65 жастан асқан жүргізушілерге қойылатын жаңа талап және өмірдің өзі дәлелдеген тағылым

 25 тамыздан бастап елімізде көлік жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Жаңа тәртіпке сәйкес, 65 жастан асқан азаматтардың көлік басқару мүмкіндігі медициналық тұрғыдан тұрақты түрде расталып отырады. Бұл процесс цифрлық жүйе арқылы үйлестіріледі. Егер денсаулық жағдайы көлік жүргізуге қойылатын талаптарға сәйкес келмесе, уәкілетті орган жүргізуші куәлігінің күшін тоқтатуға құқылы.

Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – жасы үлкен адамдарды шектеу емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені жолдағы әрбір адамның өмірі мен амандығы – ең қымбат құндылық.

Жалпы, жастың ұлғаюы әлсіздік деген сөз емес. Қазақ қоғамында тоқсаннан асқанша еңбектен қол үзбей, ақыл-парасатымен ғана емес, сергек қалпымен де айналасына үлгі болған қариялар аз емес.

Менің әкем Әлімжан сондай жандардың бірі еді. Әкем 90 жасқа қадам басқанда бақилық болды. Өмірінде таяқ ұстап көрмеген адам. Денесін әрдайым тік ұстады. Аяғын нық басатын. Таңнан кешке дейін аула шаруасынан қол үзбей, қажет болса тракторын да, жеңіл көлігін де өзі жөндеп, өзі тізгіндеп жүретін. Қимыл-қозғалысты өмірдің мәні деп білді. Сондықтан болар, өмірінің соңына дейін сергектігін жоғалтпады. Үнемі шымыр һәм ширақ қалпынан айныған емес.

Махмет Демесінов деген ағамды Ертіс-Баян өңірі жақсы таниды.  Махмет аға – 92 жасқа келгенге дейін автокөлік тізгіндеген, өмір бойы тәртіп пен жауапкершілікті серік еткен азамат.

Бірде ағамыз өзінің 90 жасқа толуына арналған шараға мені редакциядан өзі алып кететінін айтты.

– Асыл балам, мен келіп тұрмын, сыртқа шыға қоярсың, – деп телефон шалды.

Ақсақалды күттіріп қоюға болмайды деп, редакцияның үшінші қабатынан төменге 3 секундта-ақ түскендей болдым. Алқынып алаға шықсам, Махмет ағам «Тойотаның» тізгінінде отыр. Дереу салонға «сүңгіп» кеттім…

 Жол-жөнекей тоқсандағы ағамның көлік жүргізу мәдениетіне тәнті болғаным-ай. Әр қимылы сабырлы, әрекеті байыпты да ұқыпты. Асығу-аптығу деген атымен жоқ. Өмірлік тәжірибесі толағай екені бірден көзге ұрады. Ерекше сүйсініспен қарадым да отырдым. Сол мезетте әкем Әлімжан көз алдыма келді.

– Ал, әке-басы, сөйле, не жаңалық? – дейді Махмет аға.

– Не сөйлейтіні бар, аға?! Дәл қазір айрықша бақыттың құшағында отырмын ғой.

– Бәрекелді! Бақытың баянды болсын! Жаңалықтың көкесі өзіңде болды ғой тегі. Ал, бөліс бақытыңмен… – деп күлімсіреді Махмет аға.

– Әкем Әлімжан тоқсанға таяғанынша көлік жүргізді ғой. Автокөлік пен трактордың бәрін өзі жөндеп, өзі жүргізетін-ді. Дәл қазір Сізге қарап, жарықтық әкем есіме түсіп отыр. «Шопырым» – тоқсандағы тәжірибелі адам. Енді бақытты болмағанда қайтейін?! – деймін мен.

Махмет ағам ерекше риза болып, кәдімгідей қанаттанып, рақаттанып бір күліп қойды.

Содан кейін қазіргі кейбір жүргізушілер туралы әңгіме қозғады.

– Қазіргі жүргізушілердің біразы жол мәдениетін жоғалтып барады. Асығады, бірін-бірі сыйламайды. Көлік жүргізу – тек рөл ұстау емес, ол – адамдық мәдениеттің көрінісі. Осыны ескермейтіндер көп, – деді ақсақал.

Шынында, бұл сөздің жаны бар еді. Кейінгі жылдары елімізде жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған «Заң және Тәртіп» сияқты бірқатар бағдарлама қолға алынып, заң талаптары қатайды. Бұл – қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамдары.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында айтқан мына сөзі ерекше ой салады:

«Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет».

Бұл – тек жүргізушілерге ғана емес, бүкіл қоғамға арналған үндеу.

Өйткені жол мәдениеті заңнан бұрын адамның тәрбиесі мен ар-ұятынан басталады. Қанша жаста екенің маңызды емес. Маңыздысы – денсаулық, жауапкершілік, тәртіп және өзгенің өміріне деген құрмет.

Сондықтан 65 жастан асқан азаматтардың денсаулығын тұрақты тексеру – уақыт талабынан туған дұрыс шешім. Бірақ әрбір адамның тағдырына жеке қарап, нақты медициналық қорытынды негізінде шешім қабылдау – әділдіктің де, адамгершіліктің де белгісі.

Өйткені бір адам жетпіске жетпей-ақ көлік жүргізуге жарамсыз болуы мүмкін. Ал енді бірі тоқсаннан асса да ойы сергек, денесі ширақ, реакциясы қалыпты болуы ықтимал. Оның айқын дәлелі – Әлімжан әкем мен Махмет ағамыз секілді өмірдің өнегесіне айналған азаматтар.

Павлодарда жүрген кезінде Махмет ағамыз редакциямызға жиі соғып, ақылын айтып, батасын беріп тұратын. Былтырғы жылдың соңынан бері біраз уақыт Алматыда болып, кейін Астанаға табан тіреген екен. Осы аптада туған жеріне қайта оралыпты.

Баяғы әдетінше кеше редакциямызға арнайы келіп, әңгімесін айтып, ақ батасын берді. Қазір жасы – 94-те. Ағынан жарылған ағаның қуанышы да ерекше екен. Шөбересі футболдан ірі турнирде үздік ойыншы атанып, «Алтын бутсы» жүлдесін иеленіпті. Ақсақалдың жүзіндегі қуаныштың өзі өмірге деген сүйіспеншіліктің белгісіндей көрінді.

– Осындай жетістік сенің де Қаржасың мен Айдаболыңа жұғысып, жолдары ашық, өмірлері өрісті болсын! – деді ағам батасын беріп.

– Әумин! Өзіңіз де қоғамға бағыт-бағдар беріп, кейінгі ұрпаққа үлгі болып, аман жүріңіз. Ғұмырыңыз ұзақ болсын, аға! – дедік.

Кейде қоғамға ең үлкен тәрбиені заң емес, осындай өмірдің өзі береді. Әкем Әлімжан мен Махмет Демесінов секілді аға буын бізге мәңгілік үлгі-өнеге үйретті.

Жолдағы мәдениет жүргізушінің жасымен өлшенбейді. Ол – адамның жүрегіндегі жауапкершілікпен, өмір бойы жинаған тәрбиесімен және өзгенің өмірін өз өміріндей қадірлей білуімен өлшенеді.

Ендеше көлік тізгініндегі мәдениет те, қоғамдағы мәдениет те әрқайсымыздың өзімізден басталады.

Аға буын аман жүрсін, жас ұрпақ өмірлік ұлағат сіңірсін!

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий