Мират АБЗАЛҰЛЫ

Бала күнімізде ауылда «ШОЛАҚ СИЫР» деген ірі қара болды. Көрші маңның бәрі солай атады. «ШОЛАҚ» дегенде, ҚҰЙРЫҒЫ шолтиған шолақ. Бейшара көресінді жаз шыға көретін: жан-жағынан ызың-ызың етіп ұшып келген қаныңды ішкір шыбын-шіркейдің бетін қайтарайын десе, басты «қаруы» – құйрығы түскір шоп-шолақ! Ойын баласы болсақ та, сорлыны мүсіркеп, кәдімгідей аяйтын едік.

Мұны айтып отырған себебіміз мынау ҒОЙ: әлеуметтік желілердегі «көзім ашық, көгірегім ояу» дейтін, мен деп кеуде соққан кейбіреулердің (қайсыбірі өзін Қазақстандағы «керемет блогермін» деп жүр ҒОЙ) тірлігі әлгі «Шолақ сиырдың» тағдырына ұқсап кетеді. Жазбаларының сықпытына қарасаңыз: «Кел атырм го…; сұраватырқ ко…; го…ко…го.. го…ко…ко…». Арғы жағы «мо, бо, жо,» болып өріліп, не керек, соңында Зеңгі баба құсап «МӨ» деп мөңіреуге шақ қалады.

Осындай жазумен «қазақпын, қазақша керемет һәм креативті жаздым» деп марқаятын да шығар өздері. Осындай «шолақтықпен» қазақша сөйлестім деп ойлайтын болар. Бірақ мұндайлардың жоғарыда сөз болған «Шолақ сиырдан» еш айырмасы жоқ. Мұндай «шолақ тілмен» ешкімге тұтқа бола алмас, шыбын-шіркей секілді жан-жақтан қаумалап, ұлтымызға қарсы жаман пиғылдағы пасық та сасық тілін кезенгендерге түк тойтарыс бере алмас! Өйткені туған тіліне деген сезімнен, құрметтен, ұқыптылықпен қарауға тиіс ұстанымынан жұрдай! Сонда бұлар кімге тұтқа болмақ?! Өздерінің қатарластарына, кейінгі толқынға «жарыместік» үлгі көрсетіп жатқандарын ұғар ма екен бұлар?

Шоқан Уәлиханов айтты деген мына сөз ойыма орала береді: «ТІЛІМІЗДІ КРИСТАЛЛДАЙ ТАЗА ҰСТАП, ҚЫЗ ЖАСАУЫНДАЙ ЖАЙНАТУҒА ТИІСПІЗ!». АРДАҚТЫ АҒАЛАРЫМЫЗ АМАНАТТАП КЕТКЕН ТІЛМІЗДІ таза ұстап, жайнатып жүргендердің түрі осы ма еді?

Сіз дұрыс сөйлеп, дұрыс жазып жүрсіз бе?

Пікір үстеу