Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі мейманды әуежайдан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бұл – ресми хаттамадан бөлек, екі ел арасындағы ерекше сыйластық пен бауырластықтың белгісі. Ердоғанның Қазақстанға Түркия президенті ретінде бесінші рет келуі де қос мемлекеттің қарым-қатынасы тұрақты әрі жоғары деңгейде екенін аңғартады.

Дербес мемлекет ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастау алады. Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған мемлекет. Бұл тарихи шешім екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік іргетасына айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл жайтты ерекше атап өтіп, қазақ халқының мұндай қолдауды ешқашан ұмытпайтынын жеткізді. Шын мәнінде, бұл әдеттегі дипломатиялық қадам емес, түбі бір түркі халықтарының рухани жақындығының көрінісі еді.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Екі ел де халықаралық аренада бір-бірін қолдап, маңызды бастамаларда ортақ ұстаным танытып келеді.
Қазақстан мен Түркия Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл ұйым – түркітілдес елдердің саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастығын арттыруға бағытталған маңызды платформа.
Сонымен қатар, екі мемлекет қауіпсіздік, аймақтық тұрақтылық және геосаяси мәселелер бойынша да өзара түсіністікке негізделген саясат жүргізіп келеді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыс жыл сайын нығайып келеді. Түркия – Қазақстан экономикасына инвестиция салған ірі серіктестердің бірі. Құрылыс, энергетика, логистика, туризм және жеңіл өнеркәсіп салаларында түрік компаниялары белсенді жұмыс істейді.

Қазақстанда мыңдаған түрік кәсіпорындары тіркелген. Олар ел экономикасына инвестиция тартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, технология мен тәжірибе алмасуға ықпал етуде.
Сауда айналымы да тұрақты өсіп келеді. Екі ел алдағы жылдары тауар айналымын бірнеше есе арттыруды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызға ие.
Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі – көлік-логистика саласы. Орта дәліз (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) арқылы Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Түркия – Еуропа бағыты дамып келеді.
Бұл бағыт екі ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ол Еуразия кеңістігіндегі сауда мен транзиттің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
Қазақстан мен Түркияны жақындастыратын ең маңызды факторлардың бірі – мәдени және рухани байланыс. Тілі, діні, дәстүрі ұқсас халықтардың қарым-қатынасы әрқашан ерекше болады.
Білім беру саласында да ынтымақтастық жоғары деңгейде. Қазақстандық студенттер Түркияның жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Сонымен қатар, мәдени алмасу бағдарламалары, концерттер, көрмелер мен фестивальдер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
TİKA (Түркияның халықаралық ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) Қазақстанда көптеген әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл ұйымның қызметі екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік байланыс айтарлықтай артты. Түркия – қазақстандықтар үшін ең танымал туристік бағыттардың бірі. Ал Қазақстан да түркиялық туристер үшін жаңа әрі қызықты бағыт ретінде танылып келеді.
Визасыз режим мен тікелей әуе қатынастары бұл саланың дамуына оң әсерін тигізуде.
Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған кезекті сапары – екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің айқын дәлелі. Бұл қарым-қатынас тек ресми деңгеймен шектелмей, халықтар арасындағы шынайы бауырластыққа негізделген.
Осы сапар аясында да ынтымақтастық пен әріптестіктікті, сенімді серіктестікті жаңа белестерге жетелейтін маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде.
Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын одан әрі нығайтып, жаңа белестерді бағындыратыны сөзсіз. Ортақ тарих пен құндылықтарға сүйенген бұл серіктестік – тұрақты дамудың сенімді кепілі.
Асыл ӘБІШЕВ.
