Pavlodar, KZ
16°
Fair

Тоқсаныншы жылдардың басы. Тәуелсіздік алып, өз еліміздің иесіміз және ірі тұлға екенімізді өзгелерге таныттық. Әскери борышымызды өз елімізде атқардық, бұйрықтар қазақшалана бастады.

Әскерде жүрсем де сахнаға шығып өлең оқып, әскери концерттердің жүргізушісі болдым, тіпті шағын көріністер де қойып жүрдім. Кейбір адамдарға пародия жасап, аң-құстардың даусын салып өнеріммен танылдым, жаңа жыл қарсаңында соңғы ойнаған адамым ақсақалдың рөлі болды. Одан, біраз уақыт өтті. Бір күні кешкі астан кейін полк командирінің саяси көмекшісі келді. Оның фамилиясы – Хайров, шені – майор.

– Ертең, қандай мереке екенін білесің. Таңғы астан кейін, үлкен концерт беріледі. Соған бір көрініс жетіспей тұр. Ертеңге дайын бол. Бұл бұйрық, – деді.

Етігімнің табанын бір-біріне тарс еткіздім де:

– Құп болады, жолдас майор, – дедім.

Түні бойы жодастарыммен бас қатырдық, «не істейміз, не көрсетеміз?».

Бір мезетте біреуі:

– Ереке, ертең Мамалар күні ғой, баласын сағынған Ана боп шық, – деді. Оның үстіне бәрі қолпаштаған соң дайындыққа кірістік. Төсек жапқыштан сөгіп-жыртып жаулық, картонға ақ мата орап күндік жасадық, үстіме жауынгердің куфайкасын, ал аяғыма керзі етікті балтырынан кесіп, кебіс жасап кидім, аумаған апа болдым.

Таңертең концерт те басталды. Майор Хайров жаны шығып, зыр жүгіріп мені іздеп жүр. Жанымнан былай да, олай да өтеді. Фамилиямыз ұқсас болған соң «бауырым» дейтін, бірақ ұлты басқа.

Бір мезгілде қолымды шекеме қойдым да «Жолдас майор! Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын!» дегенім сол-ақ екен, тамағы қырылдап, көзі бақырайып, күлкіден булығып жерге құлады. Есін жиып, күлкісін баса алмай, масалаған ат құсап, басын қайра-қайра изеп, сахнаға итеріп жіберді.

Мен сахнаға шыққан кезде туған жерін, туған ауылын, аналарын сағынған жауынгерлер демдерін ішіне тартып, көздері мөлтілдеп, сағынышпен маған қарап отыр.

– Құлындарым, – дедім, менің де Анам есіме түсіп, одан арғы сөз шықпады, тамағым қысылып, көзім жасаурап, ештеңе көре алмай қалдым. Сәл дем алдым да, дайындаған сөзімді әрі қарай жалғастырдым.

Залдың іші құлаққа ұрғандай танадай тыныштық.

Енді бір қарасам, орыстың балалары да жылап отыр, қазақша ұқпаса да. Дәп осы сәтте Жамбыл атамның «Ленинградтық өрендерім» атты орыс тіліндегі өлеңінің алғашқы екі жолы есіме сап ете қалды.

Орысшаға тіпті жоқпын, дегенмен де өзімше өзгерттім де, оқып бердім: «Казахстанцы, дети мой, Казахстанские дети гордость моя! Вас ждут дома, мама твоя!», – дегенім сол еді, зал орнынан тұрып ду қол шапалақтады, алдыңғы қатардағы офицерлер де тұр, көпке дейін мені сахнадан жібермеді.

Әйтеуір, зорға дегенде сахнаның артына келгенім сол еді, қолында бір құшақ алқызыл гүлі бар соңымнан полк командирі жетіп келді. Сасқанымнан орнымнан атып тұрып «Қатардағы жауынгер Қайыров» дедім. Бір мезетте аяқ асты түрі өзгеріп сала берді. Әйел-Ананы құттықтаймын деп келіп, мені көрген ол бірден ашуға мінді. Айғайлап рота командирін шақыртып, мені үш күнге қамауға бұйрық берді.

Сөйтсем, екі ай бұрын анасы қайтыс болған екен. Анаға деген сағынышын су сепкендей басқан менің қылығым – мынау.

Ананың рөлін сомдап он бес күн демалыс алып, ауылға анамның жанына барамын деп жүргенімде үш күнге тас қапасқа қамалдым. Бірақ, жарты күннен соң, бостандыққа шықтым. Өнерімді бағалапты.

Мені, осы оқиғадан кейін «сотталған апа» дейтін болды бәрі.

Күлсең де, күлмесең де – осы.

Ербол ҚАЙЫРОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«Отанға қызмет етемін!» кітабынан

Пікір үстеу