Pavlodar, KZ
14°
Fair

Замандастарымның әдебиет, өнер, өлең туралы ой-пікірін бағып жүремін. Олардың шығармашылық ізденісі менің негізгі зерттеу нысанама айналған. Қатарлас қаламдастардың қадамын қадағалап, талабын тану арқылы мен өзімнің межемді анықтайтын секілдімін. Осы мақсатта айтыскер ақын, журналист Оразбек Саяхатпен аз-кем әңгіме өрбіткен едім. Сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамын.

– Айтыс сахнасына алғаш шыққанда қандай күй кештің?

Ең алғаш рет айтыс сахнасына Екібастұз қаласында шыққан едім. Ол кезде мектепте оқитынмын. Алғаш рет сахнаға шыққанымда толқыған күйде болдым. Залдың жарығы сөндірілген, барлық адам бізге қарап отырды. Сонда ғана маған алғаш рет жауапкершіліктің жүгі артылғанын сезіндім. Өйткені, сонда отырған қаншама адамның көңілінен шығатындай сөз айта білу керек.

– Айтыстан не күтесің? Айтысқа не бергің келеді? 

Айтысқа кейбір ақындар өзінің сарынымен, кейбірі мақамымен келіп ерекшелік жасап жатады. Ал енді менің жаңа мақам ойлап табатындай музыкалық қабілетім жоқ. Сондықтан айтыста шымыр шумақтар, терең ойлар мен көркем сөздер қолданамын.

–  «Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін» қаламгер не істеуі керек?

 «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» қаламгер, ең алдымен, Абайды оқу керек деп ойлаймын. Абайдың бізге қалдырған мұрасы – тек қаламгерге емес, бүкіл қазақ халқына жол көрсететін құнды мұра. Сондықтан Абайды танымай, алдағы жолың дұрыс болады деу мүмкін емес деп ойлаймын.  

–  Күнделікті күйбең тіршілік, тұрмыстық жағдай ақынның қаламын тұсаулап тастамай ма?

 Әрине, күнделікті күйбең тіршілік қаламгердің қаламын тұсайды. Өйткені сапырылысқан тірліктің ішінде жүріп, тырнақалды туындыңды шығару мүмкін емес. Барлық ақындар менімен келісетін болар?! Әркім өзінің үздік шығармасын күйбең тіршілікті ысырап тастап, шығармашылықпен жеке қалғанда әкелген.

–  Сынды қалай қабылдайсың?

Сынды жақсы қабылдаймын. Өзіңнің өткеніңе көз жүгіртпей, қатеңмен жұмыс жасамай, алға дұрыс қадам жасау мүмкін емес. Сынды қабылдап, айтқан ескертулерді қаперде ұстап, өзіңнің қатеңмен жұмыс жасай білу керек.

–  Қаламгер қайраткер болу керек пе?

 Қазіргі біздің қоғамда мықты қаламгер сөзсіз қайраткерге айналып жатыр. Өйткені, сол қаламгерге қарап қаншама адам ой түзейді. Кейбір адамдар өзінің жеке пайдасы үшін сол қаламгердің қасына топтасады. Сондықтан бүгінгі қоғамда қарымды қаламгер сөзсіз қайраткер деп ойлаймын.

–  «Ең әуелі Сөз болған» дейді. Сол сөз қандай сөз деп олайсың?

 Менің ойымша ең әуелгі сөз Құдай болған шығар. Барлығымызды жаратқан бір Алла.

– Қазір қатарластарың «ақ өлеңді» жиі жазады. Бұған көзқарасың қандай?

Әркімнің өз туындысы өзінің дүниеге әкелген нәресте іспеттес қой. Бірақ жеке басым ақ өлеңді құптай бермеймін.  Абай айтқандай «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп. Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Қаламгердің еңбегін бағалайтын – халық. Ал, сенің еңбегін халықтың тіліне жеңіл тимесе, оның жүрегіне жетпесе, халықтың бағасын алу өте қиын.

–  Әдебиет оқырманнан алыстап бара ма, оқырман әдебиеттен алыстап бара ма?

 Оқырман әдебиеттен алыстап бара жатыр. Кітап оқуды былай қойып, әлеуметтік желіде әдеби шығармалардан үзінді жібергеннің өзінде оқымайды.

–  Адамның бойында қандай қасиеттерді ерекше бағалайсың?

 Адамның бойында ең бірінші еңбекқорлықты бағалаймын, 1% талап,  99% еңбек деп жатады. Сондықтан биік шындарға жету үшін, биік белестерді бағындыру үшін адамға еңбек керек. Адам өз саласында тынбай еңбек ететін адамдарды бағалаймын. Шыншыл, турашыл болу ол әр сәтте әр қоғамға байланысты. Сондықтан еңбекқорлықты қатты бағалаймын.

– Оразбек, уақыт бөліп, сұхбат бергенің үшін мың алғыс!

Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу