Ақын, журналист, «Сарыарқа самалы» газетінің веб-редакторы Алтынбек Елемесұлымен блиц-сұхбатқа назар салыңыз, қадірлі оқырман.

– Алтынбек, сеніңше өлең деген не?

– Қасым Аманжолов жырлағандай: «Өлеңім – менің бөбегім, Өзіме тартқан секілді». Мұқағали Мақатаев айтқандай: «Поэзия – сезім мен рухтың құймасы».

– Бүгінгі қоғамның ақыны қандай болуы керек?

– Мұқағали Мақатев айтқандай, қазіргі нағыз ақын «Адам жанының инженері» болып қалу керек.

– Бүгінгі шығармалар қазіргі қоғамдағы өткір сұрақтарға жауап бере ала ма?

– Сиямен емес, қан мен термен жазылған шығармалар бар. Жауабын содан іздеп көріңіздер.

– Әдеби орта қаламгерге не береді?

– Рухани байланыс.

– Үнсіздікті неге жақсы көресің?

– Бітпейтін сұрақ…

Күтпейтін жерінде жауап,

Отыз екі тіс пен тілімді ерінге қамап,

Үндемейтінім – жанымның жанайқайы шығар,

Жанын алатын ауыздың желімге қарап.

– Уақыттың саған дайындаған тосынсыйынан не күтесің?

– Бақыт.

– «Сыртыңда» не бар? «Ішіңде» не бар?

Сыртым – самарқау, ішім – жанартау.

–  «Ақындардың барлығы жарадар ма?»

– 99 пайызы. 1 пайыз өлеңшілер бар.

–  «Жолы жығуға неге осы жатық қаланың?»

– …Жығылып қалсаң, қарамас уақыт, қарағым.

Мендегі мұң мен қайғының түбі көрінбейді

Батып барамын.

–  «Жан сырыңды ұғар ма жат ақтара?»

– Сырларыңыз ортақ болса…

– Рахмет, Алтынбек!

Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу