Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар жайындағы пікіріне пайым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше Астана төрінде өткен дәстүрлі Тамыз конференциясында жастар туралы айтқан пікірі қоғамда зор қызығушылыққа ие болуда. Әсіресе, Президенттің «Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды» және «Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс» деген сөздері әлеуметтік желілерде түрліше түсіндірілуде.  

Жалпы, Президент айтқан ойды бөліп-жарып емес, тұтас мәтін аясында қарастырған жөн. Сонда ғана оның мәні мен мағынасы, маңызы ұғынықты бола түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ең алдымен жастардың тарихи санасы, олардың болашаққа көзқарасы және ұлттың өз күшіне деген сенімі мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы: «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» дей келе, жастардың өткен тарихты дұрыс түсініп, келешекке сеніммен қарауы қажет екенін қадап айтты.

Қоғамды жаңғырту тек заңдарды өзгертіп, мемлекеттік институттарды жетілдірумен шектелмейтіні белгілі ғой. Меніңше, нағыз жаңғыру әр адамның ойлау жүйесінен, дүниетанымынан, өзінің және елінің болашағына деген көзқарасынан басталады. Осы тұрғыдан қарағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға қатысты соңғы пайымдары бүгінгі Қазақстан қоғамына бағытталған маңызды дүниетанымдық үндеу деуге әбден болады.

Президент: «Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек», – деді кешегі сөзінде.

Зерделей білсек, осы пікірдің мәні бір ғана «оптимист болу» ұғымынан әлдеқайда терең екенін түйсіну еш қиын емес. Мұнда жаңа буынның бойында ұлттық сенім, жеке жауапкершілік, табандылық және жасампаздық қасиеттерін қалыптастыру идеясы жатыр.

Мемлекет басшысының: «Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды», сондай-ақ, «Мұң-қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», деген сөздерін де осы тұтас ойдың аясында түйсініп-қабылдаған жөн дер едім.

Президент жастардың өмірінде қиындық, алаңдаушылық немесе ауыр кезеңдер болмайды дегенді айтып отырған жоқ, әрине. Адамның көңіл күйі мен психологиялық жағдайына қатысты мәселені де жоққа шығарып отырған жоқ. Бұл сөздердің негізгі өзегі – қиындыққа мойымау, үмітсіздікті өмірлік ұстанымға айналдырмау, өзінің мүмкіндігіне сену дегенге саяды. Яғни мәселе адамның бір сәттік көңіл күйіне емес, тұтас ұрпақтың дүниетанымына тікелей байланысты деген парасатты пайым жатыр мұнда.

Тарихтан – тағылым

Президент сөзіндегі ерекше назар аударатын тағы бір ой: «Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс».

Бұл жерде «тарихты дұрыс түсіну» деген сөздің салмағы үлкен. Қазақ халқының тарихында небір ауыр кезең болды, рас. Ел басынан соғыс та, ашаршылық та, қуғын-сүргін де өтті. Ұлт азаттық пен тәуелсіздік жолында орасан қиындықтарды еңсерді. Мұның ешқайсысын ұмытуға болмайды. Әлбетте, өткеннің ақиқаты айтылып, тарихи әділет қалпына келтірілуге тиіс.

Алайда тарихымыз тек қасіреттер шежіресі емес. Қазақ даласында мемлекет құрған ұлы тұлғалар, ел қорғаған батырлар, халықтың рухани дүниесін байытқан ойшылдар, ғылым мен білімнің биігіне көтерілген қайраткерлер болды. Ұлт ең қиын кезеңдердің өзінде жоғалып кеткен жоқ. Қайта түлеп, тәуелсіз мемлекетін құрды. Демек, тарихты білу – өткенге байланып қалу емес. Тарихты білу дегеніңіз – сол тарихтан терең тағылым, ересен күш-қуат алу.

Жас ұрпақ бабаларының басынан өткен ауыртпалықтарды біліп қана қоймай, сол қиындықтардың қалай еңсерілгенін де санаға сіңіріп, толыққанды түсінуі керек. Сонда тарихи жады жабығып-торығудың, күйзеліп-қамығудың емес, ұлттық жігердің нағыз қайнар көзіне айналады, жігерлендіріп, дем береді, бағдар көрсетеді.

Міне, Президент сөзінің түпкі мәнінің бірі де осында жатыр деп санаймын.

Жаңа Қазақстанға –  жаңа сана

Қазақстан бүгінде үлкен өзгерістер кезеңінен өтіп келеді. Қоғамдық өмірдің түрлі саласында реформалар жүргізіліп, мемлекеттік институттарды жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, білім мен ғылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, заң үстемдігін орнықтыру бағытында жаңа тәсілдер қалыптасуда.

Алайда мемлекетті жаңғырту үшін тек институттарды өзгерту жеткіліксіз. Маңыздысы сол – қоғамдық сана да уақыт ырғағымен, замана талабымен бірге жаңаруы керек. Өйткені қандай заманауи заң қабылданса да, қандай технология енгізілсе де, оны іске асыратын – адам. Осы себепті Қазақстандағы жаңғырудың келесі маңызды сатысы азаматтардың дүниетанымымен тікелей байланысты.

Осы бағытта үнемі айтылып келе жатқан басымдыққа ие қағидаттарды тағы қайталауға тура келеді. Олар: «біреу жасап береді» деген масылдық психологиядан арылып, бастамашылдыққа ұмтылу; сәтсіздіктен қорқудан арылып, тәуекел мен ізденіске талыпыну; дайын мүмкіндік күтуден тыйылып, мүмкіндікті өзің жасауға күш салу; білімді тек қолда бар дипломмен ғана өлшемей, өмір бойы оқып-үйренуге бой ұру; өзгеден ғана үміт күтпей, өз күшіне сенуге көшу.

Меніңше, Президент айтқан «өз күш-қуатымызға сенетін мықты ұлт» ұғымының мазмұны да осындай қасиеттерден құралады.

Мықты ұлт деген кім?

Мықты ұлт деген ешқашан қиындық көрмейтін халық, десек, қателесеміз. Мүлде олай емес. Анығы сол: мықты ұлт – қиындыққа тап болғанда еш мойымай, еңсесін тіктей алатын халық.

Мықты ұлт – өзінің кемшілігін жасыратын қоғам емес, оны көріп, мойындап, түзете алатын қоғам.

Мықты ұлт – өткенін жоққа шығармайды, бірақ өткеннің ауыртпалығын келешегіне жүк етпейді.

Мықты ұлттың жастары «маған мемлекет не береді?» деген сауалмен ғана шектелмей, «мен мемлекетіме, қоғамыма не бере аламын?» деген сұрақты да өзіне қояды.

Міне, азаматтық жауапкершілік пен сенім жүгінің маңызы осы жерден басталады. Сондықтан Президенттің жастарға артқан сенімімен бірге үлкен жауапкершілік жүгі де бар.

Мүмкіндік бұрынғыдан әлдеқайда кең

Қазіргі қазақстандық жастар адамзат тарихындағы технологиялық тұрғыдан аса қарқынды кезеңде өмір сүріп жатыр. Былай алып қарасаңыз, бұрындары қол жеткізу соншалықты қиын да күрделі болған игіліктің барлығы бүгінде бір ғана смартфонның ішінде тұр. Әлемнің үздік университеттерінің дәрістерін тыңдауға, шет тілдерін үйренуге, жаңа кәсіп игеруге, бағдарламалауды меңгеруге, ғылыми зерттеу жүргізуге, шығармашылық өнім жасап, оны әлемдік аудиторияға ұсынуға барлық мүмкіндік бар.

Онымен қоса, қарыштап дамып келе жатқан Жасанды интеллект еңбек нарығының заңдылықтары мен қалыбын түбегейлі өзгертуде.

Технологияның жамып-жаңғыруымен бірге мүлде жаңа мамандықтар пайда болуда. Бұрын бірнеше адам топтасып, жұмылып жүріп орындайтын жұмысты осы күні бір ғана адам жаңа технологиямен ойдағыдай орындап шыға алатын  мүмкіндіктер туды.

Міне, біздің жастарымыз осындай технологиялық өзгерістердің тек сырттай бақылаушысы болып қалмауға тиіс. Олар жаңа технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасаушы буынға айналуы қажет. Президент жастарға сенім артып отыр деген сөздің бір мағынасы да осы.

Жаңа заманның мүмкіндігін ұтымдылықпен, ұтқырлықпен пайдалану, кәдеге жарату – жастардың құқығы ғана емес, жауапкершілігі.

Жастардың жауапкершілігі неден басталады?

Ең алдымен – сапалы білімнен. Бірақ бүгінгі білім ұғымы диплом алумен ғана шектелуден қалды. ХХІ ғасыр адамы үнемі білімін толықтырып отыруға мәжбүр. Одан айналып өте алмайды. Өйткені технологияның даму жылдамдығы кейбір мамандықтардың мазмұнын мүлде жаңа арнаға бұрып, өзгертіп жібереді.

Екінші – еңбек. Тұрақты жетістікке апарар төте жол жоқ. Жастар осыны тереңнен зерделеуі қажет. Әлеуметтік желідегі әдемі өмір көріністері кейде табысқа оңай жетуге болады деген жалған түсінік қалыптастырады. Шын мәнінде, кез келген кәсіби жетістіктің артында білім, тәртіп, еңбек, күш-қуат және уақыт тұр.

Үшіншісі – азаматтық жауапкершілік. Елдің болашағына бейжай қарамау тек саясатпен айналысу деген сөз емес. Өз ісін сапалы атқарған дәрігер де, жақсы тәлім-тәрбие берген мұғалім де, адал іс жүргізген кәсіпкер де, жаңа технология ойлап тапқан инженер де, жерін күткен диқан да мемлекеттің дамуына үлес қосады.

Төртіншісі – ақпараттық сауат. Қазіргі жастар ақпарат мұхитының ішінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бұл бағыттағы сауаттылықтың аздығы немесе оны танып-білуге, меңгеруге ұмтылыстың әлсіздігі көп жағдайда опық жегізіп келетіні де жасырын емес. Шынайы ақпарат пен манипуляцияны, нақты білім мен жалған мәліметті ажырата білу уақыт алға басқан сайын маңызды бола түспек.

Бесіншісі – рухани және физикалық беріктік. Бәсекеге қабілетті адам тек білімді ғана емес, тәртіпті, денсаулығына жауапты, эмоционалдық тұрғыдан орнықты болуы қажет. Ал нақты психологиялық қиындыққа тап болған жағдайда көмек сұрау  – ол әлсіздік емес. Керісінше, мәселені түсініп, оны шешуге әрекет ету – жауапкершіліктің белгісі.

Үміт – әрекетпен бекігенде ғана күшке айналады

Президенттің жастарды оптимизмге шақыруын жай ғана жақсы көңіл күйге шақыру деп қабылдау жеткіліксіз. Оптимизм – «бәрі өзінен-өзі жақсы болады» деп күту емес. Шынайы оптимизм «Қиындық бар. Бірақ оны еңсеруге болады. Ал оны еңсеру үшін мен әрекет етуім керек» деген көзқарастан басталса керек.

Осылай ойлап-пайымдайтын, яғни дүниетанымы кең адам қандайда бір сәтсіздікке ұшыраса, тоқырап-тоқтап қалмайды. Қателессе, сабақ алады. Білімі жетпесе, үйренеді. Мүмкіндік болмаса, оңтайлы әрі тиімді мүмкіндіктерді іздейді. Міне, осындай адамдар көбейген сайын  қоғамның қуаттылығы да оң бағытқа өзгереді. Сондықтан азаматтық сананың жаңғыруы мен экономикалық жаңғыруды бір-бірінен бөлу мүмкін емес.

Реформалардың түпкі мақсаты – жаңа сападағы қоғам

Елімізде соңғы жылдары жүзеге асып жатқан реформалардың стратегиялық мәнін қоғамдық дамудың келбетімен ұштастыра қараған абзал. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, саяси институттарды жаңарту, экономикалық өзгерістер, цифрландыру, білім мен ғылымды дамыту – барлығы түптеп келгенде адамға, сол арқылы ьұтас қоғамға қызмет етуі керек.

Сонымен бірге қоғам да мемлекеттің жаңару қарқынына сай өзгеруге тиіс. Бұл – екіжақты үдеріс. Мемлекет өз азаматына мүмкіндік береді. Азамат сол мүмкіндікті пайдаланып, мемлекетінің дамуына үлес қосады. Сонда ғана реформалар қағаздағы өзгеріс емес, күнделікті өмірдегі нақты жаңғыруға айналады. Қарап тұрсаңыз, бұл – қарапайым ғана қағидаттар. Ал оның астарында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Мүны әрбір қоғам мүшесі тереңнен пайымдай алса, нұр үстіне нұр дейсің. Солай болады да!

Қазіргі әлемде соғыстар, геосаяси текетірестер, экономикалық бәсеке және мемлекеттер арасындағы өзара сенімсіздік күшейіп тұрған шақта Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, жаңғыру жолымен жүрудің маңызы зор. Мұны Мемлекет басшысы әрдайым алға тартып, маңыз беріп айтып келеді.

Еліміздің нақты өзгерістер жүзеге асатын, жаңа идеялар мен технологияларға ашық мемлекетке айналуы ең алдымен адам капиталына байланысты. Ал сол капиталдың негізгі иесі – бүгінгі жастар.

Сенім бар жерде талап та бар

Мемлекет басшысының жастар туралы сөздерін тұтастай қарастырғанда бір маңызды қағиданы аңғаруға болады дер едім. Президент жастарға сенеді, сондықтан жастарға талап қояды. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайды.

Жастарға сену – олардың барлық әрекетін мақұлдау емес. Жастарға сену деген – олардың үлкен міндеттерді атқара алатынына сену.

Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы экономикалық қуаты да, ғылымы да, мәдениеті де, технологиялық деңгейі де, қоғамдық мәдениеті де бүгінгі жас буынның қандай болып қалыптасатынына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алып қарағандай, бүгінгі жастардың алдында қарапайым ғана таңдау тұрған жоқ. Олардың алдында жаңа Қазақстанның сапасын айқындайтын тарихи жауапкершілік тұр.

Олар бұрынғы ұрпақ қалыптастырған Тәуелсіздікті сақтап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен толықтыруы керек. Бүгінгі жастар  Қазақстанды технология жасайтын, ғылым өндіретін, бәсекеге қабілетті экономикасы бар, білімді әрі мәдениетті қоғам қалыптастырған мемлекетке айналдыруға тиіс. Бұл міндетті сырттан ешкім келіп атқарып бермейді.

Болашағын бағдарлайтын ұтқыр ұлт

«Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды». Бұл сөздің астарында жастың сезімін жоққа шығару емес, жастық шақтың табиғи күш-қуатын жоғалтпауға шақыру мәні жатыр.

«Мұң-қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс». Мұнда да негізгі екпін адамның белгілі бір сәттегі психологиялық жағдайына емес, тұтас ұрпақтың өмірлік ұстанымына түсіп тұр: үмітсіздік қалыпты жағдайға, торығу дүниетанымға айналмауы керек.

Ал: «Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс», деген тұжырым осы ойлардың барлығын бір арнаға тоғыстырады.

Өткенді біле отырып, болашаққа оптимизммен қарау керек. Қиындықты мойындай отырып, сол қиындық алдында мойымау керек.

Мәселені айтып қана қоймай, оны шешудің жолын да іздеу керек. Әлемдегі өзгерістерден қорықпау керек. Керісінше, сол өзгерістердің алдыңғы қатарында болуға ұмтылу керек.

Қысқасы, елдің болашағын оптимизм туралы әдемі сөздер емес, біліммен бекіген сенім, еңбекпен дәлелденген жігер және жауапкершілікке айналған отаншылдық қалыптастырады.

Міне, біздің Қазақстанға дәл осындай білімді, тәрбиелі, ұтқыр әрі зерделі, әбжіл әрі өжет жас буын қажет.

Өз тарихын білетін, бірақ өткенге байланып қалмайтын, ұлттық құндылығын сақтайтын, бірақ әлемдік білім мен технологияға ашық, қиындықты көретін, бірақ одан қорқып-қаймықпайтын, мүмкіндік күтетін емес, сол мүмкіндікті өзі жасайтын, өз тағдыры үшін жауапкершілікті өзгеге жүктемейтін, еліне сенетін және ең бастысы – өз күшіне сенетін ұрпақ өсіп-жетілуі қажет. Дәл осыған мемлекет деңгейінде маңыз беріліп, жағдайлар жасалуда. Мархабат!

 Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий