1 мамыр – қазақ халқы үшін жай ғана мереке емес, елдің рухани тұтастығын айқындайтын маңызды күн. Бұл күні Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы күні атап өтіледі. Өз атауынан көріп тұрғанымыздай, бұл мереке – еліміздегі неше түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқанын дәріптейді.

Қазақстанда жүзден астам этнос өкілі өмір сүреді. Олардың әрқайсысының тілі, діні, ділі, мәдениеті мен салт-дәстүрі әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Ол не құндылық? Ол – өзара сыйластық, түсіністік және ортақ Отанға деген сүйіспеншілік. Осындай бірлік пен татулықтың арқасында еліміз тұрақтылық жолына түсіп, күннен күнге дамып келе жатыр.

Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Аталған ұйым түрлі этностар арасындағы байланысты нығайтып, олардың құқықтары мен мәдени ерекшеліктерін сақтауға ықпал етеді. Соның нәтижесінде Қазақстанда этносаралық келісім мен бейбітшілік орнықты.

1 мамыр мерекесі кезінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Концерттер, фестивальдер, көрмелер арқылы әр ұлт өз мәдениетін таныстырады. Бұл тек көңіл көтеру емес, халықтардың бір-бірін тереңірек түсінуіне, құрметтеуіне жол ашады. Әсіресе, жастар үшін бұл – тәрбиелік мәні зор күн. Олар осы арқылы бірліктің, татулықтың қадірін ұғынады.

Көріп жатқанымыздай, қазіргі таңда әлемде түрлі қақтығыстар мен түсініспеушіліктер жиі орын алуда. Осындай жағдайда Қазақстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Бірлік – бұл тек ұран емес, ол – күнделікті өмірдегі іс-әрекет. Әр адам өз ортасында татулықты сақтап, өзгелерге құрметпен қараса, қоғамда береке орнауына күмәнім жоқ.

Осымен айтқым келгенім, 1 мамыр – бірліктің символы ғана емес, ел болашағының кепілі. Бірлігі бекем елдің іргесі берік болады. Сондықтан әрбір қазақстандық осы құндылықты сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізуге міндетті.

 

Әли ӘЛІБЕК,

«Жас Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы.

Добавить комментарий