Баянауылда академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Академик Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің» ұйымдастыруымен «Сәтбаев және ұлт руханияты» атты жас ақындардың облыстық шығармашылық байқауы өтті.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Сәтбаевтану ғылымы – тармақты ғылым. …Қаныш Сәтбаевтың әдебиет және әдебиеттану саласындағы мұрасы…, шалқар шығармашылығы – таусылмас қазына»,  – деген екен. Сол таусылмас қазынаны зерттеп, зерделеп, жырмен өрнектеген жас ақындар байқауына Павлодар қаласынан, Баянауыл, Аққулы, Успен, Ертіс аудандарынан 12 ақын қатысты.

Жас ақындардың сөз сайысына музейде жиырма жылға жуық басшылық жасаған, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Серік Мусин, Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген мұғалімі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікова, еңбек ардагері Үміт Сағымбекова, баянауылдық ақындар – ұстаз Таңат Ахатов пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жоламан Әйткен қазылық етті.

Байқау музей басшысы Қайыргелді Абылғазиннің құттықтау сөзімен ашылды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, мерейтой аясында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Академиктің мемориалдық музейі Қаныш Сәтбаевтің мерейтойына орай үлкен жобаларды жүзеге асыруда. Көшпелі көрмемен елімізді аралау жоспарда бар. Сонымен бірге, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлының бастамасымен жүзеге асырылар ілкімді істерге атсалысуды да көздеп отырмыз. Бүгінгі байқау да академиктің ұшан-теңіз еңбегін үлгі ету мақсатында өткізілді, – деді Қайыргелді Қасымтайұлы.

Одан кейін құрметті қонақтар Қаныш Сәтбаев туралы тебірене сөйлеп, естеліктермен бөлісті. Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Нескен Мәлікова академиктің қазақ халқы үшін жасаған еңбегі орасан зор екенін тілге тиек етті. Нескен Мәлікқызы өмірінің ең шуақты, ең шұғылалы сәттерінің бірі деп – маңдайынан Қаныш Сәтбаев сүйіп, ақ тілек арнаған бала кезі деп есептейді. Нескен апа заңғар тұлғаны көрген кезін есіне алды.

«1959 жылы Қаныш ата туған ауылына келді. Ол кезде мен 9-10 жастағы бала едім. Сол кезде ол кісіні өз көзіммен көрдім. Үлкен қонақтың келуі ауыл адамдары үшін ұлан-асыр той болды. Бізге де қызық керек, құрылған киіз үйді қызықтап, бауырсаққа таласып жүрміз.

Бір уақытта үлкен машина келіп тоқтады. Кейін білдік ол «Победа» деген машина екен. Машинадан бірнеше адам түсіп, киіз үйге кірді.

Бір уақытта Әлімжан ата шулап жүрген топ баланы жинап алды. Ол кісі  «Halyq radiosy-ның» бас редакторы Асыл Әбіштің әкесі. Бәрімізді сапқа тұрғызды. Киіз үйге кіргізді.

Төрде аппақ кастюм, ақ жейде, басына ақ шляпа киген үлкен адам отыр екен. Төрдегі кісі бізді қолына алып, құшақтап, маңдайымыздан сүйді. Біздің кімнің баласы екенімізді сұрап, әкелерімізді жақсы білетінін айтып отырды.

Бүгінде мен әрдайым «Маңдайымнан Қаныш Сәтбаев сүйді» деп мақтанышпен айтып отырамын», – деді ардагер ұстаз.

Нескен Мәлікқызы – академик ауылындағы Сәтбаев атындағы мектепте ұстаздық еткен ардақты жан, мектептің қоғамдық өміріне де белсенді араласқан білікті маман. Академиктің мектептегі мұражайын жасақтау ісіне де бастамашы болды. Осы бір елеулі іс туралы да естелігімен бөлісті.

Бұдан соң, байқауда ақындар арнау жырларын оқыды. Қорытындысында сайыстың бас жүлдесін Ертіс ауданының ақын аруы Нұрсұлу Дәргерхан иеленді. Бірінші орын  жүлдесін Аққулы ауданының ақыны Марғұлан Жанбау жеңіп алды. Екінші орынға Егіндібұлақ мектебінің оқушысы, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің оқушысы Күннұр Солтанбай, ал, үшінші орынға Шәкен Айманов атындағы мектептің оқушысы Ясмин Нұржанқызы ие болды.

Байқаудың бас жүлдегері Нұрсулу Дәргерхан 1995 жылы дүниеге келген. Бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық мүшайралардың жүлдегері. Республикалық «Абай», «Махамбет», «Мұқағали», «Оралхан Бөкей», «Сұлтанмахмұт Торайғыров»  көркемсөз оқуларының бірнеше мәрте жеңімпазы.

Ақын Қаныш Сәтбаев рухына арнап «Бұйдагер» деген өлеңдер циклін жазыпты. Назарларыңызға ақын арудың өлеңдерін ұсынамыз:

Іздеу (Бірініші өлең)

Тарих,
Ооо, біздің ақшулан тарих,
Өткенді ойласам,
Көкірек көзіме зар ұйып.
Кеткенді ойласам,
Жүрек-көзіме қан ұйып,
«Едіге-ерліктің» жампоз оғыланы,
Һас ұлдың ақкөз ерлігін таниық.

     Жер ана,
     Өзіңнің төсіңді идіріп,
     Туған жер топырағы табанын күйдіріп,
     Туған жер аспанына маңдайын сүйдіріп,
     Қаракөк ұрпағы 
     Баянауылда тұсауын қидырып,
     Ержеткен ер едің,
     Өзгеден,
     өмірден, 
     өлімнен тым биік…

Кең дүние,

Таусылмайтын көлемін,

Құшағыңа сыйдырып,

Асыл текті Ер едің

Бақ қып берген қазаққа,
Тәңір өзі сый қылып.
Сіз кеткенде фәниден, 
күңіренді қара жер,
Еңіреді қимады ел.
Болған аға сен едің –
Бұрыңғыға мұрагер,
Кейінгіге бұйдагер…

Серт (екінші өлең)

Түсінемін, ең ақырғы ерлік жырын сүйемін,
Қанмен келген азаттықтың отына бас иемін.
Қиялыммен құс жолында іздеп бара жатамын,
Алаштық сол Қаныштайын асыл ердің сүйегін.

         Олар қайда құзғын ғасыр құм уақыт тат басқан,
        Шежіредей бебеулейді сұрғылт мезгіл ақбас таң.
        Ата-баба аманаты жерден қымбат жоқ дедің,
        Жер ана деп өттің асқақ кірпігіңді қақпастан.

Туған дала, айт сырыңды, сенде қандай арман бар,
Жылқы болып кісінеген ұлар ұшқан таулар бар.
Қойнауыңнан талай қазба аманат қып қалдырған,
Сен деп туып, сен деп өлген нағыз арлан көкжалдар.

        Мұң бұлттары торлап менің аспанымның барлығын,
        Тайғанақтап көк жүзінен тамшылайды тағдырым.
        Құшар едім құсыни ғалам құшағына сыйдырып,
        Кешегі өткен Қаныштайын алашымның айбынын.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Суреттерді түсірген – Жұлдыз ҚАТАЙ.

Пікір үстеу