“Экспресс К” газетіне 2019 жылы 24 қыркүйекте берген кезекті сұхбатында әлемге танымал ақын, қоғам қайраткері және публицист Олжас Сүлейменов өз бастамашылығымен құрылғанына 30 жыл толған халықтық антиядролық «Невада – Семей» қозғалысының жұмысы туралы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің 100 күндігі және еліміздегі басқа да маңызды оқиғалар туралы ой толғайды.
— Олжас Омарұлы, сіз Нұр-Сұлтан қаласында «Невада – Семей» қозғалысының 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияға барар алдында экспресс-сұхбат беруге үлгермедіңіз. Конференция 18 қыркүйекте өткізілді. Ол, әрине, өте кең көлемде әрі жоғары деңгейде атқарылды. Сіз осыдан 30 жыл бұрын құрған, атом сынақ жарылыстарын тоқтатқан Жер шарының бес сынақ алаңының 20 елінен келген антиядролық қозғалыстағы әріптестеріңіз сөз сөйледі. Біз, әрине, әріптестеріңізбен кездесу қозғалысқа жаңа жоспарлар мен тың көңіл күй сыйлағанын байқадық.
— Конференция Өнер академиясының үлкен залында, бізден басқа көптеген студенттердің қатысуымен өткізілді. Әрине, өзінің скрипкасымен бүкіл жер шарындағы антиядролық маршқа қатысқан академияның ректоры, әлемге танымал Айман Мұсаходжаева қатысты. Біздің қонақтарымыздың көңіл күйі көтеріңкі болды. Себебі біз осыдан 30 жыл бұрын бірге үлкен ерлік жасадық. Ал одан кейін қандай іс атқардық?
— Біздің БАҚ конференция туралы тіс жармады. Қандай іс тындырғандықтарыңыз туралы өз аузыңыздан естісек. Таратып айтсаңыз.
— Бұл, әрине, таңғажайып, алайда қалыпты құбылыс іспетті. Кеңес Одағы соңғы күндерін өткізіп жатқан тұста «Невада – Семей» қозғалысы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Қазақстан тұрғындары ХХ ғасырда тұңғыш рет өзінің жері мен өмірін қорғауға көтерілді. Сынақ алаңы маңындағы облыстардан екі миллионнан астам қазақстандық 1989 жылғы 28 ақпанда туылған «Сынақ алаңы жойылсын!» («Закрыть полигон!») ұранының астына қол қойды. Бұл атаулы дата мен күнді қазіргі таңда қозғалыстың ардагерлері ғана есіне түсіре алады.
Жақында Елбасы «Рухани жаңғыру» («Қоғамдық сананы жаңғырту») девизін жариялады. Тарихты білмей, қоғамдық сананы жаңғырту мүмкін емес. Мұндай ғылым да жоқ, болған да емес. «Көшпелілерде қандай тарих болуы мүмкін?» деген көзқарастың ежелгі өткен дүние жөніндегі пікір ретінде қалыптасқанына көп болған. Ол пікір автоматты түрде жақындағы өткен тарихымызға да кірігіп кетті.
Республикамыз ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қандай тарихи оқиғалар мен даталарды есінде сақтап қалды? Бір қолдың саусағымен санарлық қана. Ал біздің қозғалысымыз тарихшыларға әлемдік ауқымдағы бірнеше тарихи оқиғаны жарыққа шығарып көрсетті. Бұл фактілермен мақтануымыз керек. Жастарымызды осы рухта тәрбиелеп, қоғамдық сананы жаңғыртып, сілкіндірудің орнына, біз үнсіз қалуды жөн көреміз. Бірқатар фактілер әлдеқашан мектеп оқулығының бағдарламасына кіруге сұранып тұр.
— Сіз өзіңіз осы ауқымдағы қандай фактілерді атап өтер едіңіз?
— 1949 жылғы 29 тамызда сынақ алаңында тұңғыш жарылыс болды. 1989 жылғы 28 ақпанда қозғалыс құрылды. 1989 жылғы 19 қазанда Семей сынақ алаңында соңғы жарылыс өткізілді. (Ол жылы 18 сынақ өткізу жоспарланған болатын. Біз оның 11-ін тоқтаттық.) Ақырында, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің Жарлығымен сынақ алаңы жабылды.
Бұл айтылғандардың соңғы жолы ғана жиі қайталанады. Ал шындығында, осы төрт жол классикалық рубайдың шумақтары сынды сақталуы тиіс еді. Сонда біздің жастарымыз бен әлемдік қауымдастыққа Жер шарындағы бес сынақ алаңының алғашқысы бір ғана президенттің Жарлығымен емес, Қазақстан халқының рухани дүмпуінің күшімен жабылғаны түсінікті болар еді.
Бұл жай Елбасының рөлін бәсеңдетпейді. Алайда бұл тарихи оқиғаға халықтың қатысының зор екенін мойындатып, елді тұтастырып, біріктіре түседі. Оның демократиялық ауанын айқындап, бүкілхалықтық мінездемесін бекіте түседі.
— Қозғалыс сынақ алаңын жапқаннан кейін немен айналысты?
— Мен сұрақты басқаша қояр едім. Сынақ алаңын жапқанға дейін қандай нәрселер орындалмай қалды? Біз конференцияда болған жоқпыз. Алайда жарылыс қайталанған жоқ. Бұған дейін де осы жайды еске түсірдік. Сынақты тоқтату туралы ресми құжат шыққандай, соңғы жарылыс 1989 жылғы 19 қазанда өткізілді. Сонымен, жыл аяғына дейін, келесі жылдың бірінші тоқсанында да бірде-бір жарылыс болған жоқ. Тым-тырыс. Әлем біздің қолымыздан іс келгеніне сенді. Ғаламшардағы тұңғыш антиядролық қоғамдық қозғалыстың қолынан келгенін көрді.
Қалайша? Біз алғаш рет қолданған елден ерек тактикамыз, соңында стратегиялық болып шықты. Біз халықтық дипломатия мен парламенттік күшті біріктірдік. Мен КСРО Жоғарғы Советінің құрамында «За безъядерный мир!» атты қуатты фракция құрдым. Бұл — 500 халық қалаулысының ішіндегі 150 белсенді дауыс болатын!
Олар біздің халықтық қозғалысымыздың еркін орындай отырып, 1989 жылғы 20 қарашада КСРО Жоғарғы Советінің «КСРО Үкіметіне Семей сынақ алаңын жабу туралы мәселені қарау туралы» қаулысын шығартты. Бұл акция біздің кейінгі ұранымыздағы «Әлемнің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы!» стратегиясының идеясын айқындап берді.
АҚШ, Англия, Франция — ядролық державалар. КСРО-да батыстық демократия енді басталып келе жатқан-ды. Қытай әзірге есепте жоқ. Осы бес елде сайлаушы шешуші күшке ие. Егер сайлаушы сайланушының сайлауалды бағдарламасына «Ядролық қаруға жол жоқ!» талабын енгізгенде, әлемде әрі қарай тыныш өмір сүруге шынайы мүмкіндік ашылар еді.
Барлық ядролық елдердің антиәскери мекемелеріне тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Әлем сайлаушылары ядролық соғысқа қарсы!» халықаралық конференциясына шақырту жіберілді. Халықаралық конференция 1990 жылғы мамырда Алматыда ұйымдастырылды. Оған Франция, Жапония, Англия, Ресейден антиядролық қозғалыс делегациялары келді. Бір ғана АҚШ-тан чартерлік рейспен конгрессмендер, сенаторлар, қоғам қайраткерлері бар 300 делегат келді.
Осы топта «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» ұйымының жетекшісі доктор Бернард Лаун да болды. Ол бұған дейін бейбітшілікті жақтаушы ретінде екі жыл бұрын Нобель сыйлығын иеленген болатын. Осы ұйымның теңтөрағасы — советтік дәрігер Евгений Чазов еді. Сол кездегі КСРО Денсаулық сақтау министрінің бір минуты да бос емес уақыт тығыздығына байланысты келе алмады. Біз конференцияда сайлаушылармен жұмыс тактикасын жасап шығардық.
— Нұр-Сұлтандағы конференцияда сөз сөйлеушілердің бірі Алматыдағы конференцияда сіздің кандидатураңызды америкалық делегация Нобель сыйлығына ұсыну туралы ұсыныс жасағанын еске алды. Сол жылы күзде берілетін еді. Сіз жауабыңызда бұл сыйлықтан бас тарттыңыз. Неге?
— Мен ол кездегі сөзімде: «Біз бір ғана сынақ алаңындағы жарылысты тоқтаттық. Әлемдегі сынақ алаңы — бесеу. Жұмысымызды жалғастырайық. Сосын ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі келісімге қол жеткіземіз. Содан кейін өзіміз Нобель сыйлығы комитетіне марапаттау жөнінде ұсыныспен шығамыз», — дедім.
Жұрттың айтуынша, бір америкалық отставкадағы генерал басқалардан гөрі қатты қол шапалақтапты. Сөйтсе, ол бірқатар антиядролық жиналыстарды ұйымдастырғаны үшін өзін тып-тыныш қана осы сыйлыққа ұсынып, күзде Норвегияға марапат алуға барып қайтыпты.
Өткен жылы Швейцарияда белгісіз ұйым компьютерде Ядролық қаруды қолдануға тыйым салу туралы келісімді жазып, екі жүздей үкіметке қол қоюға жіберген көрінеді. Тәжірибелі хатшының бір сағаттық жұмысы. Әрине, ешбір елдің басшысы қол қоймаған. Алайда осы жұмысты жасаған жан бейбітшілік үшін Нобель сыйлығына ие болды.
Күлкілі, бірақ әңгіме бұл туралы емес. Иә, біз ақырында барлық сынақ алаңдарындағы жарылысты тоқтатуға қол жеткіздік. Біз ең соңғы нәтижеге жақын қалдық. Біздің мақсатымыз — Ядролық қаруға толық тыйым салу туралы келісімге қол жеткізу еді. Біз бұған жете алмадық.
— Сіз бұл туралы бұрын айтпаған едіңіз…
— Бұрынырақтағы бір сұхбатымда осы тақырыпқа жақындадым. Арада 30 жыл өткен соң атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, қол жетпеген жайларды сараптағанда, осыны ұқтым.
Сол кездегі Алматы конференциясында біз Ғаламдық антиядролық альянс құруға бастамашы болдық. Оның құрамына Батыс пен Шығыстың антиәскери, антиядролық қоғамдық ұйымдарының барлығы кірді. Альянстың құрылтай конференциясын 1991 жылғы қаңтарда Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтеріндегі залдардың бірінде өткіздік. Онда біздің күресіміздің маңызды мақсаты жарияланды. Ол — ядролық қаруды ұлттық қорғаныс құралы дәрежесінен алып тастау.
Ол америкалық, ағылшындық, француздық, қытайлық немесе кеңестік болуға тиіс емес. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің меншігі болуға тиіс. Ол, әрине, мыңдаған арсенал толы оқтұмсықтар емес, келісілген мөлшердегі бірнеше оқтұмсық қана болуы керек еді. Олар Қауіпсіздік Кеңесінің қарамағындағы полицейдің қолшоқпары есебінде, болашақта осы қаруды иемденгісі келгендерге толық тыйым салған келісім бойынша ұйым талабын орындамағандарды қорқыту мақсатындағы миссияны атқаруға қажет болатын.
Оның үстіне, сол кездегі екі ірі державаның басшылары Михаил Горбачёв пен Рональд Рейган арасындағы өзара жылы шырайлы қатынас осы мәселенің шешімін табуға болатынына сендірді.
Мен конференцияда сол жылға арналған бағдарламаны ұсындым. Халықтық дипломатия (сайлаушылар одағы) өзінің сайланушыларын парламентаралық референдумға әзірлеуі тиіс болатын. Барлық парламент бір ғана ортақ сұраққа жауап беруі керек еді: «Ұлттық қорғанысқа ядролық қару керек пе?»
Біз екі жүздей парламенттің бірнешеуі ғана «Қажет!» деп жауап беруі мүмкін екенін жобаладық. Тіпті оны қай елдердің парламенті айтуы мүмкін екенін де болжадық. Алайда көпшілік дауыс «Жоқ!» деп жауап беретініне сендік. Бұл қадам, сөз жоқ, аз дауыстың болашақта нөлге дейін азаятынын аңғартатын еді.
Бұл референдумның ең алғаш КСРО Жоғарғы Советінде сол жылы өткізілетініне толық сендік. Біздің конференциямызға қатысқан Эдуард Шеварнадзе Горбачевқа өзінің тікелей байланысы арқылы біздің жоспарымызды жеткізді. Жауабы қалыс қалу емес, тікелей қолдау білдіру болып шықты. Біздің сол кездегі қуанғанымызды көз алдыңызға елестете алар ма едіңіз?! Егер де советтік парламент парламентаралық референдумында шешуші түрде ядролық қаруға «Жоқ!» деп жауап берсе, әрине, бұл қадам басқа да ядролық державалардың жауабында көрініс табатын еді! Бүкіл әлем советтік арсеналдың ағылшын, француз, қытайды қосқандағыдан да көп екендігін білетін еді. Америкадан да көп еді! Өте бір ерекше жағдай туындады.
Өте қызық құбылыс. Әлемді құтқарудың қадамы. Аяқ астынан дарынсыз ГКЧП оқиғасы туындап, Горбачевтің басына бұлт үйіріліп, оның орнына өмірі «аузы құрғамайтын» Ельцинді таққа отырғызу (оны қасындағылар «Борис патша» деп атайтын) басталды. Өйтпегенде, 1990 жылғы парламентаралық референдум болатын еді.
Сөйтіп, адамзат қазіргі таңда шешілмейтін мәселеге айналған адамзатқа төнген қауіпті түпкілікті жауып қоятын еді. Сол кездегі жағдайды еске алғанда, көптеген қарама-қайшы пікірлерге ой қозғайсыз. Егер де «горбачевтік» Совет Одағы өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзекті мәселелері сақталса да, біз алдымен ядролық қарудан құтылған болар едік. Бұл, әрине, 16 республиканың тәуелсіздік алуымен қатар, олардың ұлттық дамуына мүмкіндік әперетін жай еді. Иә, басқа да сұрақтардың жауабын әлі де түпкілікті таба алмай келеміз. Неліктен қазіргі кезде осындай парламентаралық референдум өткізбеске?
Қазіргі кезде ядролық мемлекеттер екі есеге көбейді. Бұрынғылардың өзі де әлеуетін арттырып, ядролық күш-қуатын өсіргені соншалықты, бастарынан осыншалықты ауыр жүкті алып тастауға мүмкіндігі қалмай бара жатыр. 1991 жылдары Индия, Пәкстан, Израиль, Солтүстік Корея біржақты түрде: «Жоқ, ядролық қару ұлттық қорғаныс үшін қажет емес!» — деп айта алар еді. Ал қазіргі кезде жиырмаға жуық мемлекет: «Иә, қажет!» — деп жауап береді. Сондықтан парламентаралық сауал салу бүгінгі таңда тым қисынсыз. Оның сыртында ядролық мемлекет атанған немесе солай болуға әзірленіп жатқан мемлекеттердің сайланушыларға ықпалы жүрмейді. Мәселен, қазіргі Солтүстік Кореяның сайлаушылары қандай дәрежеде? Немесе бүгінгі ТМД елдерінің сайлаушыларының көпшілігі соншалықты ықпалды емес.
Әңгімеміздің басындағы сұрағыма қайта оралайын. «Невада – Семей» қозғалысы сынақ алаңы жабылған соң немен айналысты? Қозғалыс одан кейін де жұмысын жалғастырған жоқ па?
Иә, жұмысын жалғастырды. Біз СССР кезінде табиғат пен адамзатты қорғаған тұңғыш қоғамдық ұйым атандық. Басқаша айтқанда, алғашқы экологиялық ұйым болдық. «Союз-Чернобыль» бізден кейін бірнеше айдан соң құрылды. 1990 жылдары біздің белсенділеріміз облыстарда ядролық сынақ зардаптарымен күресті. «Бейбіт мақсаттағы» жарылыстар белгілі сынақ алаңдарында ғана емес, белгісіз бірнеше алаңдарда сыналды. Біздің тәжірибеміз экологиялық топтардың, облыстардағы, аудандардағы, қаладағы ұйымдардың құрылуына септігін тигізді. Соңғы үш жылда «Байтақ болашақ» («Бесконечное будущее») экологиялық альянсы күш алып келеді. Оның жетекшісі, математик Азаматхан Әміртаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелігіне шақырылды. Яғни, экология жаңа дәуірдің басым бағыттарының бірі болып саналатындығын көрсетеді.
Қыркүйектің 20-сында Ақтөбеде Альянстың «дөңгелек үстелі» өткізілді. Сіз оған қатыстыңыз ба?
Иә, конференциядан соң мен Ақтөбеге ұшақпен жеттім. Қ. Жұбанов атындағы университеттің студенттері мен эколог мамандары «Таза су» тақырыбын талқылады. Ақтөбе облысында геологтар бұрыннан жердің терең қыртысында триллион тонна таза су барлығын анықтаған. Ол жер үстіне жақын. Ал мұнайлы жер қыртыстары одан төменде орналасқан. Мұнай бұрғылары осы суы мол жер қыртыстары арқылы өтеді. Осы судың ластануы экологтарды ғана емес, облыс басшылығын да, жалпы жұртшылықты да алаңдатып отыр.
Міне, осы қызықты тақырып студенттік аудиторияда талқыланды. Арасында тақырыптан шығып, басқа да өзекті жайларды қамтыды. Себебі бұл талқылауға белгілі саясаткер, профессор Аманкелді Айталы қатысты. Менің Ақтөбеге келуімнің бір себебі — ол кісінің 80 жасқа толу мерейтойы да еді. Ал кешкісін біз осы оқиғаны атап өттік. Ал бұл кезде университетте суды және жерді ластанудан қалай сақтап қалу мәселесі талқыланып жатты. Мен жастарға 1992 жылы профессор Аманкелді Айталымен бірлесіп Қазақстанның Халық Конгресі партиясын қалай құрғанымызды және 1993 жылы Конституция жобасын талқылаған кезде партия атынан Ата заңның басты бір тармағы: «Жер және оның қойнауы Қазақстан халқының меншігіне жатады» деген бапты ұсыныс ретінде өткізгенін айтып бердім. Үкімет өзінің жобасын тықпалады. Мәтін солай болғанымен, «халықтың» орнына «мемлекеттікі» деген сөз жазылды. Біз Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің депутаттарын былайша: «Мемлекет — ол бірнеше шенеунік, бес жылға сайланатын. Сондықтан оларға біздің аталарымыздың мыңдаған жылдар бойы көзінің қарашығындай қорғап, сақтаған Ұлы даламыздың жер асты байлықтарын ие етіп қою еш қисынға келмейді. Қисынға келмеуі былай тұрсын, қауіпті де», — деп тоқтатуға тырыстық.
Алайда депутаттар үкіметтік жобаны мақұлдады. Депутаттар өздерінің қателескендерін білді. Бірақ әрқайсысының артында отбасы, қызметтік өсу, әрине, бұл заттар жүрекке жақын, түйсігіне қолайлы. Ақындар айтпақшы, қалғандарына онша бас ауырта бермеді. Арада өткен отыз жыл сол кездегі жобаның дұрыс екендігін айғақтады. Жастар алдағы референдумдардың бірінде Конституцияның тап осы бабына қайта оралып, дұрыс шешім қабылдайтындығына сенемін. Аудитория ала-құла аралас, қазақтар да, орыстар да болды. Менің зайыбым Маргарита Владимировна да аудиторияда болды. Сондықтан мен екі тілде де сөйледім.
«Әр халықтың мақсаты бар — ұлт болам деген» («У каждого народа есть цель — стать нацией»). Қазақтар Ресей империясы аясында бұратана халықтар болды. СССР кезінде халық атанды. Тәуелсіз Қазақстан тұсында ұлт болуға мүмкіндік алды. «Ұлт» деген феномен не? Біз оның түпкі мағынасын түсінеміз бе? «Еліміздің тұрғындары», «мемлекет подданныйлары», «халық» — бұл әлі ұлт емес.
Ұлттар — бұл өзін ауа атмосферасынан бастап, жердің ең төменгі қыртысына дейінгі аумағын тұтас алғанда, барлық елінің дара қожайыны деп есептейтін мемлекеттің азаматтары. Ал мемлекет ұлттардың осы құндылықтарын сақтауға міндетті. Оның ішінде ауаның тазалығы, өзен-көлдер, теңіз секілді жер үстімен ағатын және жер асты суларын сақтауға көмектеседі. 1993 жылғы депутаттар «халық қожайын» формуласын қабылдамады. Себебі олар нағыз қожайын тек ұлттар бола алатындығын түйсінді. Әзірге оларға мемлекет қожайын болсын, «Қашан ұлт болып қалыптасқанда көреміз» деген сыңайлы. Осы студенттер, жаңа буын — ұлт болып қалыптасады.
Сіз Ақтөбеде жүргенде Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігіне 100 күн толды. Бұл туралы пікірлерін бірқатар жандар айтып үлгерді. Бұған Сіздің қандай алып қосарыңыз бар?
Мен жаңа президенттің алғашқы жүз күндігінде алғашқы қадамынан бастап сырттай бақылаушы болған жоқпын. Ойша осы қызметке тұра алатын және мүмкіндігі шектеулі барлық үміткерлердің осы рөлді қалай атқаратындығын сараладым. Олардың табиғи мүмкіндіктерін, темпераментін, дайындығын есептедім. Оларды басқа елдердің жетекшілерімен салыстырдым. Бәрінен бұрын экономикалық және әлеуметтік саясатты ұстанып, «Әлем төңкерістен шаршады, біздің жолымыз — ақылға қонымды жеделдетілген эволюция» деп санайтын Дэн Сяопинмен салыстырдым деп есептеймін. Ол бір жарым миллиардтық Қытайды санаулы жылдарда ең соңғы қатардан авансценаға шығарып, әлемнің бірінші экономикасына айналдырды. Председатель Дэнді ХХ ғасырдағы ең табысты экономист деуге болады. Маоның ісін жоққа шығармай, оның жетістіктерін әрі қарай өзіндік тәсілімен дамыта алды.
Тоқаев — интеллектуал. Яғни эволюционист. Оған халықаралық жұмыс тәжірибесі өте пайдалы болып шықты. Әсіресе қазіргі заманғы Қытай саясаты жанды материал ретінде пайдаға асты. Жақында ГДР-дің соңғы басшысы Эгон Кренцтің сұхбатын оқыдым. Оның бірқатар пікірлерін көшіріп алдым. Ол: «Кеңес Одағымен қатар Еуропаның барлық Шығыс блогы Қытайдың тәжірибесімен жүруі керек еді», — дейді. Ол феодализм мен монархиядан социализмге түсуге болмайтындығын түсінді. «Қытайлықтар Маркстің “Капиталын” нашар оқығандарын айтады. Онда “социализм жоғары дамыған экономикада ғана табысты бола алады” делінген. ҚХР-да өнеркәсіп, жер жеке иеліктің қолында емес. Сондықтан Қытай варианты барлық социалистік блоктарға барынша тиімді болған болар еді».
Дэн Сяопиннің алғашқы қадамдары ГДР басшысы Хонеккердің назарын аударған. Сол сұхбатында Эгон Кренц айтады: «Хонеккер қайта құруға дейін Қытаймен арадағы мұзды ерітіп, байланыс орнатуды армандаған екен. Михаил Горбачев пышақ кескендей тыйып: “Сіздің ойыңыз біздікінен артық емес. Біз, Кремльдегілер, қытайлықтар туралы жаман пікірдеміз”, — деген. Хонеккер қайта құрудың табысқа бастамайтындығын бірден түсінген. Себебі экономикалық жағдайды сол күйінше қалдырып, саяси жүйені ауыстыру ақылға қонбайды. 1989 жылы Дэн Сяопиннің саясаты жүзеге асырылғанына арада он жыл өткен соң Қытайда болған Горбачев таң қалады. Осы онжылдықта Қытайдың ішкі жалпы өнімі еселеп артқан кезде, СССР-дің ішкі жалпы өнімі екі есеге құлдыраған. Ол Қытайдағы сапарынан оралған соң халық депутаттарымен кездесуде: “Қытайдан сабақ алу керек. Неге?” — деген сұраққа жауап іздеген».
Өкінішке қарай, осы асқақтық, кеудемсоқтық Қытайға қарсы ТМД мемлекеттері аумағындағы көпшілік елдерде экономикалық саясатта көрініс тауып, нәтижесінде жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейінен байқалды. Қазақстанда бұл сабақ біраздан бері назарда ұсталып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің алғашқы күнінен бастап жергілікті тұрғындардың өзекті жайларын шешудегі, азаматтардың тұрмысын көтерудегі Елбасы саясатының сабақтастығы жалғасатындығын мәлімдеді. Оның бір жолы — орта және шағын бизнестің дамуын барынша қолдау. Тоқаев Дэн Сяопиннің осы тапсырманы орындаудағы жобасын сынап көруді ұсынды. Бизнесін жаңадан бастағандарды бірнеше жылға салықтан босатып, оларды сыбайлас жемқорлыққа соқтыратын шенеуніктік тексерулермен тұншықтырмауға шақырды. Егер іскер азамат өзінің бизнесін дұрыс жолға қоя алса, мемлекет одан салық алады. Қытайда салықсыз мерзім бес жылға созылады. Біз әзірге үш жылдан бастап отырмыз. Біздің шенеуніктеріміз одан әріге шыдай алмайды. Қалай болғанда да, бұл игі қадам дер кезінде әрі қазіргі кезеңге сай жүргізілуде.
Мен өз бақылауымның бірқатарын жариялап, жаңа президенттің алғашқы 100 күндігін табысты әрі үміт күттіретін қадамдар дей аламын. Ол қадамдар әлемде менен гөрі кәсіби саясаткерлер мен экономистер тарапынан өз бағасын алуда. Өз тәжірибемнен поэтикалық бағалаулар көбіне саясидан гөрі мазмұнды болып келеді. Мәселен, Горбачев туралы өз поэтикалық бағамды айтар болсам, ол, мүмкін, ғажайып, сарабдал саясаткер болған шығар, алайда іске алғысыз экономист болды. Бұл, өз кезегінде, Ресей, ТМД және бүкіл әлемнің тағдырына әсер етті.
ТІЛЕУЖАН ЕСІЛБАЕВ,
“ОЛ ЖАС – ОН МОЛОДОЙ”
Олжас Сүлейменовпен сұхбаттар жинағынан
