Торайғыров университетінде Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Шәкен Айманов және Қазақстанның қазіргі мәдениетіндегі кинематографтың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиынға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, өңіріміздің шығармашыл зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.

Конференция Ш.Аймановқа арналған бейнефильммен басталды. Онда Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Болат Шәріп, Виктор Аввакумов секілді өнер майталмандарының естеліктері таспаланған.

Бұдан соң Торайғыров университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Еркін Садықов кіріспе сөз сөйлеп, конференцияның мәні мен маңызына тоқталды. Ол мерейтой аясында жарық көрген Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұңғыла» кітабы туралы жан-жақты мағлұмат берді. Еркін мырза кітапқа бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер жинақталғанын да атап өтті. Көзкөргендер Олжас Сүлейменовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Асанәлі Әшімовтің, Бибігүл Төлегенованың, Әкім Таразидің, Әшірбек Сығайдың, інісі Кәукен Кенжетаевтың, қызы Майра Айманованың, келіні Ирина Айманованың әр жылдары жазылған естелік мақалаларын аталған кітаптан оқуға болады. Конференция барысында жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйлеп, Шәкен Аймановтың қазақ кино өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегі орасан зор екенін атап өтті.

– Шәкен Айманов – ұлттық кино әлемінің символына айналған тау тұлға. «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сияқты фильмдері бірнеше буын ұрпақты тәрбиеледі. Ұлы тұлғаның мұрасын сақтауға біз барынша атсалысуға әзірміз, – деді аймақ басшысы.

Торайғыров университеті Шәкен салған сара жолды жалғап келеді. Бүгінде жоғарғы оқу орнында «Актерлік өнер» мамандығы бар. Сондай-ақ, оқу орнында «Murager» студенттік театры жұмыс істейді.

Қадірлі оқырман, конференцияда баяндамашылар сөйлеген сөздерді қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің деректі фильм барысында айтқан естелігі:

Шәкен – ұлы ұстаз. Мен өнерде де, өмірде де одан көп үйрендім, адамшылық қасиеттерінен көп тәрбие алдым, жақсылығын көп көрдім.

Біз Шәкеңе ұқсауға тырыстық. Ол режиссер ретінде актермен жұмыс істеу жағынан көп үлгі болды. Шәкең кейіпкердің өмірін, қандай адам екенін – барлығын, әуелі, өзі толық білетін. Содан кейін актерлерге түсіндіріп, үйрететін. Екеуіміз «Атаманның ақыры» фильмінде тығыз жұмыс істедік. Шәкен жүрген жер әрқашан юмор, күлкіге толып кететін. Ол аса көңілді адам болатын. Түсірілім процесінде бүкіл жұмыс тобы «Шәкең, Шәкең» деп жүретін. Сондай еркін әрі жайдары жерде өнер туады.

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы, қазақ қоғам қайраткері, ақын, жазушы, дипломат және әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов конференцияға арнайы құттықтау хат жолдапты:

«1960 жылдары жазушылар қауымы кино саласына араласа бастады. Кейбір авторларды Шәкен Айманов өзі іздеп тапты. 1963 жылы мені де шақыртты. Менің «Земля отцов» деген өлеңімді оқып, өлең желісі бойынша сценарий жазып шығуымды сұрады. Бұл мен үшін жаңа іс болса да, мен өзімді сынап көруге келісім бердім.

Өлеңді жазу оңай болғанымен, оны киносценарийге айналдыру үлкен машақат екен. Жылға жалғасқан жұмыс, сценарийдің ондаған нұсқасы, «Қазақфильм» мен Мемлекеттік кинодағы көптеген талқылаулар – бәрі-бәрі өте ауыр жұмыс болды. Көптеген қызықты әрі тартымды диалогтар мен көріністер цензурадан өтпей қалды. Шәкен екеуіміз Кеңес кино өнерінде бірінші рет – 1944 жылдың қысында солтүстік кавказ халқының Қазақстан жеріне қоныс аударылғанын көрсеткіміз келді. Қанша күшіміз болса, сонша қарсы тұрдық. Бірақ Мәскеу рұқсат бермеді. Соңында сол сюжетің тек бөліктері ғана қалды. Оның өзі Шәкеннің беделінің арқасында мүмкін болды.

Осылайша кино әлеміндегі менің алғашқы қадамым, іс-тәжірибем сценаристер мектебінен жедел өтуге сеп болды. Мен кино әдебиетін жазу машығын ғана үйреніп қойған жоқпын, кино саясатының ықпыл-жықпылын біліп алдым, киноөнімді дайындауды үйрендім.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист, продюсер, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сламбек Тәуекел:

Шәкен ешқашан өлмейтін өнер қалдырып кетті. Ол – бір ғана адам емес, ол бүтін бір коллектив. Шәкеннің дарыны «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей-тұғын артында сөз қалдырған» деген ұғымға лайық. Себебі, Шәкен жан-жақтылығыменен, сегіз қырлы, бір сырлылығыменен, өмірге деген ұмтылысыменен мәңгіліктің адамына айналды.

Сонау бір жылдары, біз Бүкілодақтық кинематография интитутында оқып жүрген кезде, Шәкен аға Мәскеуге келген сайын, біздің хәлімізді біліп, бізге дәріс оқып, ақыл-кеңесін, ойларын айтып, болашаққа ұмтылуға жігерлендіріп кететін.

Қызық оқиғаларды айтып берейін: Мәскеу кинофестивалінің жабылуына арналған банкетте Шәкен аға Элизабет Тейлормен билеп, бірінші орын алды. Сонда біреу Шәкеңнен: «Элизабетпен қалай сөйлестің?», – деп сұрапты. Сонда Шәкен аға: «Саусақтардың өзі бір-бірін сезеді екен ғой, ол да мені сезді, мен де оны сездім», – депті.

Баяғыда Шәкен Айманов Отеллоның монологын Лондондағы конкурста қазақша оқып, бірінші орынға ие болады. Бірақ, ағылшындар қазаққа жүлдені оңайлықпен бере қоймайды ғой. Қазылар бәйгені «Шәкенге береміз!» дейді. Ағылшындар болса, Ричарт деген актерлары бар, соған береміз деп қырсығып алады. Бұл дау Уинстон Черчельге де жетеді. Ол «Бәйгені екіге бөліп беріңдер!» дейді. Сөйтіп, Шәкен жүлде алады. Ендігі біздің басты мақсатымыз – Шәкеннің сол аудиожазбасын табу. Мен ағылшындар сол бір сәтті таспаға түсіріп алды деп ойлаймын. Әміренің дауысы сақталғаны секілді, Шәкеннің де сол монологы сақталған болуы тиіс.

Шәкен өте қабылдағыш адам болатын. Ол бір естігенін, көргенін бірден бойына сіңіріп алады. Ешқашан ұмытпайды. Адамдар оның сол қасиетіне таң-тамаша болатын. Сонысымен Шәкен Аймановтың өмірі – қазақтың жастары үшін, қазақтың болашаққа ұмтылған азаматтары үшін үлгі.

Біз Шәкеннің істеген істерін әрқашан қайталағымыз келеді. Бірақ өнерде қайталау деген аса жақсы қасиет емес. Ал, адамгершілікті қайталау, бойғы сіңіру, жақсы қасиеттерді жинау дұрыс өнеге деп білемін.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Торайғыров университеті» Орындаушылық өнер» кафедрасының профессоры Шахимардан Әбілов Шәкен Аймановтың асқан дарынының түп төркінінде туған жер топырағының қуат күші жатқанын атап өтті:

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді», – деген тамаша сөз бар. Шәкен аға – тұлға. Тарихты тобыр жасамайды, тұлға жасайды. Мен Шәкен ағаның бойында, жүрегінде, санасында, ақыл-ес, ойында тұлғалық қасиет қалай пайда болды деп ойланамын. Ойланамын да, «Адамға тән бір қасиет бар. Өзін қоршағын әлемнің сырына үңіле білуі керек. Үңіле отырып, сол табиғаттан рухани нәр алуы керек. Рухани нәр алып, өзінің нәзік сезімімен образдарды паш етуі керек», – деп Жүсіп Баласағұн айтқан сөзді ішімнен қайталаймын. ХІІ ғасырда айтылған бұл сөз Шәкен Аймановқа дәл келіп тұрғандай. Шәкен сол нәрді, сол тәрбиені, сол ұлағатты, талант-дарынды қасиетті Баян жерінен алды.

Қазақ театр және кино актері Ергенбай Әбу әйгілі актердің айналасына қуаныш сыйлап жүретін ерекше қасиеті болғанын айтып өтті:

Мен Шәкен ағаның көзін көрмедім, тәрбиесін алған жоқпын. Бірақ, ол кісімен сыйлас, сырлас болған аға-апаларыммен он жыл бір ұжымда қызмет еттім. Шәкен аға туралы айтылатын әңгімелер өте көп. Олар жай ғана айтылмайды, бәрі де астарлы, бәрі де тәрбиелік мәні бар дүниелер. Ол кісінің ерекшелігі – әзілдің қадірін, әрбір құнарлы сөздің мәнін білгендігі. Ол қуатты сөзді айта білген және соны іске асыр алған. Кез-келген адамды баурап, баулып, бауырына тартып әкететін Шәкен аға әзілдерімен, керемет әңгімелерімен есте қалған.

Үлкендерден естіген сондай бір әңгімені айтып берейін.

Әуезов театрында Мәнтай Сыздықов деген ақсақал болған екен. Бір күні театрда өмір бойы костюмер болып жұмыс істеген Нина деген орыс әйелдің шалы қайтыс болады. Театр әртістері Нинаға көңіл айтуға жиналады. Бара жатқан жолда Шәкен аға тағы бір қызық тудырайын деп, Мәнтай ағаға «Сіз бәрімізден үлкенсіз, қазір көңілді сіз айтасыз» деп, сөздерін дайындап береді. Ана кісі бір ауыз орысша білмейді екен. Амалсыз, келіседі. Марқұмның үйіне келіп жетеді, отырады, сөзді бастайды. Шалының жанында Нина жылап отыр екен. Сол кезде Мәнтай ақсақал: «Айналайын, Нина, сегодня муж умер, завтра ты умрешь, а послезавтра мы все умрем!» депті. Сол кезде жылап отырған әйел, жасын тыйыпты. Не айтарын білмей есі шығып кетіпті.

Жазып алған, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу