Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық жаңғыру елдің саяси жүйесіне тың серпін берді. Соның маңызды көрінісі – жаңартылған Конституция талаптарына сәйкес алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы. Бұл науқан мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған реформалардың өміршеңдігін көрсететін маңызды саяси оқиға саналады.
Aiqara.kz ақпараттық агенттігі осыған орай қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ой-пікірін назарға ұсынуды жалғастыруда. Зиялы қауым өкілдері, мәдениет және ғылым саласының мамандары, қоғам белсенділері жүргізіліп жатқан өзгерістердің мәніне өз бағасын беріп, алдағы сайлаудан күтер үміттерімен бөлісуде.
Қазіргі таңда қоғамда бір палаталы Құрылтайдың қызметі, заң шығару үдерісінің тиімділігі, депутаттардың жауапкершілігі және партиялық тізім арқылы қалыптасатын жаңа өкілдік жүйе кеңінен талқылануда. Сарапшылардың бір бөлігі мұндай өзгерістер шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады деп есептесе, енді бірі қабылданатын заңдардың сапасы мен жан-жақты сарапталуына баса назар аудару қажеттігін айтады. Ортақ мақсат – ел мүддесіне қызмет ететін жауапты әрі тиімді заң шығару жүйесін қалыптастыру.
Бүгінгі жарияланымда Aiqara.kz ақпараттық агенттігінің тұрақты авторлары, Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің мүшелері алдағы сайлаудың тарихи маңызы, жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мәні және жаңа Құрылтайдан күтілетін нәтижелер жөніндегі көзқарастарын ортаға салады.
- Жаңартылған Конституция негізінде алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауының тарихи маңызы неде деп ойлайсыз?
- Алдағы сайлаудан және бір палаталы Құрылтайдың қызметінен қандай нәтиже күтесіз?

Елена Харина – Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі:
Алдағы Құрылтай сайлауына қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл сайлаудың маңызы зор деп есептеймін. Өйткені жаңадан сайланатын өкілді органның құрамы елдің де, өңірлердің де алдағы даму бағытын айқындайды.
Дауыс беру үдерісі ашық, әділ әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп сенемін. Сондай-ақ жаңадан құрылатын бір палаталы өкілді орган азаматтардың талап-тілегіне сай келетін шешімдер қабылдайтын тиімді алаңға айналады деп үміттенемін.
Бір палаталы Құрылтайға көшу және депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау қоғамда әртүрлі пікір туғызуда. Бұл реформаның өзіндік маңызды қырлары бар. Ең алдымен, Мәжіліс пен Сенат арасындағы ұзақ келісу рәсімдерінің қажеттілігі жойылады. Соның нәтижесінде дағдарыс жағдайларына жедел әрекет етуге мүмкіндік туады. Депутаттар санының қысқаруы және палаталардың бірінің таратылуы мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалатын шығынды азайтады.
Сонымен бірге бұл депутаттардың жауапкершілігін де күшейтеді. Бір палаталы құрылымда шешім қабылдау үдерісі барынша айқын болады, өйткені қабылданған шешім үшін жауапкершілік нақты бір депутаттық құрамға жүктеледі.
Алайда мұның екінші қыры да бар. Бұрын заң жобаларын қосымша саралап, тепе-теңдік сақтауға ықпал еткен Сенаттың болмауы кейбір шешімдердің асығыс қабылдануына немесе жан-жақты пысықталмаған, көпшілік көңіліне ғана бағытталған заңдардың қабылдануына себеп болуы мүмкін.
Алдағы сайлау – ел дамуы үшін айрықша маңызды кезең. Сондықтан бір палаталы жүйе бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетіп, мемлекеттік шығындарды қысқартумен ғана шектелмей, қабылданатын шешімдердің байыптылығы мен сапасын сақтай білуі аса маңызды.

Наталья Васильевна Борисовская – Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі:
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңартылған Конституция негізінде алғаш рет Құрылтай Парламенті депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси жаңғыруындағы аса маңызды кезең.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – халықтың еркін барынша толық білдіру, заң шығарушы биліктің жауапкершілігін күшейту. Алдағы сайлау елдің болашағына бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Бұл саяси науқанның тарихи маңызын жоғары бағалаймын және оның нәтижесінде ел өмірінде сапалы оң өзгерістер болады деп сенемін.
Әңгімелескен, пікірлерді аударып ұсынған – Айбек Оралхан.
