
Сауле Аргинова – туризм саласында жиырма жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Баянауылдың көркем табиғаты мен терең тарихын ерекше сүйіп, оны өзгелерге танытуды өмірлік мақсатына айналдырған.
Баянауыл
(ертегі)
Бүгін мен сендерге қазақ даласында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бір көркем ертегіні баяндайын. Қазақ ертегісі ежелден: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде…» деп басталады.
Бағзы заманда, дүниенің жаралған шағында Жаратушы құдірет жер бетін кезіп жүріпті. Иығында қоржыны бар екен. Сол қоржын табиғаттың сан алуан ғажайып қазынасына толы болыпты. Жаратқан жол-жөнекей қоржынынан бір уыс сұлулықты алып, жер бетіне сеуіп отырған екен. Бір өңірге ну орман қоныпты, бір тұсқа құлпырған көк шалғын жайылыпты. Әлдебір алқапта айдын көлдер мөлдіреп жатса, енді бір жерде асау өзендер арындап аққан. Кей өлкеде асқар таулар бой көтерген. Ұзақ сапар кешкен Құдіретті ие табиғаттың бар байлығын жер жүзіне осылайша үлестіріп келе жатыпты.
Уақыт өте қоржын да жеңілдей берген. Ақыры ішіндегі қазына таусылған шақта құдай алдынан қос қолын көкке жайып отырған бір қазақты көреді.
– Уа, Жаратқан ием, кең пейіліңнен бізді де құр қалдырмағайсың. Еншімізге ұшы-қиыры жоқ сайын дала ғана тиді. Табиғаттың бір шырайын бізге де бұйырт, – деп жалбарынады ол.
Жаратушының жүрегі елжіреді. Қоржынның түбіне үңілсе, әр алуан ғажайыптың жұрнағы әлі қалыпты. Қоржынды сілкіп жібергенде жер бетіне бар асылдың соңғы сынығы төгілді. Сол сәтте шағын ғана, бірақ жан жадыратар ғажайып өлке жаралды. Көкпен тілдескен таулар, шыныдай мөлдір көлдер, мұздай бұлақтар көз ашты. Қалың орманда құстардың әуезді үні күмбірледі, көбелектер гүлден гүлге қонып, сирек өскен өсімдіктердің өзі сыбырласқандай әсер қалдырды.
Жаратушы жаңа жаратылған өлкеге сүйсіне көз тастады. Көңілі толып, Табиғатты қасына шақырып:
– Менің асығыс шаруам бар. Ал мына мекен әлі де шебер қолдың табын күтеді, – деді.
Табиғат ана терең ойға шомды. Сосын осы өлкені тасқа айналған ертегіге айналдыруды ұйғарды. Оның ұстаған құралдары – күннің ыстығы, жаңбырдың нәрі, аяздың қыспағы, желдің демі және уақыттың өзі еді. Сол бес құдірет бірлесе еңбек етіп, қайталанбас тас мүсіндерді дүниеге әкелді.
Жылдар жылжып, ғасырлар алмасыпты. Даланың да басынан талай дәурен өткен. Күндердің күнінде көкке мынадай хабар жетеді: жер бетінде сұлу бір мекен бар екен, жұрт оны Баянауыл деп атайды екен. Оның мағынасы – «бақыт қонған, ырыс дарыған таулар».
Бұл өлкедегі әрбір жартас, әрбір шың, әрбір құз ертегіден шыққан кейіпкерге ұқсайды. Әр тастың өз аты, әр таудың өз сыры, әрбір құздың өз аңызы бар.
Осыны естіген құдай тағала Баянауылдың көркін өз көзімен тамашалауды ұйғарды. Көктен жерге түсіп, ертегі әлеміндей ғажайып сапарға аттанды. Алдынан асқақ шың үн қатты:
– Менің атым – Ақбет. Баянауылдағы ең биік тау – менмін.
Сәл әріректе тұрған құз тіл қатты.
– Мен Жасыбай батырдың тұлпарымын. Ием мәңгілік сапарға аттанған күні мен де тасқа айналдым. Жұрт мені Атбасы деп атайды.
Тағы бір алып жартас:
– Мен – Асан Қайғы, – деп өз есімін таныстырды.
Жаратушы Жасыбай көліне жеткенде, көкірегін үнсіз таңданыс кернеді. Мұндағы сұлулықты сөзбен өрнектеу мүмкін емес еді. Қанша көркем тілмен суреттесе де, табиғаттың шын ажары көмескі тартары анық.
Мөлдір көлді жан-жағынан көк тіреген таулар қоршап тұр. Сол көне Көктас, ежелгі Баян таулары бейне бір ел шебін күзеткен баһадүрлер секілді. Үнсіз. Айбарлы. Қауіп төнсе, найзасын қас-қағым сәтте көтеруге әзір.
Көктен келген қонақ толқынның баяу сыбдырын тыңдап, саф ауаны кеудесіне толтыра жұтты. Самалдың салқыны жүрекке тыныштық құйып, баяғыда көмескіленген бір сезімді қайта оятты. Ол – бақыттың үнсіз лебі еді.
Жаратушы көл жағасында ұзақ аялдады. Су бетіне үңіліп, көлдің сырлы әңгімесіне құлақ түрді.
Ал Жасыбай көлі ғасырлар қойнауынан жеткен мұңлы шежіресін ақтара бастады.
Қазақ даласын жоңғар шапқыншылығы қаптаған ауыр кезең… Ел іші азаға толды. Ауылдар отқа оранды. Қарттар, аналар, балалар қыршыннан қиылды. Зар мен жоқтау кең даланы күңірентті. Талай боздақ жат жұртқа тұтқын айдалды.
Сол шақта туған жердің намысын ту еткен батырлар атқа қонды. Қан майданда талай ер жанын пида етті. Жау толастамайтын қара құмырсқадай қаптап отырды. Бірінің орнына бірі шығып, басы шабылған айдаһардай қайта көбейе берді.
Ақыры жоңғарлар зұлым айлаға көшті. Аттарына теріс мініп, өздері алға беттеп шапты. Сырт көзге олар кейін шегініп бара жатқандай көрінді. Жасыбай батыр дұшпанның қулығын бірден аңғарды. Жауынгерлеріне шешуші шайқасқа әзірленуге әмір берді. Ұлы ұрыс басталды. Жеңіс қазақ қолының еншісіне бұйырды. Жау тас-талқан болды. Дала қуанышқа бөленді. Көптен күткен ұлы жеңіс туған елдің еңсесін қайта тіктеді.
Шайқас аяқталып, дұшпан кейін шегінді. Алайда кекке булыққан бір жауынгер кетерінде соңғы оғын атып үлгерді. Жебенің ұшында Жасыбай батырға арналған ажал тұр еді. Сол оқ асыл ердің өмірін қиды.
Ел жүрегінде батырдың ерлігі мәңгі сақталды. Халық осы мөлдір көлге Жасыбайдың есімін берді. Батырдың өз өсиеті бойынша сүйегі асу басына жерленді. Бүгінде Жасыбай мазары – Баянауылға келген әрбір жан тәу етіп соғатын қасиетті де көркем мекен. Сол тұстан Жасыбай көлі де, Сабындыкөл де алақандағыдай айқын көрінеді.
Ал Сабындыкөл жайында ел аузында әдемі аңыз бар. Сұлу Баян бір күні көл жағасында қолындағы сабынын түсіріп алыпты. Содан бері көл суы жібектей жұмсақ, ақ көбік шашқан мөлдір қалпын сақтап келеді деседі. Көл жағасына жұрт қоныс теуіп, уақыт өте Баянауыл атты ауыл бой көтерген.
Жаратушы жолын жалғай түсті. Әр қадам сайын қызығы артып, таңданысы молая берді. Өйткені кезіккен әрбір жартас өз шежіресін шертуге ынтық.
– Менің атым – Найзатас, – деді сүйірлене шаншылған алып құз. – Ел ішінде Бөлке деп те атайды. Ер-азаматтар қан майданға аттанған шақта аналар мен арулар нан пісіріп, осы араға үйіп отырған. Уақыт өте келе сол үйілген нандар зәулім тауға айналыпты-мыс.
Жаратушы тасқа айналған ертегінің кейіпкерлерімен осылайша таныса берді. Жүзінен күлкі кетпеген Сайқымазаққа жолықты. Айбарлы Айдаһармен амандасты. Маужыраған Мамонтқа сәлем берді. Ирелеңдеген Жыланды көрді. Құмға бойын жасырып жатқан Тасбақаның жанынан өтті. Алыстан киіз үйдің сұлбасы көзге шалынды. Ұшатын табаққа ұқсас тас та бар екен. Тіпті танкке келетін жартас та кездеседі. Ал бір шыңның ұшар басында Құс-ана – Көгершін (Кептертас) қонақтап тұр.
– Ұлдарымды ажалдан арашалау үшін көгершін кейпіне ендім. Араздасқан жұрттың арасына дер кезінде жетіп, қантөгісті тоқтаттым, – деді ол баяу ғана.
Сәл әріректе көрікті бір тау сөз бастады.
– Менің төбемде бір замандарда алып қыран мекендеген. Сол қыран тау ешкілерінің серкесін қанатына көтеріп, дәл шыңыма қондырған екен. Содан бері ел мені Серкетас деп атайды.
Осы кезде қалың тоғай ішінен жапырағы сыбдырлаған нәзік үн естілді.
– Біз – қара қандыағашпыз. Жер бетінде сирек сақталған көне өсімдіктердің тұқымымыз. Тамырымыз жер астындағы мөлдір бастауларға жеткен жерде ғана өсіп-өнеміз. Сондықтан біздің ғұмырымыз бұлақтың тынысымен сабақтас.
Сапар әрі қарай Торайғыр көліне ұласты. Бұл өлкенің бір қапталы – асқар тау, екінші жағы – сайын дала. Көл атауы ел қамын жеген әділ би Торайғырдың құрметіне қойылған. Халық жадында ол қара қылды қақ жарған төрелігімен, жұртының мұңын жүрегінен өткізген дана тұлға ретінде сақталған.
Алда Жаратушыны тағы бір тосын көрініс күтіп тұр екен.
Таулардың ортасында жалғыз шоқы асқақтап көтеріліпті. Жақындаған сайын оның кескіні айқындала түсті. Қарасаң, қаһарлы кемпірге ұқсайды: имек келген үшкір мұрын, шодырайған көз, қомақты иек, еңкіш тартқан иық. Өткен-кеткенге сұстана қарап, үнсіз күзетіп тұрғандай.
Жаратушы оған жақындап:
– Амансың ба! Атың кім? – деп тіл қатты.
Жартас күрсініп барып сөз бастады.
– Атым – Кемпіртас. Жастық шағымда көркіме көз тоймайтын, мінезіме жан жуымайтын өр кеуде қыз едім. Талай жігіт сөз салды. Ешқайсына көңіл бұрмадым. Ақыры жаман жолға түсіп, жын-шайтанның жетегіне ердім. Өз ауылымның жылқысын ұрлап, елдің мазасын кетірдім. Жігіттер мұндай зорлыққа шыдамай, маған қарсы атқа қонды.
Ол үнсіз бір сәт алысты шолып тұрды.
– Ұрыс ұзаққа созылды. Ешкімге дес бермедім. Бірақ соңғы шайқас тағдырымды өзгертті. Түні бойы арпалыстым. Жігіттердің жігері мұқалмады. Ал менің сиқырым таң шапағы білінген сайын әлсірей берді. Жер астына кіріп үлгермедім. Күннің алғашқы сәулесі денеме тиген мезетте тасқа айналдым…
Кемпіртастың үні баяу басылды. Көне аңыздың мұңы үнсіз қалған таулардың құшағында ұзақ жаңғырып тұрғандай еді.
Кемпіртас өз жүрегінде сақталған сырдың бәрін кез келген жанға аша бермейтін. Ал бүгін Жаратушыға ерекше ықылас танытты.
– Баянауылда Мыстандар шатқалы деген ғажайып мекен бар, – деді ол баяу үнмен. – Оның сұлулығын сөзбен жеткізу қиын. Жаздың аптабында да салқын самал есіп тұрады. Мөлдір бұлақ сылдырап ағады. Сирек кездесетін қырыққұлақтар жайқалып өседі. Тау беткейін қалың мүк көмкерген. Бұл өңірде айтылар аңыз да көп. Жыл сайын, ежелгі дәстүр бойынша, Иван Купала түні мыстандар осында жиналып, өздерінің тылсым думанын өткізеді. Ал мен сол мекеннің иесі ретінде түнгі жиынға алдын ала қам жасаймын.
Жаратушы Кемпіртасқа қызыға көз тікті. Кенет жартас оның көз алдында құбыла бастады. Әуелі қолтырауынның басына ұқсап шыға келді. Артынша жылы жүзді, парасат нұры төгілген ақ жаулықты кейуананың кейпіне еніп, мейіріммен жымиды.
Бұл құбылыс көктен келген қонақтың көңіліне айрықша әсер қалдырды.
Оның таңданысын сезген Кемпіртас күлімсірей тіл қатты.
– Қазіргі жастар мені «Трансформер жартас» деп атайды. Тағдырыма ризамын. Бүгінде мені дүние жүзінің талай елі таниды. Баянауыл туралы түсірілген деректі және көркем фильмдердің көбінде менің бейнем бар. Елдің айшықты белгісіне де айналдым. Ғаламтор арқылы Баянауылдың даңқы шартарапқа жайылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен де, алыс мемлекеттерден де қонақтар үзілмейді. Туризм өркен жайып келеді. Оның бәрін өз көзіңмен көрдің ғой. Адамдар бұл өлкені шын жүрегімен сүйеді.
Жаратушы үнсіз бас изеді. Рас еді.
Осы сапар бойы оның жанынан адам қарасы бір елі ажыраған жоқ. Бірі бейнекамерасын көтеріп жүрсе, бірі ұялы телефонын қолынан түсірмейді. Бірі фотоаппаратының тетігін қайта-қайта басып, табиғаттың әр көрінісін жадына ғана емес, суретке де мәңгілік хаттағысы келеді. Баянауылдың әр тасы, әр көлі, әр шыңы адамдардың таңданысына бөленген қастерлі мұра.
Табиғаттың ғажайып көрмесінің соңғы аймағынан да Жаратушы ұзай берді. Көңілін сан алуан сезім тербеді. Ертегіге айналған Баянауылмен қоштасу жүрегіне мұң ұялатты.
Ал бойына қуат берген бір-ақ нәрсе бар еді. Кезінде Жаратушыдан туған жеріне табиғаттың сұлу шырайын сұрап жалбарынған қазақтың ұрпағы сол аманатқа адал болыпты. Көк пен жердің арасында жаралған осы көркем өлкені көздің қарашығындай сақтап, бастапқы қалпын бүлдірмей, бүгінге дейін жеткізген.
Қазақ «Ертегі баяндалғанша, іс те бітіп үлгереді» дейді. Сол ізгі іс бүгін де жалғасып келеді.
Баянауылдың асыл табиғатын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Себебі бұл өлке – бүгінгі ұрпақтың ғана қуанышы емес, ертеңгі буынға аманатталған қасиетті қазына.
Ертегі аяқталды. Ал Баянауылдың ғажайыбы мәңгі жалғасады.
Орыс тілінен аударған – Айбек ОРАЛХАН
