Көзі тірісінде сан өнерді серік еткен ақын, өлкетанушы Қимадиден Нығыманов тарихи жауһарлардың барлығын бірдей жарыққа шығара алмай кетті. Жалған дүниеден ерте үзілген ол Естай туралы поэма жазып жариялады, жеке кітап етіп бастырды. Сол секілді ел ішіндегі ауыл-ауылды аралап Естайды көзі көрді деген адамдармен кездесіп, естелік әңгімелер жинаған. Қ.Нығымановтың тағы да бір қыры кездескен адамдардың әңгімесін магнитафонына жазып алған.

Әрине, бүгінгі күні ол таспалардың бір тамтығы ғана қалды, оның өзі әбден ескірген. Дегенмен жақында сол таспаларын «оқу» барысына қазақ ән өнеріне құнды жәдігер болып қосылған Естайдың «Балқаш қызға» деген әні табылды. Ол әнді Қимадиден ақын Естайдың аталас туысы, жасында Естайдың қасында жүріп ән салған, алпыстан асқан Ахметжан Мырзағұлов деген адамнан «Естайды дәлізінен ұшқын бар ма деп іздеп» барып   жазып алған екен. Ал енді «Балқаш» қыз деген кім?

Белгілі өлкетанушы, саналы ғұмырын журналистика мен өнерге арнаған Айтжан Бәделханов ағамыз Естай Беркімбаев туралы зерттеу кітабында мынадай дерек келтіреді. «Барменұлы Зейіннің естелігінен:
Бірде жолаушылап жүрген Естай ақын  Тұрғымбай деген қажының үйіне келіп, есік алдында жүрген екі кызға «Құдайы қонақпыз» деп қонақалға сұранады. Балхаш деген үлкені «қонсын» дегеніне карамастан сінлісі – Шәукімі бұртыңдап: «Тентектің кыдырмасына салып қойған үйіміз жоқ» – деп рең бермейді. Естай сол елдің Уәйіс деген азаматьның үйіне қонып өлең айт дегенде қос қызға арнап:

Қажының бір қызы бар аты  Балхаш,

Қиылған қасы, көзі бір қаламқас.

Қабағы жауған қардай тұнжырайды,

Шіркін-ай, ашық болсаң не етед, қалқаш.

Қажының бір қызы бар Шәукім атты,

Сөйлейді шолжыңдықпен қатты-қатты.

Өзінің әзіл сөзі төбелестей,

Кім, қалай алар екен бұл бейбақты?! – деп өлең шығарып айтып кетіпті».

Ал Қимадиден Нығыманов өз естеліктерінде мыналай дерек келтіреді. «Естайдың жастық дәуірінен қалған бір оқиға деп жаздырды Сәбит Нұрпейісов. Екі-үш жас кішілігі бар Сәбит Естаймен сырлас екен. Бір жылы Ереймен қанжығалысын аралап жүріп Естай  Сәрсенбай -ияз ауылдарында бірнеше күн сауықпен жүріп қалады. Сонда тұратын атышулы Есіркеп деген байдың Шәукен, Балқаш деген екі қызы болады. Естай Балқашты  ұнатады. Алғашқы келгенде Балқаш үйіне қондырмай:

Жолаушының жолын күтіп отырған жоқпыз, қонуға болмайды, – деген. Бұл қызбен сөзге келіп қалған Естай  осы ауылды торып, алыс кете алмайды. Қонақтап жүріп алады. Жиын жасап, өлең айтып, бұларды мінейді.

Қажының бір қызы бар Шәукен атты,

Сөйлейді еркелікпен нахуатты.

Өзінің әзіл сөзі төбелестей,

Ешкімге үйлеспейді михуаты.

Қажының бір қызы бар аты Балқаш,

Қиылған қасы, көзі бір қаламқас.

Қабағы жауған қардай тұнжырайды,

Азырақ ашса жанды етеді мас.

Осылай жүріп Естай  Балқашпен жақын тілдесіп, бір-біріне үйір бола түседі. Балқаш атастырылып, қалың малы алынып қойған қыз екен. Естайға ол маңайда жүруге тыйым салынады. Жақындаса айып төлететін болады. Балқаш кейінірек Кеңесбай ауылына егде адамға ұзатылады».

Қарап отырсақ, бұл екі дерек бір-біріне өте жуық, тек ән сөздерінде өзгешеліктер бар. Сол секілді Ахметжан Мырзағұловтан жазып алынған әннің де сөзі өзгешелеу (бейнероликте). Бастысы Естайдың бұрын-соңды естімеген әні табылып отыр. Ал өлеңдердің басын құрап, толықтай орындап беретін әнші табылса, қанекей!

Бейбіт БӨЖЕН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір үстеу