Жазушы Әди Шәріповтың «Партизан қызы» повесі – өте әсерлі, әрі тартымды туынды. Шығарманың бас кейіпкерлері – Баянауылдан шыққан партизан жауынгер мен оның қызы. Бұны журналист Жанболат Аупбаевтың «Партизан қызы» кітабының кейіпкерлері туралы біз не білеміз?» мақаласынан оқып, білген едім.

Бір Баянауыл ауданынан 3154 жауынгер соғысқа аттанған, ресми деректер бойынша 1513 адам соғыс даласында қаза тапқан екен. Майдан даласынан елге аман жетіп, ғибратты ғұмыр кешкен ардагерлердің бірі – Жылбек Ақәділов. Ол 1913 жылы Бірлік ауылынан он екі шақырым жердегі Үштөбеде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, ауыл молдасынан арабша-төтеше хат таныған  Жылбек, алдымен, 1928 жылы Павлодардағы интернат-коммунаға оқуға түседі, оны бітірісімен Шымкенттегі Қапланбек ауылшаруашылық техникумында білімін жалғастырады. Оқуын табысты аяқтаған бозбала Сарыағашқа жіберіледі. Сол арадан Түркіменстанның Кушка деген жеріндегі 152-нші атты әскер полкына әскер қатарына алынады. Алдымен қатардағы жауынгер ретінде Краснодар аумағындағы Армавир атты әскер училищесіне оқуға түсіп, 1939 жылы кіші лейтенант шенімен бітіріп шығады. Взвод командирі ретінде Моңғолияның Эринцап қаласындағы атты әскер полкінде қызмет еткен Ақәділов, кейін 1938-1939 жылдары Жапон, Фин соғыстарына қатысады. Бес жыл әскер қатарында жүрген офицер 1940 жылы күзде Белоруссияға ауыстырылады. Осы кезде қызметтік демалыс алып туған жеріне келген Жылбек Ақәділов Жамал есімді арумен жұп жарастырып, Белоруссияға қол ұстасып бірге аттанады. Жас отбасын алда не күтіп тұрғанын ол кезде ешкім де білген емес еді!

Бұл тартысты тағдыр, майдан шебінде туған қыздың өмірі кейін Әди Шәріповтың қаламынан туған «Партизан қызы» повесіне айналды. Повестің үзінділері ең алғаш рет «Партизан қолжазбасы» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылғы ақпан айының 21-і, 23-і, 24-і және 26-сы күндері басылып шықты. Сонымен бірге, «Қазақ әдебиеті», Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарырарқа самалы») газеттерінде жарияланды. Повесть жеке кітап болып, 1961 жылы «Жазушы» баспасынан шықты.

          Орыс тіліндегі үзінділері ең алғаш рет 1962 жылы «Павлодарская правда» газетінің 3-інші, 10-ыншы, 30-ыншы қазан және 4-інші қараша күндеріндегі сандарында жарияланды. Жеке кітап болып, И.Щеголихиннің аудармасымен, 1963 жылы «Жазушы» баспасынан шықты.

          Повесть кейіпкерлерінің өмірі күллі кеңес халқының қызығушылығын туғызып, 1964 жылы Фрунзе қаласында қырғыз, 1965 жылы «Вага» баспасынан литва, 1970 жылы Гафур Гүләш атындағы «Әдебиет» баспасында өзбек тілінде жарық көрді.

          Фашистік Германияның тұтқиылдан жасаған шабуылы үлкен өмірге енді аяқ басқан жанұяның сүттей ұйыған бейбіт тіршілігін астаң-кестең етті. Жылбек аяғы ауыр жарымен қимай қоштасып, майдан шебіне аттанады. «Жауман сан рет арпалысқан Жылбек взводы ағынды судың толқыны жарға соғып, жиекке шығарып тастаған жалғыз қайықтай немесе жанған өрттен лақтырып жіберген шоқтай, он шақты жауынгерімен Барановия орманына еніп кеткен еді». Осылайша Жылбек майдан шебіндегі сұрапыл шайқастардан аман өтіп Клетня орманындағы партизандарға келіп қосылады. «Жау қоршауында қалған совет азаматтарынан құралған ат төбеліндей шаған-шағын партизан отрядтары әртүрлі жолмен келіп осы Клетня орманында тоғысқан-ды». Содан бастап, полкімен бірге Могилев тұсында қоршауда қалып, жүз шақты адамымен ажал азуынан сытылып шыққан партизандардың бригада командирі Тимофей Михайлович Коротченкомен бірлесе қимылдап, жау басып алған Белевка, Мостицкое, Будвинец деревняларды азат етуде ерлік көрсетті.

          Белорусь ормандарында партизандармен тізе қосып, жауға соққы беріп жүрген Жылбек Денгубовка дервнясында жары Жамалмен қайта табысады. Соғыс басталғанда қауіпсіз жерге ауыстырылған кеңес командирлерінің отбасылары отырған пойызға фашистер шабуыл жасайды. Күл-талқаны шыққан пойызда аман қалған Жамал небір ауыр қиыншылықтарды көріп, орман ішінде адасып жүріп, орыстың кемпір-шалына ұшырасыды. Солар арқылы азаматымен ойда жоқта кездеседі. «…Ұшуға қанаты болмай тұрған Жылбек орнынан атып тұрып, жүгіре жөнелгенін аңғармапты. Қасына келе берген қоңыр шәлі тартқан жүдеу жанды көре сала: ­- Жамал,- деп бар дауысымен айқайлап жіберді… Елге барды деп жүрген, ойда жоқтан кенет қайта табысқан екі жас бірін-бірі құшқтаған бойы ұзақ тұрды. Екі бетін жас жуған жамал күлерін де, жыларын да білмейді. Қайта-қайта басын Жылбектің көкірегіне басып, буындары босап, жас балаша ағыл-тегіл болды»…

          Жаңа өмірлері басталған жұбайлырдың тұңғышы Мая 1941 жылдың 27 қарашасында, орманда өмірге келеді. Әлде баққа, әлде сорға біткен бала деп ойлаған жас отбасы. «Бұл бала алдымен тар жол, тайғақ кешуде дүниеге келді. Бұл ретте басқа бір ат қоюға болар еді. Бірақ жас сәби енді қайтып мұндай төгілген ащы тер мен қызыл қанды мәңгі көрмей, қыста туғанымен  көктемдегі қырдың қызыл қызғалдағындай құлпырсын деген ниетпен, осы баланың аты Мая болсын деймін». Петр Васильевич осылай деп, барша партизандар оның атын Мая қойды. Апыл-тапыл аяқ басып келе жатқан кішкентай қыздың алғашқы ойыншығы оқтан босаған гильзалар мен автамат болады. Тіпті алғаш тілі шыққанда да «Дед», «Самолет» деген сөздерді айтқан көрінеді. Талай буынды тәрбиелеген Әди Шәріповтың «Партизан қызы» повесіндегі, міне, осы – Майя.

          Жылбекпен алғашқы кездесу повесте Жамалдың аузымен былайша баяндалады:

          «…Оныншы кластың соңғы емтиханына әзірленіп жүрген кезім болатын. Консультациядан шыққан бір топ қыз келе жатыр едік, клуб үйінің маңында төрт-бес жігітті көрдік… Ақ көйлекті біреуі бізден көз алмай көп қарады…

          Үйге келсем, жақын колхозда тұратын бір апай отыр. Қояр да қоймай киноға алып барды. Клубтың алдыңғы жағына таман отырып едік. Манағы ақ көйлекті жігіт те сол қатарда, екі кісіден кейін отырыпты. Менің апамды таниды екен… Кино біткен соң, әлгі жігіт бірге ілесе шықты да, үйге шейін ере келді.

Кешкілікте әлгі жігітпен тағы кездестім… Сабындыкөлге қарай беттедік. Дала. Қандай тамаша. Біз гүл тере бастадық… Айналаңды орай орналасқан таулар сенімді қорғаныңдай болса, солтүстік-шығысында тұрған Ақбет биігі барлық таудың төрағасы сияқты. Табиғаттың тамашасы бізді үйімізге кеш қайтарды. Сол күннен бастап Баянауылдың таулары мен тастары, көлдері мен көркі біздің қуанышымыздың қорғанындай сүйкімді болып кетті.

          Жамал ыңырсып бір ән айтты. Сол ән де Баян туралы еді.

Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақ боз үйдің сыртынан аттандырып,

Дегенің «қош, қалқатай», естен кетпес…»

          Алапат соғыстың алғашқы күнінен жеңістің қуанышты сәтіне дейін майдан даласында қолынан қаруын тастамаған партизан Ақәділов екінші Украин майданы қатарында Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Жасаған ерліктері үшін Бас қолбасшы И.Сталиннен бес мәрте алғыс алды, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Отан соғысы», «Партизан соғысы» медальдарымен марапатталды.

          Соғыстан кейін де Ақәділовтер отбасы ел игілігі үшін еңбек етті. Жылбек ата өмірінің соңына дейін Павлодар облыстық қаржы басқармасында, Жамал апа Павлодардағы тігін цехында қызмет жасады. Ал «Партизан қызы» болса ұстаздық жолды таңдады.

          Қазақтан шыққан бірден бір партизан отбасы Ақәділовтердің ерлік істері, қажыр-қайраты ешқашан ұмытылмақ емес. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналып, тұтас бір повестің арқауына айналған отбасының тағдыры қаншама буынды тәрбиелеп шығарды. Үлгі болды. Кітаптағы кейіпкерлерге қарап бой түзеген кешегі ұл-қыздар, бүгінде ауылымыздың бір-бір қазыналы қарттарына айналып отыр.

          9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында: «…Жау тылындағы партизан қозғалысы соғыстың алғашқы күндерінен бастап стратегиялық маңызы бар қаһарлы және ұйымдасқан күшке айналды. Халық кегін қайтарушылар  қозғалысына тән белгілердің бірі – оның көп ұлтты құрамы болды. Қазақстандық партизандардың  жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарындағы Қ.Қайсенов (кейін «Халық Қаһарманы»), Ж.Ақәділов, Е.Воробьева, И.Семенова және басқалар қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды»,- деп жазылған.

          Бүгінде Бірлік жалпы орта білім беру мектебі Ұлы Отан соғысының батыры Жылбек Ақәділовтің есімімен аталады.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу