Қазақ әдебиетінде қаламмен де, дәрімен де дертке шипа, жанға дауа бола білген қаламгер-дәрігерлер аз болмаған. Бұл көштің басында, әрине, Зейін Шашкинді құрметпен атаймыз. Оқырманға жақсы таныс бұл есімнің қатарында Сәлкен Сұбханбердин де ерекше аталады. Ол – медицина ғылымдарының докторы, фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент, жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Менің бүгінгі сөзім – Сәлкен Хасенұлы туралы болмақ. Биыл фармацевт-драматургтің туғанына – 110 жыл толды.

Болашақ қаламгер 1914 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Сауатын әкесінен ашқан. Одан соң Әбдір ауылында үш жыл оқып, Баянауылдағы орыс мектебінде жеті жыл білім алған.

1930 жылы Семейдегі фармацевтикалық техникумға оқуға түседі. Оқу озаты болады, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Комсомол комитетінің хатшылығына және Семей қалалық комсомол ұйымының пленум мүшелігіне сайланады. 1933 жылы оқуын бітірісімен, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарады. «Рахманов қайнарларында» ауруларды шипалы сумен емдеу орнын ашады. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында облыстық денсаулық сақтау бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымына дейін көтеріледі. 1935-1938 жылдары өзі білім алған фармацевтикалық техникумының директоры болып тағайындалады. Техникумның шаруашылық жағын жақсартады. Жоғары білікті мамандарды шақырады, білім беру сапасын көтереді.

1937 жылы Сәлкен Сұбханбердиннің басына қара бұлт үйіріледі. Әкесі халық жауы деп ұсталып кетеді. Өзі байдың тұқымы екенін жасырып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Қыл үстінде жүрсе де 1938 жылы Алматыдағы әкімшілік академияда оқу курсынан өтеді. Сол жылы Сәлкен Хасенұлына қатысты іс Бұқаралық коммунистік комсомол жастар одағының Орталық комитеті бюросында қаралады. Іскерлігі мен адалдығының арқасында барлық жаладан ақталады. Нәтижесінде, 1938-1941 жылдары Алматы облыстық дәріхана басқармасына басшылық жасайды, Іле ауданының аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Талғар медициналық училищесінің директоры болады. Мұнда емдеу және медицина қадрларын дайындау бойынша жанкешті жұмыс жүргізеді.

1941-1945 жылдары Алматы және Талдықорған облыстарының Сарқанд, Октябрь, Гвардия аудандарында аудандық атқару комитетінің басшысы болады.  Соғыс жылдарында алғы шептегі жауынгерлерге көмек беру жұмыстарын ұйымдастырады. Әскери госпитальдерде емделушілердің жағдайын тексеріп, олардың аман-сау оралуына көмектеседі.

1946-1948 жылдары Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1948 жылы тамызда Қазақстан дәріханалар басқармасына басшылыққа тағайындалды. Онда 1973 жылға дейін жұмыс істейді. 25 жыл бойы республикалық Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мүшесі болады.

1959 жылы И.Сеченов атындағы 1-інші Мәскеу медицина институтының фармацевтика факультетін бітіреді. 1965 жылы «Дәрілік көмек және Қазақстанда дәріхана ісінің даму тарихы» тақырыбында фармацевтика ғылымының кандидаттығына диссертация қорғайды. Солайша ол диссертацияны алғаш рет қазақ тілінде қорғаған тұңғыш қазақ атанды. Осы жылы оның «Дәрі – дертке дауа, жанға шипа» атты емдік дәрілер туралы алғашқы кітабы жарық көреді. Одан кейін «Шопанның қойын кітабы» (1966 жыл), «Өсімдік – дәрі-дәрмек қоймасы» (1968 жыл) кітаптары шығады. Жалпы, ол медицина және фармация тақырыбы бойынша 72 ғылыми еңбек жазған.

Сәлкен Сұбханбердин 1968 жылы доцент атағына ие болады. 1972 жылы «Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің даму тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертация әзірлейді. Сондай-ақ, ол дәрігерлер  білімін жетілдіру институтының фармация департаментінде қызмет ете жүріп, өзі басшылық еткен фармацевтикалық кафедрасын ұйымдастырады.

(Қазақстан Жоғары Кеңес Төрағасы С.Б.Ниязбековтің С.Х.Сұбханбердинге «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген фармацевті» атағын табыстап тұрған сәт)

Білікті де білімді азаматтың ұзақ жылғы табанды еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальмен, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген фармацевті», «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарына ие болғын.

Саналы ғұмырын фармацевтика саласына арнаған Сәлкен Сұханбердин 1986 жылы 73 жасында өмірден өтті. 1998 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан медицина және Денсаулық сақтау тарихының мұражайына Сәлкен Сұбханбердиннің есімі берілді.

Тұлғаның көпшілікке белгілі ғұмырбаяны – осындай. Ендігі кезекте оның шығармашылығы жайлы сөзге ауысайын.

Медицина мамандығын игерген Сәлкен Сұбханбердин көркем әдебиетке кездейсоқ келмеген. Көзкөргендердің жазуынша, ол әдебиетке құмар-құштар болып өскен. Әкесі Павлодар облысында алғашқы мұғалімдердің бірі, әрі көркем әдебиетті жанымен сүйетін, қадірлейтін зиялылардың қатарынан болыпты. Баласына кітаптағы көрікті ой, көркем сөздерді оқып, әңгімелеп отырады екен.

Қазақстанның халық жазушысы Дихан Әбілев Сәлкен Сұбханбердинді: «Басқа да қызу қызметтерге қарамастан, көркем әдебиет майданының қаламын қолынан түсірмеген, адам жан сырының сергек суреткері еді», – деп бағалаған екен «Шындық сыршылы» мақаласында. Одан ары мақала авторы қаламгердің өз мамандығы – медицинаға байланысты адамдар психологиясын, ғылым құдіретін талғамды да толғамды шағын драмаларында шебер өрнектегенін жазады.

Шығармашылық ғұмырында драматург 14 пьеса жазып үлгерген. Олардың қатарында «Соңғы түн», «Құсайын аға», «Жаңа жандар», «Күнжан», «Назымбек», «Елжан», «Шындық», «Айгүл», «Ақбеттауда», «Дауылдан кейін», «Қара тәуіп», «Сатып алған ауру», «Сәлденің сыры» сынды туындылар бар. Бұл пьесалар өз уақытында облыстық және халық театрларында қойылаып,  радиоинсценировкалар арқылы берілген екен.

Сәлкен Сұбханбердиннің алғашқы туындылары елді бай мен кедейге бөліп, соңғысының күшімен алғашқылардың өмір бойы іскерлікпен, ақыл, есеппен жиған мал-мүлкін ту талапай талау – тәркілеу тақырыбына арналған. Қанатқақты пьесасы – «Соңғы түнде» 1927-1928 жылдардағы «ұлылы-кішілі» тәркілеулер оқиға желісіне айналған. Ал, «Құсайын аға» пьесасында көшпелі елді зорлап отырықшыландырып, шаруашылығын ұжымдастыру барысы сөз болады. Бұл тақырыптарды «халық жауының» баласы өз өмірінен алған деуге болады.

Қаламгер өз мамандығына сай тақырыпты да сахнаға алып шыққан. Бұл туралы жазушы Қалмұқан Исабаев «Медицинада – фармацевт, әдебиетте – драматург» мақаласында: «…Сәлкен талантын өзінің негізгі қызметі – медицина саласындағы әріптестерінің ісін насихаттауға арнаған», – деп жазады. Мысалы, оның «Жаңа жандар» пьесасы медицинадағы жаңашылдықты, уақыт енгізген жаңалықты  арқау етеді. Негізгі ой бас кейіпкер – Өмірзақтың бейнесі арқылы ашылады. Пьеса желісі мынандай: қарт профессор Бақыров өз әдетінше науқас Жаннатың екі аяғын ампутация жасамақ болады. Бұған жас дәрігер – жаңа дәрігер Өмірзақ келіспейді. Ол емделушінің екі жамбасына да ұршық салып, аяғын аман алып қалады. Оқиғаның шиеленісе келіп, шарықтау шегіне жеткен тұсы – тіптен әсерлі. Қарт дәрігер аяғын сындырып алады. Сол кезде Бақыровтың өзі де, ампутация жасатпай, ұршық салдырады.

Сәлкен Хасенұлының әдебиетте еткен еңбегінің тағы бірі – нақыл сөздер жинауы. Бұл туралы Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтің «Қалың жұрттың қамқоры болған» эссе-естелігінде баяндалады:

«…1970 жылдың басы. Қыс. «Балдырған» журналы редакциясына қоңыраусыз, хабарсыз Сәлкен аға келді…

– Мынау кітаптарды саған әдейі әкелдім… Нақыл десе, сенің де ішкен асыңды жерге қоятыныңды білем! Ал, мыналар кілең медицина, денсаулық жайындағы нақылдар. Оқып көр. Асықпай талғап, талдап оқы. Дәптерге баяғыдан бері тізгендерімді келесі жолы әкелем. «Қолым босамайды!» дегенді есітпе. Осы өрнекті сөздерді қазақ оқырмандарына неғұрлым тезірек жеткізсек, соғұрлым халықтың қамын ойлағаның, қандастардың ғұмырын ұзартқаның», – деді Сәлкен аға…».

Осылайша, Сәлкен Сұбханбердин денсаулық жөніндегі кемеңгерлердің келісті даналық сөздерін теріп, Мұзафар Әлімбаев жер жүзі халықтарының мақал-мәтелдерін жинақтап, 1974 жылы «Денсаулығыңды ойласаң…» атты кітапты жарыққа шығарады.

Дәрігер Сәлкен қаламгерлермен шығармашылық байланыс қана жасап қоймаған, оларға қамқорлық танытып, емделуіне де ықпал еткен. Бұл туралы да Мұзафар атамыз жазған естеліктен оқып, білдім. Осындай жанашыр көңілі үшін қаламгерлер қауымы атпал азаматты ардақтаған екен. Мысалы, Мұзафар Әлімбаев асыл азаматқа мынандай өлең арнаған:

«Біреудің есімі аспас албардан да,

Біреудің есімі аспас ауданнан да.

Лайықты өз еліне жігіттер бар,

Дабысы асып жатар таулардан да.

…Шіркін-ай, өмір қандай өкінішсіз,

Жақсылық жасауға тек арналғанда?!…».

Ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Сәлкен аға» өлеңі де менің кейіпкерімнің боямасыз болмысын аша түскендей:

«Адамды өлтірмеудің қамын ойлап,

Содан сен таба білдің абыой, бақ.

Өзіңе тартып кеттің, аға, мені,

Көзіме жылы ұшырап көрген бойда-ақ.

…Жанымды жаулап алды жылы қабақ,

Отырдың кең дүниеге ірі қарап.

Азамат екеніңді ұқтым сонда,

Ағалар еркелеткен, іні қалап…»

(Қайым Мұхаметханұлы мен Сәлкен Сұбханбердин, 1940 жыл)

Ал, абайтанушы, ғалым, ақын, Сәлкен Хасенұлының Семейдегі жастық шағында табысқан досы Қайым Мұхаметханұлы:

«…Қайран Сәлкен, сегіз қырлы сері едің,

Өнер, білім, ақыл-ойдың кені едің.

Адал ұлы, азаматы Алаштың,

Ел-жұртыңның ардагері, ер едің», – деп өлең арнапты.

Халықтың ықыласына, замандастарының құрметіне бөленген тау тұлға оқырманмен қайта қауышуға лайықты деп білемін. Сол үшін де бүгінгі сөз Сәлкен Сұбханбердин туралы болды.

«Адал ұлы, азаматы Алаштың» кітабынан әзірлеген Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Суреттер «Сәлкен Хасенұлы Сұбханбердин» сайтынан алынды)

Пікір үстеу