуға мүмкіндік бар. Облыс бойынша тазы ұстайтын 200-ге жуық азамат, яғни тазы жанашырлары бар. Ал нақты тазы санына қатысты дәл цифр айту қиын. Өйткені бір адам бір-екі тазы ұстаса, енді біреулерінде он, жиырма, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан нақты санды есептеу оңай емес.
Қазір Қазақстанның әр өңіріндегі тазы жанашырларымен байланыстамыз. Заманауи технологияның арқасында WhatsApp, телефон арқылы үнемі хабарласып тұрамыз. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерден тазы әкеліп, қан алмастырып, тұқымды жақсартуға жұмыс істейміз.
– Ресейден, Беларусьтен де иттер әкеліп, қан алмастыру жұмыстары жүргізілетінін айтып отырсыздар. Осы тұста бір мәселе қызықтырады. Ресейдің «орыс псовая борзая» деген тұқымы бар. Қазақтың шашақ құлақ тазысынан оның айырмашылығы қандай?
Самат Башыров:
– Тазы мен орыс псовая борзаясының өзіндік ерекшеліктері бар. Борзая негізінен көзбен көріп қуып жетуге бейім. Ал тазының артықшылығы – көзімен көріп қана қоймай, иіс арқылы да із кеседі. Яғни тазыны әмбебап аңшы ит деуге болады.
Тазының тағы бір ерекшелігі – өзін таза ұстайды. Үйде ұстап отырған адамдарды да білеміз. Көлікке мінгізгенде немесе үйде ұстағанда басқа иттердегідей ерекше иіс болмайды. Өзі өте ақылды, тәрбиелі келеді.
– Тазыны үйде ұстау демекші, менің де нағашы атам Бәзи деген кісі тазы ұстаған. «Қыран» атты тазысы болды. Өте ақылды ит еді. Түнде сыртқа шыққысы келсе, иесіне белгі беріп, қайта кіргенде де үйге өзі келетін. Жұмсақ көрпешенің үстінде жататын. Бұл, әрине, тәрбиенің нәтижесі. Ал тазыны тәрбиелеуді неше айлығынан бастайсыздар? Басқа ит тұқымдары секілді арнайы үйрету керек пе, әлде оның табиғи түйсігі мықты ма?
Дәурен Көптілеуов:
– Тазының өзінің аңшылыққа деген табиғи бейімі бар. Біз күшіктерді екі айлығынан бастап үйрете бастаймыз. Далаға шығарып, үлкен сақа тазылармен бірге жүргіземіз. Сол арқылы олар аңшылықтың қыр-сырын біртіндеп өздері үйреніп кетеді.
Әрине, арнайы тәсілдер де бар. Соның бірі – шырға тастау. Күшікті шырғаның соңынан жүгіруге, іздеуге үйретеміз.
– Шырға тарту мен аңшылықтың өз ерекшеліктері бар ғой. Осы екі бағыттың айырмашылығы неде?
Самат Башыров:
Аңшылық кезінде күшіктерді үлкен, тәжірибелі тазылар үйретеді. Сақа тазы аң ұстаса, күшіктер соны көріп, тәжірибе жинайды. Бұл – табиғи жолмен үйретудің бір түрі.
Ал шырға тарту – соңғы жылдары дамып келе жатқан спорттық бағыт. Аңшылық маусымы кезінде тазыларды аңға шығарамыз. Ал маусым жабылған кезде олардың бабын жоғалтпау үшін шырға тарту арқылы жаттықтырамыз.
Тағы бір мақсаты – қазақтың тазысын халыққа көрсету, насихаттау. Аңшылыққа бармайтын адамдар ипподромға келіп, тазылардың жарысын тамашалай алады. Бұл да ұлттық тұқымды дәріптеудің бір жолы.
Тазы – қазақтың көшпелі өркениетімен бірге қалыптасқан мәдени құндылықтардың бірі. Еліміздің әр өңірінде тазылардың қатысуымен жарыстар ұйымдастырылып, дәстүрлі аңшылық өнер жаңғырып келеді. Аңшылық маусымы аяқталғаннан кейін өтетін шырға тастау, яғни курсинг жарыстары да тазының жүйріктігін сынайтын танымал шаралардың бірі.
– Көрме туралы да айтып қалдыңыздар. Наурыз мерекесінде тазыларды халықтың алдына шығарып, таныстырып жүрсіздер. Жуырда Павлодарда жаңа ипподром ашылып, онда тазылардың жарысы да өтті.
Қандай көрмелер мен жарыстарға қатысып жүрсіздер? Астана төрінде өткен EXPO көрмесіне, Абайдың 180 жылдығына арналған үлкен мерекелік шараларға, Шығыс Қазақстандағы Бозанбайдағы «Салбурынға» қатысқандарыңызды білеміз.
Дәурен Көптілеуов:
– Иә, халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысып, жақсы бағалар алып жүрміз. Менің тазым Томпақ түрлі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Павлодардағы ипподромда да жүлделі орын алды. Бозанбайдағы салбурынға да барып қайттық.
Самат Әнуарұлы, Бозанбайдағы салбурынға қанша тазы апардыңыздар?
Самат Башыров:
– Екі тазымды апардым. Томпақ және Көктуғын деген тазыларымыз қатысты. Павлодар облысынан барған екі тазының бірі – Томпақ сол халықаралық құсбегілік турниріндегі тазы жарысында үшінші орын алды.

– Ал Астанадағы EXPO халықаралық көрмесіне шетелден де сарапшылар келген екен. Швеция, Венгрия және ТМД елдерінен мамандар қатысқанын білеміз. Олар қазақтың тазысын зерттеп, бағалады ма?
Самат Башыров:
– Иә. Ол көрмені ұйымдастыруда Қазақстан кинологтар одағының еңбегі зор болды. Бауыржан Серікұлы бастаған азаматтар шетелдік сарапшыларды шақырып, қазақтың тазысын халықаралық деңгейде таныстыруға жұмыс істеді.
Негізгі мақсат – қазақ тазысын әлемге таныту, оның басқа елдердегі борзая тұқымдарынан өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсету. Қазақ тазысының жеке тұқымдық желісі бар екенін дәлелдеу маңызды.
Былтыр Швейцарияға барып, қазақтың тазысы әлем чемпионатында жеңіске жетіп қайтты. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
– Тазы жарыстары әртүрлі қашықтықта өтетінін білеміз. Тіпті бес шақырымдық жарыстарға қатысқан тазылар да бар екен. Бұл сайыс қай жерде өтті?
Самат Башыров:
2022 жылы Балқаш қаласының Шашубай кентінде, Балқаш көлінің үстінде бес шақырымдық жарыс өтті. Оған 61 тазы қатысты. Бұл өте ауқымды шара болды. Әдетте жарыстарды бір, бір жарым немесе екі шақырым шамасында өткізген дұрыс. Ал бес шақырымдық жарыс ерекше формат болды.
– Бұл Қазақстандағы алғаш рет өткен осындай жарыстардың бірі шығар?
Самат Башыров:
– Иә, солай деуге болады.

– Енді қазақ кинологтар одағы туралы әңгімені жалғастырсақ. Бұл ұйым тазы тұқымын зерттеуге, оның тазалығын сақтауға, генетикасын анықтауға қандай үлес қосып отыр?
Самат Башыров:
Қазақстан кинологтар одағы бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, көрмелерге тазы ұстайтын азаматтардың тегін қатысуына мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін үлкен қолдау.
Генетикалық зерттеу бағытында да жұмыстар жүргізіледі. Тазылардан қан алынып, басқа тазы тұқымдас немесе борзая тұқымдарымен салыстырылады. Қазір құжаттандыру жұмыстары да жолға қойылған. Күшік туған кезде оның әке-шешесінен алынған үлгілер зертханаға жіберіліп, күшіктің сол ата-анадан туғаны анықталады. Осылайша тұқым тазалығын бақылауға мүмкіндік бар.
Қазір әр тазына паспорт, құжат беріледі. Бұл да тұқымды сақтау үшін өте маңызды.
– Демек, құжаттандырудан бастап генетикалық зерттеуге дейін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Самат аға, Абайдың 180 жылдығына арналған үлкен тойға да тазыларыңызды алып барған екенсіздер. Ол шараның ерекшелігі қандай болды?
Самат Башыров:
Ол жерде өте керемет ұйымдастырылды. Қазақтың көшпелі мәдениетін жан-жақты көрсетуге мән берілді. Ат жарысы, бәйге, тазы жарысы, ұлттық ойындар болды. Үш күнге созылған үлкен деңгейдегі шара өтті.
– Павлодар облысынан қанша тазы баптаушы қатысты?
Самат Башыров:
Біздің облыстан үш-төрт тазы барды.
– Жақсы. Алдағы уақытта да осындай сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп, талай биікті бағындыра беріңіздер деп тілейміз.
Қазір Қазақстанда Көшпенділер ойындары да өтіп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен спортшылар мен өнерпаздар қатысып жатыр. Осындай халықаралық деңгейдегі додалар қазақтың төл өнерін, соның ішінде тазы мен төбетті әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақтың ұлттық тұқымы – тазыны өсіріп, баптап жүрген Дәурен Талғатұлы Көптілеуов пен Самат Әнуарұлы Башыровпен сұқбатымыз осымен тәмам.
– Уақыттарыңызды бөліп, студиямызға келіп, қызықты әңгіме өрбіткендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіреміз! Ел мен жердің абыройын асқақтатар аңшылық пен саятшылық өнеріміз өркендей берсін!
Сұқбаттасқан: Айбек ОРАЛХАН
