25 қыркүйек күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде көрнекті суретші Батима Есмұратқызы Зәуірбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра сабақтастығы» атты мерейтойлық ретроспективалық жеке көрмесі ашылады.

Батима Зәуірбекованың есімі еліміздің сәндік-қолданбалы өнер тарихында айрықша орын алады. «Отан» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі қазақ гобелен өнерінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен алғашқы шеберлердің бірі саналады.
Оның буыны Қазақстандағы кәсіби гобелен мектебінің негізін қалады. Жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында суретші бірнеше жүз туынды жасап, олардың көбі Қазақстан өнерінің классикалық үлгілеріне айналды.
Ұлттық дәстүр мен заманауи көркем ой үндестігі
Батима Есмұратқызы өз шығармаларында ұлттық мәдениетке, қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен тарихына терең бойлайды. Адам мен табиғат, ұрпақтар сабақтастығы, музыка мен үйлесім, сұлулық пен жасампаздық тақырыптары оның өнерінен ерекше орын алған.
Суретші шығармашылығындағы басты бейнелердің бірі – әйел. Автор әйел тұлғасын отбасының ұйытқысы, рухани құндылықтар мен мейірімнің қайнар көзі ретінде көрсетеді. Ана, махаббат және ұрпақтар жалғастығы тақырыптарын бейнелеу арқылы жеке адамның жан дүниесін ұлттық мәдениет дәстүрінің үздіксіздігімен сабақтастырады.
Бұл тақырыптар гобелен мен кескіндеменің философиялық тереңдігімен, сәндік сипатымен және бояу үйлесімінің байлығымен ерекшеленетін көркем тілі арқылы ашылады. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері адам тұлғалары және табиғи пішіндермен органикалық үйлесім тапқан. Ирек сызықтар мен геометриялық элементтер шығармаларға ерекше ырғақ, қозғалыс және ішкі серпін береді.
Батима Зәуірбекованың көркемдік қолтаңбасы ұлттық дәстүр мен заманауи бейнелі ойлаудың үйлесімді тоғысуына, композицияның монументалдылығына және мәдениетті философиялық тұрғыдан пайымдауға негізделген.

Өнерге басталған жол
Батима Есмұратқызы Зәуірбекова 1946 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Фурмановка ауылында дүниеге келген. Ол бесінші сыныпта оқып жүргенде отбасы Жамбыл облысының Меркі кентіне көшіп, болашақ суретшінің балалық шағы осы жерде өтті.
Суретшінің анасы Бибіхан табиғатынан дарынды халық шебері болған. Анасының қолөнері жас Батиманың көркемдік танымының қалыптасуына зор ықпал етті.
Батима Зәуірбекова 1969 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, ал 2001 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдады.
Оның шығармашылық жолында Ақрап Құдайбергенұлы Жұбанов пен Құрасбек Тыныбеков маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар М.Темірғалиев, С.Айтбаев, Б.Табиев, Б.Пак, С.Мәмбеев, Қ.Телжанов, Т.Досмағамбетов, М.Кисамединов, Т.Тоғысбаев сынды кескіндеме, графика және мүсін өнерінің көрнекті өкілдері суретшінің шығармашылық ойлау жүйесінің қалыптасуына әсер етті. Олар Батиманың сирек кездесетін бояу үйлестіру қабілетін жоғары бағалап, кескіндемемен айналысуға кеңес берген.
Үш залға қойылған 80-нен астам туынды
Мерейтойлық экспозиция Батима Зәуірбекованың көркем әлемін барынша жан-жақты таныстырады. Музейдің үш көрме залына гобелендер, кескіндеме туындылары және графикалық жұмыстарды қамтитын 80-нен астам шығарма қойылады.
Көрермендер туындылардың дүниеге келу үдерісін көрсететін эскиздермен, архивтік фотосуреттер және бейнематериалдармен де таныса алады. Бұл материалдар суретшінің 1970 жылдардағы алғашқы еңбектерінен бастап кейінгі жылдарда жасаған шығармаларына дейінгі көркемдік жолын зерделеуге мүмкіндік береді.
Экспозициядан әйел бейнесіне, отбасы мен анаға, музыкаға, Қазақстан табиғатына, көне киелі орындарға, тарихи жад пен ұлттық мәдениетке арналған туындыларды көруге болады. Әр зал дербес көркем баяндау ретінде құрылған. Сол арқылы суретшінің ондаған жыл бойы өзіндік шығармашылық тілін қалай дамытқаны көрсетіледі.
Оның өнеріндегі негізгі идея өзгеріссіз қалды. Ол – сұлулықты, ізгілікті, үйлесімділік пен рухани сабақтастықты дәріптеу.
Қазақ гобелен өнерінің таңдаулы үлгілері
Көрмеден Қазақстан өнерінің танымал туындыларына айналған «Кеңістік» (1976), «Жер-Ана» (1984), «Ана болу» (2004) секілді гобелендерді тамашалауға болады. Сондай-ақ отандық көркем тоқыма өнерінің дамуына ықпал еткен жұмыстар мен Батима Зәуірбекованы нәзік колорист әрі лирикалық бейне жасау шебері ретінде танытатын кескіндемелер ұсынылады.
Суретшінің шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жақсы танымал. Оның туындылары Франция, Түркия, Италия, Швейцария және басқа да мемлекеттерде көрмеге қойылған. Шығармалары әлемнің әр түкпіріндегі мемлекеттік музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Мұра сабақтастығы» көрмесі суретшінің шығармашылық мұрасын тұтас өмірбаяны аясында алғаш рет осындай кең көлемде таныстырмақ.

«Өнер адамының жүрегі таза болуы керек»
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Есжанұлы Өмірбеков сұхбаттарының бірінде Батима Зәуірбекованың адамдық болмысы мен өнерге адалдығын ерекше атап өткен:
«Адамның шығармашылық қасиеттері көбіне оның мінезімен байланысты. Егер ол шынайы суретші болса, лайықсыз іспен айналыспайды, жаман ой мен әрекетке жол бермейді. Сондықтан өнер адамының жүрегі таза, мінезі ізгі болуы керек деп есептеймін. Батима дәл сондай жан. Оның сыртқы келбетінен ішкі әлеміне дейінгі бүкіл болмысы өнермен сабақтас. Ең алдымен, мамандығына деген адалдығын атап өткім келеді. Ол – өнерге бүкіл жүрегімен және жан-тәнімен берілген өз ісінің шебері. Батиманың тағы бір ерекшелігі – шығармашылық мүмкіндігі мен бояуларды үйлестіру қабілетінде. Мұның бәрінде оны өзге суретшілерден даралайтын қайталанбас сипат бар. Батима ұлттық рухқа толы әлі талай шығарма жасайды деп ойлаймын».
Батима Есмұратқызы бүгінде де шығармашылықпен белсенді айналысып, жаңа туындылар жасап келеді. Ол өзінің көркемдік тілін дамытып, ондаған жыл бойы маңызды болып келе жатқан тақырыптарға қайта үңіледі. Туған мәдениетінің терең мазмұнын түс, пішін және материалдың көркемдік мүмкіндіктері арқылы жеткізеді.
Ұлттық өнер тарихын зерделейтін көрме
«Мұра сабақтастығы» көрмесі ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан өнерінің тарихын зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды мәдени оқиға болмақ.
Экспозиция арқылы Батима Зәуірбекованың шығармашылық кезеңдері мен өзіндік көркем тілінің даму жолын байқауға болады. Суретшінің еңбектері Қазақстанның ұлттық мәдениет қазынасына еніп, отандық және әлемдік өнер тарихының маңызды бөлігіне айналды.
Батима Зәуірбекованың мұрасы келешек ұрпақ үшін де өз маңызын жоғалтпайды. Оның шығармашылығы – ұлттық дәстүрдің жалпыадамзаттық көркем тілге айналып, өз дәуірінің шеңберінен шыға алатынын дәлелдейтін мәдени құндылық.
Көрме кураторлары – Алина Мұратқызы Федорович пен Наталия Александровна Баженова.
Көрменің ашылуы: 25 қыркүйек 2026 жыл, сағат 16:00.
Өтетін орны: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі, Алматы қаласы, Көктем-3 ықшамауданы, 22/1.
Көрменің жұмыс мерзімі: 25 қыркүйек – 8 қараша 2026 жыл.
Жұмыс уақыты: 10:00–18:00.
Демалыс күні: дүйсенбі.
