Осы аптаның ең басты жаңалығы әрі Түркі дүниесінің тұтастығы мен тарихи сабақтастығын айқындайтын маңызды оқиға – сөз жоқ, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары. Бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың жаңа кезеңін бастап қана қоймай, түркі интеграциясының геосаяси және экономикалық кеңістіктегі ықпалын арттыра түскен маңызды белес ретінде бағалануда.

Бауырласқа құрмет
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайында арнайы қарсы алып, қазақы қонақжайлық пен бауырластық ықыластың ерекше үлгісін көрсетті. Президент Ердоған мінген ұшақ Қазақстан әуе кеңістігіне енген сәттен бастап әскери авиацияның құрметті алып жүруімен елордаға дейін жетті. Әуежайдағы салтанатты рәсімде екі мемлекеттің тулары көтеріліп, Құрмет қарауылы сап түзеді. Түрік тілінде «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деген жазуы бар плакат ұстаған балалардың қарсы алуы түркі халықтарының рухани жақындығын айшықтай түсті.
Мұның барлығы – көкіректі қуанышқа бөлеп, жүректерге ғажап сезім сыйлайтын сәттер. Тіпті, саяси сарапшылар бұл көріністі жай ғана дипломатиялық этикет емес, ғасырлар қойнауынан жалғасқан тарихи байланыстың символдық көрінісі ретінде жоғары бағалады. Себебі Қазақстан мен Түркияны тек экономикалық мүдде ғана емес, ортақ тарих, ортақ тілдік, мәдени және рухани құндылықтар біріктіреді.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер және стратегиялық кеңес
Режеп Тайип Ердоған мырзаның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында мәні мен маңызы зор, жөні мен жосығы бөлек, күтілетін нәтижесі де ерек іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – Астанада өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы.
Бауырлас екі мемлекеттің басшылары әуелі шағын құрамда кездесіп, кейін кеңейтілген форматтағы келіссөздерге қатысты. Әлбетте, бұл басқосудың күн тәртібі ауқымды, мазмұны терең, маңызы жоғары еді. Екі ел арасындағы сауда-саттық, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында: «Түркия – Қазақстанның уақыт сынынан өткен сенімді әрі стратегиялық серіктесі», – деп бөле-жара атап өтті. Осы айқындаманың өзі-ақ мемлекеттер арасындағы байланыстың қаншалықты берік екені бірден аңғарылады.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктестердің бірі ретінде бағалап, екі ел арасындағы қарым-қатынастың «түбі бір туыстыққа» негізделгенін айтты.

«Мәңгілік достық» декларациясы – жаңа тарихи кезеңнің бастауы
Түркия көшбасшысының Қазақстанға жасаған осы сапары аясында жүзеге асқан қорытынды дерлік түйінді құжат – Қазақстан мен Түркия арасында «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияның» қабылдануы. Сарапшылардың айтуынша, бұл құжат – соңғы жылдардағы ең маңызды дипломатиялық келісімдердің бірі.
Аталған декларация мемлекеттер арасындағы қатынасты тек дәстүрлі серіктестік деңгейінде қалдырмай, ұзақмерзімді геосаяси ынтымақтастық форматына дейін көтереді. Құжатта аймақтық қауіпсіздік, экономикалық ықпалдастық, технологиялық даму және мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету секілді маңызды мәселелер жан-жақты қамтылған.
Мұнда Түркияның Қазақстан үшін Еуропа мен Таяу Шығыс нарығына шығатын маңызды көпір екені ерекше аталды. Ал Қазақстан Түркия үшін Орталық Азиядағы сенімді экономикалық және стратегиялық серіктес ретінде қарастырылады.

Экономикалық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері
Түркия Президентінің мемлекеттік сапары аясында ондаған мемлекетаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Әсіресе, инвестициялық және өнеркәсіптік бағыттағы келісімдер сарапшылардың назар аудартты. Қабылданған маңызды құжаттардың қатарында инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен «TAV Holding» арасындағы ынтымақтастық құжаты; «ҚазМұнайГаз» бен «Türkiye Petrolleri» арасындағы меморандумдар; Астана халықаралық қаржы орталығы мен Ыстанбұл қаржы орталығы арасындағы әріптестік келісімдері бар.
Сарапшылардың айтуынша, бұл келісімдер Қазақстанға түрік капиталының келуін мейлінше арттырып, көлік-логистика, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы жаңа жобалардың іске асуына тың жол ашады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда төрт мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді екен. Түркия Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша да алдыңғы қатардағы елдердің бірінен саналады. Әсіресе, құрылыс, медицина, туризм, тамақ өнеркәсібі және логистика бағытындағы бірлескен жобалар қарқын алып келеді.
Қорғаныс өнеркәсібіндегі серіктестік күшейді
Келіссөздердің маңызды бағытының бірі – әскери-техникалық тұрғыдағы ынтымақтастық. Тараптар Түркияның заманауи «ANKA» ұшқышсыз ұшу аппараттарын Қазақстанда өндіру және техникалық қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.
ANKA дрондары қазіргі таңда әлемдегі ең тиімді барлау және әскери технологиялардың бірі ретінде бағаланады. Мұндай өндірістің Қазақстан аумағында іске қосылуы біздің елдің қорғаныс әлеуетін арттырып қана қоймай, әскери технология трансферіне де жол ашады.
Сонымен қатар, әскери кадр даярлау, қорғаныс өнеркәсібіндегі инновациялар және қауіпсіздік саласындағы тәжірибе алмасу мәселелері де бұл жолы кеңінен талқыланды.
Мәдени және білім саласындағы жаңа бастамалар
Қазақстан мен Түркия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан ары дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөліп отыр. Тараптар Абай мен түрік ақыны Мехмет Акифтің рухани мұрасын насихаттауға арналған «Абай-Акиф» мәдени бағдарламасын жүзеге асыруға келісті.
Сондай-ақ, Қазақстанда Маариф қорының жаңа білім беру мекемелерін ашу жөніндегі келісімдер де – маңызды жаңалықтардың бірі.
Бұл бастамалар түркі халықтарының ортақ мәдени кеңістігін қалыптастыруға және жастар арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етеді деп күтіледі.
Цифрлық технология және жасанды интеллект
Екі ел Президенттері Астанадағы «Alem.Аi» халықаралық орталығына арнайы барып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытындағы жаңа жобалармен танысты.
Қазақстан бүгінде мемлекеттік басқару, білім беру және экономиканы цифрландыру салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқынын арттырып келеді. Түркия да технологиялық индустрияға ірі инвестиция салып отырған елдердің бірінен саналады. Сондықтан бұл саладағы ықпалдастық алдағы жылдары екі мемлекет арасындағы маңызы аса зор жаңа стратегиялық бағыттардың біріне айналуы мүмкін.
Түркі интеграциясының жаңа кезеңі
Халықаралық сарапшылар Ердоғанның бұл сапарын Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалын арттырумен байланыстырады. Қазіргі әлемдегі геосаяси өзгерістер жағдайында түркі елдерінің экономикалық және саяси ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс энергетикалық қауіпсіздік, көлік дәліздері, қорғаныс өнеркәсібі, цифрлық технология, мәдени дипломатия сияқты стратегиялық бағыттарды қамтиды.
Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесі келіссөздердің маңызды тақырыптарының біріне айналды. Бұл бағыт Қытай мен Еуропаны байланыстыратын жаңа логистикалық артерия ретінде қарастырылып отыр.

Ердоғанға жоғары мемлекеттік награда табысталды
Сапар аясындағы аса жарқын әрі тарихи сәттердің бірі – Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі – Қожа Ахмет Ясауи орденімен наградталуы.
Марапатты тапсыру рәсімінде Қазақстан басшысы Қасым-Жлмарт Тоқаев Түркия көшбасшысының түркі халықтарының бірлігін нығайтуға, Қазақстан–Түркия қатынастарын дамытуға және халықаралық деңгейде түркі әлемінің беделін арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Саясаттанушылардың пікірінше, бұл марапат тек жеке тұлғаға көрсетілген құрмет емес, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қатынастың тереңдігін білдіретін тарихи символға айналды.
Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары – екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы ерекше кезең. Сапар барысында қабылданған шешімдер мен қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалық деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Бұл байланыстың маңызы тек дипломатиялық рәсімдермен шектелмейді. Мұндағы негізгі өзек – түркі әлемінің болашағына бағытталған ортақ саяси еріктің, экономикалық ықпалдастықтың және рухани тұтастықтың нақты көрінісі.
Астана мен Анкара арасындағы байланыс – тарихы тамырлас, рухы үндес, болашағы бір халықтардың жаңа дәуірдегі стратегиялық одағы.
Асыл ӘБІШЕВ.
(фотосуреттер akorda.kz сайтынан алынды)
