
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры өзінің 37-маусымын ашқалы отыр. Жаңа маусым – жаңа ізденістер мен тың қойылымдардың бастауы. Биыл театр өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі – театрдың негізін қалаушы, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театр фестивалі болмақ.
Жаңа маусым қарсаңында біз Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театыры басшысының орынбасары Нұркен ТҰРЛЫБЕКТЕГІМЕН жүздесіп, өнер ордасының шығармашылық жоспарлары, репертуарлық саясаты, жастармен жұмыс, гастрольдік сапарлар мен алдағы мақсаттар туралы әңгімелестік.
– Нұркен мырза, Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр жаңа маусымын ашқалы отыр. Биылғы маусымның басты ерекшелігі қандай болмақ? Көрерменді қандай жаңалықтар күтеді?
– 15 қыркүйекте Жүсіпбек театры 37-маусымының шымылдығын түргелі отыр. Жаңа маусым театр үшін әрдайым жаңа ізденістер мен тың шығармашылық жоспарлардың бастауы, жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Әр маусым сайын театр ұжымы көрерменге мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары әрі заманауи бағыттағы қойылымдар ұсынуға басымдық беріп келеді. Ал «заманауи» дегеніміз – ең алдымен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен бүгінгі қоғамды толғандыратын тақырыптарды сахнада көтеру.
Биылғы басты жаңалығымыздың бірі – 25–30 қыркүйек аралығында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының негізін қалаушы, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театр фестивалінің өтуі.
Фестивальге еліміздегі бетке ұстар театрлардың үздік спектакльдері қатысады. Арнайы сарапшылар отызға жуық театрдың арасынан он бір театрды іріктеп алды. Атап айтқанда:
– Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры – «ІС №20/25»;
– Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – «Гамлет. Соңғы күндер»;
– Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры – «Шекпен»;
– Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры – «Шолпанның күнәсі»;
– Шығыс Қазақстан драма және оперетта театры – «Шынарым менің, Шырайлым менің»;
– Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры – «Турандот»;
– С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры – «Макбет»;
– С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры – «Ромео мен Джульетта»;
– Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» КМҚК Асанәлі Әшімов театры – «Томирис»;
– А.Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры – «Дядя Ваня»;
– Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры – «ТОЙ» спектакльдерімен бақ сынайды.
Бұл – Павлодардың мәдени өміріндегі ғана емес, еліміздің театр кеңістігіндегі маңызды оқиғалардың бірі болады деп сенеміз.
Сондай-ақ маусым барысында қазақ драматургиясының таңдаулы туындыларымен қатар, әлемдік және заманауи драматургияның қызықты шығармаларын сахналауды жоспарлап отырмыз. Жас режиссерлер мен шығармашылық топтардың тың идеяларына да мүмкіндік беріп, театрдың көркемдік ізденіс аясын кеңейткіміз келеді.
– Жаңа маусымның репертуарлық саясатына тоқталсаңыз. Қандай жаңа қойылымдар сахналанады және олардың арасында отандық драматургтердің, соның ішінде қазіргі қазақ авторларының шығармаларына қаншалықты басымдық беріледі?
– Жаңа маусымдағы репертуарлық саясатымыздың негізгі бағыты – көрерменге жанрлық тұрғыдан әртүрлі, бүгінгі күнмен үндес қойылымдар ұсыну. Репертуар таңдағанда шығарманың көркемдік деңгейімен қатар, оның қазіргі қоғамға, адамға, әсіресе жас көрерменге айтар ойына ерекше мән береміз.
Бұл ретте отандық драматургияға, соның ішінде қазіргі қазақ авторларының шығармаларына басымдық беру – театрдың маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені бүгінгі қазақ қоғамындағы өзгерістерді, жастардың ой-толғамын, ұлттық құндылықтар мен заманауи мәселелерді өз драматургтеріміздің шығармалары арқылы көрерменге жеткізудің маңызы зор.
Жаңа маусымда классикалық туындылармен қатар қазіргі қазақ драматургиясының жаңа шығармаларын да сахналауға ниеттіміз. Біз үшін театр репертуары бұрыннан қалыптасқан шығармалармен ғана шектелмей, жаңа есімдер мен жаңа драматургиялық ізденістерге жол ашатын шығармашылық алаң болуы керек.
Сонымен бірге әлемдік драматургияның таңдаулы туындыларын да назардан тыс қалдырмаймыз. Себебі театр репертуары ұлттық негіз бен әлемдік мәдени үдерістерді қатар қамтығанда ғана жан-жақты әрі қызықты бола түседі.
Ең бастысы – қандай шығарма сахналанса да, оның көрерменге берер рухани әсеріне, тәрбиелік және эстетикалық маңызына мән береміз. Әсіресе жоғары сынып оқушылары мен студенттерге қызықты болатын, оларды ойлануға, пікір айтуға жетелейтін қойылымдардың санын арттыруды көздеп отырмыз.
– Бүгінде театр көрерменінің талғамы да, сұранысы да өзгеріп келеді. Әсіресе жастарды театрға тарту үшін қандай жаңа шығармашылық тәсілдер мен жобалар қолға алынуда?
– Бүгінде театр көрерменінің талғамы мен сұранысы өзгеріп келе жатқанын жақсы түсінеміз. Әсіресе мектептің жоғары сынып оқушылары мен студенттерді театрға тарту – біз үшін маңызды бағыттардың бірі.
Осы мақсатта ең алдымен жастарға жақын тақырыптар мен заманауи шығармаларды сахналауға мән беріп отырмыз. Қойылымның мазмұны ғана емес, оны ұсыну формасы да бүгінгі жас көрерменге түсінікті әрі қызықты болуы керек.
Сонымен қатар мектептермен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, оқушылар мен студенттерге арналған арнайы театр жобаларын, шығармашылық кездесулер мен сахна сыртындағы танымдық шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Жастардың актерлермен еркін пікір алмасып, спектакльдің қойылу барысымен танысуы олардың театрға деген қызығушылығын арттырады.
Тіпті әлеуметтік желілер арқылы да сүйікті актерлеріне сұрақ қоюға мүмкіндік қарастырылған.
Біздің мақсатымыз – жастарды театрға жай ғана көрермен ретінде әкелу емес, театрды олардың рухани және мәдени ортасының бір бөлігіне айналдыру. Театрға алғаш келген жас көрермен қойылымнан кейін ой бөлісіп, өз пікірін білдіріп, келесі спектакльді асыға күтетіндей жағдай қалыптастырғымыз келеді.
– Театрдың шығармашылық әлеуеті ең алдымен актерлік құрамға байланысты. Жаңа маусымда труппаға жас актерлер қосыла ма? Жалпы, жас таланттарды қолдау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Театрдың шығармашылық әлеуетін арттыруда жас актерлердің орны ерекше. Театр – үнемі жаңарып, ізденіп отыратын шығармашылық орта. Сондықтан жаңа маусымда талантты, кәсіби өсуге ұмтылатын жас актерлерге мүмкіндік беруге әрдайым басымдық береміз.
Менің ойымша, әр жас актерге берілген рөл – мүмкіндік қана емес, үлкен бақ. Өйткені әр рөлмен бірге актерге үлкен жауапкершілік пен сенім жүктеледі. Мұны жас маман жақсы түсінуі керек. Дегенмен биылғы маусымға актерлік құрамымыз толық әрі сақадай сай.
Біздің басты мақсатымыз – жас маманды труппа құрамына қабылдап қана қоймай, оның шығармашылық тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау. Осы бағытта тәжірибелі аға буын актерлер мен жастардың өзара тәжірибе алмасуына, бірлесіп жұмыс істеуіне ерекше мән береміз. Жас актер сахнада үлкен буын өкілдерімен бірге жұмыс істей отырып, кәсіби шеберліктің көптеген қырын меңгереді.
Сонымен қатар актерлердің кәсіби деңгейін жетілдіру мақсатында шеберлік сабақтарын, шығармашылық тренингтер мен режиссерлік зертханаларды ұйымдастыруды қолға алып отырмыз.
Қазір театрымыздың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов К.Гольдонидің «Екі қожайынға бір қызметші» шығармасын сахналауға қызу дайындыққа кірісті. Мәскеу қаласынан шақырылған дель-арте жанрының шебері Дмитрий Мягков актерлерге арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісетін болады.
Біз отандық және шетелдік режиссерлер мен кәсіби мамандарды тұрақты түрде шақырып отырамыз. Мұндай шығармашылық байланыстар актерлердің кәсіби тынысын ашып, жаңа ізденістерге жол сілтейді.
– Облыстық театр болғандықтан, Павлодар қаласымен ғана шектелмей, ауыл-аудандардағы көрерменмен байланысты нығайтудың маңызы зор. Биыл гастрольдік сапарлар, еліміздің өзге өңірлеріндегі және халықаралық театр фестивальдеріне қатысу жоспарлары қандай?
– Біз еліміздің өзге аймақтарындағы, сондай-ақ облысымыздың шалғай елді мекендеріндегі сүйікті көрерменімізбен байланысты ешқашан үзген емеспіз. Облысымыздағы қалаларға, аудандар мен ауылдарға тұрақты түрде барып, қойылымдарымызды ұсынып, театрды сағынған көрерменнің мауқын басып отырамыз.
2025 жылы Жүсіпбек театры Алматы және Талдықорған көрермендерімен жүздескен болатын. Ал алдағы қазан айында Астана мен Қарағанды қалаларына гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отырмыз.
Фестивальдерге келсек, Жүсіпбек театры мүмкіндігінше фестивальдерден қалыс қалған емес. Өйткені мұндай шығармашылық додалар бізге үлкен бағыт-бағдар береді, өзіміздің шығармашылық деңгейімізді бағамдап, өзге театрлардың ізденісімен танысуға мүмкіндік туғызады.
Алдағы уақытта Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен өтетін «Сын – шын болсын» фестиваліне қатысу көзделіп отыр. Сонымен қатар мүмкіндік пен уақытқа қарай басқа да фестивальдерге қатысу жоспарымызда бар.
– Театр маусымы – жаңа шығармашылық белес. Алдағы маусым аяқталған кезде «біз көздеген мақсатымызға жеттік» деп айту үшін қандай нәтижелерге қол жеткізулеріңіз керек? Театрдың бүгінгі ең үлкен мақсаты мен арманы қандай?
– Әр театр маусымы біз үшін жаңа қойылымдар мен шығармашылық жоспарлардың ғана емес, өзімізге жаңа талап қоятын кезең. Әр маусым – жауапкершілік.
Сондықтан маусым соңында «мақсатымызға жеттік» деп айтуымыз үшін, ең алдымен, көрерменнің театрға деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көргіміз келеді. Павлодар қаласын алыс-жақын жұрт театрал қала ретінде таныса дейміз.
Біздің мақсатымызды тек қойылым саны немесе көрермен статистикасымен өлшеуге болмайды. Әрине, көрермен санын арттыру маңызды. Бірақ одан да маңыздысы – театрға алғаш келген жас көрерменнің қайта оралуы, көрген спектаклі туралы пікір айтып, алған әсерін өз ортасымен бөлісуі. Әсіресе мектептің жоғары сынып оқушылары мен студенттердің театрды өзіне жақын мәдени орта ретінде қабылдағанын қалаймыз.
Шығармашылық тұрғыдан алғанда, әр қойылымның өзіндік көркемдік деңгейі қалыптасып, актерлеріміздің кәсіби ізденісі мен шеберлігі жаңа белеске көтерілсе – бұл біз үшін үлкен нәтиже.
Сонымен бірге отандық, қазіргі қазақ драматургиясын қолдап, жаңа авторлар мен жаңа шығармаларға жол аша алсақ, маусымның маңызды жетістіктерінің бірі сол болмақ.
Ал театрдың бүгінгі ең үлкен мақсаты мен арманы – көрермені тұрақты, қоғамға сөзі өтетін театр болу.
Біз театрды тек спектакль тамашалайтын орын ретінде емес, адам ойланатын, пікір алмасатын, рухани қуат алатын мәдени қарашаңырақ ретінде көргіміз келеді. Және осы мақсатқа барынша қызмет етеміз деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рақмет! Жаңа маусым шығармашылық жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын!
Әңгімелескен – Асыл ӘБІШЕВ.
