Уақыттың зымыран қанаты талайды ескіртіп, тарихтың көкжиегіне айналдырғанда, артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған тұлғалардың рухы туған топырағына қайта оралып, елдің жадында мәңгілік ғұмыр кешетіні хақ. Павлодардың төріндегі Ш.Шөкин атындағы білім ордасының қабырғасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, журналист-публицист, аудармашы, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ахат Имантайұлы Жақсыбаевқа арналған мемориалдық тақта және қазақ әдебиеті кабинеті ашылды.

Ахат Имантайұлы 1940 жылы осы өңірде дүние есігін ашып, 1948-1958 жылдар аралығында қазіргі Ш.Шөкин атындағы қара шаңырақтан тәлім алған Ахаттың балалық шақ балдырған күндері осы қасиетті қабырғада өтті. Мектеп табалдырығынан аттап, өмірдің әліппесін оқыған бұл ұя – кейіннен қаламгердің де кемелденіп, қатарға қосылуына негіз болған алтын діңгек еді.
Мектеп табанын тәмамдаған соң Екібастұздың өндірісті ортасында еңбек жолын бастап, қара қазақтың қара сөзін қасиет тұтып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінен түлеп ұшқан Ахат Имантайұлы ғұмырын қалам мен қағазға арнады. Журналистиканың жүгін арқалап, әдебиет пен аударманың ауыр жүгін қатар көтерген оның өмір жолы – адалдық пен парасаттың айнасы. Осынау ғұмыр белестері, сөз өнерінің шексіз әлемі мен қаламгердің артына қалдырған мол мұрасы хақында жазушының аяулы жары Қиғашқас Теміртасқызының жүрегін жарып шыққан лебізін көпшілікке былай арнады:
«Менің жолдасым – Ахат Жақсыбаев осы Павлодар қаласында дүниеге келіп, №9 мектепте бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін білім алып, мектепті тәмамдады. Бүгінде сол ескі мектептің ғимараты сақталмағанымен, оның рухани жалғасын жалғаған қазіргі №9 мектептің сол білім ордасының дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқаны көңіл қуантады. Сондықтан осы мектепте Ахаттың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылып, қазақ әдебиеті кабинетінің жабдықталуы – біз үшін үлкен қуаныш. Мен мұны біздің отбасымыздың ғана қуанышы деп ойламаймын. Бұл – бүкіл Павлодар жұртына ортақ қуаныш. Неге десеңіз, Ахаттың өз естеліктерінде бала күнгі бейнесіне қатысты бір сөзі бар: «Аласа бойлы, арық бала көз алдымнан кетпейді», – дейді ол. Сол өзі айтқан аласа бойлы, арық бала осы мектепте он жыл оқыды. Бірақ ол мектепті жай ғана бітіріп шыққан жоқ. Он жыл бойы жақсы оқып, білімге ұмтылды, ізденді. Осы мектепте алған білімі мен тәрбиесі оның кейінгі өміріне берік негіз болды. Сол бала кейін елге танылған қаламгерге айналды».
Тағдырдың жазуымен әкесі Екінші дүниежүзілік соғыстың ортасына аттанып, елге оралмаған зарлы заманның зобалаңында жетімдіктің жүгін арқалап өскен жас баланың жүрегіне ар-ұят пен адамгершілік ұрығын сепкен – анасының ақ сүті мен мерейлі тәрбиесі еді. Осы бір қасиетті қара шаңырақтан алған өнеге мен ұлағат кейін қараңғыны жарық еткен білім шырағымен ұласып, университет қабырғасындағы тынымсыз ізденіспен толыққанда, Ахаттың болмысында қайыспайтын қайрат пен терең дүниетаным қалыптасты. Тіршіліктің қия-қалтарыстарына мойымай, бала күннен басталған білімге деген құштарлық оны өмірдің өткелектерінен сүріндірмей алып шықты. Мектеп партасынан бастау алған дарынның даңғыл жолы үлкен әдебиеттің айдынына қосылып, журналистиканың жүлгесімен өріліп, қоғамдық қызметтің биік белестеріне көтерілді де, тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналған шығармашылық әлеуеттің алтын арқауына ұласты.
Қаламгердің әдеби мұрасы да осы ұзақ ізденістің жемісі. Ол «Менің достарым», «Қайырлы таң», «Бозарал» повестері мен «Егес», «Бөгет», «Қорған», «Қайтпас қайсар», «Иса ақын» романдарын дүниеге әкелді. Бұл шығармалар арқылы жазушы адам болмысына, заман шындығына, ел тарихы мен қоғам тынысына қалам тербеді. Оның бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, өзге тілді оқырмандарға да жол тартты.
Ахат Жақсыбаевтың әдеби қызметі жазушылықпен ғана шектелген жоқ. Ол көркем аударма саласында еңбек етіп, орыс және шетел әдебиетінің таңдаулы туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Осы арқылы қазақ оқырманының әлемдік және орыс әдебиетінің озық үлгілерімен танысуына үлес қосты.
1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған Ахат Имантайұлы әдеби үдерістің бел ортасында жүрді. 1976 жылдан Одақ басқармасының мүшесі, 1993 жылдан басқарма хатшысы қызметін атқарып, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушылық жұмыстарына да белсене араласты. Қаламгердің көп жылғы шығармашылық және қоғамдық еңбегі жоғары бағаланып, оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
1993 жылдан бастап Ахат Жақсыбаевтың кәсіби қызметінде жаңа кезең басталды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, кейін «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. Бұл басылымдардағы еңбегі оның қаламгерлік болмысын редакторлық тәжірибемен ұштастыра түсті. Әдебиеттің ғана емес, қоғамдық ойдың да тынысын жіті сезінетін ол баспасөзді ұлттық руханияттың маңызды мінбері ретінде бағалады.
2000 жылдары «Жас өркен» медиахолдингін басқарып, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық басылымдардың дамуына елеулі үлес қосты. Өскелең ұрпақтың оқырмандық талғамын қалыптастыру, сапалы мазмұн ұсыну, жас буынды әдебиет пен ұлттық құндылықтарға жақындату – оның осы кезеңдегі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болды.
Ахат Жақсыбаев редакторлық еткен басылымдарда шығармашылық еркіндік пен кәсіби талап қатар ұштасты. Ол жас қаламгерлердің шығармашылығына назар аударып, жаңа есімдердің әдеби ортаға келуіне мүмкіндік берді. Батыл пікір мен тың ойға орын беретін редакциялық ұстаным қалыптастырды. Сол жылдары жарық көрген әдеби-сын мақалалар мен мәдени шолуларды белгілі бір кезеңнің рухани ахуалын танытатын материалдар ретінде бағалауға болады.
Осылайша, Ахат Жақсыбаевтың шығармашылық жолы бір ғана жазушылық қызметпен шектелмейді. Оның өмірбаянында қаламгерлік пен аудармашылық, журналистика мен редакторлық, әдеби үдерісті ұйымдастыру мен жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет ету өзара сабақтасып жатыр.
Ал осы кең арналы жолдың алғашқы баспалдағы – Павлодардағы №9 мектеп. Бір кездері осы мектептің партасында отырған, өз естелігінде өзін «аласа бойлы, арық бала» деп еске алған шәкірт кейін қазақ әдебиеті мен ұлттық баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Сондықтан бүгін оның білім алған мектебінде мемориалдық тақтаның ашылып, қазақ әдебиеті кабинетінің жасақталуы – өткенге тағзым етумен қатар, сол мектептен басталған рухани жолдың кейінгі ұрпаққа жалғасуының белгісі. Бұл – Ахат Жақсыбаевтың есімін ұлықтау ғана емес, білім мен ізденістің, әдебиет пен азаматтық еңбектің адам тағдырын қалыптастыратын күш екенін танытатын өнегелі мысал.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде қаламгер рухына арнап айтыскер ақын Мизан Жұмәлі арнау айтты. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова құттықтау сөз сөйлеп, қаламгердің әдебиет пен журналистикадағы еңбегіне тоқталды.
«Ахат Жақсыбаев ағамыздың өзі білім алған мектебінде мемориалдық тақтаның ашылуы және де қазақ әдебиеті пәнінің кабинетінің ашылуы – қаламгер рухына көрсетілген зор құрмет деп білеміз. Сондықтан, бүгінгі бастамаға атсалысқан мектеп ұжымына, қаламгер шығармашылығын зерттеп жүрген зиялы қауымға және де істің жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Қаламгер мұрасы жас ұрпаққа қызмет етіп, шығармашылық ғибраты мен тағылымы жалғаса берсін. Бүгінгі айтулы шара баршамызға құтты болсын!» – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Сайлау Әшенұлы Байбосын жазушының бірқатар шығармаларына тоқтала келіп, оның рухына арналған өлеңін оқыды.

«Күн қонып көкжиектің қабағына,
Кереку керіледі қала мына.
Ағайын, еске алатын уақыт келді,
Кешегі Ахат сынды ағаны да.
Мектебі кеш өткізіп жатыр, міне,
Хабар сап Ертіс-Баян алабына.
«Ол Ахаң кім екен?» деп сұрасаңыз,
Өткеннің көз салайық хабарына.
Қысқаша айтар болсақ көпшілікке,
Жасынан талапты боп, өрге жүзіп,
Сол кезде ел сүйсінген талабына.
Білім қуып Алматы қала барып,
Лайық адам болған заманына.
Жақсылар бата берген әдебиетте
Бастаған ең алғашқы қадамына.
Мінекей, сондай болған Ахат аға,
Сүйенбей мансабы зор мықтыларға,
Сүйенген қолындағы қаламына.
Көңіліне көк аспанның күні қонған,

Халықтың қазақ деген ұлы болған.
Жарасып жақсылармен ел ішінде,
Сөз бастар жақсылардың бірі болған.
Жоламай арамдыққа, жамандыққа,
Кішілік, кісіліктің құлы болған.
Арнасақ ақ пырақ сөз көпке міне,
Еске алар ағаны күн жеткені ме.
Ахаң да қаламгердің біреу еді,
Оранған Әуезовтің шекпеніне.
Ағайын, қолыңды соқ, ал, ендеше,
Бір кезде қанат қағып, қияға ұшқан,
Ағамыз қайта оралды мектебіне.
Өмірі толған дастаннан саламыз ба, 
Кітабы ақыл құяр санамызға.
Солардың салып біткен жолыменен
Біздер де бағыт-бағдар табамыз ба?
Ахаттай ағамыздың көзі сынды,
Қиғашқас жеңгем отыр арамызда.
Тірлікте мағыналы ғұмыр кешкен,
Сіздердің кім жетеді бағаңызға.
Секілді қайырмасы асқақ әннің,
Өмірден бір жақсылық тосқан әркім.
Ел мен жұрт аман болса ешқашанда,
Есімі ұмытылмас жақсы адамның».
Мемориалдық тақтаны Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ғалымбек Сағымбайұлы Жұматов және Ахат Жақсыбаевтың зайыбы Қиғашқас Теміртасқызы Әубәкірова бірге ашты. Тақта алдына гүл шоқтары қойылып, тағзым рәсімі өтті.

Қаланың әдеби өміріндегі маңызды шара мұнымен аяқталған жоқ. Қонақтар мектеп ғимаратына кіріп, екінші қабатқа көтерілді. Мұнда Ахат Жақсыбаевтың есімін иеленген қазақ әдебиеті кабинеті таныстырылды. Айта кету керек, Шапық Шөкин атындағы №9 мектеп-гимназиясында 2518 оқушы білім алады. Оның 236-сы мемлекеттік тілде оқиды. Жаңа қазақ әдебиеті кабинеті оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, жас қаламгерлердің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталмақ. «Бұл сынып оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға арналған рухани кеңістік», – дейді мектеп директоры Динара Темірбаева.
«Бүгін біз Ахат Жақсыбаевтың атымен аталатын қазақ әдебиеті кабинетін ашып отырмыз. Бұл – мектеп ұжымы үшін де, оқушылар үшін де, жалпы Кереку өңірі үшін де мәні зор оқиға. Кабинетті ашудағы басты мақсатымыздың бірі – туған өлкемізден түлеп шыққан, есімі қазақ әдебиеті мен ұлттық баспасөзінде өзіндік орны бар, осы мектептің түлегі Ахат Жақсыбаевтың шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту. Ахат ағамыздың өзі осы қара шаңырақта білім алып, үлкен әдеби жолға қадам басқан. Сондықтан оның есімін мектеп тарихымен сабақтастыра отырып, кейінгі буынға өнеге ету – біз үшін үлкен жауапкершілік.
Бүгінде мектебімізде екі мың алты жүзге жуық оқушы білім алады. Сол шәкірттердің әрқайсысы Ахат Жақсыбаевтың шығармашылығымен танысып, оның өмір жолынан тағылым алып, әдебиетке қызығушылығын арттырса деген ниеттеміз. Біздің мақсатымыз – осы ортадан кітап оқитын, сөз өнерін қадірлейтін, шығармашылыққа бейім жас ұрпақ тәрбиелеу. Мұнда Ахат ағамыздың сөз өнеріне қалдырған мол мұрасы, шығармашылық жолы мен өмір белестері таныстырылып, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыратын түрлі жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан бұл кабинетті әдебиетке құштар жас үшін өзіндік шығармашылық шеберхана деп қабылдауға болады. Мұнда оқушы жазушының шығармаларымен танысып қана қоймай, оның ізденісінен ой түйіп, сөз қадірін түсініп, өз шығармашылығына жол ашуға мүмкіндік алады».
Ахат Жақсыбаев атындағы қазақ әдебиеті кабинеті – қаламгер отбасының қолдауымен жүзеге асқан игі бастамалардың бірі. Кабинеттің лентасын ардагер ұстаз Гүлбағила Байкенова мен Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай қиды.

Кабинетке жиналған қонақтарға оның ерекшеліктерін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сынып меңгерушісі Баян Рашитқызы Нұртазина таныстырды. Іс-шара барысында «Нұр-Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бахытжамал Шаханқызы Максилова және Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, журналист Сая Молдайып құттықтау сөз сөйледі.

Ахат ағаның азаматтық болмысы туралы айтқанда, Ілия Жақановтың «Ахаттың бір игі қасиеті – бір сөзділігі. Мәмілеге берік ыждаһаттылығы» деген және Ғаббас Қабышұлының «Ашық-жарқын жаратылысты Ахат, мен білгенде, үлкен-кіші ақын-жазушыларымыздың бәріне сыйлы болды. Артық-ауыс сөйлегенін, біреуді ренжіткенін естіген де, көрген де емеспін. Көңілі кірбіңсіз еді. Кіммен, не жөнінде болсын сөйлескенде ой-пікірін анық айтатын», – еді деген еске түседі.
Қуаныш Жиенбай ағамыз жазушының жан жарына деген құрметін былай бейнелейді: Клара жеңгемізді жанындай жақсы көретін адал махаббаты – әркімге үлгі боларлықтай ерекше құбылыс. Жай көшеде қыдырып бара жатса да, жеңгеміздің қолынан ұстап жүретін. Біз мұнысына сырттай қызығатынбыз. Жеңгеміздің де ағамызға деген кіршіксіз көңілі ешкімге ұқсамайтын. Екі жақсының қосылып, өмір сүретініне анық көзіміз жетті. Жеңгеміздің Ахаңмен қалай танысқанын, қыз-жігіт болып бірге қыдырғанын, қиындық көрсе, қиналмай, керісінше, қайраттана түсетінін, күллі қазақ зиялылары секілді. Бір ғажабы, Ахаң «Иса ақын» романының алғашқы бетіне айшықты әріптермен «Кларама арнадым» деп жазыпты! Бұдан артық не дерсің?!». Ал енді Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп жүргенін, бала-шағаларына қалай тәрбие бергендерін Жанболат Аупбаевтың Клара жеңгеймен болған сұқбатынан оқығандардың көкейлеріне көп нәрсе түйгені анық. Ахат Жақсыбаевтың зайыбы Қиғашқас Теміртасқызы қаламгердің әдеби мұрасы мен кейінгі атқарылған келелі істер жөнінде ой бөлісті.
«Ахаттың бүкіл шығармашылығы дерлік осы Павлодар облысына арналған ғой. Неге десеңіздер, Екібастұз сияқты өндірістік өңір туралы романдары бар. Одан кейін «Иса ақын» жөніндегі екі кітабы жарияланды. Ол шығармаларда Павлодар облысы, оның тарихы мен адамдары кеңінен суреттеледі. Мысалы, «Иса ақында» Майра, Қажымұқан секілді қазақтың қаншама әйгілі тұлғалары кездеседі. Кадаленко болсын, Жұмат Шанин болсын – солардың барлығымен Иса ақынның қалай кездескені, араларындағы қарым-қатынас, сол кездегі оқиғалар өте жақсы суреттелген. Мұны мен Ахаттың жолдасы болғаным үшін айтып отырған жоқпын. Өзім оқырман ретінде оқып, қатты сүйсіндім. Маған әсіресе шығармадағы тарихи ортаның кеңдігі ұнады. Өскемен болсын, Семей болсын – сол кездегі қазақтың білім мен руханият ордаларының бірі болған Семейдің орны ерекше көрсетіледі. Одан Орынбор, Қызылорда, ол кездегі Ақмешіт – осының бәрі шығармада қамтылады. Осындай тарихи жерлер мен оқиғаларды оқып отырып, адамға үлкен әсер береді. Ахат өмірден өткеннен кейін де, құдайға шүкір, үкіметтің қолдауымен оның «Иса ақын» жөніндегі екі кітабын да жарыққа шығардық. Одан кейін «Көзіміз көрген еді» деген естелік кітап шығардық. Оны былтыр Ахаттың 85 жылдығына арнап осы қалада таныстырдық. Сол шараға қатысып, қолдау көрсеткен баршаңызға көп рақмет айтамын».
Заманның талқысына мойымай, қалам ұстаудың қасиетті мәдениетін, сөз өнерінің алапат жауапкершілігі мен журналистиканың мөлдір әдебін келешекке мұра етіп қалдырған Ахат Имантайұлы – ұлт руханиятының көкжиегін биіктеген біртуар тұлға. Отыз жылдан астам ғұмырын Жазушылар одағының қазанында қайнатып, әдебиеттің сан алуан толқындары мен күрделі үдерістерінің бел ортасында жүріп атқарған орасан еңбегі – ел жадынан өшпес із.

Қаламгердің редакторлық парасаты, қарымды қаламгерлігі мен талғампаз аудармашылық тәжірибесі әлі талай зерттеліп, ұлттық руханияттың алтын қорына өз бағасын ала берері хақ. Бүгінгі тағзым мен еске алу кеші – сол өлмес мұраны бүгінгі ұрпақтың санасына сәуле етіп құюдың айқын көрінісі. Кезінде осы қара шаңырақтан ұшқан шәкірттің есімі енді туған мектебінің төсіне мәңгілікке қадалды. Ал бұдан былай аты ардақталып берілген әдебиет кабинеті – жас өрендерді кітаптың сиқырлы әлеміне баулып, көркем сөзді қадірлеуге, рухты тануға үндейтін киелі отауға айналмақ. Өйткені өз кезінде осы ордадан тәрбие алған қаламгердің жолын жалғар ертеңгі күннің кемеңгер жазушысы, сүлей ақыны мен өткір тілді журналисі осы мектептен түлеп ұшары сөзсіз.
Туған мектебінің төрінде рухы қайта жаңғырған Ахат Жақсыбаевтың есімі осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел жадында жасампаз ғұмырын мәңгілікке жалғай бермек.
Айбек ОРАЛХАН
Фотосуреттер: Есенжол Исабектікі
