
Қазақстанның саяси тарихында тағы бір маңызды белес артта қалды. 23 тамызда елімізде тұңғыш рет бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Бұл – мемлекеттің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы ауқымды өзгерістердің нақты нәтижесі.
Кешегі маңызды күнде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін бұл күннің мәніне арнайы тоқталып: «Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – аса маңызды тарихи оқиға», – деп атап көрсетті.
САЙЛАУ – САЯСИ МӘДЕНИЕТТІҢ КӨРСЕТКІШІ
Сайлау науқанының басты ерекшелігінің бірі – саяси бәсекенің өркениетті сипатта өтуі. Үгіт-насихат кезеңінде партиялар өз бағдарламаларын ұсынып, сайлаушылармен кездесулер өткізіп, ел дамуына қатысты ұстанымдарын қоғам назарына салды.
Ең маңыздысы – сайлау күні азаматтардың өз конституциялық құқығын пайдаланып, ел болашағына қатысты таңдау жасауға белсенді атсалысуы. Дауыс беру – азаматтың мемлекет ісіне қатысуының ең маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан сайлаушы белсенділігі қоғамның саяси үдерістерге бейжай қарамайтынын аңғартты.
Сайлау аяқталды. Алайда елді жаңғырту үдерісі аяқталған жоқ. Керісінше, оның жаңа кезеңі басталды.
ҚҰРЫЛТАЙҒА ЖҮКТЕЛЕР ЖҮК АУЫР
Жаңа Конституция бойынша Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінде пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Мемлекет басшысы парламенттік реформаны әзірлеу кезінде депутаттар саны емес, ең алдымен олардың кәсібилігі мен сапасы маңызды екенін атап өткен болатын. Президенттің пайымынша, жаңа заң шығарушы орган елде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерді сапалы заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге тиіс. Құрылтайда нағыз отаншыл әрі кәсіби азаматтар қызмет етуі керек деген талаптың мәні де осында.
Демек, жаңа Құрылтайға артылатын қоғамдық сеніммен бірге жауапкершілік те артады.
Қоғам ендігі жерде депутаттардан тек заң қабылдауды емес, халықтың үнін естуді, ел ішіндегі өзекті мәселелерді батыл көтеруді, Үкімет жұмысына талап қоюды және қабылданған шешімдердің нақты нәтижесіне мән беруді күтеді.
«КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ – ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ – ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ»
Қазақстандағы саяси жаңғырудың негізгі формуласының бірі – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұжырымдаманың орнығуын мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістермен байланыстырып келеді. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты жүзеге асыруда Парламенттің орны ерекше екенін атап көрсеткен.
Жаңа Құрылтайдың өкілеттіктері де осы жауапкершілікті күшейте түседі. Конституцияға сәйкес, Құрылтай Премьер-Министрдің кандидатурасына келісім береді. Сондай-ақ бірқатар маңызды мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады.
Яғни жаңа Парламенттің міндеті заң шығару қызметімен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік шешімдердің сапасына ықпал ететін маңызды саяси институтқа айналуға тиіс.
ПАРТИЯЛАР ҮШІН ДЕ ЖАҢА СЫН
Құрылтайдың толықтай пропорционалды жүйе бойынша жасақталуы саяси партиялардың жауапкершілігін де арттырады.
Президент парламенттік реформаны талқылау кезінде мұндай жүйе саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынын айтқан еді.
Ендігі жерде партиялар сайлау кезінде ғана белсенділік танытпай, бес жыл бойы өз сайлаушылары алдында есеп беруге, бағдарламалық уәделерінің орындалуына күш салуға тиіс.
Өйткені халықтың берген дауысы – жай ғана мандат емес. Ол – сенім. Ал сенімнің өтеуі нақты іспен өлшенеді.
ЕНДІГІ КЕЗЕК – НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТА
Сайлаудың ресми қорытындысы шығарылып, Құрылтайдың жаңа құрамы толық айқындалғаннан кейін елдің саяси өміріндегі келесі кезең басталады.
Заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясын сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады және депутаттардың Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды.
Осы сәттен бастап сайлауалды уәделер нақты парламенттік жұмысқа ұласуға тиіс.
Алда экономиканы әртараптандыру, азаматтардың әл-ауқатын көтеру, өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайту, білім мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кәсіпкерлікті қолдау, заң үстемдігін нығайту секілді ірі міндеттер тұр.
Әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай да мемлекеттен шапшаң әрі сапалы шешімдерді талап етеді. Сондықтан жаңа Құрылтай заман талабына сай заң қабылдайтын ғана емес, өзгерістердің бағытын дәл бағамдайтын кәсіби саяси алаң болуы қажет.
ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАҢА МӘДЕНИЕТІ
Құрылтай сайлауынан кейінгі кезең тек саяси институттарды жаңғыртумен шектелмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда дауыс бергеннен кейін журналистерге берген сұхбатында алда атқарылатын нақты жұмыстарға да тоқталды. Соның ішінде Президент елді мекендерді көркейту мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүйелі түрде жалғастыруға ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуға тиіс екенін атап өтті. Облыс орталықтарында, қалалар мен аудандарда ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асырылып, емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар бой көтермек. Сонымен қатар қалаларды абаттандыруға айрықша назар аударылатынын жеткізді.
Осы орайда Президент: «Таза Қазақстан» акциясын жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деп нақты міндет қойды.
Бұл бастаманың мәнін тек сенбілік өткізу немесе көшелерді тазалаумен шектеуге болмайды. «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, туған жерге жанашырлықты, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстауды және азаматтардың ортақ іске белсенді қатысуын қалыптастыратын жаңа қоғамдық мәдениет.
Сондықтан саяси жаңғыру мен қоғамдық сананың жаңаруы өзара сабақтас болуы қажет. Жаңа Құрылтай тиімді заңдар қабылдап, мемлекеттік институттар халық алдында жауапты бола түссе, әр азамат та өзі тұратын ауылдың, қаланың, көшенің тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Мемлекет басшысының сайлау күніндегі сөзі де осы ортақ жауапкершілікке үндейді: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, әрқайсымыз оның дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек» деген Президент ұстанымы алдағы кезеңнің негізгі қағидаларының біріне айналуға тиіс.
Демек, «Таза Қазақстан» – тазалық мәселесі ғана емес. Ол – таза орта, жауапты азамат, еңбекқор қоғам және жаңарған ел ұғымдарын бір арнаға тоғыстыратын жалпыұлттық құндылық.
Құрылтай сайлауымен басталған жаңа саяси кезең осындай нақты істермен жалғасқанда ғана жаңғырудың нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрінеді.
ТАРИХИ КЕЗЕҢНІҢ ЖАЛҒАСЫ
Құрылтай атауының қайта жаңғыруының өзінде үлкен мән бар.
Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөніндегі ұсынысын жариялаған кезде бұл ұғымның тарихи мағынасы халқымызға жақын екенін айтып, оны аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде саяси жүйеде сақтау қажеттігін атап өткен болатын.
Бүгінде сол идея нақты саяси институтқа айналды.
Ежелден ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған Құрылтай ұғымы енді заманауи Қазақстанның заң шығарушы органының атауы ретінде жаңа мазмұнға ие болып отыр.
Бұл – тарихқа оралу ғана емес, тарихи дәстүр мен қазіргі мемлекеттік басқару қағидаттарын сабақтастыру.
***
Осылайша, 23 тамыздағы сайлау Қазақстанның саяси жаңғыру шежіресіне енді. Халық өз таңдауын жасады. Саяси партиялар бәсеке алаңынан өтті. Енді сайлауда көрсетілген сенімді нақты іспен ақтайтын кезең басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай реформасының түпкі мақсатын тиімді әрі кәсіби Парламент қалыптастыру деп айқындаған болатын. Сондай-ақ Президент: «Ең маңызды бастамалар енді ғана басталып жатыр» деген мазмұнда алда атқарылар міндеттің көп екенін атап көрсетті.
Сондықтан жаңа Құрылтайға жүктелер міндет те, артылар үміт те зор.
Ел дамуының жаңа кезеңінде депутаттардың кәсібилігі, саяси партиялардың жауапкершілігі, Үкіметтің есептілігі және қоғаммен ашық диалог айрықша маңызға ие болмақ.
Қазақстан жаңарудың тағы бір маңызды белесінен өтті. Ендігі міндет – саяси жаңғыруды халықтың тұрмысынан көрінетін нақты нәтижеге айналдыру. Жаңа Құрылтайдың тарихи миссиясы да осында.
Асыл ӘБІШЕВ.
