
«Қ.Исабаев атындағы Баянауыл аудандық орталық кітапханада «Әлем тамсанған әнші» танымдық іс-шарасы өтті.
Іс-шара Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі опера әншісі, актер Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналды. Жиынға Торайғыр ауылындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде демалушы оқушылар қатысты.
Жиын барысында оқушыларға Ермек Серкебаевтың өмір жолы, өнердегі жетістіктері туралы мағлұмат берілді.
Ермек Серкебаевтың әкесі – Бекмұхамед Хусайынұлы (1896–1976) педагог, жазушы, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болған, ал, анасы – Зылиха Сабырқызы (1906–1997) бастауыш класс мұғалімі болған. Ермек Серкебаев еңбек жолын дикторлықтан бастаған. Болашақ әнші Әнуар Байжанбаевтан тәлім алып, хабар жүргізген. Мұқан Төлебаев оның дауысын жоғары бағалап, өнер жолын операмен байланыстыруға кеңес берген. Солайша ол 1947 жылы Қазақ опера және балет театрына солисті болып алынған. Театрдың жетекші солисіне айналған Ермек Серкебаев қазақ опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Әйгілі әнші Будапештте өткен вокалистер конкурсының лауреаты (1953); «Музыка» номинациясы бойынша «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2000); «Жыл адамы» фестивалінің жеңімпазы (2011) атанған. Осындай деректерді естіген оқушылар талант пен еңбек жетістікке жеткізетін негізгі баспалдақ екеніне куә болды.
Ермек Серкебаев көптеген шет елдік, отандық композиторлардың классикалық әндерін құйқылжыта, тамылжыта шырқады. Ол орындаған Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз»; Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Назқоңыр», «Япур-ай» секілді көптеген халық және халық композиторларының әндері «Қазақстан» ұлттық арнасының алтын қорында сақталған. Оқушылар әншінің 1980 жылы халық әні «Ақбақайды» орындаған бейнежазбасын тамашалады.
Ермек Серкебаев қазақ және әлемдік опералардағы жарқын бейнелерімен ел жүрегінен орын алды. Ол М.Төлебаевтің «Біржан-Сара» операсындағы – Қожағұл; М.Төлебаев Е.Г.Брусиловскиймен бірге жазған «Амангелдідегі» – Амангелді; Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» мен «Дударайында» – Тарғын, Артем; Е.Рахмадиевтің «Алпамыс батырында» – Алпамыс; Ғ.Жұбанованың «Жиырма сегізінде» – Панфилов; П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Мазепа» операларында – Евгений Онегин, Мазепа; В.Моцарттың «Дон Жуан» операсында – Дон Жуан, Дж.Вердидің «Травиата» – Жермон және т.б. партияларды зор шеберлікпен орындады.

Әйгілі әнші-артистің сахнадағы шеберлігі жөнінде Кәукен Кенжетаев была деп жазады:
«…Ермектің аса үлкен табыстарының бірі – «Тарғын» операсындағы Тарғын ролі. Бұл спектакльді сахнаға қойған кезімде Ермек Тарғын батырдың кім екенін өзі түсініп қана қойған жоқ, сонымен бірге спектакльдің жалпы көркемдік, сахналық шешіміне, менің режиссерлік идеяма көп көмектесті.
Дұрысында, артист тек өз ролін түсініп қана қоймай, сол спектакльдің жалпы ойдағыдай шығуына, режиссер шешімінің сахнада айқын көрініс табуына жәрдем бере білуі керек. Сондықтан да гәп сенің жеке өз басыңның жақсы ойнауыңда ғана емес, жалпы спектакльдің жақсы шығуында. Міне, осы тұрғыдан қарағанда Ермекпен сахнада жұмыс істеу жеңіл әрі өте қызық…».
Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналғанбұл жиын «Әлем тамсанған әнші» деп аталуы бекер емес. Ол 50-ден астам мемлекетте, атап айтқанда: Румыния, Пәкістан, Индонезия, Қытай, Бельгия, Франция, Швейцария, Чехославакия, АҚШ, Швеция, Үндістан, Канада, ГДР, Польша, Югославия және т.б. елдердің сахналарында өнер көрсетті.
Жай ғана өнер көрсетіп қоймай, сол халықтардың ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы да Кәукен Кенжетаев өз естелігінде жазып кеткен екен:
«…Ермек өнеріне таң қалған Швецияның «Сэффие-Тиднинген» газеті «…Серкебаев тамаша концерттің шын мәніндегі алтын қарқарасы болды. «Севиль шаштаразысындағы» Фигароның каватинасы ешқашан да ұмытылмас әдемі әсер қалдырады. Ермек Серкебаевтың артистік шеберлігі мен ғажайып баритон даусы каватинаны мүлдем айшықтандырып жіберді» деп жазды.
Швейцарияның «Трибпен де Женев» газеті: «…Ермек Серкебаев өзінің әдемі даусын жақсы меңгереді. Талант қырының кеңдігі сондай, артист опералық репертуардан бастап, халық әндеріне дейін келістіріп орындайды» деп тамсанды…».
«Әлем тамсанған әнші» деген сөзімізге бұдан артық қандай айғақ-дәлдел қажет?!
Жиында Ермек Серкебаевтың Шәкен Аймановпен ағалы-інілік байланысы, өнердегі тандемі туралы да айтылды. Әнші 1957 жылы режиссер Ш.Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде Тәкен рөлін, 1961жылы «Ән шақырады» фильмінде Досай Нұрлановтың, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмінде Шыңғыс бейнесін сомдады.
Естеліктерге жүгінсек, әншіден «…Осы сенің өнеріңді халық неге жақсы көреді, не себептен атағың дүние жүзіне жайылды?» деп сұраса, ол: «Менің атымның шығуына себеп болған Шәкен ағамыз. Ол кісі мені екі рет музыкалық кинокомедияға түсірді. «Біздің сүйікті дәрігер» және «Ән шақырады» атты кинолар арқылы мені көп жұрт таныды. Кино деген артистерді халық алдында дәріптеуде үлкен орын алады ғой. Ол үшін Шәкен ағаға мың да бір рахмет», – деп жауап береді екен.
Шәкен айманов Ермек Серкебаевты өте жақсы көрген екен. Ермек те Шәкенді туған ағасындай сыйлап өтіпті.
Оқушылар «Біздің сүйікті дәрігер» киносынан үзінді тамашалап, сол фильмде әнші орындаған «Тыңда» әніне құлақ түрді.
Танымдық іс-шара оқушылардың ән шырқауымен аяқталды. Кезінде Ермек Серкебаевтың орындауында көпшілікке танылған Т.Базарбаев пен С.Бәйтерековтің «Жан досым» әнін «Балдәурендік» балғындар құшақтасып тұрып орындады.
Иә, жазғы лагерьдің мақсаты – балаларды тынықтырып, сауықтыруып, сергітіп қана қоймай, дос табуға, жанашыр болуға үйрету. Ал, біздің мақсат –Ермек Серкебаевтай әлем тамсанған әншіні өскелең ұрпаққа үлгі ету.
