Айзада САҒИДОЛЛА

Қазақ тіліндегі жаргон сөздердің насихаттаушылары да, қолданушылары да – жастар. Жаңа ғасырда етек жайған сөздер ана тіліміздің тазалығын бұзбай айналып өтпеді. Көше тілінде сөйлейтін жастардың да қарасы көбейіп, жаргон сөздер қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. 

Паразит сөздердің жетегіне ерген жастар қандай тілде сөйлейтінін қарастырайық.

«Құлаққа лапша ілу» – өтірік айту;

«Құлақтан теуіп кету» – алдап кету;

«Картопты жару» – дөп айту;

«Миды шіріту» – көп сөйлеу;

«Крышасы бар» – танысы бар;

«Базар жоқ», «Әңгіме жоқ» – келісім беру мағынасында;

«Косякқа кіру» – ыңғайсыздыққа тап болу;

«Потеря ұстау» – сасқалақтап қалу;

«Жынды» – күшті, керемет;

«Қоянның суретін салу» – алдап кету;

«Бітіп отыру» – ренжіп немесе менсінбей отыру;

«Жыртып тастау», «Қадап тастау» – ұру, жеңу мағынасында;

«Духы жетпеу» – батылы жетпеу және т.б.

Әлеуметтік желінің жедел дамуы біздің тілге де әсерін тигізбей қоймады. Жастардың әсіресе жасөспірімдердің тілінің шұбарлануы соған дәлел. Трендке айналған сленгтер көбінесе ағылшын, орыс тілінен енген кірме сөздер. Әдетте жастар сленг сөздерді сәнді сөйлеу үшін қолданатынын байқаймыз.

«Краш» – ағылшынның «сrush» деген сөзінен шыққан. Әдетте біреуді ұнатып, жақсы көрсе «менің крашым» деп жатады;

«Жиза» – орысша «жизнь», «өмір» деген сөздің қысқарған түрі;

«Изи» – ағылшынша «easy» деген сөзді оқылуы бойынша қолдану, аудармасы «оңай» дегенді білдіреді;

«Сорян» – «sorry» сөзінің қысқартылған нұсқасы, яғни кешірім сұрау;

«Рили» – ағылшынның really деген сөзінен шыққан. «Шынымен, расында» деген сөздердің орнына қолданылады;

«ЛОЛ» – «laughing out loud» аббревитурасын ағылшын тілінен аударғанда, дауыстап қатты күлу;

«ЛП» – орысша «лучшая подруга» дегеннің қысқарған нұсқасы. Әлеуметтік желіде хат алмасқанда қысқартып жазу сән.

Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Лингвистердің айтуынша жастар бейәдеби сөздерді өзін өзгешелеу үшін, ерекше әсер қалдырып, өзіне сенімділігін көрсету үшін қолданады екен. Осы орайда 13-20 жас аралығындағы жастардың пікіріне құлақ салдық.

Қаламыздағы «Ақиқат» дебат клубының мүшесі Гүлсезім Қалмет: «Маған жаргон сөздермен сөйлеген ұнайды. Өз ойымды еркін әрі ашық жеткізе аламын. Әдеби сөйлегеннен гөрі жаргон сөздер жеңіл. Өзім басқалардың арасынан дараланып тұрамын», – дейді.

Ал, 13 жасар Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның оқушысы Мансұр Аязбайұлы: «Біз достарымызбен сленг, жаргон сөздермен сөйлесеміз. Бізге үйреншікті, ыңғайлы. Бір-бірімізді тез түсініп аламыз. Ал ата-анаммен, басқа да үлкен адамдармен сөйлескенде бұл сөздерді қолданбаймын. Себебі дөрекі естіледі және олар кейбір сөздердің мағынасын да түсінбей жатады», – дейді.

Бірақ жастардың түгелі дерлік шұбарланған тілмен сөйлемейді. Мені мына пікір қуантты: «Өз басым әр қазақ таза қазақша сөйлесе деймін. Заманға сай боламын деп тіліміздің тарихын ұмытпағанымыз жөн. Сан ғасырлар бойы көрген талай қиындық тіліміздің бұрмалануына себепкер бола алмады. Ал енді ғаламтор билеген заманның құрығына түспесек болғаны», – дейді Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Ақнұр Манаш.

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Данияр Кәрімұлы: «Елу жылда – ел жаңа» демекші ұлтымыздың, тіліміздің болашағын ойласақ ұлтты тәрбиелеуді көп уақытын виртуалды өмірде сүретін қазақ баласының көзі қанық болған қолдағы смартфон үйдегі ата-анасынан жақын болған заманда жаргон, сленг сөздерді қолданатын көгілдір экран мен әлеуметтік желі жұлдыздарының сөздік қорына аса мән берген дұрыс», – деген пайымда.

– Тіпті елге танымал көгілдір экрандағы жұлдыздар диалектімен, жаргон, сленгтермен сөйлеп жатады. Бұл қазақ тілінің болашағына алаңдаулы республиканың әр азаматы үшін өте өрескел дүние. «Ауруын жасырған – өледі» деген, көгілдір экранға цензура қойғыш үкімет белгілі бір тақырыптарды сөз етуге шектеу қойғаннан басқа тіл тазалығына, ондағы контенттің идеологиялық мазмұнына бас ауыртпайтын сияқты. 150 миллион халық қолданып отырған орыс тілінің сленг, жаргонменен шұбарланғанына орыс ұлты шағымданғанда, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деп қазақ тілінің қамын жеген Шерхан Мұртаза айтқандай ел ертеңіне шынымен алаңдасақ үкімет тарапынан көгілдір экран мен  әлеуметтік желі жұлдыздарының сөз қолданысына және оның идеологиялық мазмұнына тәуір-ақ цензура керек.

Өзге тілден келген жаргон мен слэнг сөздер өзі ақсап тұрған қазақ тілінің сөздік қорына кері әсерін тигізбесе өзге пайдасы жоқ. Сленг, жаргон – контенттің оқырмандарына түсінікті ауызекі тілде сөйлеу қажетті «жастардың тілі» болғандықтан оны айналып та кете алмаймыз. Осыған орай әлеуметтік желі болсын, мейлі көгілдір экран болсын жаргон сленгтердің бейәдеп формада емес ұлттық нақышта болуын, өзге тілмен былғанбауын ел ертеңіне алаңдаулы ұлт тарапынан қадағалау керек сияқты», – Данияр Кәрімұлы.

Заман қанша ілгері дамып кетсе де тілімізді тап-таза қалпында сақтау – міндетіміз. Бұрмаланған жасанды сөздер әлдебір уақытта сәнге айналып, кейін ұмыт болады. Тіл құндылығын сақтайық!

Ал, сіз жаргон, слэнг сөздерді қаншалықты жиі қолданасыз?

(Сурет ашық ғаламтор желісінен алынды)

Пікір үстеу