Әлбетте, әлеуметтік желі – еркін пікір алмасудың, шығармашылықтың, қоғамдық диалогтың кеңістігі. Бірақ біздің қоғамның қайбір өкілдері бұл кеңістікте тым жүгенсіз кетіп қалды, рас. Жалпы, еркіндік ешқашан жауапсыздық дегенді білдірмесе керек. Әр нәрсенің сұрауы бар секілді, әр әрекетің үшін жауап беруге тура келетіні де рас. Соңғы жылдары интернетте көрермен назарын аудару үшін адамның ар-намысын таптау, қасақана жанжал шығару, төбелес ұйымдастыру, балағаттау, қауіпті әрекеттер жасау, өзгені мазақ ету секілді қылықтарды тікелей эфирге шығаратын «треш-стрим» құбылысы әбден белең алды.

Елімізде мұндай контент иелерін жауапқа тарту шаралары күшейіп келеді. Өйтпеске амал жоқ. Уақыттың өзі осыны талап етіп отыр.  Әлеуметтік желідегі заңсыздық та шынайы өмірдегі заңсыздық сияқты құқықтық баға алуға тиіс.

Десек те, қоғам үшін зияны әбден қоюланған бұл мәселе оны-мұны блогерді «ауыздықтап», оларға айыппұл салумен немесе аккаунтын бұғаттаумен толық шешілмейтіні де аян. Ең алдымен треш-контенттің неліктен көбейгенін, оған қандай экономикалық және психологиялық тетіктер әсер ететінін, көрермен мен платформалардың қандай рөл атқаратынын тереңірек түсіну қажет деп ойлаймын.

Назар – жаңа капитал

Цифрлық қарым-қатынас өрістеген бүгінгі қоғамда адамның назары үлкен экономикалық ресурсқа айналып кетті. Оны мойындамасқа болмайды. Әлеуметтік желілерде кімнің бейнесін көп адам көрді, кімге көп пікір жазылды, қай эфирге аудитория ұзақ тоқталды – сол автордың контенті алгоритм арқылы одан әрі кең аудиторияға ұсынылады. Көрермен көбейген сайын жарнама, донат, ақылы жазылым, виртуалды сыйлық секілді тетіктерге және басқа да табыс көздеріне жол ашылады. Міне, дәл осы жерде қауіпті үдеріс басталады.

Кеше жұртты таңғалдырған әрекетің бүгін қалыпты болып көрінуі мүмкін. Сондықтан ертең аудиторияны ұстап қалу үшін одан да асқан контент ұсынып, жөні мен жосығына қарап жатпастан, лажын тауып, шектен шығу керек болады. Осылайша, кешегі қарапайым әзілің – анайыға, кешегі қарабайыр пранк – қорлауға, дау-төбелеске, эмоция – агрессияға, ерекшелікке ұмтылу – өрескелдікке айнала береді.

Мұныңыз – назар экономикасының көлеңкелі жағы. Қазіргі зерттеулер де әлеуметтік желідегі белсенділікке негізделген ұсыным жүйелері адамның күшті эмоциясын туғызатын контентті жиі ілгерілете алатынын көрсетеді. Ашулану, таңдану, шошыну, дауласу – алгоритм үшін де белсенділіктің белгісі.

Сондықтан бұл кеңістіктегі барлық мәселені һәм оның  ауыртпалығын, жауапкершілігін тек қана «тәрбиесіз блогерге» артып қою жеткіліксіз. Кей жағдайда шектен шыққан автор мен оны көтермелейтін цифрлық механизм бір-бірін толықтырып, қауіпті жүйе қалыптастырады.

Біздің еліміздегі жағдай нені аңғартады?

Сөз жоқ, соңғы уақытта Қазақстанда құқыққа қайшы контент тарататын стримерлерге қатысты нақты шаралар қабылдана бастады. Ішкі істер органдары таратқан ресми мәліметтер бойынша, тікелей эфир барысында балағат сөздер айтқан, азаматтарды қорлаған, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырған бірқатар стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Шымкент қаласында TikTok эфирінде балағат сөз қолданған тұрғын сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды. Біздің өңіріміз – Павлодарда көлік жүргізіп келе жатып эфир жүргізген, жол қауіпсіздігі талаптарын бұзған және балағат сөздер қолданған стримерге де жаза қолданылды. Алматы мен Шымкентте әлеуметтік желілер арқылы әдепсіз әрі құқыққа қайшы контент таратқан адамдарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.

Әлеуметтік желі – заңнан тыс жатқан аумақ емес. Өкінішке қарай, біздің қоғамның басым бөлігі осыны ескермейді немесе ескергісі келмейді. Телефон камерасының қосулы болуы да, эфирдің виртуалды кеңістікте өтуі де ешбір адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Егер көшеде жасалған әрекет құқық бұзушылық болып саналса, оны тікелей эфирде жасау сол әрекетті заңды етіп жібермейді. Керісінше, оның мыңдаған адамға көрсетілуі қоғамдық зиянын күшейтуі мүмкін.

Заң мен платформа қатар жауапты болуы керек

Қазақстанның «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңы интернет пайдаланушысына ақпарат алу, тарату және пікір білдіру құқығын бере отырып, құқыққа қайшы контент таратпау міндетін де жүктейді. Бұл жерде маңызды тепе-теңдік бар.

Сөз бостандығы деген – адамның қалағанын айтып, қалағанын істей беру құқығы емес. Бір адамның еркіндігі екінші адамның абыройына, қауіпсіздігіне және құқығына қол сұға бастаған жерде жауапкершілік туындайды. Сонымен бірге мәселе тек контент авторымен шектелмеуі керек.

Онлайн-платформалардың да міндеті мен жауапкершілігі бар. Олар заңсыз контенттің таралуын тежеуге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қауіпті аккаунттарға қатысты шара қолдануға тиіс.

Сондықтан треш-контентпен күрестің тиімді формуласы үш бағытты қатар қамтуы қажет деген қағида алдан шығады. Олар – автордың жауапкершілігі, контентті жедел шектеу және платформаның міндеті. Міне, осы үшеуінің біреуі әлсіз болса, жүйе толық нәтиже бермейді.

Неліктен қатыгез контент тез таралады?

Мұның психологиялық себептері де бар. Адам табиғаты тосын оқиғаға, қауіпке, жанжалға жылдам назар аударады. Көшеде екі адамның сабырлы сөйлесіп тұрғанына ешкім мән бермеуі мүмкін. Ал сол жерде төбелес басталса, жұрт еріксіз бұрылып қарайды. Интернетте де осы заңдылық жұмыс істейді.

Жанжал, айғай, анайы сөз, төбелес, өзгеге қысым көрсету сияқты дүниелер адамның эмоциялық реакциясын тез тудырады. Мұндай контентке назар аударған көрермен ашуланып: «Мынау не сұмдық?!», «Ұят емес пе?», «Мұндайды қалай көрсетуге болады?» деп пікір жазуы мүмкін. Бірақ дәл осы әрекет видеоның одан әрі жылдам таратылуына, алгоритмге сай алға шығуына көмектесуі әбден ықтимал. Яғни адамның моральдық наразылығының өзі кейде треш-контент авторының пайдасына жұмыс істейді. Тоқетері: көрермен оны айыптайды, ал алгоритм оның контентіне қызығушылық артып жатыр деп қабылдайды.

Осындай жағдайда туындайтын парадокс мынау: қоғам трешті сынай отырып, кейде оны өзі танымал етеді.

Донат – ойын ба, әлде қауіпті тапсырыс па?

Треш-стримдердің тағы бір ерекшелігі – ақша. Қайбір эфирде көрермендер донат жіберіп, стримерге белгілі бір әрекет жасауды ұсынады. «Мынаны істесең – ақша жіберемін», «Ана бір адамға тиіссең – тағы сыйлық беремін» деп қызықтырып, бағдар сілтейді, тапсырыс береді. Осындай сәтте аудитория жай ғана бақылаушы болудан қалып,  оқиғаның жанама қатысушысына айналады. Ал стример үшін адамның намысына тию, өзін қорлау немесе қауіпті әрекет жасау – табыс табудың тәсілі. Мәселенің ең ауыр тұсы да осында.

Адамның абыройы – контентке, қорлау – шоуға, ал агрессия – коммерциялық өнімге шектеседі. Сондықтан треш-контентпен күрес кезінде оның экономикалық негізіне де назар аудару қажет.

Көрерменнің де жауапкершілігі бар

Треш-контентті кім жасайды? Әрине, стример. Ал ол контентті кім өміршең етеді? Көрермен!

Әр қаралым, лайк, пікір, репост, донат – белгілі бір мағынада авторға берілген қолдау. Тіпті адам контентті айыптау үшін қайта-қайта көрсе де, оны өзгеге жіберсе де, алгоритм үшін бұл – қызығушылықтың белгісі.

Сондықтан «треш-стримерлер неге көбейіп кетті?» деген сұраққа тек авторларды кінәлап жауап беру жеткіліксіз. Олар көбейді, өйткені оларды көретін аудитория бар.

Тыйым салынған видео бір жерден өшірілсе, екінші парақшаға көшеді. Telegram арнасына тарайды. TikTok-та үзіндісі шығады. Instagram-да реакция ролигі жасалады. Кейде БАҚ-тың өзі оны жаңалық ретінде қайта көрсетіп, бастапқы автор армандамаған аудиторияға жеткізіп береді. Міне, треш-контенттің таралу тізбегі осылайша құрылады.

Балалар не көреді?

Әлеуметтік желілердегі жат құбылыстың ең қауіпті қыры – жасөспірімдерге ықпалы. Бала мен жасөспірім өмірлік нормаларды тек ата-анадан немесе мектептен ғана үйренбейді. Қазір оның мінез-құлық моделін TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформалар да қалыптастырады.

Егер бала үнемі айғайды, балағатты, төбелесті, өзгелерді масқаралауды, қауіпті әрекеттерді көре берсе, мұндай құбылыстардың біртіндеп қалыпты нәрсе ретінде қабылдану қаупі зор.

Бұдан да қауіптісі – сол әрекетті жасаған адамның танымал болуы. Миллиондаған қаралым. Мыңдаған жазылушы. Ақша. Жарнама. Танымалдық…

Жасөспірім осының бәрін көріп: «Демек, танымал болудың жолы осы екен» деген қате қорытындыға келуі әбден мүмкін.

Сондықтан треш-контент мәселесі құқық қорғау органдарының ғана емес, отбасы, мектеп, қоғам және медианың ортақ мәселесі деңгейіне шығып отыр.

Әлем қандай жолмен күресіп жатыр?

Бірқатар мемлекет бұл мәселеге платформалардың жауапкершілігін күшейту арқылы келіп отыр. Мысалы, Ұлыбританиядағы Online Safety Act интернет сервистерінен заңсыз контент тәуекелдерін алдын ала бағалауды, балаларды зиянды ақпараттан қорғауды және қауіпті материалға қатысты нақты шара қолдануды талап етеді.

Ұлыбританияның Ofcom реттеушісі тікелей эфирдің ерекше қаупіне назар аударады. Өйткені алдын ала түсірілген видеоны модератор кейін өшіре алады. Ал livestream кезінде зорлық немесе өзге қауіпті әрекет дәл сол сәтте мыңдаған адамға көрсетіліп үлгеруі мүмкін.

Сондықтан әлемдік тәжірибеде: «Жаман видео тараған соң өшіреміз» деген тәсілден гөрі, «Жаман видео кең аудиторияға жетпей тұрып тоқтатамыз» деген қағидаға көшу әрекеті байқалады.

Еуропа кеңістігіндегі елдер алгоритмге де сұрақ қоя бастады. Еуропалық одақтың Digital Services Act заңнамасының маңызды ерекшелігі – жауапкершілікті тек контент авторына артпауында.

Бұрын интернеттегі логика қарапайым еді: «Материалды пайдаланушы жариялады. Демек, жауапкершілік соныкі». Бар жауапкершілік осымен шектелетін-ді. Қазір: «Оны миллиондаған адамға кім, яғни қай платформа ұсынды?» деген тағы бір маңызды сұрақ қойылады.

Егер қауіпті немесе зиянды контентті платформа алгоритмі белсенді түрде ұсынып отырса, онда платформаның өзі де оның таралу механизміндегі рөлін түсіндіруге тиіс.

Бұл цифрлық құқықтарды реттеудегі үлкен өзгеріс болып табылады. Алгоритм бұрын бейтарап технология ретінде қабылданса, енді оның қоғамдық салдары да бағалана бастады.

Көрші Ресей треш-стримді арнайы реттеуге көшті. Бұл елде 2024 жылы треш-стримдерге қатысты арнайы құқықтық нормалар енгізілді. Адамның қадір-қасиетін қорлайтын, қоғамдық моральға ашық түрде қайшы келетін және құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді пайда табу немесе бұзақылық мақсатында интернет арқылы таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл тәсілдің ерекшелігі – треш-стримнің құқықтық табиғатына жеке назар аударылуында.

Алайда мұндай бағытты реттейтін кез келген заңда өте маңызды шекара сақталуға тиіс. Құқыққа қайшы треш-контент пен журналистік зерттеу, деректі видео, сатира немесе заңды сынның ара-жігі анық болуы керек. Өйткені зиянды контентпен күрес сөз бостандығын шектеу құралына айналмауы тиіс.

Аспан асты елінде – Қытайда модерация әлдеқайда қатаң. Бұл ел –   интернет пен livestream индустриясына қатысты қатаң реттеу жүйесін қалыптастырған мемлекеттердің бірі.

Платформалар зорлықты, тұрпайылықты, қоғамдық моральға қайшы әрекеттерді және заң бұзушылықты насихаттайтын контентке белсенді түрде шектеу қояды. Бұл модельде тек видеоны өшірумен шектелмейді. Аккаунттың жұмысына шектеу қойылуы, монетизация тоқтатылуы немесе басқа да санкциялар қолданылуы мүмкін.

Әрине, Қытай тәжірибесін басқа елге сол күйінде көшіру мүмкін емес әрі дұрыс та емес. Алайда бір қағидаға назар аударған жөн: ол -заңсыз контент авторға табыс әкелмеуі керек деген қағидат.

Трешті пайдасыз ету қажет

Треш-контенттің өміршеңдігі көп жағдайда оның экономикалық тиімділігіне байланысты. Егер стример адамгершілік нормаларына жат, өрескел эфир жүргізу арқылы жүз мыңдаған қаралым жинап, жаңа жазылушылар алып, донат пен жарнамадан табыс тауып, кейін аз ғана айыппұл төлесе, ол жазаны «контент жасау шығыны» ретінде қабылдауы мүмкін.

Сондықтан мәселені шешудің пәрменді жолдарының бірі – құқыққа қайшы треш-контентті экономикалық жағынан тиімсіз ету. Мұндай жағдайда заңсыз контенттен түскен табысқа құқықтық баға беру, қайталама құқық бұзушылардың монетизациясын тоқтату, бұғатталған адамның жаңа аккаунт арқылы қайта шығуына тосқауыл қою, қауіпті эфир кезінде жедел модерация енгізу секілді тетіктердің маңызы артады. Өйткені аудитория мен ақша бар жерде жаңа треш-стримерлердің пайда болу ықтималдығы да сақталады.

Жаза қажет. Бірақ жаза ғана жеткіліксіз

Әлбетте, треш-контентке қатысты құқық бұзған адамдар жазалануға тиіс. Бұл жерде күмән жоқ.

Бірақ тек әкімшілік қамау немесе айыппұл арқылы құбылыстың тамырына балта шабуға болады ма? Меніңше, жоқ. Бұл амалмен оны түпкілікті тоқтату мүмкін емес. Бір стример жауапкершілікке тартылып, эфирден кетеді. Оның орнына екіншісі келмесіне кім кепіл? Сондықтан әлемдік тәжірибе мен қоғамдық ерекшелікке негізделе отырып, бұл кеңістіктегі күрес кем дегенде төрт бағытта жүруі керек.

Біріншісі – заң.

Интернетте жасалған қорлау, күш көрсету, жеке өмірге қол сұғу, кибербуллинг, алаяқтық немесе басқа да құқық бұзушылық міндетті түрде құқықтық баға алуы керек.

Екіншісі – платформа.

Қауіпті видео миллион қаралым жинап болғаннан кейін ғана өшірілмеуі тиіс. Оның алдын алу механизмі жіті ойластырылуы һәм өміршең етілуі қажет.

Үшіншісі – экономика.

Заңсыз контент табыс көзіне айналмауы керек. Оған тыйым жасаудың нақты жолдары іске қосу маңызға ие.

Төртіншісі – қоғамдық мәдениет.

Көрермен трешті тұтынуды тоқтатпайынша, оған деген сұраныс жоғалмайды.

Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл мәселеде ерекше абай болуы тиіс. Бұл тақырып журналистика алдына да күрделі мәселе қояды. Треш-стример жауапқа тартылғанда оның ең сорақы видеосын жаңалыққа қоса көрсету ақпарат беру болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл әрекет сол стримерге тегін жарнама жасап беруі де ықтимал. Сондықтан кәсіби медианың міндеті трешті тарату емес, оның себебі мен салдарын түсіндіру болса керек. Ең негізгісі – құқық бұзушылықтың мәнін айтып, заңдық салдарын ашып көрсету керек. Ал жаңалық таратамыз деген желеумен қорлайтын немесе қатыгез көріністі қайта-қайта көрсетудің қажеті жоқ. Қысқасы, трешті сынай отырып, оның дистрибьюторына айналып кетпеу маңызды.

Цифрлық мәдениет – маңызды мәселе

Бір кезде мәдениет туралы сөз болғанда адамның көшеде өзін ұстауы, үлкенді сыйлауы, қоғамдық орында әдеп сақтауы ғана айтылатын. Қазір бұған тағы бір үлкен ұғым қосылды. Ол – цифрлық мінез-құлық.

Экранның ар жағындағы адам да – адам. Оның ар-намысы, жеке кеңістігі, қауіпсіздігі бар. Ал әлеуметтік желі – заң тоқтайтын шекара емес. Керісінше, цифрлық технология дамыған сайын адамның жауапкершілігі де арта түсуі керек.

Жалпы айтқанда, мәселе бір стримерде ғана емес. Тұтастай алғанда, треш-контент – бүгінгі цифрлық қоғамның айнасы. Осы айна, өкінішке қарай, бізге бірталай ащы шындықты көрсетіп отыр. Алгоритм сенсацияны жылдам таратады. Аудитория жанжалға тез жиналады. Донат шектен шығуды ынталандырады. Балалар ересектер жасаған контентті қайталайды. Ал заң мен қоғамдық сана кейде технологиядан кейін қалып қояды.

Міне, осының барлығы ескеріле отырып, дәл қазір Қазақстанда нақты іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл – «Заң мен Тәртіп» республикалық бағдарламасының аса маңызды бағыты. Және бұған бір реттік науқан ретінде қарамасақ керек. Бұл цифрлық кеңістіктегі жаңа жауапкершілік мәдениетінің бастамасына айналуы тиіс.

Ең басты міндет – сөз бостандығын сақтай отырып, адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғаудың теңгерімді жүйесін қалыптастыру. Заң құқық бұзушыны жауапқа тартуы керек. Платформа қауіпті контенттің таралуына тосқауыл қоюы керек. Ата-ана баласының цифрлық ортасына бейжай қарамауы керек. Мектеп медиасауаттылықты күшейтуі керек. БАҚ трешті жарнамаламай, оның қоғамдық салдарын түсіндіруі керек. Ал көрермен өзінің әр қаралымы мен әр лайкының да белгілі бір ықпалы бар екенін түсінгені жөн.

Тағы қайталаймын, цифрлық дәуірдегі ең қымбат ресурс – ақша ғана емес. Ол – адамның назары.

Сол назар білімге, өнерге, мәдениетке, шығармашылыққа, пайдалы бастамаларға бағытталса – әлеуметтік желі қоғамды алға сүйрейді.

Ал қорлыққа, қатыгездікке және арсыздыққа жұмсалса, қоғам сол құбылысты өзі күшейтеді. Сондықтан треш-контентпен күрестің негізгі қағидасын үш-ақ ұғыммен түйіндеуге болады:

Заңсыздыққа – жаза.

Платформаға – жауапкершілік.

Қоғамға – талғам.

Талғамымыз төмендемесін һәм мәдениетіміз құлдырамасын!

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий