Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес сағат жетідегі жағдай бойынша өңірлерде 10 363 сайлау учаскесі дауыс беруге кіріскенін хабарлайды.
Сондай-ақ, 16 шет мемлекетте 19 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды.
Осылайша ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы басталды.
Аумақтық сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес 107 учаскеде дауыс беру таңғы сағат алтыда басталды.
Сайлаушылар тізімдеріне 12 605 788 адам енгізілген. Олардың 17 132-сі дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін алды.
Барлығы 10 423 сайлау учаскесі бар, оның ішінде 61 шет мемлекетте 79 учаске.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шетелде жүрген азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жанынан 61 мемлекетте 79 сайлау учаскелері құрылды.
Тіркелген сайлаушылардың жалпы саны – 11 402 адам.
Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы болып дауыс беруді Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз бастады (Астана уақытымен сағ. 03:00-де).
Жалпы, осы уақытқа дейін сайлау учаскелеріне келіп дауыс бергендер саны – 228 адам.
