Pavlodar, KZ
14°
Fair
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

…Ол сөзін бастады: «Қазір жас жауынгерлердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған». Сөзіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және залдағы жүздеген әскери қызметші көңіл қойды. Көгілдір экраннның арғы жағында мыңдаған көрермен бар. Осындай үлкен аудиторияның алдында тұрудың, сөз алудың жауапкершілігін ол жан-тәнімен сезінді. Бірақ қобалжыған жоқ. Сөзін нық, нақты айтты. Оны жігерлендірген, демеген – «Мені алыстағы ата-анам көріп отыр. Оларды ұятқа қалдырмайын» деген ой. Сол ой сүйеу болып, жас сарбазды сыннан сүріндірмей алып шықты. Соңғы сөз айтылды: «Әскери мамандықпен бірге адамгершілік тәрбие алып, физикалық тұрғыдан дамимыз!». Жауынгерге құрмет-қошемет көрсетілді…

Бұл азамат – қатардағы жауынгер Әди Таласбаев. Ол Астана қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасы, 68665 әскери бөлімінде танкке қарсы взводта мерзімді әскери қызметін өтеуде. Жақында Әди Астана қаласында Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Бүкілармиялық кеңесте сөз сөйлеп, нағыз патриот екенін танытты.

Ел алдында сөз сөйлеп болған Әдиге ұйымдастырушылардың бірі жақындап, «Сені Жоғарғы Бас қолбасшы мырза шақырып жатыр», – деді. Күтпеген шақыруға қайран қалған жас сарбаз, бір толқып, бір тебіреніп, нұсқалған жаққа қарай адымдай бастады. Әлгінде ғана мұның  әр сөзіне мән бере тыңдап отырған Бас Қолбасшының қарсы алдына келді. Имене қол созған жас жауынгердің алақанын аялай қысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақтың шұрайлы тілін жетік меңгерген өзіңдей жасты көргеніме қуаныштымын», – деді. Әди де бастапқы толқынысын басып, «Біз, жастар, қазақ тілін білмесек, еліміздің ертеңі не болмақ?! Қазақстан Республикасының әр азаматы мемлекеттік тілге зор сүйіспеншілікпен, үлкен жауапкершілікпен қарауы », – деп, жастық жігермен жауап берді.

Бұдан кейін Президент Әдиден: «Қандай ойың бар? Алдағы жоспарың қандай?» – деп сұрады.

«Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді», – деп жауап берді сарбаз.

Жас сарбаздың жігерлілігіне сүйсінген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Сенің мықты маман боларыңа сенемін. Ең бастысы оқудан жалықпа, талмай жұмыс істе, сонда ғана дегеніңе жетесің», – деп кеңес беріп, қолын алды.

Осы бір кездесу, аз-кем әңгіме Әдиге жігер сыйлады, үміт берді, бойына күш дарытты.

Жас сарбаздың таланты мен талабын байқаған басшылық Әдиді Қорғаныс министрлігіне БАҚ бөліміне, инженерлік ротаға келісім-шартпен жұмыс істеуге шақырды. Бірақ, арманы асқақ, көздегені алыс азамат мемлекеттік қызметте адал еңбек етіп, халыққа қызмет еткісі келеді. Бар ойы, ынтасы – осы. Оның мақсаты – туған жерінің болашағы үшін тер төгіп, дамуына үлес қосу.

Талантты да талапты сарбаз жарты жылда көрсеткен жеке жетістіктері үшін басшылық тарапынан көтермеленді. Жақында бір апта демалыс алып, үйіне келді. Ата-анасымен қауышып, қуанышқа кенелген жас сарбазбен біз де кездесіп, тілдестік. Бізді қызықтырғаны – әлеуметтік желіні шарлаған көңіл толқытар бейнежазба болатын. Президент алдында көсіле сөйлеген жас азамат бұндай мүмкіндікке қалай ие болды?

Қатарынан қара үзбеген қатардағы жауынгер Әдиге басшылық Бүкілармиялық кеңеске қатысатынын бірнеше апта бұрын айтты. Үлкен жиында сөз сөйлейтін сарбазды анықтау үшін іріктеу сайысы өтті. Сайысқа еліміздің барлық әскери бөлімдерінен 150-ге жуық сарбаз қатысты. Алғашқы кезең видеобайланыс арқылы ұйымдастырылды. Ал, екінші кезең ҚР Қорғаныс министрлігінде өтті. Бұнда ең үздік 30 жауынгер сынға түсті. Үміткерлер Қорғаныс Министрлігінің аппарат басшысы бастаған лауазымды тұлғалардың алдында сынақ тапсырды. Сынақтар, әрине, оңай болмады. Әди өзіне жүктелген барлық міндетті асқан шеберлікпен орындап шықты. Ал, келесі күні оны Министрдің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалиденов жеке қабылдап, кеңесте сарбаздар атынан сөйлеуді тапсырды.

Осындай талап жүктелгенінен-ақ, жас сарбаздың мойнына қандай жүк артылғанын сезуге болады.

Ал, өз кезегінде Әди: «Павлодар деген кезде орыс тілі үстемдік құрған өңір деген жаңсақ пікір айтылып жатады. Мен өзім де ондай пікірлерді жиі естідім. Ел алдында қазақ тілінің байлығын көрсетіп, мен біздің өңірімізге деген көзқарасты өзгертуге үлес қостым деп ойлаймын», – дейді.

Әди Таласбаев 2001 жылы 15 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. 2008 жылы Успен ауылындағы Абай атындағы №3 мектептің табалдырығын аттады. Мектепті үздік аяқтап, ЕҰУ-не сәулет-құрылыс факультетіне оқуға түсті. Инженерлік жүйелер және желілер мамандығын игерді. 2022 жылы оқуын тәмамдап, туған жеріне оралды. Павлодар қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастады. Әди мектепте де, жоғарғы оқу орнында да, жұмыста да өзінің алғырлығымен, жауапкершілігімен таныла білді. Әскерге шақыру келген кезде де азаматтық міндетке атүсті қараған жоқ.

«Қазір барайын ба, әлде магистратураға оқуға түсіп, аяқтаған соң барайын ба?» деген екі ойда болдым. Шамамен, қазан айының аяғына қарай әкем: «Қазір Десанттық шабуылдаушы бригадаға жеке құрам жинақталып жатыр. Бар!», – деді. Әкемнің сөзіне құлақ астым. Медициналық тексеру кезінде денсаулығыма еш шағым болған жоқ. 30-қазанда болашақ сарбаздармен Астанаға апаратын пойызда отырдым», – дейді Әди.

Таңсық әрі беймәлім ортаға бейімделу қиынға соққанымен, біртіндеп оқу-жаттығуға араласқаннан кейін қызығушылық арта түсті. Әди ең алдымен, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін жадында берік ұстады. Тәртіпке бой үйретіп, қиындықты жеңе алды.

Жас сарбаздың жігерін жанитын, сенімділігін арттыратын, әрине, қаруластар арасындағы қарым-қатынас. Әди қызмет ететін «Алдаспан» ротасында Павлодар, Қарағанды және Түркістан облысынан келген 80 сарбаз бар. Бірге өткен жеті ай ішінде сарбаздар арасында кикілжің, ұрыс-төбелеске жол берілген емес. Егер, түсініспеушілік орын алып жатса, жігіттер бірден мәселені ашып сөйлесіп, ретке келтіруге тырысады. Бұл туралы жас сарбаз: «Әскерде сарбаздар бір-біріне қырын қарап жүруге болмайды деп есептеймін. Өйткені бір жыл бойы бір жерде өмір сүріп, бір жерден тамақ ішкеннен кейін бір-біріне қолдау көрсету керек», – дейді.

Әскердегі күн тәртібін сақтау, берілген тапсырмаларды мұқият орындау – міндетті. Әди таңғы 06:30-да «Ұйқыдан тұр!» пәрмені берілгеннен бастап, 22:30-да «Ұйқыға жат!» пәрмені берілгенше белгіленген күн тәртібін, өзі үшін, қызықты әрі пайдалы өткізуге тырысады.

Әдидің дүйсенбі-жұмаға күндері осылай өтеді:

06:40-07:10 – таңғы жаттығу, 3 шақырым қашықтыққа жүгіру, кермеде тартылу; 07:10-07:40 – жуыну, төсек жинау, жатын орынды тазалау; 07:40-07:50 – таңғы тексеріс; 08:00-08:40 – таңғы ас; 08:40-09:00 –қоян-қолтық ұрыс дайындығы; 09:00-де – сабақтарға тарату; 09:00-13:00 – әскери сабақтар (Әскери тактика, Әскери медицина, Инженерлік даярлық, Атыс даярлығы, Саптық дайындық, Химиялық қорғаныс, Әскери жарғылар); 13:00-14:00 – түскі ас; 14:00-16:00 – сабақтар жалғасады; 16:00-17:00 – қару-жарақ тазалау, тәрбиелік жұмыстар; 17:00-18:00 – спорттық-сауықтыру жаттығулары; 19:00-де – кешкі ас; кешкі астан кейін ертеңгі күнге дайындалу үшін сарбаздарға жеке уақыт беріледі. 21:00-21:40 – кешкі жаңалықтарды тыңдау уақыты; 21:40-22:00 – ұйқы алдындағы кешкі серуен; 22:00-22:20 – кешкі тексеріс; 22:30-да «Ұйқыға жат!» пәрмені беріледі. Ал, сенбі күні рота ғимаратына, бригада аумағына тазалық жұмыстары жасалады. Жексенбі күні еркін уақыт және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек әскери қызмет кезекшіліктері мен оқу-жаттығу жиындары, полигондар тұрақты ұйымдастырылады.

Осындай міндеттерді орындау барысында Әдидің бойы ширады, ойы ширықты. Әскерге бармай тұрғандағы әсер мен әскерді көргеннен кейінгі әсерді салыстыра бастады. Әскери өмір ол күткеннен де қызықты болып шықты. Әдидің барлық сыныптасы Отан алдындағы борышын өтеген. Олардың көбі: «Әскерге барма, уақытың босқа өтеді» деп кеңес берген еді. Бірақ Әди бұл кеңеске құлақ аспады. Енді ол сөздердің бекер айтылғанына өзі куә. «Әскер – өмір мектебі» деген сөздің шындық екеніне көзі жетті. «Ең бастысы, адамның өз-өзіне деген сенімділігі екен. Егер азаматтың ерік-жігері әлсіз болса, ол әскерде қиналады», – дейді Әди. Оның үстіне Әдидің сыныбы Алғашқы әскери дайындық пәніне қызығушылықпен қатысатын. Бұл сынып аудандық, облыстық әскери сайыстар мен жарыстарда үнемі жүлдегер болып жүрді. Осындай негізі бар жастың жауынгерлік өмірге тез бейімделуі – заңды.

Оның ең басты мотивациясы – «Әкем барып келді, достарым көрді, олар өткен сынақтан мен де өте аламын» деген табанды ой. Әкесі Әдиге әскердегі өмірі, көрген қызықтары мен кешкен қиындықтары жайлы үнемі айтып отыратын. 1990-1992 жылдары Отар шекара заставасында мерзімді әскери борышын өтеген әкесінің әңгімесі Әдиге ертегідей естілетін. Сол беймәлім әлемді өз көзімен көріп, бойымен сезінгісі келді. «Ертең мен де әке боламын, балам әскер туралы сұраса, не айтамын?» деген ой санасында сәт сайын сәулеленеді.

Осындай жігерлі ой оны үнемі шабыттандырады. Ал, намысын тілгілейтін де жайттар жоқ емес. «Павлодарлық жігіттер әлсіз», – деген сөзді естігенде Әди ызадан жарылып кете жаздаған. Бұл сөзді ол командирлер тарапынан бірнеше рет естіді. Онымен бірге қызмет еткен бірнеше сарбаз қиындыққа шыдамай әскерде қызмет етуден бас тартып, үйіне қайтып кеткен. Жерлестерінің осалдығын көрген ол туған жерінің атына да, абыройына да жаман сөз таңылмауы үшін барын салуда.

Әди сарбаз болып сапқа тұрған күннен бастап ортасынан озық болды. Ант қабылдау салтанатында ол басшылық құрамның қатарында тұрды, мінбеге көтеріліп жауынгерлер атынан сөз сөйледі, ант берді. Жартыжылдық сынақтағы нәтижесін қорытынды сынақта да қайталап, үздік көрсеткішке қол жеткізуді көздейді. Сол үшін дайындалып жүр.

Қатарластарын қолдауға, көмек қолын созудан тайынбайтын талапты һәм талапшыл жас сарбазды басшылық құрам ерекше бағалады. Әди әуелі сарбаздар арасынан «бөлімше командирі», сосын «взвод командирі», кейін «рота командирі» болды. Ал мамыр айынан бастап, «батальон кормандирі» лауазымына тағайындалды. Өзінің тәртібімен, жауынгерлік шеберлігімен ерекшеленген жас сарбаз қатарластарына үлгі көрсетіп, өнеге болуда.

Әскердегі әр күнін тиянақтылықпен өткізіп жүрген Әди өзіне бағыт-бағдар беруші сержанттар мен офицерлердің еңбегін ерекше бағалайды.

«Біздің бригада темірдей тәртіпке аса мән берумен ерекшеленеді. Сонымен бірге, бізде жеке спорт ротасы бар. Мерзімді әскери борышын өтеп болып, келісімшартпен қалған сарбаздар – халықаралық жарыстарда, әлемдік біріншіліктерде қоян-қолтық ұрыстан чемпион болып, еліміздің атын шығарып жүр. Бізге оларды үнемі үлгі етіп көрсетеді», – дейді ол.

Тәртіпке беріктіктің бір көрінісі бұл бригадада сарбаздарға ғана емес, сержанттар мен офицерлерге темекі шегуге рұқсат берілмейді. Жеті ай қызмет уақытында Әди бірде-бір әскери қызметшінің түтін будақтатқанын көрген емес. Бригада командирінің бұйрығына барлығы мойынсұнады.

Ынта-жігер қандай қиындықты болсын еңсеруге көмектесетіні белгілі. Бірақ, адам баласы болғаннан кейін, қажу, қалжырау – табиғи құбылыс. Мәселен, жаттығу дабылын берген кезде ауыр заттарды тасу – Әди үшін қиындық туғызатын жағдай. Онысын ол мойындаудан қашқан емес. «Барлық қару-жарақты асынып, керек-жарақты арқалап, 2-3 шақырымға жүрігу денені де, жүйкені де тоздырады», – деп, сондай жағдайдың бірін еске алған сарбаз:

– Ант қабылдағаннан кейін бір апта дабыл берді. Сағат түнгі 2-ме, таңғы 4-5-пе, қарамай «көтере» берді бізді. Оның үстіне қыс мезгілі болатын, күн суық. Қатты қиналдық. Біз танкке қарсы взводта болғандықтан, біздің жауапкершілігімізде салмағы 50 келілік танкке қарсы қолданылатын гранатомет бар. Одан бөлек, жүк дорбасы, қару-жарақ, оқ өткізбейтін желетіміз бар. Соның барлығын арқалап, көтеріп жүру қандай қиын болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сол кезде ер балалардың жылағанын бірінші рет көрдім, – дейді.

Әдиден кейінгі уақытта «сәнге айналған кесел» – жастардың әскерден жалтару, қашу себебін сұрадық. Оның пайымдауынша, жоғарғы оқу орнын бітірген жастардың көбі уақытын өткізіп алдық деп ойлап, әскерге барғысы келмейді. Бірақ, жас ерекшелігі әскерде еш кедергі еместігін алға тартады ол.

«Оқу бітірген уақытта жасым 22-де болды. Бастапқы бетте өзімнен 4 жас кіші балалармен қатар қызмет ететінімді ойлағанда көңілім бұзылғаны рас. Кішкентайлардан таяқ жеп, солардың айтқанын істеп жүрем бе деген ой болды. Бірақ, әскерге барып, сол ортаны өз көзіммен көргеннен кейін бұл ойым мүлдем теріс екеніне көзім жетті. Ең бастысы, өзіңді қалай көрсетесің, ортаға солай сыйлы боласың. Егер әлсіз болсаң, көштің соңында жүресің. Егер мықты болсаң, көш бастайсың», – дейді қатардағы жауынгер.

Әдидің айтуынша, қазір әскери қызметте болған жастар жоғарғы оқу орнына жеңілдікпен түсе алады. Осы заң шыққалы бері жастар әскерге баруға ынталанып келеді. «Бізден кейін келген балалардан «Әскерге неге келдің?» деп сұрағанымда, жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік болатынын естіп келгендерін айтады», – дейді ол.

Қазіргі уақытта, Әди секілді жоғарғы оқу орнын бітіріп, әскер қатарына қосылған жастардың магистратураға жеңілдікпен түсуіне арналған бағдарлама қарастырылып жатыр екен. Әди егер ол бағдарлама жүзеге асса, сарбаз болуға ынталы жастардың қатары тіпті көбейеді деген сенімде.

Бұл күндері Әдиге қолдау білдіріп, жылы сөздерін арнайтын азаматтардың қарасы қалың. Ауылдас інілері: «Сенің Президент алдында, ел алдында сөйлегеніңді көргеннен кейін біздің әскерге деген қызығушылығымыз оянды», – деп хабарласатын жастар көп. Олардың бәріне де Әди ақыл-кеңесін айтудан тартынған емес. Ол «Әскерді қайтесің?! Қызық емес ол жақта» демейді. Керісінше, «Әскерге бар! Өзіңді сынап көргің келсе, сарбаз болып сапқа тұр!» дейді. Жас сарбаздың үлгісі, міне – осындай.

(Суреттер Ә.Таласбаевтың жеке мұрағатынан алынды)

Пікір үстеу