
Парламенттік реформа – Құрылтай сайлауынан соң қайта жаңартылған Қазақстан Үкіметінің алғашқы кеңейтілген отырысында ел экономикасының алдағы дамуына тікелей ықпал ететін маңызды мәселенің бірі – жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері мен алғышарттары, осы бағытта өзара үйлесімді әрі нәтижелі әрекет етудің тетіктері талқыланды. Енді тікелей трансляция арқылы таратылған Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысынан түйгенімізді тарқатып көрелік.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында айтылған цифрлық көрсеткіштердің өзі көзі қарақты жанды ойлантпай қоймайды: жыл басынан бері Электрондық еңбек биржасында 850 мың бос жұмыс орны жарияланған екен. Ал соның 420 мыңы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Ресми мәлімдемеге жүгінсек, 2035 жылға дейін отандық экономикаға 2,9 миллион адам қажет болады деп болжануда. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтарының өкілдері.
Қарап отырсаңыз, бір жағында – жұмыс іздеген адам, екінші жағында – маман таппай отырған кәсіпорын. Ортасында – осы екі тарапты байланыстыруға тиіс білім беру және кадр даярлау жүйесі. Демек, бүгінгі мәселе «Қазақстанда жұмыс бар ма?» деген сұрақтан да әлдеқайда терең жатыр. Дәл қазір Қазақстанда экономиканың әлеуетін еселей арттыруға қажет маман бар ма, деген сауалдың маңызы тіптен зор болып тұр.
Бүгінгі Үкімет отырысын тек кәсіптік-техникалық білім саласының кезекті жиыны деп бағалау жеткіліксіз болар еді. Өйткені мұнда көтерілген мәселелер елдің жаңа экономикалық моделіне қандай адам капиталы қажет екенін айқындауға бағытталды.
ЖҰМЫС БАР, БІРАҚ БІЛІКТІЛІК СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ
Үкімет отырысындағы назар аударарлық әңгімелердің бірі Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев арасында өрбіді.
Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасында 850 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Оның 420 мыңы жұмысшы мамандықтарының үлесінде.
Өкініштісі сол, аталған бос жұмыс орындарының 30-40 пайызын отандық мамандармен толтыру мүмкін болмай отыр. Соның салдарынан жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Министрдің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанға жұмыс істеуге шамамен 300 мың шетелдік маман келеді.
Мұндай мәліметтерді тыңдап отырған Үкімет басшысы: «Жұмыс істегісі келетін адам жұмыс таба ала ма?» – деп сұрақ тастады. Министрдің жауабы – иә. Олжас Бектенов те елде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керектігіне назар аударды.
Бірақ осы диалог Қазақстан еңбек нарығындағы бүгінгі күнгі қайшылықты көрсетіп берді. Қызығы сол – бізде бір мезгілде жұмыссыздық та, кадр тапшылығы да бар. Сонда бұл қалай? Бақсақ, бақа екен, демекші, мәселе жұмыс орнының жоқтығында ғана емес, жұмыс іздеушінің біліктілігі мен жұмыс берушіге қажетті дағдының бір-біріне сәйкес келмеуінде де жатса керек. Туралап айтар болсақ, біздің экономика бір маманды іздейді, ал білім жүйесі кейде басқа маманды даярлап шығарады. Нағыз бір кем дүние осы шығар. Міне, тараптардың іс-қимылындағы осы алшақтық жойылмайынша, жаңа жұмыс орындарын ашудың өзі кадр тапшылығы мәселесін толық шеше алмайтын түрі бар.
2035 ЖЫЛ: 2,9 МИЛЛИОН АДАМ
2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион кадр қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Еңбек министрлігінің бұл болжамы мәселенің ертеңгі ауқымын ашып көрсеткендей.
Болашақта ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында қалыптасады деген де сөз айтылды.
Осыған байланысты сұранысқа ие кәсіптер тізімі қазіргі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілмек. Олардың қатарында инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және ядролық энергетика секілді аса маңызды бағыттар бар. Анығын айтқанда, бұрын «жұмысшы мамандығы» дегенде көп жағдайда көз алдымызға қарапайым қол еңбегі елестейтін.
Ал жаңа экономикадағы жұмысшы дегеніңіз – цифрлық құрылғыны меңгеретін, автоматтандырылған желіні басқаратын, компьютерлік диагностика жүргізетін, роботпен және жасанды интеллект құралдарымен қатар жұмыс істейтін маман. Байқап отырсақ, осы күні жұмысшы мамандығының мазмұны да, мәртебесі де өзгеріп келеді.
КОЛЛЕДЖ – «ЕКІНШІ ТАҢДАУ» БОЛМАУҒА ТИІС
Жұмысшы мамандықтар мәселесі сөз болғанда, әлбетте, техникалық және кәсіптік білім жүйесінің рөлі алдыңғы қатарға шығады.
Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 556 мың студент білім алып жүр екен. 2026 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Ал мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға бағытталып отыр. Сұраныстың қай бағытқа қарай ауып бара жатқанын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Мемлекет те техникалық бағыттың дәл бүгін аса маңызды болып отырғанын және келешекте де маңыздылығын жоймайтынын жақсы біледі.
Өзекті әрі сұранысқа ерекше ие мамандық-бағыттармен байланысты мәселе студент-шәкірттер санын арттырумен шешілмейтіні де түсінікті. Бұл жердегі ең басты мәсәле біздің қандай маманды, қандай технологиямен және кім үшін даярлап жатқанымызда болып тұр.
Осы уақытқа дейін санамызға сіңіп алған бір ебедейсіз түсінікті де жоя алмай келеміз. Өкінішке қарай, колледж аталатын оқу орны кей отбасыларда жоғары оқу орнына түсе алмаған баланың «амалсыз таңдауы» ретінде қабылданады. Қоғамда осындай қасаң түсінік-ұғыс барын мойындамасқа болмайды. Міне, осыны түбегейлі өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті-ау деп есептеймін.
Премьер-Министр де Үкімет отырысында колледж жастар кәсіби білім мен дағдыны саналы түрде таңдап келетін білім ошағына айналуы қажеттігін атап өтті. Бұған «Бәрекелді!» дейсің.
Қайбір жастар үшін «әйтеуір бір мамандыққа оқыдым деген қағазым болса болғаны» делінетін электрик, автоматтандыру технигі, механик, дәнекерлеуші, құрылысшы немесе логист секілді тағы да басқа жұмысшы мамандықтар заманауи еңбек нарығында жоғары білікті маман ретінде бағаланатын кезең келіп жетті. Осыны жастар тереңнең түсініп, зерделесе екен, ықылас танытса екен дейсің.
Түптеп келгенде, колледж атаулы университеттің көлеңкесінде қалатын білім мекемесі емес, нақты экономикаға маман даярлайтын негізгі орталықтардың бірі болуы тиіс. Үкіметте айтылған негізгі түйіннің бірі осы.
11 ӨҢІРДЕ 13 ЖАҢА ОҚУ ОРНЫ
Колледждердің қоғамдық мәртебесін арттыру, сөз жоқ, олардың инфрақұрылымын жаңартумен тікелей байланысты. Онсыз болмайды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Қазақстанның 11 өңірінде 20 мың орынға арналған 13 жаңа заманауи колледж салу жоспарланған.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер қаражаты есебінен 174 колледж жабдықтаудан өткен екен. Ірі кәсіпорындардың қолдауымен тағы 13 колледжді жабдықтауға қол жеткізілген. Әрине, бұл қуанарлық жағдай ғой. Бірақ мәселенің екінші жағы әлдеқайда күрделі тұр. Еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет екен. Оның ішінде 72 колледжге күрделі жөндеу жүргізбесе болмайтын күйде. 107 колледжде материалдық-техникалық жабдыққа деген қажеттілік жоғары тұса, тағы 202 колледжде бұл мәселе орташа деңгейде.
Мұндай мұқтаждықты шұғыл түрде жөнге келтірудің тереңіне бойлар болсақ, маңызды мәселелер алдан шығады. Сайып келгенде, XXI ғасырдың маманын XX ғасырдың жабдығымен даярлау мүмкін емесі әмбеге аян.
Осы күнгі студент-шәкірт колледж қабырғасында ескірген станокпен жұмыс істеп үйреніп, кейін кәсіпорынға келгенде автоматтандырылған цифрлық кешенге тап болса, жұмыс беруші оны қайта оқытуға мәжбүр болуда. Сондықтан білім беретін шеберхана мен нақты өндірістің технологиялық деңгейі бір-біріне барынша жақын болуы керек.
Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қарашаға дейін 2027–2030 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын Үкіметке енгізуді тапсырды.
КӨЛІК САЛАСЫНЫҢ ӨЗІНЕ 57 МЫҢ МАМАН КЕРЕК
Үкімет отырысында мәлім етілгендей, біздегі кадр тапшылығының нақты мысалын көлік саласынан көруге болады.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев келтірген мәлімет бойынша, салада қазір шамамен 870 мың адам еңбек етеді. Алдағы уақытта көлік саласына қосымша 57 мыңға жуық маман қажет. Бұл ретте негізгі сұраныс автомобиль және теміржол көлігі, жол құрылысы мен логистика бағыттарына тиесілі.
Көлік және оның инфрақұрылымы саласы Қазақстан үшін айрықша маңызды екенін айтып жату артық шығар. Еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын транзиттік әлеуетін күшейтіп, жаңа теміржол желілерін, автомобиль жолдарын, әуежайлар мен логистикалық орталықтарды қарқынды дамытып келеді. Бірақ миллиардтаған теңгеге салынған инфрақұрылымды басқаратын білікті адам болмаса, кімге жүгініп, кімге өкпелейміз?
Тоқетері сол, инфрақұрылымға салынған инвестиция адам капиталына салынған инвестициямен қатар жүруі керек. Осы бағытты үйлесімді жолға қоймайын, қанша жаңа жол салсақ та, оны тиімді пайдаланатын маманның жетіспеушіліген құтыла алмайтынымыз анық.
ДИПЛОМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУҒА КЕПІЛ МЕ?
Үкімет отырысында келтірілген мәліметтерге сәйкес, жұмысшы мамандықтары бойынша колледж бітірген 51 мың түлектің 34,6 мыңы, яғни шамамен 68 пайызы жұмысқа орналасқан. Қалған 16,4 мың түлек жұмыс таба алмаған. Бұл да ойландыратын мәселе.
Қайсыбір кәсіпорындар маман таппай отыр дейміз. Ал жұмысшы мамандығы бойынша білім алған түлектердің бір бөлігі жұмыссыз жүр деп дабыл қағамыз. Мұндай қарама-қайшылықтың өзіндік себебі бары – басы ашық ақиқат. Жиі айтылатын себептер мынау – мамандықтың өңір экономикасына сәйкес келмеуі, практикалық дағдының жеткіліксіздігі, жалақы мен еңбек жағдайы, жұмыс орнының географиялық алшақтығы.
Колледж жұмысының нәтижесін тек «қанша студент диплом алды?» деген көрсеткішпен өлшеу жеткіліксіз. Ең маңызды индикатордың бірі – түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналасты ма? Міне, осы сауал маңыздырақ болуға тиіс.
ПЕДАГОГ ӨНДІРІСТЕН ҚАЛЫП ҚОЙМАСЫН!
Орта-арнаулы оқу орындарының ғимараттарын жөнге келтіріп, материалдық-техникалық жабдықталуын оң шешумен бірге жағдай түзеліп кетеді десек, ақылға қонымсыз болар еді. Енді қолда бар заманауи жабдықпен студент-шәкіртті жұмыс істеуге үйрететін адам қажет болады.
Деректерге ден қосақ, еліміздегі колледждерде бүгінде 42 901 педагог жұмыс істеп жүр. Олардың 95,4 пайызы жоғары білімді. Соның ішінде 16 248-і арнайы пән оқытушысы, 9 505-і жалпы білім беретін пәндердің оқытушысы, 4 880-і өндірістік оқыту шебері. Осыған қарамастан, дәл қазір колледждерге екі мыңнан астам педагог жетіспейді екен.
Осыған байланысты өндірісте еңбек еткен тәжірибелі мамандарды колледждерге тарту, ал колледж оқытушыларының біліктілігін шетелде арттыру көзделіп отыр. Бұл – іліміз үшін аса өзекті мәселе. Егер өндірістің технологиясы әр үш-бес жыл сайын өзгеріп отыратын болса, педагогтың да он жыл бұрын алған білімі өзгеріссіз қалмауы керек, жаңарып-жаңғырып, заманауи сұраныс-қажеттіліктерге байланысты толығып отыруы шарт. Өйткені оқытушының өзі өндірістен бір қадам кейін қалмауы тиіс. Керісінше, оқытушы жаңа технологияны өзінің студентінен бұрын меңгеруі керек.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ҚАЙ МАМАНДЫҚ?
Бүгінгі Үкімет отырысындағы ең өзекті тақырыптардың бірі еңбек нарығының технологиялық трансформациясы болды. Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, кейбір мамандықтар біртіндеп еңбек нарығынан жоғалуы ықтимал. Олардың қатарында мәтін терушілер мен өңдеушілер, деректер енгізумен айналысатын қызметкерлер және корректорлар аталды.
Бірақ бұл «жасанды интеллект адамдардың жұмысын түгел тартып алады» деген сөз болмаса керек. Керісінше, мамандықтардың басым бөлігі өзгереді. Мәселен, кәсіптік стандарттарға цифрлық дағдылар, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, BI-сараптама және киберқауіпсіздық талаптары енгізіле бастайды.
Яғни ертеңгі күні дәнекерлеуші роботтандырылған кешенді басқарады, механик цифрлық диагностика жасайды, агроном дрон мен жасанды интеллект арқылы егістікті бақылайды, логист үлкен деректермен жұмыс істейді, энергетик автоматтандырылған жүйені үйлестіреді. Осылайша, мамандықтың атауы сақталғанымен, оның ішкі мазмұны өзгереді. Сондықтан бүгінгі баладан «Өскенде кім боласың?» деп сұрау аздық етеді. Ендігі жерде «Жаңа нәрсені қаншалықты тез үйрене аласың?» деген сұрақтың маңызы арта түспекші.
Осы мәселені жүйелі шешу үшін Үкімет тағы бір нақты қадамға бармақ. Премьер-Министр О.Бектенов Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жетекші компаниялармен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын толыққанды іске қосуды тапсырды.
Мұның мән-иаңызы ауқымды. Бұрын білім жүйесі көбіне экономикадағы өзгерістен кейін әрекет ететін. Мысалы, жаңа мамандық пайда болады, кәсіпорындар маман таппайды, содан кейін ғана оқу бағдарламасы жасалатын-ды. Ал жаңа модель керісінше жұмыс істеуі керек болып тұр. Алдымен болашақ сұранысты болжанып, содан кейін ғана маман даярлау мәселесі қойылады.
Жасанды интеллект дәуірінде бес жыл бұрын жасалған оқу бағдарламасының өзі ескіріп қалуы мүмкін. Сол себепті Үкімет қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар мен микро-біліктіліктерді дамытуға да мән беріп отыр. Бұл адамның міндетті түрде тағы төрт жыл оқымай-ақ, белгілі бір жаңа технологияны бірнеше айда меңгеріп, кәсіби құзыретін толықтыруына мүмкіндік береді.
12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ: МЕРЗІМ БЕ, МАЗМҰН БА?
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте қоғамда көп талқыланған тағы бір мәселе көтерілді. Оқу-ағарту министрлігі 12 жылдық білім беру бағдарламаларын, соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі модельді қайта қарап жатыр. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылған.
Қарастырылып отырған нұсқалардың бірі – 12 жылдық білім мазмұнын 11 жылдық мерзімге ықшамдау мүмкіндігі. Бірақ әзірге түпкілікті шешім жоқ. Бұл мәселені де «11 жыл жақсы ма, 12 жыл жақсы ма?» деген қарапайым есепке тіреуге болмайды. Мұндағы басты мәсәле – мектеп түлегі соңғы оқу жылында қандай қосымша білім мен құзырет алады деген сұраққа нақты жауап алу.
Егер қосымша жыл балаға кәсіби бағдар, технологиялық сауат, тілдік қабілет, сыни ойлау және еңбек нарығына қажетті дағды берсе – оның мәні бар. Ал оқу мерзімі ұзарғанымен, білім мазмұны айтарлықтай өзгермесе, сөз жоқ, жүйені қайта қарау қисынды. Яғни мұндағы басты өлшем – оқудың мерзімі емес, түпкілікті нәтижесі.
АТА-АНАЛАР ЧАТЫ: ҰСАҚ МӘСЕЛЕ ЕМЕС!
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ата-аналар чаттарына қатысты мәселенің көтерілуі де қоғамда қызығушылық тудырды. Бәзбіреулер «мұның мемлекеттік деңгейдегі кадр даярлау мәселесіне қандай қатысы бар?» деуі әбден мүмкін. Қатысы болғанда қандай! Мұнда педагогтің мәртебесі, еңбек уақыты және кәсіби шекарасы туралы аса өзекті һәм күрделі мәселе жатыр.
Әлбетте, Оқу-ағарту министрлігі ата-ана мен мұғалім арасындағы байланысты шектеуден аулақ. Ондайды көздерп отырған жоқ. Басты мәселе – қарым-қатынас өзара құрмет пен белгілі бір тәртіпке негізделуі керек. Мұғалімнің жұмысы сабақ біткенде аяқталмайды. Ол келесі сабаққа дайындалады, дәптер тексереді, білім нәтижесін талдайды. Ал тәулік бойы үзілмейтін чат педагогті 24 сағат жұмыс істейтін онлайн-консультантқа айналдырмауы тиіс.
Бұл ретте қарапайым ғана қағида әбден сіңісіп-орнығуы қажет: мұғалім ата-ананы құрметтейді, ата-ана мұғалімнің кәсіби уақыты мен жеке кеңістігін құрметтейді.
БАЛА ТӘРБИЕСІН ТЕК МЕКТЕПКЕ ЖҮКТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ
Қашанда болсын жалпы қоғам мектептен көп нәрсе күтеді. Білім берсін. Тәрбиелесін. Қауіпсіздігін қамтамасыз етсін. Психологиялық қолдау көрсетсін. Бос уақытын ұйымдастырсын. Мамандық таңдауға көмектессін… Тізе берсеңіз, ата-аналар қауымдастығының мектепке деген жүктемесінің ауқымы тым кең жатыр. Десек те, білім ордасы отбасының орнын ешқашан баса алмайды.
Баланың мінезі, еңбекке көзқарасы, жауапкершілігі, кітап оқу немесе уақытты тиімді пайдалану дағдысының негізі ең алдымен үйде қалыптасып-қаланады. Сондықтан білім сапасының жаңа моделінде мектеп – мұғалім – ата-ана – оқушы жауапкершілігінің тепе-теңдігі де маңызды болып отыр. Министрлік осыны реттеуге аса бейілді.
НАРЫҚҚА ҚАРАЙ МАМАН ДАЯРЛАУ
Сяаси реформалардан кейін жаңадан жасақталған Үкіметіміздің алғашқы кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелерді бір арнаға тоғыстырсақ, еліміздегі кадрлық саясаттың бүгінгі һәм негізгі жаңа формуласын көреміз. Колледж өзінде қай пәннің-саланың мұғалімі немесе қандай кабинет бар екеніне қарап мамандық ашпауы керек. Ең бастысы өңір экономикасына қандай маман керектігіне қарап білім беруі тиіс.
Әр аймақтың өзінің даму бағыттарына қарай қажеттіліктері болады. Мысалы, тау-кен және металлургия саласы басымдыққа ие өңірлерде – сол саланың заманауи маманы, аграрлық аймақта – цифрлық ауыл шаруашылығын меңгерген маман, көлік торабында – логист, машинист, жолшы, техник, өнеркәсіптік өңірде – энергетик, автоматтандыру және роботтандыру маманы даярланғаны лазым ғой.
Елімізде салынып жатқан жаңа атом энергетикасы қалыптасса – оған да қазақстандық инженер мен техник ауадай қажет болады.
Міне, кез келген жұмыс беруші тарап осы жүйеде колледждің сырттағы бақылаушысы емес, оқу бағдарламасын қалыптастыруға қатысатын толыққанды серіктеске айналуға тиіс.
ӨМІР ҮШІН ОҚУ
Бүгінгі Үкімет отырысының ең маңызды қорытындысын бір ғана мәселеге сыйғызуға болады Ол – Қазақстан кадр даярлаудың ескі моделінен жаңа моделіне өтуі керек.
Бұрынғы жол «мектеп – колледж немесе университет – диплом – жұмыс» болып өрілген болса, ендігі, яғни жаңа экономиканың жолы «білім – дағды – технология – тәжірибе – қайта оқу – жаңа дағды» болып жүйеленеді.
Шынтуайтына келсек, қазір бір диплом алып, сол біліммен зейнетке дейін жұмыс істейтін кезең біртіндеп тарихқа айналып барады. Өйткені мамандық та, соған сай технология да, еңбек нарығы да өзгереді. Демек, адам да үнемі жаңаны меңгеруі, жаңалықты үйренуі керек.
Кадр саясаты – экономикалық саясат. Ал бұл тек Оқу-ағарту немесе Еңбек министрлігінің мәселесі ғана емес. Бұл тұтастай қоғам дамуына ықпал етер стратегиялық бағдар болса керек.
Бізге дипломы бар адамдардың санын көбейту емес, экономиканың нақты сұранысына жауап беретін, технологиямен бірге өзгеруге қабілетті кәсіби мамандар қажет. Болашаққа бағдар түзеген жаңа экономикасыздың аса бағалы капиталы – көздің жауын алардай зәулім ғимарат та, заманауи мүмкіндіктерге ие станок та, тіпті жасанды интеллект те емес. Аса құнды капитал – соларды игере алатын адам. Кез келген мемлекет осыған аса жоғары маңыз беріп, ұқыппен, сенімді қадам жасай отыра қарайды.
Шаруамыз бітпесін!
Асыл ӘБІШЕВ.
