
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кестелі сөз» жобасы аясында белгілі ақын, республикалық және халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері Алтынбек Елемесұлымен «Күз бе, сіз бе жылаған?» атты шығармашылық кездесу өтті. Поэзия мен ән тоғысқан әдеби кеш қаламгер мен оқырман арасындағы еркін сыр-сұхбатқа ұласты.
Күздің алғашқы айы – табиғаттың ғана емес, адам көңілінің де сан алуан бояуға енетін шағы. Ақын жаны үшін оның әсері тіпті бөлек. «Күз бе, сіз бе жылаған?» атты шығармашылық кештің атауы да жыр мен мезгілдің осындай нәзік үндестігін аңғартқандай.
Кештің басты мақсаты – қаламгердің поэзиясын кеңінен насихаттап, жас буынның әдебиетке қызығушылығын арттыру, ақын мен оқырман арасындағы рухани байланысты нығайту.
Алтынбек Елемесұлы 1989 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келген. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жастайынан өлеңге ден қойған қаламгер бүгінде республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар жыр мүшәйраларында жүлдеге ие болып, өңір әдебиетіндегі өзіндік үні бар ақындардың қатарынан көрініп жүр.
Оның өлеңдері «Бәйшешек», «Ертіс толқындары», «Махаббат жыры», «Жас ақындар антологиясы» секілді ұжымдық жинақтарға енген. Ақын поэзиясының негізгі өзегі – туған жер, махаббат пен сағыныш, табиғат, адам болмысы, уақыт пен тағдыр.
Алтынбек Елемесұлының шығармашылық ізденісі республикалық деңгейдегі әдеби жобаларда да танылып келеді. Солардың бірі – «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасы. Ақын бұл жыр додасына Павлодар облысының атынан қатысып, Ертіс-Баян өңірінің сөз өнерін танытты.
Бұл жетістіктердің әрқайсысы – ақындық жолдың межесі ғана емес, үздіксіз ізденістің көрінісі.
Шығармашылық жүздесу ақынның сыршыл жырларымен өрілді. Табиғат пен туған жер, махаббат пен сағыныш, адам тағдыры мен тіршіліктің өткінші сәттерін арқау еткен өлеңдер тыңдарманға ұсынылды. Жырлардан лирикалық нәзіктікпен қатар адам болмысына үңілу, уақыттың қадірін сезіну аңғарылды.
Кештің тағы бір ерекшелігі – поэзияның әнмен астасуында. Әділет Сейітов ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, әдеби жүздесуге өзгеше реңк қосты. «Ертіс толқындары» мен «Махаббат жыры» әндері көпшілік тарапынан жылы қабылданды. Осылайша, сөз бен саздың сабақтасуы Алтынбек Елемесұлы шығармашылығының тағы бір қырын танытты. Өлең қағаздағы мәтін күйінде қалып қоймай, әуенмен үйлескенде тыңдарманға мүлде басқа әсер сыйлайтыны белгілі. Кеш барысында осы үндестік анық сезілді.
Кездесудің елеулі бөлігі «сыр-сұхбат» форматында өтті. Жастар ақынға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, өлеңнің дүниеге келу сәті, шығармашылық ізденіс, шабыт табиғаты, қазіргі әдеби үдеріс пен жастардың рухани талғамы туралы пікір алмасты. Ақын өз шығармаларының жазылу тарихына тоқталып, шығармашылық тәжірибесінен сыр шертті. Мұндай еркін әңгімелердің әдеби кештер үшін маңызы ерекше. Өйткені жас оқырман кітаптан немесе әлеуметтік желіден өлеңді оқуы мүмкін. Ал ақынмен бетпе-бет отырып, сол өлеңнің қалай туғанын, қаламгердің не ойлағанын, шығармашылықтың ар жағында қандай еңбек жатқанын өз аузынан есту – мүлде басқа тәжірибе. Осы тұрғыдан «Кестелі сөз» жобасы автор мен оқырманның арасын жақындататын әдеби алаңға айналып келеді.

Кездесуге өңірдің әдебиет пен өнер өкілдері, зиялы қауым мүшелері, кітапхана оқырмандары мен шығармашыл жастар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ғалымбек Жұматов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғабит Сапаров, жазушы, әдебиеттанушы, профессор Серік Елікбай, ақын, айтыскер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы болды. Қаламгерлер Алтынбек Елемесұлының шығармашылығы туралы пікір білдіріп, ақындық ізденісіне баға берді. Әдеби ортадағы белсенділігі мен сөз өнеріне қосып жүрген үлесін атап, алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Аға буын қаламгерлердің ақ тілегі жас ақын үшін де, кешке қатысқан шығармашыл жастар үшін де маңызды. Әдебиетте дәстүр жалғастығы дегеніміз де – осы. Бір буынның екінші буынға тек шығармасын емес, сөзге деген жауапкершілігін, әдебиетке адалдығын, шығармашылық тәжірибесін табыстауы.
Бүгінде кітап пен поэзия жас адамның назарын әлеуметтік желідегі қысқа контентпен бөлісуге мәжбүр. Бірнеше секундтық бейне, үздіксіз ақпарат тасқыны, жылдам ауысатын трендтер жағдайында адамның ұзақ мәтін оқып, өлеңнің бір жолына аялдап, ойлануына мүмкіндік азайып бара жатқандай. Осындай кезеңде ақын мен оқырманды бетпе-бет кездестіретін әдеби жобалардың маңызы арта түседі. Өйткені әдебиетті насихаттау – тек кітапты сөреге қою емес. Жас оқырманға оның ар жағындағы тірі адамды, шығармашылық тағдырды, ой мен сезімді көрсету керек. Бұл кеште жастардың белсенді сауал қоюы да соның бір дәлелі болды. Демек, жастар поэзиядан алшақтап кетті деп біржақты тұжырым жасауға болмайды. Оларға әдебиетті ұсынудың заманауи әрі тартымды жолын таба білу керек.
Шығармашылық кештің атауының өзінде поэзия бар. Күз жылай ма? Адам жылай ма? Әлде күзгі жаңбыр мен адамның көңіліндегі сағыныштың арасына шекара қоюдың өзі қиын ба?
Мұндай сұрақтың нақты жауабын іздеудің де қажеті жоқ шығар. Өйткені поэзияның құдіреті – дайын жауап беруде емес, адамға бұрын байқамаған сезімін сезіндіруде, ойламаған дүниесін ойлатуда. Алтынбек Елемесұлының жырларындағы туған жерге іңкәрлік, махаббат, сағыныш, адам жанының нәзік иірімдері кештің өн бойында осы көңіл күйді қалыптастырды.
Кездесу соңында қатысушылар ақынға шығармашылық шабыт пен жаңа табыстар тілеп, қаламынан жаңа жырлар туа беруіне ізгі ниеттерін білдірді. «Кестелі сөз» аясындағы бұл басқосу бір ақынның шығармашылығын таныстырумен шектелген жоқ. Ол – ақын мен оқырманды, аға буын мен жасты, өлең мен әнді бір кеңістікте тоғыстырған әдеби жүздесу болды.
Осындай кештердің ең үлкен нәтижесі де марапат немесе ресми қорытынды емес. Егер сол кештен шыққан бір жас үйіне барып өлең кітабын қолына алса, бір шәкірт өзі де қалам ұстап көргісі келсе, бір оқырман бұрын мән бермеген ақынның жырын іздеп оқыса – әдеби кездесудің мақсаты орындалғаны. Өйткені өлеңнің өмірі ақын жазған жерде емес, оқырманның жүрегіне жеткен жерде басталады.
Асыл ӘБІШЕВ.
